Александр Грин — АЛҚЫЗЫЛ ЖЕЛКЕНДЕР
IV
ҚАРСАҢДА
Со бір күннің дәл алдында, өлең-жыр жинаушы Эгль көк теңіздің жағасында бүлдіршін қызға алқызыл желкенді кеме жайлы ертегі айтқаннан кейін арада аттай жеті жыл өткен шамада, апта сайын ойыншық дүкеншесіне барып қайтатын Ассоль осы жолы үйіне қатты ренжіп, мұңайып қайтты. Ол өз тауарын қайтып әкелді. Оның ренжігені сондай, ә дегенде сөйлей алмай қалды, тек әкесінің тағы бір бәле болып қалды ма деп ойлап, үрпие қалған түрін көргенде ғана, Ассоль қасында тұрған терезе әйнегін сипалап, теңізді көзімен шолып әңгімесін айтуға кірісті.
54
Ойыншық дүкенінің қожасы бұ жолы ең әуелі есеп-қисап кітабын ашып, бұған қанша қарызданып қалғанын көрсетіпті. Қыз үш саннан тұратын қыруар қарызды көріп шошып кетеді. «Міне, мынау сендердің желтоқсаннан бері алғандарың, – дейді саудагер, – ал енді мына жерде қанша сатылғанына қара». Сөйтіп, ол екі саннан тұратын цифрды шұқып көрсетеді. «Менің оған қарауға дәтім шыдамады. Мен оның бетіне қарап, ашуланып тұрғанын, томырық, қатал кісі екенін білдім. Сол арадан дереу қашып кетейін деп едім ұялғаннан тұрған жерімнен қозғала алмай қалдым. Сосын ол мені біраз қыжыртып алды: «Шырағым, енді мұның маған көк тиынға керегі жоқ. Ендігі мода – шетелдің тауары, күллі дүкендер соған көміліп жатыр, ал мына ойыншықтарды ешкім алмайды». Ол тап осылай деді. Бұрқырап тағы да талай сөз айтып еді, бірақ мен шатасып ұмытып қалдым. Артынан маған жаны ашыды ма, қайдам, әйтеуір, «Балалар базарына», «Алладин шамына» барып көр деп кеңес берді.
Әңгіменің ең керекті жерлерін айтып болғаннан кейін қыз басын бұрып, кәрі әкесіне абайлап көз тастады. Лонгрен шынтағымен тізесіне сүйеніп, қолын аяғының арасына айқастыра салып, бүкірейіп отыр екен. Қызының қарағанын сезді де, еңсесін көтеріп бір күрсінді. Іші әлем-жәлем болып жатса да, қызы жүгіріп барып қасына отырды да, тері күрткесінің қолтығынан ұстап, әкесінің бетіне төменнен қарап, көңілдене тіл қатты:
– Мұның бәрі де ештеңе емес, сен одан да мынаны тыңда. Мен жәйімен кетіп қалдым. Сосын бір үлкен абажадай дүкенге кірдім; халық көп-ақ, жұрт мені қаққылап маңайлатпай қойды, бірақ мен таласып-тармысып көзілдірік киген бір қара кісіге бардым. Оған не дегенімді өзім де білмеймін, ақырында ол мырс етіп, себетімді ақтарып, ойыншықтардың кейбіреуін алып қарады да, оларды қайтадан орамалға орап өзіме қайтарып берді, – деді.
Лонгрен тұнжырай отырып тыңдады. Ол бағалы тауарларға толы сөрелердің қасында, дәулетті кісілердің арасында абдырап сасып қалған қызын көргендей болды. Ұқыпты,
55
көзілдірікті біреу бұны мүсіркеп, егер Лонгреннің жұпыны бұйымдарын алып сата бастаса, дәулетінен жұрдай болатынын түсіндіреді. Ол екі қолы сумаңдап, қыздың алдындағы сөреге үйлер мен теміржол көпірінің жинамалы модельдерін, тап-тұйнақтай автомобильдер мен электр аспаптарын, аэропландар мен двигательдерді қоя-қоя салады. Оның бәрінен сыр иісі мен мектеп иісі аңқиды. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі балалар ойнағанда тек үлкен адамдарға ғана еліктейді
Ассоль «Аладдин шамына» да барады, тағы бір-екі дүкендерге кіріп шығады, бірақ одан да түк шықпайды.
