Александр Грин — АЛҚЫЗЫЛ ЖЕЛКЕНДЕР
VI
АССОЛЬ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫ
Лонгрен түнді теңізде өткізді, ол не ұйықтамады, не балық ауламады, тек су сылдырын тыңдап, бетін желге тоса, қараңғы әлемге қарап ойланып отырды да қойды. Өмірінің осындай бір қиын сәттерінде жалғыз жүріп теңізді кезсе болғаны, жаны түлеп, тыңайып шыға келеді. Тамылжыған тыныштық, тек тыныштық пен оңаша серуен ғана көкірегінің көңілсіз де көмескі даусын қайта ширатып, айқындай түсер еді. Бұл түнде ол – келешек пен кедейлік жайлы, Ассоль жайлы көп-көп толғанды. Қызын аз уақыт болса да қалдырып кеткісі келмейді, мұның үстіне сөнген дертін қайта қоздырып алам ба деп қорқады. Бәлкім, ол кемеге қайтып барғасын сонау Капернада жан берісер жары күтіп отыр деп қалар. Сөйтіп, үйіне қайтып келе жатқанда жоққа емексіп, онсыз да қаралы көңілі жаралы болмаса неғылсын. Мери үй табалдырығынан енді қайыра аттамайды. Бірақ ол, әйтеуір, Ассоль ішіп-жемнен тарықпаса екен дейді, сол себепті де Лонгрен қамқор көңілінің құлы болуға әзір.
Лонгрен келгенде қызы үйінде жоқ екен. Оның құлқын сәріден серуендеп кеткеніне әкесі онша қысыла қоймайды, бірақ осы жолы оның көңілі бір түрлі қобалжи берді. Үйдің бір бұрышынан екінші бұрышына дейін ілгері-кейін сенделіп жүрген матрос оқыс бұрыла бергенде қызын көрді, ол үйге
78
ың-шыңсыз ентелей кірді де, әкесінің алдына кеп тұра қалды, қария ішкі толқын ізін қызының көзінен көріп шошып кетті. Оның бүркеулі жатқан екінші дидары – кісінің әдетте көз жанарынан ғана көрінетін нағыз шын дидары жарқ етіп ашылғандай. Қызы Лонгренге бір түрлі түсініксіз көзбен қарап, тіл қатпай тұра бергесін, ол:
– Сен ауырып қалған жоқсың ба? – деді дегбірі қашып. Ассоль біраз мүдіріп қалды. Сұраудың мән-мағынасын ой-санасымен ұққан кезде, Ассоль қолмен қозғаған ағаш бұтағындай бір сілкініп қалды да, көңілі хош уақтанып сыңғырлап ұзақ күлді. Ол әдетінше әкесіне бірдеңе деуі керек, бұл үшін сөз іздеп әуре болмайды; ойына не келсе,
соны айта салады:
– Жоқ, мен саумын... Сен неге бұлай күдіктене қарайсың? Мен көңілдімін. Расында да солай, көңілді болатыным бүгінгі күннің жақсылығынан. Ал сенің ойыңда не бар? Бетіңе бір қарағаннан-ақ бірдеңе айтайын деп тұрғаныңды білдім.
– Менің ойымда не болса, о болсын бәрібір, бірақ сені істің мән-жайына түсінеді деп ойлаймын, – деді Лонгрен қызын тізесіне отырғызып. – Үйде күн көрерлік ештеңе қалмады. Мен бұрынғыша алыс сапарларға бармаймын, Кассет пен Лисстің арасында әрлі-берлі қатынап тұратын пошта кемесіне жалданам.
– Ә, солай ма, – деді қызы орағытып, әкесінің шаруа жайын, әрекет-тірлігін ұқпақ болып; бірақ қара басқанда көкірегінде лепірген қуанышын баса алмай қойды. – Онда жаман болған екен. Сенсіз тұру маған да оңай емес. Тезірек қайт. – Осыны айтарын айтса да, ақсиып күлімсірей берді.
– Иә, тезірек қайт, мен тосам, көке.
– Ассоль! – деді Лонгрен, қызының бетін алақанымен аялай ұстап өзіне қарай бұрып. – Не болды, айтшы кәне?
Әкесінің қобалжыған көңілін аулап, алдарқатып-жұбатып жіберу қажет екенін сезген Ассоль шаттық билеген көкірек лүпілін басып, байсалды да елгезек қалпына көшті, бірақ көзінде әлі де жаңа бір тірлік маздап тұрған еді.
– Сен қызықсың, көке, – деді ол. – Ештеңе болған жоқ. Мен барып жаңғақ теріп қайттым.
Өз ойымен өзі әбігер болып отырмағанда, Лонгрен бұған сенбес те еді. Олар енді үй тірлігін бақайшағына дейін шағып
80
сөз етіп кетті. Матрос қызына жол дорбасын әзірле, ішіне пәлендей қажет заттарды сал деп бір үзіліс жасады да, сосын біраз ақыл-кеңес айтты:
– Мен енді бір он шақты күнде келем, сен менің мылтығымды ақшаға өткіз-дағы, үйде бол. Егер саған біреу қиянат жасаймын десе, қорықпа: Лонгрен ұзамай келеді де. Мені ойлап мазасыздана берме: бәленің беті аулақ.
Бұдан кейін ол ауқаттанып алды да, қызын бетінен бір сүйіп, дорбасын иығына салып, қала жолына барып түсті. Ол бұрылысқа барып көрінбей кеткенше, Ассоль соңынан қарап тұрды, сосын үйіне кірді. Үй ішінің істелмей жатқан шаруасы да көп еді, бірақ қыз оны ұмытып кетті. Қаршадайынан санасына әбден ұялап, етене болып сіңіп кеткен үйіне енді ол бөтен біреу сияқты таңырқай қарайды, осынау туған жеріне басқа бір ортадан, араға талай жылдар салып, қайтып келіп көріп тұрғандай. Бірақ осы бір жатбауыр сезім оған бір түрлі оғаш, әбес көрініп кетті. Ол Лонгрен ойыншық жасайтын үстелге отырып, рульді кеменің қормасына желімдеп, қатырып тастамақ болды. Осы бір ойыншықтарға қарап отырғанда, бұлар оған кенет нағыз үлкен күйінде көрінгендей болды, бағана ертеңгілік бастан кешкен қуанышы қайтадан толқып келіп, қыздың тұла бойын билеп алды, со замат күн тәрізді бір алтын сақина теңіз үстімен сырғып келіп, мұның аяғының астына аунап түсті.
Үйінде байыз тауып отыра алмағасын ол далаға шығып, Лиске қарай кетті. Онда баратын ешқандай шаруасы жоқ, неге баратынын өзі де білмейді және бармай қарап отыра алатын да емес. Жолай оған бір жаяу кісі кездесіп, жүрер жолын сұрап алды, қыз оған қалай жүру керек екенін дұрыстап айтып берді, бірақ оны со замат ұмытып қалды.
Бір құсты қолына қондырып, соны қызықтап келе жатып, ештеңені байқамай қалған кісідейін, ол ұзақ жолдың қалай біткенін де сезбей қалды. Ұдайы шулап-гуілдеп жататын аумақты қала іргесіне жеткен кезде ол аздап сейілейін деді, бірақ ол енді осы шулы қаладан бұрынғыша зәре-құты қалмай қорқатын үндемес бойжеткенге ұқсамайды. Ол ағаштардың көкшіл көлеңкесін кесіп, өткен-кеткен кісілердің бет-жүзіне именбей тура қарай отырып, аяғын асықпай нығыз басып,
81
білезік тәрізді дөңгелек бульвардан өтті. Со күні қаланың әрнені тез байқайтын жіті көзді кісілері сапырылысып жататын сәнқой тобыр арасынан сырт көзге бір түрлі тосын көрінетін, қалың ойға шомып жүрген бір бейтаныс қызды әлденеше рет кездестіреді. Алаң ортасында атқылап жатқан субұрқаққа қолын тосып, күнмен шағылысқан шашырама сумен саусағын жыбырлатып ойнады, сосын азғана отырып демалып, орман арасындағы сүрлеуге қайыра келіп түсті. Қайтар жолда оның жаны түлегендей табаны жерге тимеді. Күндізгі алашабыр шаңқан айнасын күңгірт түске айырбастап, тып-тыныш жалтырап жататын кешкі өзен сияқты, оның көңіл күйі де тұп-тұнық, жайма-шуақ қалпында еді. Қыстаққа жақындай бергенде ол баяғы себетім бүршік жарғандай болды дейтін көміршіні көрді, ол арбасының қасында бет-ауыздары күйе-күйе, кір-қожалақ, қабақтары қатулы белгісіз бір-екі кісімен сөйлесіп тұр екен. Ассоль қуанып қалды.
– Саламатсың ба, Филипп, – деді ол, – сен мұнда неғып жүрсің?
– Жай жүрмін, шыбыным. Доңғалақ түсіп қалғаны. Мен оны жөндедім, енді, міне, темекі тартып, өзіміздің жігіттермен әңгімелесіп тұрмын. Сен қайдан келесің?
Ассоль жауап қайтармады.
– Білесің бе, Филипп, – деді ол, – мен сені өте жақсы көрем, сол себепті де тек саған ғана айтайын. Ұзамай мен бұл арадан кетем. Шамасы, біржолата кететін шығармын. Сен мұны бірақ ешкімге айтпа.
– Мына сен өзің ғана кетпексің бе? Қайда кетесің сонда?
– деді көмірші таңырқай, тағы бірденені сұрағысы келгендей аузын ашып еді, сақалы тіпті ұзарып кетті.
– Білмеймін.
Ол аумақты ағаш астындағы арба тұрған алаңды, кешкі қызыл шапақтан нұрланып көрінген шөптерді, үнсіз тұрған қап-қара көміршілерді көзімен асықпай бір шолып өтті де, ойланып барып, сөзін жалғады:
– Ол жағы маған әлі беймәлім. Мен оның қай күні, қай сағатта болатынын білмеймін және қайда баратынымды да білмеймін. Бұдан басқа саған ештеңе де айтпаймын. Ал егер көріспей қалсақ, хош бол, сен мені арбаңмен талай алып жүріп ең.
82
Қыз оның күректей қап-қара қолынан алып, сілкілеген болды. Жұмысшының жүзінен күлкінің нышаны білінді. Ассоль басын изеп, бұрылып кетіп қалды. Филипп пен оның серіктері бұрылып қараймын дегенше, қыз ізім-қайым жоғалып кеткен еді.
– Ғажап, – деді көмірші, – бұған не дерсің, ә? Бүгін өзіне бірдеңе болған ба... қалай?
– Дұрыс айтасың, – деді екінші көмірші оны қостап, – оның не сөйлеп тұрғанын, не кісіні алдарқатып тұрғанын білмейсің. Мейлі, біздің ондағы ісіміз қанша?
– Иә, біздің ісіміз емес, – деді үшінші кісі бір күрсініп. Содан кейін үшеуі арбаға отырып, тастақ жолмен
салдырлата жүріп барып, қою шаңнан көрінбей кетті.
VII
ҚЫЗЫЛ КЕМЕ
Таң ағарып атқан кез. Ну орман іші қырық құбылып, бұлдыр сағым ойнайды. Әлгіде ғана от басынан тұрған аңшы өзенді қуалай жүріп келеді, ағаш арасынан жарқырап өзен көрінеді, бірақ сақ аңшы оған жақындамайды, тауға қарай кеткен аюдың соны ізіне түсіп алған.
Артынан біреу қуып келе жатқандайын, ағаш арасынан тосын бір дауыс шықты, бұл әннің иесі кларнет еді. Музыкант палубаға шығып, мұңлы әуенді қылқылдай қайталайтын бір күйді орындады. Ол қайғысын жасырған кісі даусы сияқты дірілдейді, әуен артынша мұңая күлімсіреп барып, шорт кесілді. Алыс жаңғырық оны іліп алып, баяу қайталады.
Аңшы аю ізі түскен жердегі бір бұтақты сындырып белгі салды да, су жағасына келді. Мұнда тұман әлі сейілмепті: со тұман арасынан бір үлкен кеменің баяу бұрылып, өзеннің құярлығына қарай кетіп бара жатқан сұлбасы көрінеді. Оның ораулы желкендеріне жан біткендей далп-далп етіп жазылып барып, діңгектерге қат-қат оралып жатты, әлдекімдердің сөйлескен даусы, жүрісі естіледі. Жағадан соққан жел желкендерді керенау желпиді, ақырында күн шұғыласы сиқырлап жібергендей-ақ, ауа серпіні күшейіп, жел бұлдыр тұманды қуалап, кеме рейлеріне қызыл гүл шашқандай-ақ,
83
желкендерді үлпілдетіп өте шықты. Аппақ діңгектер мен аппақ арқан-жіптерді қуалай алқызыл толқын тербелді, жарқын қуаныш түстес алаулаған желкендерден өзге дүниенің бәрі шағаладай шаңқан боз еді.
Жиектен қараған аңшы өз көзіне өзі сенбей, көзін қайта-қайта уқалады. Кеме шығанақтан бұрылып көрінбей кеткеннен кейін де ол аңырып ұзақ тұрды, сосын үн-түнсіз иығын бір қиқаң еткізіп, әлгідегі аюына қарай кетіп қалды.
«Құпия» өзен арнасымен келе жатқанда, Грэй рульді матросқа беруге сенбей, штурвалда өзі тұрды – ол қайырлап қаламыз ба деп қорыққан еді. Жаңа шұға костюм, жаңа жылтыр фуражка киген, сәндене қырынған Пантен мұның қасында қоңырайып отыр. Ол әлі де болса, кеменің алқызыл желкені мен Грэйдің көздеген мақсаты арасынан ешқандай байланыс таба алмай қиналып отырған.
– Ал енді, – деді Грэй, – желкендерім алаулап, жел оңымнан соғып тұрған шақта, өзім болсам бөлке нанды көрген пілден бетер бақытқа кенеліп тұрған шағымда, Лиссте берген уәдем бойынша, сізге шын сырымды айтайын. Есіңізде болсын, мен сізді бір айтқанынан қайтпайтын ақылсыз да, қарыспа қалша да демеймін. Жоқ, сіз өнегелі теңізшісіз, білген кісіге мұның өзі қымбат байлық. Бірақ сіз ана қалың көпшілік сияқты, күмәнсіз шындық үнін тірліктің қалың әйнегінің сыртында тұрып тыңдайсыз. Олар бажылдап, қанша айқайлап жатса да сіз оны естімейсіз. Ал мен болсам, жұрт бағзы заманнан қол жетпес арман көрген ғажайыпты іске асырып жүрмін, бұлай дейтінім, сол аспан-арман дегеніңнін өзі – қала сыртына жасайтын серуен сияқты қолдағы нәрсе. Өздеріңнің көз алдыңызда жасалып жатқан жөн-жоралғы болмаса, басқа жолмен тұрмысқа шықпайтын, мүлде шыға алмайтын бір қызды сіз ұзамай өз көзіңізбен көресіз.
Ол теңізшіге сіз бен біз білетін жәйтті қысқаша айтып берді де, сөзінің аяғын былайша бітірді:
– Мұнда кісі тағдыры, оның еркі мен әр алуан мінез-құлқы қалайша қауышып, табысып кеткенін өзіңіз де сезген боларсыз. Мен қазір өзімді, тек менің өзімді ғана сарғая тосып жүрген қызға барам, одан басқа қыздың маған мүлде керегі жоқ, тек со қыздың арқасында ғана мүмкін мен тірліктің
84
қарапайым бір шындығын түсінген шығармын. Ол шындық
– әлгі ғажайып деген нәрсені өз қолыңмен жасау. Егер адамның есіл-дерті – қалайда бір бес-он теңгені қағу болса, оны бере салу қиын емес, ал егер кісі жанында алаулап жатқан бір асыл дәннің ұрығы – ғажайып болса, қолыңнан келгенше сен соны жасап бақ.
Сонда сенің де жаның жаңғырады, оның да жаны жаңғырады. Түрменің бастығы тұтқынын өз қолымен босатқанда ғана, миллиардер хатшысына үй-жайды, оперетта әншісі мен сейфті тарту етсе, ал жокей бағы жанбай қойған жабыға бола бәйге бермес жүйріктің басын тежейтін болса – жұрт сонда ғана мұның жан сүйсінер іс, кереметтей бір ғажайып екенін түсінеді. Бірақ әлемде бұдан да кем түспейтін кереметтер болады, ол: күлкі, қуаныш, кешірімділік және дәл кезінде тауып айтылған орынды сөз. Егер осыған ие болсаңыз – ғаламның бар байлығы қолымда дей беріңіз. Ал менің өз басыма келетін болсақ, біздің – Ассоль екеуміздің ортақ тағдырымыз махаббат қадірін білетін ғазиз жүрек тудырған алқызыл желкендердің арайлы нұрымен басталады. Сіз мені енді түсіндіңіз бе?
– Иә, капитан, – Пантен ықтияттай бүктетілген мұнтаздай орамалымен мұртын бір сипап, жөткірініп қойды. – Түсінгенде қандай! Сіз менің тіпті бойымды балқытып, елжіретіп жібердіңіз. Төменге түсіп, Никстен дереу кешірім сұрай қояйын, кеше шелекті теңізге батырып жібердің деп өзіне қатты ұрсып едім. Және оған темекі берейін, ол темекісін картаға ұттырып жіберіп еді.
Өз сөзінің қолма-қол осындай нақты нәтиже бергеніне таң қалған Грэй бірдеңе айтам дегенше, Пантен траппен тарсылдатып төмен түсті де, әрігерек барып бір күрсінді. Грэй бұрылып жоғары қарады, алқызыл желкендер үнсіз желбіреп тұр. Олардың тігіс-тігісінде мұнарланып күн сәулесі ойнайды. «Құпия» жағадан аулақтап, теңізді еркін тіліп келеді. Грэйдің шырқай салынған әндей әуезді көңілін зәредей кірбің шалмайды: тірліктің уақ-түйек күйбеңі мен қатал тағдырдың қатерлі дүрбелеңінен аулақ айдында жалтылдаған жалғыз желкендейін, ол сөз жетпейтін асыл ойға толы аяулы арманына қарай маңып барады.
85
Талма түстің шағында көкжиектен соғыс крейсерінің түтіні көрінді. Крейсер бара жатқан бағытын өзгертіп, жарты милльдей жақында келді де, «тоқтаңдар» деген белгі берді.
– Бауырларым, – деді Грэй матростарға, – бізді атқыламайды, қорықпай-ақ қойыңдар, олар тек өз көздеріне өзі сенбей жатыр.
Ол кемені аялдатуға әмір етті. Пантен өрт сөндіргендей айқайлап, «Құпия» жел өтінен шығарды; кеме баяулап тоқтай берді, со замат крейсерден командасымен бірге ақ биялайлы лейтенанты бар бу катері бөлініп шықты. Лейтенант кеме палубасына көтерілгеннен кейін айналасына таңырқай қарап, Грэймен бірге каютаға кіріп кетті, арада бір сағат өткен шамада, ол әлденеге қолын бір сілтеп, жаңа бір атақ алғандай-ақ, миығынан күліп, қайтадан көк крейсерге қарай кетіп қалды, шамасы, Грэй осы жолы лейтенантқа әңгүдік Пантенге әсер еткеннен де бетер әсер етсе керек, өйткені крейсер біраз кідіріп барып, көкжиекке қарай құдіретті бір салют берді, одан шыққан түтін лақтырылған доптардайын жалтырап ауаны қақ жарып барып, тұнық айдың үстінде шудаланып тарқап кетіп жатты. Күні бойы крейсер үстінде жұрт мейрамдағыдай көңілденіп, жайраңдап жүрді, матростар салоннан бастап машина трюміне дейін махаббатты сөз еткеннен бе қалай, әйтеуір, әскери тәртіп жайына қалды, мина бөлімінің күзетшісі қасынан өтіп бара жатқан матростан:
– Әй, Том, сен осы қалай үйленіп ең, а? – деп сұрады.
– Әйелім менен қашып, терезеден секірмек болып жатқанда юбкасынан шап беріп ұстап алғам, – деді Том мақтана мұртын ширатып.
«Құпия» біраз уақыт ашық теңізбен жүрді, жаға көрінбейді; түс әлетінде мұнартып алыс жағалау ашылды. Грэй қолына дүрбі алып Капернаға қарай бастады. Біраз үй шатырлары бөгет болмаса, ол терезе алдында кітап оқып отырған Ассольді көрер еді. Кітап бетінде бір жасыл қоңыз жорғалап жүрген, оның ешкіммен шаруасы жоқ, оқтын-оқтын алдыңғы аяқтарын көтеріп, дамылдап қояды. Қыз оны екі рет кітап бетінен терезеге қарай бейжай үрлей салған, бірақ анау бірдеңе айтқысы келгендейін, өңмендеп қайта жетіп келеді. Осы жолы ол кітап бетінің шетінен ұстап отырған қыз қолына
86
дейін жетті; «қарашы» деген сөзге жеткен кезде, ол тағы да құйын соғып кетпес пе екен дегендейін, кібіртіктеп тоқтай берген, со жерде ол шынында да бір бәлеге ұрынатын еді, өйткені Ассоль оны көріп қалып «тағы келіп қалдың ба, ақымақ!..» деп, шақырусыз қонағын шөп арасына қарай қатты үрлеп тастамақ болып ұмтыла бергенде, кенет көзі әріректегі үй шатырынан екінші үй шатырына түскен кезде, көше арасынан сонау көк теңіз жүзінде алқызыл желкендері алаулап келе жатқан бір ақ кемені көрді.