Әңгімесін бітіргесін қызы кешкі асты әкелді, ауқаттанып, бір стакан қою кофе ішкесін Лонгрен жайымен сөз бастады:
– Е, қызым, бұ сапарда жолымыз болмаған екен, ендеше, қарап жатпалық. Бәлкім, мен қайтадан «Фицройға» немесе «Палермоға» барып, қызметке кірісермін. Әлбетте олардың айтқаны дұрыс, – деді ол, ойыншықтар жайын ойлап. – Қазір балалар ойнамай, оқитын болды ғой. Олар оқимын деп жүріп, өмірінің қалай өткенін білмей де қалады. Тірлік солайына солай ғой, бірақ қолдан келер шара бар ма?! Мен бір рейске барып қайтқанша сен менсіз тұра алар ма едің? Бірақ сені жалғыз қалай қалдырам.
– Мен де сенімен бірге қызметке тұрсам қайтеді, мәселенки, буфетке.
– Жоқ! – Лонгрен алақанымен үстелді шайқалта бір салып қалып, сөзін нығарлап тастады. – Өзім тірі тұрғанда саған жұмыс істетпеймін. Дегенмен әлі уақыт бар ғой, ойланып көрелік.
Ол қабағын түйіп үндемей қалды. Ассоль қасында, орындықтың шетінде отыр. Ол бұрылмай-ақ, бір қырын отырып, қызының мұның көңілін көтергісі келіп, әлектеніп отырғанын көріп, күліп жібере жаздады. Ал күлсе қызын үркітіп, ұялтып тастайтынын сезді. Ол өзінше бірдеңе деп күбірлеп, әкесінің ұйысып қалған бурыл шашын тарап-сипап, қою мұртынан сүйді, сосын әкесінің түкті құлағын жіп-жіңішке саусағымен бітеп:
– Міне, енді мен сені жақсы көрем деп айтсам, естімейтін болдың, – деді ойнақы.
56
Қызы мұның үсті-басын сылап-сипап жатқан кезде, түтін жұтып қалам ба деп қорыққан кісі сияқты көзін жұмып үнсіз отырған Лонгрен мына сөзді естігенде қатты күліп жіберді.
– Сен сүйкімдісің! – деді ол, сосын қызының бетінен бір сипап, қайығын қарамақшы болып жағалауға кетті, Ассоль бөлменің ортасында мұңайып отыра берейін бе, әлде, үй шаруасын жайғастырайын ба дегендей біраз ойланып тұрды, сосын қазан-аяқты жуып, тазартып, шкафты барып ашып, қанша азық қалғанын анықтады. Ол азық-түлігін өлшеп-пішіп жатпады, бірақ ұнның сол аптаның аяғына дейін жетпейтінін, қаңылтыр құтыдағы шекердің түбі көрініп қалғанын білді; май дейтін май да жок, тек көңілге алданыш, көзге қуаныш болып тұрған бір қап картоп қана. Бұдан кейін ол жалтыратып еденді жуып, ескі бірдеңеден құрастырған юбкасының желбіршегін әдіптеп тастамақшы боп отыра берді де, керекті матаның қиындысы айнаның артында жатқаны есіне түсіп, сонда барып бір түйіншекті алды, со замат айнадағы суретіне көзі түсіп кетті.
Жаңғақ кесекті айна ішіндегі жарық бөлмеде шыбықтай бұралып сұңғақ бойлы бір қыз тұр, үстінде қызғылт гүлді арзанқол ақ шыттан тігілген көйлек. Сұр шаршысын иығына орай салыпты. Күн-жел қағып қоңырқай тартқан сәби жүзі жайнап, ойнап тұр, жастығына қарамастан сәл ересек көрінетін тұнық көзі терең сырлы жүректің хабаршысындай боп ойлана, ұяң ғана қарайды. Оның сопақша келген тап-таза мөлдір жүзі қарағанда кісі жүрегін елжіретіп жіберердей. Осынау ақша беттің әрбір ойы мен қыры толып жатқан әйел жүзінен табылар еді, бірақ солардың бәрі қосылып келіп, қайталанбас бір жарастық, сүйкімді ажар тапқан; осымен біз тоқталық, қалғанын «тамаша» деген бір сөз болмаса, басқа сөзбен айтып жеткізу қиын.
Айнадағы қыз Ассоль сияқты жай ғана езу тартты. Күлкісі мұңлы екен. Мұны көрісімен ол бөгде біреуді көргендей-ақ шошып кетті. Ол айнаға бетін басып, көзін берді. Бір жүрек елжірететін тәтті ойлар бұлдыр сағымдай ойнап, жалт етіп өте шықты, қыз бойын жинап, қуана күлді де, іс тігуге отырды.
Қыз іс тігіп отырғанда біз оған жақындап, ішкі сарайына үңіліп көрелікші. Бұл өзі екі қыздан, екі Ассольден тұрады,
57
екеуінің мінезі бір-біріне кереғар келсе де, баяғыда-ақ үйлесіп, жарасып кеткен. Мұның біріншісі – матростың, ойыншық жасайтын ісмердің қызы, екіншісі – ағып тұрған өлең-жыр, күллі ырғақ-ұйқастары, бейнелері, үйлесіп-үндесіп жатқан сырлы сөздері бір-біріне жарық пен көлеңкені алмастыра түсіріп, құбылып-құлпырып жататын бір әуезді әлем. Ол өмірді өзі кешкен тәжірибесіне қарап, там-тұмдап қана біледі, бірақ мұның үстіне жалпы құбылыстың өзгеше астарлы жақтарын да көретін. Мәселенки, біз бір затқа ойлана қарап, толғанып көрсек, одан со заттың өзіне ғана емес, адамға тән кейбір мінездерін, ерекшеліктерін көреміз және олардың адам сияқты алуан-алуан болып келетінін де байқаймыз. Ассоль де тап осы сияқты (егер сіз оны шынымен көрген болсаңыз), жұрттың назарынан тыс жатқан жәйттерді көріп-біліп отыратын. Осы бір көңіл көзінің жітілігі болмаса, күнделікті қарадүрсін, жайдақ өмір оның сезімтал жанына мүлде жат еді. Ол кітапты оқи білетін және оны өзгеше жақсы көретін, бірақ, өзі күнде қалай өмір сүріп жүрсе, кітапты да солай астарлы мағынасын ұға оқитын. Өз еркінен тыс, бөлекше бір шабытпен ол қадам басқан сайын, жылу мен жарық сияқты талай қызықты ашып жатады. Кейде, бірнеше күн қатарынан ол дүниеге қайта туғандай түлеп, жаңғырып жүреді. Смычок тартып қалғанда тыныштық қалай ғайып болса, қимыл-әрекетке толы тірлігі де солай болып, қыздың күллі көрген-білгені, істеген ісі, айналасындағы заттары ғажайып бір сырлы дүниеге айналып жүре береді. Ол көңілі алабұртып, жүрексініп, түн ортасында тұрып талай рет теңіз жағасына барған, со жерде таң атқанша жүріп, ақ пейілімен алқызыл желкенді кеменің келуін күткен. Бұл оның бір бақытты сәттері еді, біз ертегі-аңыз әлеміне тап осылай көз жұмып, алаңсыз кете алмаймыз ғой, ал бұ қыз да осы ғажайып сиқырлы әлемді біржола тастап шыға алмас еді Осының бәрін басқа бір кезде ақылға салып ойлап көрсе, ол «бұған қалай сенгенмін, жарқыным-ау?!» деп өзіне-өзі қайран қалар еді. Теңізбен жымия қоштасып, шын тірлікке мұңайып қайта оралған қыз енді іс тігіп отырып, өз өмірін есіне түсірді. Бұл бір көңілсіз
58
сұрқай тіршілік екен. Әкесі екеуінің томаға-тұйық өмірінен кейде безе қашқандай болушы еді, со кездің өзінде-ақ бұ мұңлықтың жанына именшек бұйығылық пен қасірет әжімі із салыпты, әрине, бұл кісі бойын сергітіп, жадыратпаса керек. Жұрт «Ол есуас, оны қайтесің» деп күлетін; қыз бұған да көндігіп кетті; кейде оны қатты қорлап, тәлкек ететін, сонда көпке дейін таяқ жегендей, денесі дел-сал боп жүретін. Капернада мұны әйел екен деп ешкім көзге ілген емес, бірақ солардың көпшілігі-ақ бұ қыздың өздерінен артық екенін, оған тәңірім өзгеше бір беймәлім қасиет бергенін еміс-еміс, соқыр сеніммен сезетін, Капернаның тұрғындары аяқ-қолы балғадай, бет-аузы майдан жылтырап тұратын, тығыршықтай, топ-толық әйелдерді ұнататын, мұнда әйелді бөксесіне алақанымен салып қалу немесе оны базардағы сияқты иықпен қағып өту жақсы көрудің белгісі саналатын. Бұндай сезім қит етсе ақырып қалатын аңның әдетін еске түсіреді. Ассуята мен Аспазия сияқты қанша қылықты да сұлу болғанымен, жүйкелеп қалған кісілерге әзәзіл шайтанмен бірге тұру қандай азап болса, Ассольдің осы бір парықсыз ортада тұруы сондай азап еді: махаббат дегенің бұл жердегілердің есіне де кіріп шықпайтын. Мәселенки, солдат кернейі дарылдап тұрғанда, скрипканың сыңсыған мұңды үні сіресіп тұрған полкті орнынан қозғай алмайды ғой. Оның үстіне қызымыздың бұл айтылғанға ешқандай қатысы жоқ-тын.