Ол селк етіп, шалқайып барып, сілейіп отырып қалды. Сосын жүрегі шу асаудай тулап, не болғанын өзі де білмей, шарасы жасқа толып, орнынан атып тұрды. Кеме бұл кезде жағаға сол жақ бортын беріп, кішкене мүйісті айналып келе жатыр еді; оттай маздаған алқызыл жібек астындағы ақ палубадан қоңыржай бір күй төгіледі; бұ әлгі көпшілікке мынадай бір берекесіз жолдарымен белгілі болған музыка үні еді: «Бокалдарға шүпілдете құйыңдаршы, достарым, кәне, енді алайықшы махаббаттың тостарын...» Осы бір қарапайым ән әуезінде шалқып жатқан бір тынымсыз тебіреніс пен шаттық бар.
Оқиға құйынына ілесіп, теңізге қарай қанат байлап ұшқан Ассоль үйінен қалай шыққанын да сезбеді, бірінші үйдің бұрышына келгенде ол әл-дәрменсіз тұра қалды, аяғын баса алмайды, алқынып екі иінінен әзер дем алады, ақыл-есі де кіресілі-шығасылы. Бірақ ақыл-есінен біржолата адасып қалармын деп қорыққан қыз бір тепсініп, бойын жинап ала қойды. Біресе үйдің шатыры, енді біресе шетен алқызыл желкендерді жасырып көрсетпей қояды, сол сәтте қыз бұл бір елес сияқты жоғалып кетпес пе екен деп қорқып, қашан әлгі бөгеттен өткенше жанұшыра жүгіреді, сосын кемені қайта көрген кезде жүрегі орнына түсіп, «уһ» деп дем алады.
Бұл кезде Капернада әйгілі бір жер сілкініс кезіндегі сияқты, жұрт жаппай әбігер-әлекке түскен бір ұлы дүрбелең басталып кетіп еді. Үлкен кеме бұ жағалауға өмірде соқпайтын. Кеменің желкендері де сол баяғы өздері мазақ қылып, жырқылдап күліп жүретін желкендер. Енді ол күнделікті тірлік пен бұл ақылға сыяды-сыймайды деген бақай есептің бәрін жоққа шығарғандай-ақ, жалындап, жайнап келеді.
87
Еркектер, әйелдер мен балалар ала-құла киінген күйі жағаға қарай асығыс жүгіріп барады; қыстақ тұрғындары аула-аула ішінде тұрып, бір-біріне дауыстап, бір-бірімен соқтығысып-қағысып қалып, уласып-шуласып, сүрініп-қабысып жатыр. Ұзамай су жағасына қалың нөпір жиналды, Ассоль жүгірген күйі осы нөпір арасына келіп қойып кетті.
Қыз келмей тұрған кезде жұрт оның есімін жақтырмай, түксиген қалпы ызалана, үрейлене еске алып жатқан. Көбінесе еркектер жағы ғана тіл қатады, селтиіп-селтиіп тұрған күйі мелшиіп қатып қалған әйелдер жыландай ысылдап зәрлене сыбырласады, Ал әлдеқалай біреуінің даусы шаңқылдап шығып кетсе – шабаланып не айтқанын өзі де білмей қалады. Ассоль келісімен бұлардың бәрі жым болды, жұрт бұдан үркіп, аулақтап барып тұрысты, сөйтіп, өзінің ғажайып желкені сияқты екі беті албырап, дуылдаған балғын жас көптен қысылып ұялған күйі, кеудесін қуаныш кернеп, биік кемеге әлсіз қолдарын соза, күн қақтаған ыстық құм үстінде жападан-жалғыз тұрып қалды.
Кемеден күнге күйіп тотыққан ескекшілерге толы бір қайық бөлініп шыға берді, олардың арасында, қыз тіпті сонау бала күнінен білетін, есінде ұмытылмай жүрген жігіт тұр. Ол бұған қарап жымиып күледі, күлкісі бұның жанын жылытып, шақырып тұрғандай. Бірақ Ассольдің өн бойын соңғы бір сансыз үрей, қорқыныш қармап алғандай еді; кенет күтпеген бір қате, жаңылыс, түсініксіз бір тылсым бөгет болып қала ма деп өлердей қорыққан қыз баяу тербеліп жатқан жылы толқынға белуарынан қойып кетті де:
– Мен мұндамын, мен мұндамын. Бұл – мен ғой, – деп дауыстады.
Сол сәтте Циммер скрипкасын тарта жөнелді, әлгі ән әуезі көпшілікті жүйкелетіп тағы да безілдей бастады, бірақ бұ жолы ол салтанатты хор болып шалқыды. Жан толқуынан, бұлттар мен толқындар тербелісінен, су мен көк аспанның жалтылынан қыз байғұс қозғалып келе жатқан өзі ме, кеме ме, әлде қайық па – қайсысы екенін айыра алмай қалды, өйткені әлемнің бәрі орнынан қозғалып, шыр көбелек айналып бара жатыр еді.
88
Міне, ескек тап қасынан келіп шолп етті, қыз басын көтерді, Грэй еңкейе берді, нәзік колдар жігіттің белбеуіне жармасты, Ассоль көзін жұма қойды. Сосын жалма-жан ашып, жайнап тұрған жігіт жүзіне карады да, алқына тіл қатты:
– Тап соның өзі!
– Сен де солайсың, сәулем! – деді Грэй, суға малшынған асыл қазынасын құшақтап көтеріп жатып. – Міне, мен де келдім. Қалай, таныдың ба?
Жігіттің белбеуін ұстаған күйі рақаттана көзін жұмып, мақұлдап басын изеді. Оның кеудесіне мүләйім бір бақыт келіп ұя басты. Ассоль көзін қайта ашқан кезде баяу тербелген қайық, жалтылдаған толқын, төңкеріле түсіп жақындай берген «Құпияның» биік борты, жарық пен су – бәрі-бәрі үй қабырғасына түскен күн сәулесіндей жарыса жүріп ойнақ салған бір қуанышты түске айналып еді. Ол Грэйдің әлуетті қолы көтеріп алғанда траппен кемеге қалай жеткенін де білмей қалды. Жайылған, төселген, ілінген кілемдерден көрінбейтін палуба үсті алқызыл желкендер нұрына малынып, жұмақтың гүлстан-жайына ұқсайды. Ассоль көп ұзамай каютада – әлемдегі ең әсем бөлмеде тұрғанын көрді.
Со замат жүректі шадыман қуаныш күйіне бөлеп, жоғарыдан тағы да музыка шалықтай жөнелді. Сұқтана қарасам, осы бір таңғажайып құбылыс ғайып болып кетер ме екен дегендейін, Ассоль тағы да көзін жұма қойды. Грэй оның қолынан ұстады, енді бұдан былай қайда барарын біліп алған қыз жас жуған жүзін өзіне сиқырлы жолмен келген қимас досының кеудесіне жасыра берді. Тірі жанның басына келмейтін, айтуға тіл жетпейтін керемет бір киелі сәт кеп соққанын сезген Грэй жаны жадырай түлеп, асығына шексіз қайран қалып, қаршадайынан көкейінде жүрген аяулысының ақ жүзін иегінен абайлай ұстап жоғары көтерді, со сәтте қыздың аялы көзі жәудіреп ашыла берді. Адам біткеннің әмме асыл қасиеті осы бір жәудір көзден көрініп еді.
– Сен менің Лонгренімді өзімізге аласың ба? – деді ол.
– Иә. – Темірдей кесіп айтқан «иә» деген сөзден кейін жігіт оны құшырлана бір сүйді, со сәт қыздың төбесі көкке жеткендей күліп жіберді.
90
Енді біз жастардың қасынан кетелік, өйткені олардың оңаша қалғаны жөн екенін білеміз ғой. Әлемнің әртүрлі гүлдері мен үндерінде не көп сөз көп, бірақ бұлардың со күні бір-біріне не айтып, не қойғанын со сөздердің бәрімен де, бірімен де айтып жеткізуге болмас еді.
Бұ кезде палуба үстінде, бас діңгектің түбінде, құрт жеп мүжілген ескі кеспекті ашып тастап, жүз жылдық күрең-қошқыл шарапты ішуге күллі экипаж бас қосқан еді. Атвуд түрегеп тұр, жаңа туған нәрестедей жайнап, жайбарақат Пантен отыр. Грэй жоғары көтеріліп, оркестрге белгі берді, сосын фуражкесін шешіп, алтын трубалардың әуезді үні астында, қырлы стаканмен қасиетті шарапты толтыра құйып алды.
– Міне, мен де болдым... – деді ол шарапты ішіп болғасын, стаканды лақтырып тастап. – Ал енді ішіңдер, бәрін де ішіңдер. Кім ішпесе, сол менің жауым.
Ол бұ сөздерін екінші рет қайталап жатпады. Зәре-құты қалмаған Капернадан күллі желкендерін жайып тастап, тез аттанып кеткен «Құпия» бар пәрменімен заулап келе жатқанда, кеспек маңында болған дүрбелең талай ұлы тойларда болатын дүрбелең-дүрмектің бәрінен де асып түскен еді.
– Қалай, саған шарап ұнады ма? – деді Грэй Летикаға.
– Капитан, – деді матрос, келісті бір сөзді іздеп жатып.
– О шарапқа мен ұнадым ба, ұнамадым ба білмеймін, әйтеуір, тап қазір айтар ойымның басын құрай алмай тұрғаным. Меніңше, ол – бау мен бал омартасы.
– Не дейсің?
– Менің айтайын дегенім – аузыма бау мен балды қоса тығып жіберді демекші едім. Бақытты болыңыз, капитан. Өз басым «Құпияның» «ең қымбат жүгі», ең таңдаулы сыйы деп атайтын жарыңыз да бақытты болсын!
Ертеңіне таң сарғайып атқан кезде кеме Капернадан ұзап кеткен еді. Экипаждың бір тобы Грэйдің шарабына мас болып, со отырған жерінде палуба үстінде ұйықтап қалған еді, тек рулевой мен вахта күзетшісі ғана сау-саламат жүрген, ал қормада виолончелінің грифіне иегін сүйеп, әлдебір ойға шомып, шала кәйіп Циммер отырған. Ол скрипкамен
таңғажайып бір күй тартып, бақыт жайлы ой толғап отыр еді...
91
РОМАН
ТОЛҚЫН ПЕРІСІ
Бұл Дезирада...
О, Дезирада, тұңғиық теңіз түбінен сенің ну орманды жоталарың дүңкиіп шыға келгенде біз неге жадырап қуанбадық екен.
А. Ш а ду рн.
I тарау
Жұрттың сөзіне қарағанда, мен күтпеген жерден алып соғатын бір талма науқастың кесірінен Лисс Қаласынан келіп шығыппын. Бұ пәле маған жолда жабысса керек. Тұла бойым күйіп-жанып, ес-түссіз жатқан жерімнен мені пойыздан түсіріп алады да, ауруханаға апарып салады.
Палатадан біржолата шығар алдында дос пейілмен жылы ұшырап, көңілімді көтеріп жүрген доктор Филат дерттің беті бері қарағасын маған бір жайлы пәтер әзірлеп, күтуші әйелге дейін тауып қойыпты. Мен оған соншалық риза болып қалдым, оның үстіне пәтердің терезелері теңізге қарайды екен.
Бір күні Филат маған:
– Қымбатты Гарвей, мен сізді қаламызда еркіңізден тыс ұстап қалған сияқтымын. Егер сауығып кеткендей болсаңыз, мені пәтер жалдады демей, қалаған жағыңызға жүре беріңіз. Бірақ саяхат-сапарыңызға шығу үшін әуелі біраз күтініп, өзіңізге өзіңіз келіп алуыңыз керек, – деді.
Ол әлденені тұспалдап тұр еді, мен сол арада бұрын оған өзім айтқан іңкәр арманның құдіреті жайлы әңгімемді есіме
92
алдым. Әрине оның өктемдігі қатал науқастан кейін біраз бәсеңдеп қалған, бірақ оқта-текте болса да өзімнің ішкі сарайымнан оның оңайлықпен кете қоймайтын құрыш қимылын сезер едім.
Бір қаладан екінші қалаға, бір елден екінші елге еркін көшіп, қыдырыстап жүріп, мен құмарлық пен қияли аурудан да әлуетті бір құдіретке табынғам.
Ерте ме, кеш пе, қалтылдаған шал шағында ма, қылшылдаған жігіт кезіңде ме, іңкәр арман бізді әйтеуір бір шақырады, сонда біз осы үн қайдан шықты екен деп артымызға бұрылып жалтақтап кеп қараймыз. Өзіміздің сұрқай тірлік ортасынан селк етіп оянып, әлденені қинала есімізге түсірмек болып, әрбір сәт-сағатымызды сараңдарша ежіктей санап, өмір шіркінге жіті көз тастап, іңкәр арман орындала бастаған жоқ па екен осы деп, соны жан-тәнімізбен көруге тырысамыз ғой. Сонда оның кескін-кейпі анық көрінер ме екен? Енді оның әлсіз ғана епелектеп тұрған бейнесін қолды созып ұстап алып қалуға болмас па екен?
Бірақ, амал қанша, киелі сәт өтіп кетеді де, біз күнделікті күйкі тірлігімізді сөз қылып, іңкәр арманның тұманды, жарқабақты жағалауын жанай, жайбарақат жүзіп кете береміз.
Бұл тақырыпта біз – Филатр екеуміз көп-көп сөз қозғағанбыз. Бірақ осынау сүйкімді жан іңкәр арманның кош айтысып қол бұлғағанын әлі көрмеген де, сезбеген де еді, сол себепті де менің сөзім оның құлағына қонбады. Бұл осының бәрін аспай-саспай, асқан сабырмен тыңдайды, менің іштей әбігерге түсіп, көңілімнің құйындай ұйтқып жүргеніне түсініп, соны ұғып санасына құйып алғысы да келеді.
Мен кәдімгідей сауығып қалған сияқтымын, бірақ бірден қимыл-әрекетсіз қарап қалу қиын болады екен, сол себепті де Филатрдың ақылы маған дұрыс болып көрінді, мен ауруханадан шығысымен Лисстің ең көрікті көшелерінің бірі
– Амилего көшесінің оң қанатындағы бұрышындағы пәтерге келіп жайғастым. Ол үй көшенің төменгі жағында, гаваньға таяу жерде, доктің сыртынан ірге тепкен еді – бұл ара ескі кемелердің қалдықтары жататын маужыраған тыныш жер-тін, алыстағы порт гүрілі талып естілетін болғандықтан да бұ маңның тыныштығы онша бұзыла бермейтін.
93
Мен үлкен-үлкен екі бөлмеге орналасқам: оның біреуінің аумақты терезесі теңіз жағында, екінші бөлме біріншісінен екі еседей үлкен еді. Ал, басқышпен түсетін үшінші бөлмеде күтуші әйел тұрады. Бағзы заманның көзіндей көне де кірпияз жиһаз, көне үй, ішкі құрылымы шытырман пәтер – бәрі-бәрі қаланың осы бөлшегіндегі тыныштықпен табысып жатқандай. Бір бұрышы шығыс пен оңтүстікке қарай орналасқан бөлмеге ұзақты күн күн нұры төгіледі де тұрады, сол себепті де осы бір ежелгі заманның көне ұясы атам заманда келмеске кеткен күндерді мәңгі жас, сарқылып таусылмайтый жаңа күн шұғыласымен қауыштырып табыстырып тұрар еді.
Пәтер ақы төлеген кезде мен қожайынды бір-ақ рет көргем. Ол сөйлескен кісіге көгілдір момын көзімен тесе қарайтын, бет-пішіні атты әскер пішінінен айнымайтын үйелмендей ауыр кісі екен. Ақшаны алуға келген кезде ол мені тап бір күнде көріп жүрген кісідей-ақ, ешбір сыр бермей меңірейіп тұрды да қойды.
Күтуші әр қадамын аңдап басатын, шабан қимылды, жасы отыз бестер шамасындағы әйел-тін, ол маған мейманханадан түскі, кешкі асты әкеп береді, бөлмелерді сыпырып жинағасын өзіне кетіп қалады, өйткені, ол маған басқа ештеңенің қажет емес екенін біледі және менің өзге жұрт сияқты бейжай күйде, тісімді шұқып тұрып, жоқты-барды айтуға бас қатырмайтынымды сезеді.
Сөйтіп, мен со пәтерге тұрып қалдым, бірақ бар болғаны жиырма алты күн тұрыппын. Маған әлденеше рет доктор Филатр келіп кетті.
ІI тарау
Мен Филатрмен кісінің нәумез торығатын шақтары жайлы, саяхат-серуен мен оның әсерлері жайлы неғұрлым ұзақ әңгімелескен сайын, соғұрлым өзімнің іңкәр арманымның мәнісі мен тек-пішінін айқын біле түскендей болдым. Несін жасырайын, ол бір ғаламат үлкен нәрсе еді, бәлкім, оның қыр соңымнан қалмай қойғаны да содан болар, оның сын-сымбаты, архитектуралық тән дерлік сән-сәулеті
94
параллелизмнің үлгі-белгілерінен құралғандай еді. Біздің өзіміздің күнделікті күйбең тірлікпен, сезіммен жүргізетін қосар ойынымызды мен осылай деп атаймын. Бірінші жағынан, олар бізге аса қажет зәру нәрсе болғасын, біз оларға үнсіз көніп жүре береміз; құны алтынмен төленетін ақша сияқты болғасын, біз оған шартты түрде көнеміз; бірақ олармен арада келісімшартымыз жоқ, өйткені олардың қырық құбылып, өзгеріп кететінін сеземіз де білеміз. Картиналардың, музыканың, кітаптың осы ерекшелігі ежелден белгілі: бұл мысалдың көне екенін білсем де, бұдан тәуірірек басқа мысалым болмағасын әдейі келтіріп отырмын. Оның қатпар-қатпар әжімінде бұл фәнидің күллі сағынышы мен аңсауы тығылып жатыр. Жаны күйіп, жабыққан кезде, құмарлық пен құштарлықтың құрбаны болып, бұрынғы шыққан биігінен төмендеп түсіп кететін күйгелек идеалистің сиқы, міне, осындай.
Өмір заңының кеспірсіз көріністері арасынан және оны мен менің рухымның арасындағы талас-тартыстан, көпке дейін өзім де байқамай, ұзақ уақыт тосын пайда болатын бір жарқын туындыны іздеппін: өзіміз жақсы көретін өлеңнің бізді айырықша таң қалдырған төрт жолы тәрізді (ондай жолдар әманда төртеу болады), бір суретті, табиғи жағдайдан туындаған бір ғажайып оқиғаларды, рухани қызғаныштың шүбә-күдігінен айылын да жимайтын оқиғаларды іздеппін.
Әрине, мен өзімнің тілегімді, нені аңсайтынымды біртіндеп барып білдім және оны көпке дейін аңғармаппын да, сол себепті де осы қатерлі өсімдікті түп-тамырымен жұлып тастайтын кезді өткізіп алыппын. Олар бара-бара қаулап өсіп, мені көлеңкелі қою жапырағымен бүркеп тастады. Менің әлдекімдермен кездесуім, хал-ахуалым талай рет бір алдамшы ән әуезінің бас жағындай болып көрінді, әдетте, адам әннің басын көзін жұмбай-ақ тыңдайды ғой. Бағзы бір кездерде қалалар мен елдер маған нұрлы оттары алыстан жымыңдап әзер көрінетін өзгеше бір транспарантты алдымнан жайнатып жібергендей болатын, бірақ соның ізінше олар ызым-ғайым жоқ болып кететін; қатты иірген ұршықтан үзілетін шірік жіп сияқты бырт-бырт үзілетін.
95
Қолымды соза талпынған іңкәр арманымның өзі келмесе мен оны біле алмас та едім және оның кескін-кейпін нобай-нұсқасына қарап бейнелеймін деп жансыз бір суреттерлі салар едім. Мұны басқа бір мысалдан, мәселенки, жасанды бау-бақшадан дәлме-дәл көруге болады. Табиғаттың қазыналы қоймасынан күннің сұлу шұғыласы жайымен абайлап суырып алғандай болып көрінетін, ну орманның кездейсоқ бір бөлшегімен салыстырсақ, ол да со бір жансыз өлі сурет сияқты ғой.
Сөйтіп мен өзімнің іңкәр арманымның не екенін ұқтым да, оған іштей бағынып-табына қойдым.
Міне, осының бәрі жайлы, адамның тілегі, аңсауы жайлы, тағы басқа да толып жатқан мәселелер жайлы мен Филатрмен көп-көп сыр шертісіп әңгімелесіп жүрдім, әрине, мұндай гәп ол осы мәселені қозғаған күнде ғана туындап кететін.
Менің бір байқағаным, Филатр іңкәр арманымды ойлап қиялданып, іштей толқып жүретініме ұдайы көңіл бөлсе керек. Ол үшін мен раушангүлдің жұпар иісті бір түрі сияқты болдым, бұл теңеу жұртқа ерсілеу болып көрінгенімен, түптеп келгенде дәл тауып айтылған.
Со кезеңде Филатр мені Стерспен таныстырды, реті келгенде мен оның үйіне барып тұратын болдым. Мен осыдан біраз бұрын өзімнің сенімді кісім Лерхке ақша жібер деп хат жазғанмын, сол ақшаны күтіп жүргенде қимыл-әрекет орнына Стерстің үйінде ұзақ кешті өткізіп, гаваньға серуен жасап қайтып жүрдім; о жерде жағалаудың үстінен дүңкиіп көрініп тұратын орасан зор кемелердің көлеңкесінен жүрек тебірентетін сөзді, іңкәр арманымның белгілерін: «Сидней», «Лондон», «Амстердам», «Тулон» деген сөздерді тамашалап көп тұратынмын. Мен осы қалада болғанмен немесе келешекте болармын, бірақ гаваньдардың аттары маған дүниеде бар қалаларды емес, басқа бір Тулонды, өзге бір Сиднейді елестетеді, алтынмен басылған жазуларда әлі ашылмаған ақиқат бар сияқты көрінеді.