Тап сол сәтте қыздың өзі ыңылдап өлең айтып отырғанымен, кішкентай шебер қолдары жып-жып етіп істі тындырып жатыр: ол жіптің ұшын тісімен қиып тастап, көзімен алысты шарлайды, сонымен бірге көйлектің желбіршегін біркелкі бүктеп, машинамен тіккендей сырғытып отыр. Лонгрен уақытында келмей кешігіп жатса да, Ассоль онша абыржи қоймайды. Соңғы кездері ол балық аулау үшін немесе серуендеп қайту үшін қайығымен түнде талай жерге шығандап кетіп қалады.
Жоқты-бардан қорқып, оның берекесі қашпайды, әкесі бір жамандыққа ұшырап қалар деп ойламайды да. Бұл тұрғыдан алғанда Ассоль әлі де болса, со баяғы күнәсіз пәк
59
пейілмен ертеңгілік: «Саламатсың ба, құдай!», кешкілік: «Қош сау бол, құдай!» деп былдырайтын сәби күйінде еді.
Оның пікірінше, құдаймен осылай атүсті таныстықтың өзі бәле-жәледен кәдімгідей қорған болады. Қыз оның жай-жағдаятына да түсінеді: құдай миллиондаған адамдардың тағдыр-талайымен шұғылданам деп ұдайы мұрнынан шаншылады да жатады, сол себепті де, Ассольдің ойынша, әлгі жұрт дүпеп жатқан үйге келіп түскен мейман абыр-сабырдан қолы тимей жатқан қожайын келгенше сабыр айлап, сарғая күтетіні сияқты, құдай тағала да өз бетімен қыбырлап тірлік кешіп жатқан пенделерін сыпайы ғана демеп-жебеп қойса болғаны.
Юбкасын тігіп болғасын, Ассоль оны бұрыштағы үстелшеге апарып қойды да, шешініп жатып қалды. Шамы сөндірулі. Ұзамай ол көзінен ұйқы қашқанын, ұлы сәске кезіндегідей көңілі ояу, ой-санасы сергек екенін білді, тіпті қараңғылықтың өзі оған жасандылау болып көрінді, тұла бойы да көк дөнен көңілімен жарыса жөнелетіндей жеп-жеңіл боп лыпып тұр. Жүрегі асаудай тулайды, ол тура жастық үстінде – құлағының түбінде соғып тұрған тәрізді. Ассоль көрпесін бірде лақтырып тастап, бірде оған басына дейін оранып алып, өзіне-өзі кейіп, төңбекшіп, жата алмады. Ақырында ол маужыратып ұйқы шақыратын әсем бір суретті көз алдына әкелді: ол мөлдіреген тұп-тұнық суға тас лақтырып, оның үстімен жеп-жеңіл ұяң толқындардың жыбырлай тарап жатқанына қарады. Ұйқының да күткені осы екен, ол сусып келіп, кереуеттің бас жағында тұрған Меримен бірдеңе деп сыбырласты да, оның жымия күлгенін құптап, төңірегіне «Тш-ш-ш» әмір етті. Ассоль со замат ұйықтап кетті. Ол бұ жолы да ең сүйікті түсін көрді: бір нұрлы әлемде, миуалы ағаштар арасында, тамылжыған ән тыңдап, бір тылсым құбылыстарды көріп жүр екен, тұла бойын сағыныш пен аңсау, бір іңкәр сезім билеп алыпты, соныра ояна келгенде оның есінде осы гүлстан жайдан, аяғынан мұп-мұздай боп өтіп, жүрегіне шаттық боп құйылатын жалтыраған тұнық су ғана қалады. Осының бәрін көргеннен кейін, Ассоль со бір беймәлім өлкені қимай біраз жүрді де, оянып түрегеп отырды.