Жарылқап тастаймын деп таң атады...
дейді Монс, –
96
Жабыққан ұзақ күннен соң Қабағын түйіп, кеш келер.
Монстің «таңертеңгі» сияқты гаваньда әрқашан уәде-үмітке бай. Оның әлемінде байқалмаған мән-мағына көп, алып кран түсіріп жатқан таудай жүкте де, діңгек-діңгектердің ортасында да, кемелердің темір бүйірлері қысып тастаған жағалауда да, тіпті біріне-бірі иін сүйеп тұрған кеме борттарының ара-арасындағы тар саңылаулардағы көлеңкеде, жабулы кітап сияқты, үнсіз тұнып жатқан теңіздің жасыл суларының өзінде де ашылмаған сыр-жырлар көп-ақ. Аспанға шырқап кетерін де, әлде жерге жайыла саларын да білмегендей дәу трубалардың түтіндері будақтап, бұрқырап жатады; машиналардың құдіретті күшін шынжыр-тетіктер әзер ұстап тұрады; олар айналса болғаны, кеме астындағы тұнық су бұрқылдап толқып ала жөнеледі.
Портқа келісімен мен сонау мүйістің ар жағындағы алыс көкжиектен сәт сағатын күтіп тұрған кемелердің бугшприттері мегзейтін, ғажайып бір елдердің жағалауын көргендей болам; гуіл-гүріл, айқай-шу, ән мен күй, сиренаның ащы үні – бәрі-бәрі өзгеше құштарлық пен уәдеге толы. Ал, гавань аспанынан
– елдердің елінен, жүректің орманы мен шөлінен, ой аспанынан – аңшы-саяттың ғажайып бір сырлы маралы – іңкәр арман жарқырап тұрады.
ІІI тарау
Лерхқа не болғанын білмеймін, жедел жауап қайтара ма десем де ол үмітімді ақтамады. Тек Лиссте болған ақырғы күндерімнің бірінде, Лерх үйреншікті әдетімен, жауапты неге кешіктіргенін түсіндіріп жатпай, жүз фунт ақшаны жібере салыпты.
Мен анда-санда Стерске соғып кетіп жүрдім, оған барғаннан ауру көзге салқын шүберек басқандай бір болмашы ләззат табам. Стерс карта ойнауды жақсы көреді – мен де соны ұнатам. Оның үйіне күн құрғатпай, кешқұрым біреу болмаса біреу келіп жатады, ал, мен болсам ішқұса болып
97
жүре бергенше біраз уақыттың «дұшпанымның» қолындағы картаны табуға кеткеніне қуанам.
Көп оқиға басталатын күннің қарсаңында (осы әңгімені мен сол үшін жазып отырмын ғой) теңіз жағалауындағы таңертеңгі серуенім әдеттегіден ұзағырақ созылып кеткендей болды, өйткені табан астынан қарным ашып, жұпыны бір асхананың алдына, ақ, көгілдір гүлді шырмауық тектес бір өсімдік бүркеген террасаға келіп отырдым. Мен қуырылған мерлан (балық) жеп, артынан қызыл шарап іштім.
Тамаққа әбден тойып алғасын барып мен асхананың алдына бір кеме келіп тоқтап жатқанын көрдім, жолаушылар басқышпен жамырай түсе бастағанға дейін тосып, жұрттың үйіне немесе мейманханаға жеткенше асығып-үсігіп әбігерге түсіп жатқанына қарап тұра бердім. Көп арасынан шаршаған, қалжыраған, ашуланған кісілерді көрдім, олардың кейбіреуі ашуын тежеп, шыдап бақса, енді біреулері шыж-быж боп ақырып-бақырып жатыр, қалың нөпірдің қимыл-қозғалысын күрт өзгертіп, жан беріп жатқан да солар сияқты. Осынау экипаждар мен туған-туысқандар арасынан, негрлер мен қытайлар, жолаушылар мен жүкшілер арасынан, тау-тау жүк пен сықырлаған дөңгелектер арасынан мен аспай-саспай, өзімен-өзі боп, керіліп келе жатқан сұмдық сабырлы біреуді көрдім – егер жай-жағдаятты ескерсек, бұл бір жиіркенішті паңдық еді, бейтаныс бір жас қыздың траппен төмен түсуінің өзі айтып жеткізуге болмайтын мінсіз бір ғажайып сурет сияқты еді, ол шамасы онша дәулетті болмаса керек, бірақ ол жүрген жерді, адамдар мен заттарды өзіне тәуелді етіп алатын құдіретті сиқыры бар еді.
Мен оның бет пішінін борт үстінен, сансыз саквояждар мен қисайған қалпақтар арасынан көрдім. Ол айналасындағы абыр-сабырға ойлана көз тастап, жайымен түсіп кете жатты. Шыбықтай солқылдақ сұңғақтығынан ба әлде басқа бір себептен бе, әйтеуір оны ешкім де қағып-соғып кетпеді. Қыз жүксіз бос келеді, мойын бұрып ешкімге де назар салмады, қалың көп арасынан көзімен ешкімді іздемеді. Дәулетті үйдің басқышымен, қошаметтей ашылған есікке қарай тап осылай жүрер болар еді. Оның екі шамаданы екі қара торы жүкшінің
98
желкесінде, қыз соңынан жайымен жүзіп келеді. Қолын баяу қозғап, ол жүкті қай жерге қою керек екенін көрсетті, шамадандар кемеден аулақтау жерге – көшенің тап ортасына қойылды, қыз оның үстіне барып отырды, енді бұдан былай болар іс тек қана менің тілегіме сәйкес болуға керек, бірақ оған мен қолұшын беруге тиіс емеспін деген оймен, ол алдына сабырлы көз тастап жайбарақат отыра берді.
Көп кісілерге айықпас пәле боп жабысатын осы мінез табанда өзін-өзі ақтағандай болды. Комиссионерлер, жүдеу-жадау біреулер мен бір келісті кісілер келіп, қызды қоршап алып, дабыр-дұбыр сөзге көмді де жіберді. Егер әбден жуылған, үтіктелген тап-таза көйлекті асығыс жұлқып ала салғанда қандай күйге түссе, қыз да тап қазір сондай күйге түсер деп ойлап қалуға болатын еді.
Бірақ олай болмады... Сол өзімен өзі отырған күйін өзгертпей айналасындағы кісілерді асықпай көзімен бір сүзіп өтті де, қыз олардың біріне мысқылдап бір-ақ жауап қатты, бір рет ақсия күлсе, екінші рет қабағын түйді, қолын баяу созып комиссионерлердің біреуінің картішкесін алды да, оқып шыққасын самарқау күйі қайта бере салды, сосын сүйкімді басын иіп тағы бір картішкені оқи бастады. Кенет оның көзі кеше саудагері алдына тоса қойған бір стакан салқын сусынға түсті, күн шыжып тұрғасын сәл ойланып, стаканды алды да, өзіне тән қасиетпен тап бір үйінде отырғандай-ақ, шөлін қандырғасын оны қайтып берді. Бірнеше түкті қолдар шамадандар үстіне созылып барып, іліп алып тұра жөнелер сәтті күтіп, ауада аңтарылып тұрып қалғандай; мейманхана мәселесі әлі шешілмегесін, қыз мұның бәріне тіпті мән бермейтін де сияқты. Оның төңірегін ақ ниетті де, арам ниетті де, құрғақ қызықтаушылар да жиналып қоршап алыпты, қыздың самарқау сабырлы кейпі бұларға да әсер еткендей.
Әрбір күнін жапырақтап бөліп, қырық саққа салып жіберетін сұғанақтар әлемінің адамдары көздері алақтап аңтарылып тұр, ал, бикеш болса көрінбес бір қорғаны бардайын, бұрынғыша алаңсыз жайбарақат отыр, кісі өз қадірін өзі
100
білсе көрінбес қорғаны сол екен және ол қасиет ана сүтімен бірге бітсе, адам оны тыныстаған ауасындай сезбейді екен.
Мен бұл көріністі көз жазбай бақылап отырдым. Қыздың төңірегіндегі у-шу бірте-бірте басылды; әлемнің күллі гаваньдарының қиялға сыймайтын бір бастығының қызы жағаға келіп түскендей-ақ, жұрт сыпайы сырбаз бір күйге түсіп, қошамет-құрмет білдіргендей тыныштала қалды. Ал, қыздың (ой, шіркін өкімет-билік дегенді дәулетке балайды ғой) жұпыны ғана бәтес телпегі, үстінде матрос жағалы бәтес жейдесі мен көк жібек етегі бар еді. Оның көнетоз-тазығыр шамадандары үстінде иесі отырғандықтан да, жап-жаңа боп жалтылдап көрінеді. Қыздың әсем жүзінде қаталдықтық нышаны бар, тұп-тұнық күлім көзі мен ұзын да қалың кірпіктері ажарына ажар қосып қайдағы-жайдағына еске түсіреді. Оның кіп-кішкентай мейірлі қолы сабалақ бір тәбеттің басынан сипайды. Іңкәр арманның көмескі шуы талып естілетін көз алдымдағы көрініске тап осындай бір теңеу қажет-ақ еді.
Мен осыны енді ұға бергенімде қыз орнынан тұрды, оның маңындағы нөкерлері шамадандарды алып, уласып-шуласып күймеге қарай ұмтылысты, экипаждың артқы жағында «Дувр мейманханасы» деген жазу бар еді. Қыз күймеге жақындап барып, айналасына уақ тиын-тебен шашып жіберді де, көңілін бір демдегендей күлімсіреп барып орнына отырды. Төңірегінде қайнап жатқан тірліктің бәрі қыз назарынан тыс қалмайтын тәрізді.
Комиссионер бір секіріп күймешінің қасына барып жайғасты, экипаж қозғала берді, бір топ тіленшілер оның соңынан жүгіре ілесіп барып қалып қойысты, көше бойында бұрқырай көтерілген шаңға қарап тұрып, мен сол арада бұрынғы әдетімше, бәлкім, тап қазір менің алдымнан мақсатыма жеткізетін жол басы елес беріп өте шықты-ау шамасы деп ойладым.
Несін жасырайын, көңілім алабұртып бір нәумез күйге түстім, сонда осынау бейтаныс қыздан табиғат ақ жұмыртқа сарыуыз етіп тұтас жарата салған сұлулықты көргендіктен емес, ол ескі дертімді қайта қоздырды. Қыздың шамадан
101
үстінде отырған бір сәті ғажайып оқиғалар, әуезді әнші желдер, малта тастар арасынан табылатын асыл тас жайлы көкейкесті сағынышты қайта қозғап кетті. Мен бұ қыз өмірдің өзін бір арнаға салып, саналы түрде тірлік кешетін айырықша бір ардақты жан екен, егер осындай бір тағдыр мені саясына алса, түбінде іңкәр арманды көрер едім-ау деп ойладым. Бірақ ауа райы бұзылғанда сыздап қоя беретін ескі жара сияқты осы бір мұңлы ойдан басқа бір мұңлы ой туындады: ол, көптеген осындай оқиғалардың өзі өтірік боп шығушы еді-ау деген күдік еді. Иә, көз алдымнан әлдебіреудің сыпайы, түр-пішіні, сөзі, табиғат суреттері елес беріп, талай рет алданғаным бар, одан көңілім құлазып опық жеп қала беретінмін, көңілім соқса мен қажетті қызды оңай-ақ тауып алар ем. Мен онын тілін тауып, көңілін аулап, көз қырымнан таса етпес ем, сөйтіп көзі ашылмаған бұлақтай екеуміз бірге ағар ек; жан-жүрегіміздің ең бір нәзік аяулы пернелерін айнымай тауып, көкейдегіні айтпай біліп, оны ақылыммен аялап бәрі-бәрін жүйе-жүйемен ыңғайластырып отырар ем. Бірақ лаж бар ма, мен енді өзіме де, өзгеге де сенуден қалған едім, әсіресе әлдекімдермен оқыс дидарласып, келісе қалудан біржола тыйылған едім.
Осы жайттарды ойластыра келе, мен қимыл-әрекеттен бас тарттым да, үйге келіп, қалған уақытымды кітап қараумен өткіздім. Бірақ бір өкпек жел соққандайын, көңілім ұйтқып, алаңдап, кітапты да мандытып оқи алмадым. Қызыл іңірде әбден қалжырап, креслода отырыл қалғып кетіппін.
Ұйқылы-ояу отырсам, кенет вагон ішінде ауырып ақылымнан жаңылып қалған сәтім есіме түсіпті. Құмдауыт даламен зулап келе жатқанда күн шапағының терезеден қызыл орамалын бір бұлғап қалғанын білем. Мен көзімді жұмар-жұмбас мүлгіп отырып, тап бір медаль бетіндегі бейне сияқты, жолсеріктерімнің бірінің сыртынан бірі шығып жатқан құбылмалы кескін-кейіптерін көрем. Кенет олардың даусы дабырлап күшейіп кетті, тіпті ащы айқайға жеткендей болып көрінді, сосын жұрттың ерні жыбырлағаны болмаса, үні шықпай қалды, тек көздері ғана жалт-жұлт етеді, мен
102
ақылымнан жаңылсам керек. Вагон жоғарыға қалықтап ұшып барып, жоғалып кетті.
Одан әрі не болғанын білмеймін – ыстығым көтеріліп, есім ауып кетіпті.
Со бір кеште осы бір оқиғаның есімнен шықпай неге мезі еткенін өзім де білмеймін, өйткені оның жалпы әуені жағалаудағы көрініспен байланысып жатыр-ау деген бір тосын ой көңіліме келді. Шала ұйқы іңір өрнегін тоқып жатыр. Мен бағанағы қызды қайта есіме алдым, кешігіп қалғаныма өзім де өкінем.
Өзімен өзі қақпақыл ойнаған кісіге көлгір сақтықтың қажеті не? Мағынасыз өзімшілдіктің қажеті не? Тіпті күдіктенудің қажеті қанша? Өткен кездегі азды-көпті алданып қала бергендіктен де, осы жолы ашық тұрған есікке кіруден бас тартқан жоқпын ба? Ашық әуенді, жұмсақ үнді есіте тұра, құлағымды тығындап алып, бұрынғы даңғазаны есіме алам. Осы жолғы әуен ақ пейілді оркестрден шықса қайтем?
Енді бір жүздеген жылдар белесінен өткен соң адамның тілеуі көркем синтездей ап-айқын дәрежеге жетеді. Ол өз әлемінің бейнесін зәрезап жүйкенің күңгірт, көмескі айнасынан барып қарамайды. Кісі тілегінің өзі қаңтардағы жәндік сияқты анық та айқын болады. Летьерридің «Дюрандасы» Трансатлантика линиясының құрыш Левиафанына қандай болып көрінсе, салыстырған кісіге мен де тап сондай болып көрінгім келді. Іңкәр арман тау ішінде жасырып жүрді, сол себепті де мен көкжиектің солай қарай кететін жолдарының бәрін назарымнан тыс қалдырмауым керек-ті. Әрбір нышан-елесті мүлт жібермей, тұнжыр бұлт пен орман-тоғай арасынан жылт еткен сәулені қағып алып тұруым қажет еді. Көп күйбеңмен жүрсем де, көп істерім үшін мен енді қапы кетпеуге тиіспін.
Осылай әбден ойланып-толғанып алып, бір түйінге келген кезде телефон шылдырады, мен ұйқымды ашып, құлағымды тоса бердім. Филатр екен. Ол менің жай-күйімді білмек болып, бірнеше сұрау берді. Сонымен бірге ол маған ертең Стерстің үйінде жолығалық деді, мен бармақ болдым.
103
Екеуміздің сөзіміз біткесін көңілім бір түрлі ұйтқып, тарылған тыныстай өзді-өзімнен қысылып, «Дувр» мейманханасына телефон соқтым. Басыңа осындай бір іс түскенде жұрттың бәрі сенің көңіліңнің құпиясын айтпай-ақ біліп қойғандай болып сезіледі. Бейтарап жауаптың өзі айғақты дәлел сияқты естіледі. Өзіңді көрсетпей, өзге біреудің тірлігіне оқыс жақындатып жіберуге келгенде дүниеде телефоннан жүйрік нәрсе жоқ, қаласаң – ол сен бір ештеңе айтпағандай-ақ, табан астында үзіп жібере салады. Осы бір түкке тұрмайтын бос сөздер, бәлкім, менің бұл әңгімені беймаза күйде бастағанымды білдіретін де шығар.
Мен әңгімені қысқа қайырдым: «Бүгін «Гранвиль» кемесімен келген Анна Макферсонды шақырыңыз» дедім. Біраз үнсіз тұрып, дәйекші іскер үнмен мейманханада ондай әйелдің жоқ екенін айтты, осындай жауап алатынымды ілгерірек сезген мен күмілжіген дәйекшіге бейтаныс қыздың үстінде қандай киімі барын тәптіштеп суреттеп бердім.
Менімен сөйлесіп тұрған кісі үнсіз ойланып қалды.
– Демек, сіз бізден әлгіде ғана вокзалға кетіп қалған бикешті сұрап тұрған болдыңыз. Ол мұнда Биче Сеннэль деп жазылған, – деді бір кезде.
Мен ойланғаннан гөрі қаттырақ өкіндім бе қалай, әйтеуір іле жауап қаттым:
– Өте жақсы. Мен біреудің тапсырмасын орындаймын деп аты-жөнін шатыстырып алсам керек. Маған тағы бір жайтты біле сал деп еді...
Мен сөзімді кілт үзіп, трубканы қоя салдым. Бұл менің орынсыз сөйлей бастаған бос былшылыма ақыл-ойымның тосыннан тапқан тыйымы еді. Биче Сеннэльдің қайда кеткенін білгеннен не пайда? Бағана жағалауда отырғаны сияқты, ол бір шаруасы болғасын өз жөнімен жайбарақат кетіп бара жатқан шығар – мен көңілімді бір демдеп, креслоға отырдым да, кітап оқымақ болдым, оның алғашқы жолдарына көзім түскеннен-ақ, осынау бес жүз бетті бітіргенше жалығып кететін шығармын деп ойладым.
Мен тық-тық еткен сағат үні ғана өлшеп тұрған тылсым тыныштықта отырғам. Тыныштықтың өзі зулап бара
104
жатқандай, сол арада қалың бір елестер мұнарына еніп кеткендей болдым. Тұла бойымды маужыратып екі рет ұйқы келді, сосын оның қалай келіп-кеткенін де сезбей қалыппын.
Сол ұйқыдан күн шыға бір-ақ ояндым. Әуелгі сезгенім, күліп оянған екем. Мен орнымнан тұрып, жаным жадырап жайғасып отыра кеттім. Сірә, мұндай ғажайып құбылыс болар-ау деп ойламасам керек
Мен со бұрынғы айтқан бөлмемде жатқам, оның теңізге қараған қабырғасы шынында да үлкен бір терезе еді. Ол үй төбесінің карнизінен едендегі кәсекке дейін созылады, ал екі жағы қабырғаға бір футтай ғана жетпейді. Оның жақтауын ысырсаң әйнектері көрінбей кетеді.
Терезе сыртында – төменде гүл егілген тілдей ғана жер бар.
Мен оянғанда күн теңіздің сонау алыс жиегінен енді көтеріліп келеді екен, оның нұры бөлмеге артқы қабырғада ойнаған толқын сәулесімен аралас кіріпті.
Үйдің төбесі мен қабырғаларында күн аруақтары зулап билеп жүр. Жарық алтын өрмегін жайып, тылсым суреттер салады. Ғажайып бір алтын құстар шоғыры жыпырлап құйғытып келіп, қабырғаларға қонған кезде шұғыла ұшқын шашып алаулап, бір желпіуіш сәулелер, шоқ шеңберлер мен от-елестер жамырап, бөлме ішін кезіп, ойнақ салып кетеді. Күн аруларының осынау қызыл-шұбар кілемі тынымсыз желбіреп, тынымсыз қозғалып, жаңа ою-нақыш салып, көз жауын алып жалтылдап үлкейіп барады, енді оның қимылы шарықтау шегіне жетіп, төңіректі – жоғарыны, төменді түгел жайлап құтырып кетті. Көзге көрінбейтін бір дуалы қол ғажайып бір хаттар жазады, бірақ музыка сөйлей жөнелгенде оның мән-мағынасына түсіну қандай қиын болса, бұған да түсіну сондай қиын еді. Бөлмеге жан бітті. Су бетінен шағылысып, бөлмеге жамырай лап қойған жарықтың шабуылына шыдай алмай, енді ол да жайымен шыркөбелек айнала жөнелетін сияқты. Тіпті менің өн бойымды жарық қаптап өрмелеп барады. Осының бәрі тап бір сілкіп-қағып жатқан ұшқынды тор ішінде мөлдір көбелектер жыбырлап ұшып түсіп жатқандай. Мен есім кетіп, теңіздің көгілдір
105
бояуы мен алтын арайға малынып отырмын. Жаным бір түрлі жеңілденіп орнымнан тұрдым да, солар менің айтқаныма түсінетіндей-ақ, осылардың бәріне шын пейілден: «Белгісіз бір себеппен менің үстіме кимелей кіріп келіп, жалғыздықтан жабыққан көңілімді аулаған бейнелер мен белгілер, әзір ғайып болмай тұрғанда сөзімді сендерге арнаймын – іңкәрімнің ақ көңіліме салған татын алыңдар. Алыңдар да жарығыңмен жуып-шайып, өшіріңдерші соны», – дедім.