60
Тіпті кірпік ілмеген кісідейін ұйқысы шайдай ашылды. Керемет бір жаңалық келетіндей жаны жадырап, табанда бірдеңені жасап тастайтындай құлшынып отыр. Жаңа қонысқа көшкендей үй ішіне таңырқай көз тастады. Таң сібірлеп келеді
– жарқырап атпаса да, төңірек көрінетіндей алакеуім жарық бар. Терезенің төменгі жағы қап-қара да, жоғары жағы құланиектеніпті. Далада, кәсек шетінен жылтырап таң жұлдызы көрінеді. Енді ұйықтамасын сезген Ассоль киініп, терезе алдына барды, оның ілгегін ағытып, кәсекті итере салды. Далада бір сергек, елгезек тыныштық бар екен: ол жаңа ғана орнаған сияқты. Алакөбенде бұталар қарауытады, әрегіректе ағаштар мүлгиді; тымырсық ауадан жер иісі келеді.
Кесектің жоғарғы шетінен ұстап, Ассоль езу тартып күліп тұр. Кенет сонау алыстан, сырттан тіпті өз ішінен де әлде біреу атын атап шақырғандай селк етіп, ояу тұрып оянып кетті, осы ақиқат дүннеден де айқынырак бір дүние бар сияқты. Осы сәттен бастап қыз жүрегі үлпілдеп, алып ұшты да тұрды, өзіне қанат біткендей. Мысалға, біз сөйлесіп тұрған кісіміздің әңгімесін түсініп тыңдап тұрғамыз, бірақ ол әңгімесін қайталап айтса, біз оның тағы бір жаңа мәнін ұғамыз. Тап қазір Ассоль де со күйде.
Көне, бірақ мұның басында әрдайым ең жаңа шаршысын тамақ астынан бір тартты да, есікті жауып, жалаң аяқ күйі лып етіп, жолға кеп түсті. Төңірек жым-жырт, меңіреу тыныштық, қызға бүкіл әлем жаңғырып, күмбірлеп тұрғандай сезіледі. Оған бүгін айналасының бәрі әсем, бәрі сүйкімді көрінеді. Жып-жылы шегеқұм аяғын жыбырлата қытықтайды, көңілді кеудесін керіп, еркін тыныстайды. Тұнжыр аспан аясында қарауытып, үй шатырлары мен бұлттар көрінеді. Шетендер мен қора-жайлар, итмұрын мен бау-бақшалар, ағараңдап жатқан жол сілемі – бәрі-бәрі мүлгиді. Күндізгідей емес, бәрі де өзгеріп кеткен – бәрі де сол заттар ғой, бірақ күндіз жоғалып кеткен бір қасиетін тапқан тәрізді. Бәрі де көзін ашып қалғып тұрғанмен, өтіп бара жатқан қызға ұрлана қарап қалып жатыр.
Қыстақтан тезірек құтылғысы келгендей-ақ, қыз ұзаған сайын жүрісін тездетті. Капернадан әрі қарай шалғынды дала:
61
одан әрі жағалаудағы мұғар төбелерді қуалай жаңғақ ағашы, теректер мен каштандар өседі. Даңғыл жол жіңішкеріп барып, білте сүрлеуге айналатын жерге жеткенде ақ төсті жүндес қара ит Ассольдің аяғына орала кетті, бәленің көзіне қарасаң, қазір сөйлеп жіберетіндей. Ассольді танитын ит құйрығын бұлғап, қисалақтай қыңсылап, жарыса жүрді, «сенімен екеуміз түсінісеміз ғой» дегендей бүлкілдеп келеді. Ассоль иттің арбаса берген көзіне қайта-қайта қарап, егер тылсым бір күш бұған үндеме деп сиқырлап қоймаса ғой, бұл ит сөйлеп кетер еді-ау деп ойлады. Серігінің күле қарағанын көрген ит көңілдене арсалаңдап, құйрығын бұлғап, бүлкілдеп озып барады да, кенет шоқиып отыра кетті, сосын өштес жауы қапқан құлағының түбін тыр-тыр қасып алды да, кейін қарай жорта жөнелді.
Ассоль кісі белуарынан келетін, шығы төгіліп тұрған көкорай шалғынға келіп кірді, ол күлімсіреп, қаулап өскен шөп басын алақанымен сипап келеді. Шөптердің айқасып қалған сабақтары мен гүлдердің реңдеріне қарап, ол адамға тән көп қасиет нышандарын – тұрған тұрысын, талпынысын, қимыл-қозғалысын, кісіге көзқарасы мен кескін-келбетіне дейін тапқандай еді; егер ол енді құла түзден сап түзеп келе жатқан дала тышқандары кездессе, сарышұнақтар биі мен ұйықтап жатқан шілтенді қатты пысқырып қап шошытатын кірпілердің дөрекі ойынын көрсе – оған таң қалмас еді. Сол-ақ екен, алдынан бір қоңыр кірпі домалап шыға келді. Алдын кескен кісіге көшір қалай кейитін болса, бұл да жақтырмай «һүк-һүк деді пысқырып. Ассоль өзі білетін, көз қиығына іліккен шөп-бұта, жан-жануардың бәрімен тілдесіп келеді. «Амансың ба, дімкәсім» деді ол құрт жеп тастаған бозғылт нәркеске. «Үйде отырмайсың ба селтимей», бұны ол сүрлеудің тап ортасына шығып, жұрттың етегі қағып, тінжәу болып қалған бір өсімдікке айтты. Бір үлкен зауза қоңыз меңдуананың сабағын майыстыра, қайта-қайта құларман болып өрмелеп барады екен. «Жуан жолаушыны сілкіп таста» деп кеңес берді Ассоль. Айтқанындай, қоңыз тырс етіп құлап түсті. Осылай тебірене толқып, құбыла құлпыра жүріп
62
отырып, біздің бойжеткеніміз шалғынды жазықтан бір үлкен төбенің жотасындағы тоғайға келіп кірді, енді оны жуан дауыспен гүрілдеп сөйлейтін (бұл оны кәміл біледі) қимас достары қоршап алған еді. Бұл ырғай мен жаңғақ тоғайының арасына біткен зәулім кәрі ағаштар еді. Олардың арбиып жайылып кеткен қара бұтақтары тоғайды төбесінен сипайды. Каштандардың салбыраған қалқан жапырақтары арасынан қауыз жарған ақ гүлдер қылқиып-қылқиып тұр, олардың жұпар иісі шық, шайыр иісімен араласа аңқиды. Ағаш-бұталардың кедір-бұдыр, тарам-тарам тамырларын басып өтетін сүрлеу, бірде ылдиға құласа, енді бірде қайқаң етіп өрге шығады. Ассоль үйінде жүргендейін еркін, ағаштармен адам сияқты жалпақ жапырақтарын қыса ұстап амандасады. Ол жүріп келе жатып, естіртіп те, ішінен де: «Бұл сенбісің, сен де амансың ба, бауырларым-ау, тіптен көбейіп кетіпсіңдер ғой! Мен асығыспын, бауырлар, жіберіңдер мені! Мен сендердің бәріңді де білем, бәрің де есімдесің, қатты құрметтеймін сендерді» деп күбірлейді. «Бауырлары» оған қолынан келген құрметін жасап жатыр – жапырақтарымен желпи сипап, сиқырлай үн қатады. Аяғы ылғал топыраққа былғанып, теңіз үстіндегі жарқабақтан келіп бір-ақ шықты, аптығын баса алмай, жар шетіне келіп тұрды. Мәңгі өшпейтін бір жігерлі отты сенім, шексіз қуаныш кеудесінде теңіздей толқып, буырқанып, көбік шашып жатты. Ол осы қуаныш-сенімін көңілімен, көзімен сонау көкжиекке ұшырып жіберсе, ол со жақтан зеңгір көкте шырқай шарықтанғанына шаттанып, теңіздің толқынымен бірге қайта оралып келіп жатты. Бұл кезде сонау көкжиегін алтын белдікпен бір тартқан теңіз әлі ұйқы құшағында еді, тек жар астындағы шұқыр-шұқанақтағы су бір көтеріліп, бір басылып жатты. Ұйқыдағы мұхит суының түсі жағада бозғылт болса, одан әрі көкпеңбек боп, алыстаған сайын барқынданып қарайып кетеді екен. Сонау құланиек жиектен жоғарырақ аспан жарқырап арай шашады, ақ мамық бұлттар жүзі қызарып, шырай жүгірді. Олардан жұмақ нұры төгілді. Түнерген әлемнің қарауытқан жүзі ағарып, қан жүгіргендей болды. Кенет көк бурыл көбік жалтырап, сонау алтын жиек бел ортасынан қақ жарылды
64
да, мұхит бетімен Ассольдің тап аяғының астына алқызыл кілемді жыбырлатып әкеп жайып тастады.