Сөзімді айтып бітіріп, осынау ұйкылы-ояу отырып жасаған қылығымды кейін күліп қана еске аламын ғой деп ойлауым мұң екен, – алтын арай өрмегі де сөне берді, тек есік қасындағы төменгі бір мүйісте жарық тасқынына қарсы ашылған терезенің иіле түскен сәулесі біраз дірілдеп тұрды, әне ол да өшті. Таңертеңгі шадыман көңіл күйім де көмескі тартты, бірақ оның ізі әлі күнге дейін өшкен жоқ.
I V тарау
Кешқұрым Стерстің үйіне бардым. Со бір кеште оның үйінде біз: Андерсон, Филатр үшеуміз жиналғанбыз.
Стерстікіне бармастан бұрын мен теңізді жағалап кешегі кеме тоқтаған жерге дейін бардым. Енді қарасам, жағалаудың осы бөлігінде кеме жоқ екен, кеша Биче Сениэль есімді бейтаныс қыз отырған жерде бүгін жүк зембілдері тұр.
Сонымен, ол енді жоқ, өмірде болмағандай, жалт етті де, жоқ болды. Кешегі көріністі қайтадан көз алдыма елестеттім де ауадан кісі бейнелерін жасап, со топты рет-ретімен тұрғызып қойдым, олардың ара-арасынан кешегі су мен рейдтың оттары жылтырап көрініп тұрды. Тебірене ойланып барып, қызды со қалпында ап-анық көргендей болдым, көруін көрсем де, бұрынғы өкінішім қайта туындады, өйткені алған әсерім күшті болса керек-ті. Шамасы «жүрек сақинасы» сияқты бір дерт басталғандай
– бұндай сезім маған көптен таныс, бірақ оған бұрын ешқандай мән беріп көрмеген жүрек жанға жайлы ән әуенін айтқанмен бірдей сезіледі екен. Шынында да ол – бір
106
ұшы қиырсыз әдемі әуен еді. Айта берсем, сірә шырмауынан шыға алмайтын түрім бар.
Осылай ойланып келе жатып, кеше мейманханамен сөйлескенде сөзді кенет үзгенім үшін өзіме өзім ренжідім. Осы бір асығыстық – қолдан сусып шығып бара жатқан нәрсені басқа жағымды бірдеңемен айырбастай қоямын деген бір дәме – маған ұдайы кесірін тигізеді де жүреді. Бірақ қанша өкінсем де, мен енді бұрын білгім келмеген нәрсені қайтадан қалай біле қояйын. Мұның үстіне тамылжып атқан таң, серуен-сейіл, құр атқа мінгендей тыңайып қайраттанып қалғаным, көкейіндегің орындала қоймаса, бір сәті түсер деп жүре беретін үйреншікті әдетіміз – бәрі-бәрі қосылып келіп кешегі күннің кемістігін толтырған тәрізді. Мен ол-пұлға жұмсайтын қалған ақшамды, Лерхтан келетін ақшаны ойша есептесем төрт мыңдай болады екен. Со күні хат алғам, Лерх хатында әр түрлі шаруалармен барған сапарынан жуырда қайтып келгенін, сізге ақша шұғыл керек бола қоймас деген оймен мерзімінде нұсқау бермегенін, міне енді келе салысымен, өзім сұраған мың теңгені жіберіп отырғанын хабарлапты. Сөйтіп мен енді ақшадан қысылмайтын болдым.
Жағалаудан Стерстің үйіне бардым, онда Филатр мен Андерсон отыр екен.
Суландыру комитетінің хатшысы Стерс сары шашты ұзын бойлы жігіт-тін. Сұлу кескінді, бұйра сақалды, ширатылған қою мұртын оқта-текте бір жыбырлатып қоятын ер күлкісі, саңқылдаған ашық даусы – оның дөң қайратынан хабар бергендей еді.
Техникалық мектептің инспекторы Андерсонның кұстың көзі сияқты дөңгелек көзілдірігі мен қып-қызыл беті қобыраған қысқа шашына лайық-ақ, ол тәпелтек болса да сымбатты еді.
Салмақпен асықпай қозғалатын мығым денелі доктор Филатр әманда жұпыны да сәнді киінеді, ол мені көрісімен ойлана жымиып, қолымды қатты қысып тұрып:
– Түріңіз тәуір көрінеді, Гарвей, тәуір-ақ, – деді. Біз диванға барып отырдық. Үй қала шетінде, бау ішінде оңаша.
107
Стерс қатарынан үш рет ұтты, сосын менің қолыма күшті карта келді де, прикуп алмадым.
Асханада дастарқан әзірлеп, аяқ-табақты қойып жатып, Стерстің күтушісі кешкі ас жайында қожайынның қарындасымен күбірлесіп кеңесіп жатты.
Қолымдағы картаға қанша елігіп кетсем де, тамақсау басым, Дэлия Стерс асты сағат он бірге әкел дегенде кәдімгідей көңілденіп қалдым, бұл енді бір сағаттан кейін ас келеді деген сөз, Мен тағы қарап отырмай, шіркін, әлгі құйқалы етпен пісіретін пәрамашы бүгін де бола ма екен деп ойладым, мен о пәрамашты жақсы көруші ем және тап сондай дәмді асты осы үйден басқа жерден татып көрген емен. Дэлия пәрамаштың қалай тәтті боп пісетінін өзім де білмеймін дейтін.
– Кәне, қосымша карта аласыз ба? – деді Стерс карта үлестіріп жатып. – Ештеңе алмайсыз ба?! Жақсы. – Ол өзгелерге карта беріп, өз картасын қарады да – мен де алмаймын, – деді. Әуелі Андерсон, сосын Филатр қосымша карта алды да, ойнамай қалды.
– Шайқасыңдар кәне, Гарвей осы жолы қайтер екен, біз қарай тұралық, – деді доктор.
Ойынның шарты бойынша ставкамыз азғантай-ды, бірақ менің қолым жүрмей қойды, қайта-қайта ұтыла бергесін ептеп ызаланып та отырмын. Бірақ осы жолғы ставкаға қолым жаман емес: төрт ондық пен алтылық, кім білген, Стерстің қолында джокер бар шығар, ендеше сақтанбаса болмайды.
Сонымен, біз әдеттегі саудаға көштік: мен асықпай байқап ойнасам, Стерс ойынды шалт та шолақ қайырды, бірақ екеуміз де бір-бірін орға сүйрейтін қос соқыр сияқты, бірімізді біріміз алдап-арбамақ болып құныға ойнап отырмыз.
Андерсон бізге қарап мәз болып отыр, бәріміз де ойын қалай бітер екен деп ештеңені сезер емеспіз; Филатр картаны жинай бастады.
Дэлия келіп кірді, ол ағасы сияқты ақ сары шашты, солғын жүзі тотыққан, ештеңеге сенбейтін қияс қыз еді, кірді де, Стерс екеуміздің бір-бірімізден көз алмай, ештеңе білмесек
108
те, ұтар немесе ұтқызар ақшамызды көбейтпек болып қасарысып отырғанымызға қарап тұрып қалды.
Стерстің сыңайына қарап, қолындағы картасының күшті екенін сездім, бірақ менікінен күшті дейсің бе? Бәлкім, маған дөң айбат жасап отырған шығар? Мен туралы оның да тап осылай ойлап отырмағанына кім кепіл?
Дэлияны асханаға шақырды, ол кетіп бара жатып:
– Гарвей, байқаңыз ұтылып қалып жүрмеңіз, – деді. Мен ставканы көтердім. Стерс бұған келіссем бе екен, әлде үстемелесем бе екен деп ойланып, үндемей қалды. Мен қанша көңілді отырсам да, оны білдімеуге тырыстым.
– Мақұл, – деді бір кезде Стерс. – Кәні қолыңызда не бар?
Бұл картаны ашайық дегені еді. Оның даусы шыққан кезде, менің ой-санам карта ойынынан безіп, өзгеше бір тыныштыққа бой ұрып еді, тап сол сәтте тылсым бір әйел даусының «Толқын перісі» деген сөзді ап-анық айтқанын есіттім. Бұл жеті түнде қағылған қоңыраудай болды. Лүпілдей соққан жүрегімнен құлағымның аздап шулағаны болмаса, доктор Филатрдың картаны қырынан қойып, қолымен сытырлата ысқанынан басқа ешбір дыбыс естілмейді.
Осы жерде өтіп жатқан оқиғамен байланысы жоқ бұл ғажайыпқа қайран қалдым да, Андерсоннан:
– Сіз бірдеңе деген жоқсыз ба? – деп сұрадым
– О жоқ! – деді Андерсон. – Мен ойыншының ойын бұзбайтын кісімін.
Қарсы алдымда ештеңеге түсінбеген кісідей Стерс отыр, ол жұмған аузын ашпайды. Біз Стерс екеуміз ойын қызығына түсіп кеткенбіз, аузымызға цифрдан басқа ештеңе түспесе керек. Осының бәрі қас-қағымдай – бір сәтте көңілімнен зулап өткенше әлгі әйел даусынан алған әсерім тұп-тұнық боп тұра берді.
Ойынға зауқым соқпай, картамды селсоқ аша бердім. Стерстің бес шыбынынан ұтылғасын ойынды доғара қойдым. Сандырақ па, әлде елес пе, не екенін білмеймін, әйтеуір, сол дауыс мені ойыннан жерітіп жіберді. Андерсон менің түсімнің бұзылып кеткенін көріп:
109
– Сізге не болды? – деп сұрады.
– Бір қызық нәрсе болды, – дедім мен бұлардың пікірін білмек болып. – Әлгіде, ойнап отырған кезде мен картадан басқа ештеңені де ойлағам жоқ. Егер қолында карре отырса, өзге нәрсе ойлау мүмкін емес қой. Тап сол кезде сырттан ба, әлде іштен бе, әйтеуір «Толқын перісі» деген сөзді есіттім. Оны айтқан бір бейтаныс әйел даусы. Сол себепті де менің ойынға зауқым соқпай қойды.
– Естіп отырсыз ба, Филатр? – деді Стерс.
– Иә. Сіз сонда не есіттіңіз?
– «Толқын перісі», – дедім мен тағы да таң қалғанымды жасыра алмай. – Тап сіздің сөзіңіз сияқты ап-анық сөздер.
Енді бәрінің назары маған ауды. Көп ұзамай, кешкі асқа отырғасын да, біз бұл жайтты әңгімелеумен болдық. Кешқұрым кісі шаршап, жүйкелеген кезде, мұндай нәрсені сөз қылғанның өзі бір ғанибет. Дэлия тек әдептен аспайын деген оймен ғана күлмей отырғанын білдіріп, әдетінше бір-екі ауыз әзіл айтты да, артынша үндемей қалды, сосын қасын кіней керіп сөзге құлақ түре бастады.