Ол тізесін құшақтап отыра кетті. Теңізге қарай ұмсына түсіп, аялы көздері шарасынан шыға көкжиектен көз алмайды, сонда көзінен ересек қыз нышаны жоғалып, сәби сияқтанып кетті. Ұзақ жылдар бойы сарыла күткен ынтызар арманы сонау жер шетінен келеді. Қыз бір қиырдағы тұңғиық теңіз еліндегі су астынан дөңкиген төбені көрді, оның төбесінен шырмауықтай ширатылып бір өсімдіктер қаулап өсіп тұр. Олардың нәзік сабақты теңге жапырақтарының арасынан таңғажайып бір гүлдер жайнап көз жауын алады. Өсімдіктердің өрлей өскен жапырақтары мұхит үстінде жалтырай жымырап тұр. Мұның мән-жайын Ассоль сияқты білетін кісі болмаса, өзге кісілер тек жалтырап, дірілдеп тұрған бір құбылысты ғана байқар еді.
Сол сыңсыған өсімдік тоғайы арасынан бір кеме қалқып шыға келді. Сосын жүзіп барып, шашыраған арайдың дәл ортасына барып тоқтады. Алыс жағадан ол ақша бұлттай айқын көрінді. Төңірегіне шадыман-шаттық таратып, ол шарап, раушан гүл, қан шие ерін, алқызыл барқыт маздаған от сияқты алаулап тұр. Кеме Ассольге қарай тура тартып келеді. Оның құдіретті кеудесі мұхитты қақ айырып, екі жағына бұрсанған бурыл толқын қалдырып келеді. Қыз орнынан тұрып, қолын кеудесіне басқан кезде жарық құбылып барып, теңіз тына қалды. Жарқырап күн шықты, ол ұйқылы жер үстінде манаурап, керіліп-созылып жатқан тірлік иесі атаулының бет пердесін түріп тастады.
Қыз селк етіп, аңырып төңірегіне қарады. Тамылжыған ән-күйдің үні өшкен, бірақ соның үні әлі де қыз құлағында күмбірлейді. Осы бір құдіретті қиял әсері әлсіреп үзіліп барып, еміс-еміс есінде қалды, сосын ол талмаусырап шаршағанын сезді. Со сәт шөп үстіне жата кетті де, жай ғана есінеп, рақаттана көзін жұмып, маужырап ұйықтап кетті. Бұл – дүние-тірлік мүлде ұмытылған, өң-түссіз өткен, жас жаңғақтан да қатты бір шымыр ұйқы еді.
Ол жалаң аяғында жыбырлап ұшып-қонып жүрген шыбыннан оянып кетті. Аяғын бір-екі қозғағасын қыз көзін
65
ашты. Басын көтеріп, шашын жөндеді, қолында Грэйдің сақинасы барын білмейтін қыз, саусағының арасына бір шөп қыстырылып қалды ма деп оны түсіріп тастамақшы болып еді, анау түсе қоймады, сосын жұлып алып қарап еді, оқыс шапшыған фонтандай орнынан атып тұрды.
Оның саусағында Грэйдің шұғылалы сақинасы бөгде біреудің саусағында тұрғандай жалтырайды – со заматта ол өз саусағын өзі танымай қалғандықтан, мұны өзімдікі дей алмады. «Бұл кімнің әзілі? Әзілдеген кім? – деді ол жеделдетіп». Мен ұйықтап тұрмын ба осы? Бәлкім, тауып алып, ұмытып кеткен шығармын?» Сол қолымен сақина салынған оң қолына шап беріп, қайран қалып, оны аударыстырып көре бастады, сосын теңіз бен жасыл тоғайға күдіктене көз тастады. Бірақ бұта арасында бой тасалаған немесе қыбыр еткен жан көрінбеді, жалтырап шалқып жатқан көк айдыннан да бір белгі байқалмады, қыз жүзі бірте-бірте шырайланып, дуылдап кетті. Жүрегі әлденені сезгендей «иә» деп күбірледі. Бұ ғажапты қалай түсінуге болады, осылай ойсыз, тілсіз тұрып-ақ қыз оны жанымен сезіп, сақинаны ыстық көріп кеткендей. Ол тұла бойы дірілдеп, сақинаны саусағынан жұлып алып, уысына құйылған су сияқты, алақанына салып күллі жанымен, жүрегімен, шадыман шаттығымен ғайыпқа иланатын аңқау ақ көңілімен оған жаутаңдап қарай берді: сосын оны төстартқышының ішіне тығып, қуанышы қойнына сыймай, алақанымен бетін басып біршама тұрды да, басын төмен салып, жайымен кейін қарай жүре берді.