– Сіздің сандырағыңыздың қосымша тағы бір серігі жоқ па екен, соны анықталық, – деді Стерс. – Ілгеріде мен зәуімен қалғып кетіп, әлдекімдердің күбір-күбір әңгімесін есіттім. Сөздері естілмейді, үй сыртында сөйлесіп тұрғанға ұқсайды. Бірін-бірі кінәлаған, ақтаған дауыс сыңайына қарап әңгіме төркінін аңғаруға болатын еді. Кейіген, ызаланған, шағынған дауыстар естіледі. Мен ұйықтайтын бөлмеге кірсем, кранды шала жауыпты да, содан су үсті-үстіне тамшылап тұр екен. Құбырдағы ауа ысылдап, гуілдеп, өксіп жатыр. Істің мән-жайын осылай анықтағаннан кейін көңілімнің күдігі де кетті. Ендеше өзімізге мынадай бір сауал қоялық: әлгіде айванның қасынан біреу өткен жоқ па екен?
Ойын кезінде Андерсон үйге сыртын беріп, бауға қарап отырған. Ол ешкімді де көрген жоқпын, ештеңені де естіген жоқпын деді. Филатр да соны айтты, менен басқа ешкім ешбір сөз естімегендіктен, бұ жәйт тек қана менің еншім болып қала берді. «Сен оған қалай қарайсың?» – деген
110
сауалға мен: әуелде біраз қобалжыдым да, енді соны ұғуға, білуге тырысып отырмын деп жауап бердім.
– Шынында да, – деді Филатр, – Гарвейдің естіген сөзін біз тек өзіміздің мінез-құлық, сағатымыздың ең бір тылсым жүрісімен ғана түсіндіре аламыз, әрине, ол сағаттың тілін де, тетігін де ешкім көре алмайды. Сіз әлгі дауысты есітер алдында қандай сөз айтылып еді?
– Не дейсіз? Иә, Стерс картаны ашу үшін менің қолымда не барын сұраған.
– Хош, – Филатр біраз ойланып қалды. – Кәне, мынаны тыңдап көрелікші: «Сіздің қолыңызда не бар?» Жауапты бір ғана Гарвей естіген, ол жауап біреу-ақ: «Толқын перісі».
– Бірақ сауал маған қойылды ғой, – дедім мен.
– Иә, солай. Жауапты сіздің өзіңіз беруіңіз керек еді. Бірақ сіз үшін жауапты екінші біреу берді, сіз оны бізге тек қайталай қана айттыңыз.
– Бұлай түсіндіруге болмайды, – деді Андерсон бәріміз жаппай күлген соң.
– Әрине, бұлай түсіндіруге болмайды. Мен өзіме қызық көрінген нәрсені жай салыстыра салдым. Әлбетте бұл уақиғаны Рибоның қосарлы санасымен де немесе ояу жүрген кісінің бір сәт ұйқысырайтыны сияқты, мидың кейбір бөлшегінің шалажансар қалуымен де түсіндіруге болады. Бишердің дәлелі осында. Бірақ салыстырмасқа шара жоқ. Ол өзінен-өзі тіленіп тұр, қайтарылған жауап қанша жұмбақ болып көрінсе де – егер оны жауап деп есептесек – Гарвейдің көкейтесті ойы тылсым сөздермен айтылған, ал, оның нақты мағынасы бізге беймәлім екені рас. Ойыншының есі-дерті, назары картада ғана болса да, санасының бір пұшпағы бос жатады. Ол көлеңке бүркеген құбылыстар ішіндегі көлеңкеде болады. Стерстің: «Сіздің қолыңызда не бар?» деген сөздері назар түгел аумай тұрған кезде, оның көлеңкеде жатқан бір түйсік тамырын қозғап кеткен. Тас тигенде әйнек қалай быт-шыт болып сынатын болса, әсер дегенің де солай қас қағымда туып, санада оқыс бір ұғым пайда болуы мүмкін. Әйнек сынығының сай-сай ұзындығын, санын, суретін күн ілгері санап қою немесе оны тас тигенге дейінгі қалпына келтіріп
112
құрап шығу мүмкін емес. Гарвейдің сырлы сөздері – санадан тыс нәрсенің шытырман сынығының суреті.
Расында осылай болуы да мүмкін. Филатр нобайлаған мінез-құлық суреті қанша нанымды болса да, мен оның сөзін кәдімгідей көңіліме алып қалдым.
– Сонда тек Стерстің сөзінен сынғаны қалай?
– Енді кімнің сөзі деп едіңіз?
Бөтен біреудің ой-пікірі шынымен әсер-әрекет ететін болса, ол ойыншыларды бөліп тұрған төрт фут үстелден әрі әсер етпейтіндей-ақ, сен де бала сияқты қашықтық құдіретіне көзсіз сенеді екенсің деп айтуға бір оқталдым да, сөзді көбейтпейін деп ойладым да, бұл сияқты түсініктердің өзіне бір түсінік керек екен деп қоя салдым.
– Әлбетте, – деді Стерс мені қостап. – Егер менің кәдуілгі бір сөзім Гарвейдің ой-санасының түкпірінен оқыс бір ұғым туғызғаны негүмән екен, ендеше оны қайта шешпек керек. Осы айтқанымыз шүбәлі болса, басқаларының да шүбәлі болғаны.
Біз осылай мылжыңдасып біраз отырып қалдық, ақыр аяғында Дэлия шыдамай қабағын шытып, бізге: «не әңгіменің тақырыбын өзгертіңдер, не тынышталатын дәрі ішіңдер!» деді. Көп ұзамай мен қожайындармен қоштасып кетіп қалдым, менімен бірге Филатр да шықты.
Солдаттар сияқты аяғымызды тең басып, біз үн-түнсіз бірнеше көшенің мүйісін орағытып өтіп, бір алаңнан келіп шықтық. Филатр кафеге шақырды. Көңілім бір түрлі өрікпіп тұрғасын мен де кірмек болдым. Біз эстрада түбіндегі үстелге келіп отырдық та, шарап сұрадық. Әнші, биші әйелдер сахнаға бірінен соң бірі шығып жатты. Филатр әйнектің сынығы жайлы әңгімені қайта қозғады, сосын Вайторн деген натуралистің бау ішінде отырып, бал араларының өзара сөйлескенін естігенін айтты. Мен оны зейін сала тыңдадым.
Со замат құлаған орындықтың тарс еткен дыбысы мен артымдағы әлдекімнің бірдеңені талап еткені би ырғағымен қосылып кетті. Бұның есімде қалған себебі, со бір сәттен бастап, орнымнан дереу тұрып жүре бергім келді. Бұл еркімнен тыс еді. Көңілді музыка мен самаладай жарық
113
жерде отырғанда мұндай беймаза, нәумез күйге түскеннен қиын нәрсе жоқ шығар. Орнымнан тұрмай жатып, мен әуелі өзімнің ішкі сарайыма бір үңіліп қарап, осы бір жәйттің себебін білмек болдым, тіпті, бәлкім мен Филатр мезі еткен жоқ па екен деп те ойладым. Бірақ менің есі-дертім – көңіліме бірден қона кеткен осы кафеде тек Филатрмен ғана отыра беру. Ал, қазір бұл арада қалатын түрім жоқ. Тағы бір айтайын дегенім – мен осынау оқыс сезімге кәдуелгі күтпеген бір кедергідей қынжыла-қынжыла мойынсұндым. Мен сағатыма қарадым да, басым ауырып барады деп, доктордың шарабын тауысуын да күтпей кетіп қалдым.
Тротуарға шыққасын мен қажет есігін таба алмай қиналған кісідейін, аңырып біраз тұрып қалдым, сосын сәл ойланып гавань жаққа беттедім, әдетте, бейсауат қыдырғанда содан барып шығатынмын. Енді келе жатып, кафеден кеткен себебім
– жүйкем қажығандықтан болар деп ойладым да, кеткеніме онша өкінбедім.
«Толқын перісі». Мен бұрын сана-сезімнің мән-мағынасы беймәлім, белгісіз бір қылықтары жөнінен тап қазіргідей көп ойланып көрген жоқ шығармын – мәселенки, ту сыртыңнан бірдеңе сусылдаса, дыбысын тыңдап, оның қандай матаның сусылы екенін білмейсің ғой. Түнгі самал тыныс буған қапырықты сейілте алмаса да, электр шамдарының ақ жарығында теректердің ақ үпелегін үйіре қуалап жүр. Гаваньдағы тас діңгектер түбіндегі көмірдің шаң-тозаңы, үй қабырғаларының бәрі үпелектерге малынып тұрғаны сонша, оңтүстікке солтүстік көшіп келіп, ғажайып бір аптапты қыс орнаған сияқты көрінеді. Мен екі айлақтың арасында келе жатқам, кенет алдымдағы екінші айлақтың ар жағынан жел қайық тәрізді жеңіл, сұңғақ бір желкенді кемені көрдім. Оның сыйымдылығы шамасы жүз елу тонна болса керек. Кеме ұйқы құшағында еді.
Оның палубасынан тірі жан көзге түспейді, бірақ жақын келіп мен оның сол жақ бортынан күзетші матросты көрдім. Ол жинамалы орындық үстінде бортқа сүйеніп ұйықтап отыр екен.
114
Мен таяу келіп тоқтадым. Төңірек тым-тырыс, құлазып жатыр. Алыста келе жатқан экипаждың шуылы сияқты, қала үні де бір сарынды гуілге айналған. Менің қасымдағы су шылпылы, арқан-жіптің баяу сықыры мүлгіген тыныштықты бұзып тұр. Мен әлгі кемеге әлі қарап тұрмын. Оның қоңыр корпусы мен ақ палубасы биік діңгектері, күллі мүшелерінің тап-тұйнақтай тең түсіп жатқаны, барша әсем мүсіні көзді сүйсінтіп, көңілді қуантады. Ол бір кербез сұлу кеме еді. Айлақтың доға шамының жарығы оның сымбат-мүсінін ымырт қараңғылығынан оқшау бөліп алып, айқын көрсетіп тұр, одан әрі өзге кемелердің корпустері мен трубалары қарайып көрінеді. Кеме тұмсығы осы араның тайпақ жағалауынан дүңкиіп шығып, қос арқан арасындағы су үстінен мүйістене төніп тұр.
Осынау әсем кеме маған қатты ұнады, сол себепті де оны бір сәт өзімдікі екен деп те қалдым. Сосын ойша трапты басып, кеме үстіне шығып өз каютама бардым – сонда, әрине, әлгі қызбен бірге болдым. Мұның неге солай болатынын мүлдем білмесем де, осы жайды біраз уақыт көз алдыма елестетіп тұрып қалыппын.
Тағы бір байқағаным, со бір қыз есімнен тіпті де кетер емес. Ол да есімде қалған басқа жайлар сияқты, бірақ жаныма жол тауып, көңілімде ұялап қалыпты. Бір сүйкімді суретке қарағандай-ақ, мен оған оқтын-оқтын жалтақтап қарай берем. Осы жолы ол бұрынғыдан әлдеқайда айқын көрінді де жоғалып кетті. Ақырында ойым да өзгерді. Мен кеменің атын білмекші болып, оны айналып барып, кеуде тұсынан келіп тұрдым, үңіле қарап, алтын әріптермен садақша иіп жазған «Толқын перісі» деген сөздерді оқыдым.