Сонымен, оқып жаза білетін кісілердің айтатыны сияқты, Грэй мен Ассоль шілденің тамылжыған бір сәтті күнінде, таңертеңгілік тағдыр айдап бірін-бірі тауып еді.
V
ӘСКЕРИ ӘЗІРЛІК
Кеменің палубасына көтерілгеннен кейін Грэй желкесін сипап бірер минут қимылсыз тұрып қалды, бұл оның не істерін білмей дағдарған шағы. Айкезбенің жылусыз
66
күлімсірегені сияқты бір енжар сезім ұшпа бұлттай жүзін бір шалып өтті. Оның көмекшісі Пантен тап осы кезде бір тәрелке қуырылған балық әкеле жатқан, Грэйді көрісімен оның бір түрлі аңтарылып тұрғанын сезе қойды.
– Сіз, бәлкім, бір жеріңізді соғып алған шығарсыз? – деді ол абайлап. – Қайда болдыңыз? Не көрдіңіз? Айтпақшы, қайда жүрсеңіз де өз еркіңізде ғой. Әлгі бір әзірде делдал келіп аса пайдалы бір сапар жайын айтып кетті, сыйлығы тағы бар көрінеді. Япыр-ау, сізге не болған?
– Рақмет, – деді Грэй күрсініп, бір ауыр жүктен құтылған кісідей. – Маған керегі сіздің ақылды, қамқор үніңіз екен. Төбемнен суық су құйғандай болды ғой. Пантен, командаға айт, бүгін біз зәкірді көтеріп, осы арадан он мильдей жердегі Лилиана өзенінің құярлығына барып тұрамыз. Оның арнасы таяз, қайырлап қаламыз, құярлығына теңіз жағынан ғана кіруге болады. Картаны келіп аларсыз. Лоцманды ертпеңіз. Әзірше осы... Айтпақшы, пайдалы сапардың маған көк тиынға керегі жоқ. Делдалға тап солай деп айтарсыз. Мен қазір қалаға кетем-дағы, кешке дейін сонда болам.
– Бірдеңе болып қалды ма?
– Ештеңе болған жоқ, Пантен. Кісінің әрнені қазбалап сұрай бергенін жақтырмайтынымды ескерсеңіз екен. Реті келгенде не болғанын сізге өзім-ақ айтам. Матростарға жергілікті док бос емес екен, кемені аздап жөндейміз дерсіз.
– Мақұл, – деді Пантен, бұрылып кетіп қалған Грэйдің артынан. – Бәрін де орындаймыз.
Капитанның жарлығы мейлінше айқын болғанымен, көмекшінің екі көзі бақырайып, көңілі ұйтқып, тәрелкесін ұстаған күйі каютасына қарай зытып берді: «Пантен, саған бір жұмбақты тастап кетті, білем. Ол контрабандаға ұрынғалы жүрген жоқ па? Біз қарақшының қара туын көтермесек, игі еді?» деп күбірледі. Ойы он саққа жүгірген көмекші осы жерге келгенде кілт тоқтады. Бұл балығын асығып-үсігіп жеп жатқанда, Грэй каютасына түсіп, ақша алды да, шығанақты кесіп өтіп, Лиссаның сауда кварталдарынан келіп шықты.
67
Енді ол нартәуекел деп іске аспай-саспай біржола кірісіп кетті. Өйткені осы сапарының уақ-түйек бұрылыс қалтарыстарына дейін көкірегінде сайрап тұр. Сол себепті де оның әрбір ойы, тебіреніс-толғанысы, әрекет-қимылы бір таңғажайып көркем дүниені тындырғандай, жігітті қуаныш ләззатқа бөлейді. Істің жөн-жобасы да сәтімен жұп-жұмыр боп түсе қалды. Шын шебердің қашауы соңғы рет тигенде безірейген мәрмәр тас жалтырап, жанданып жүре береді ғой, оның өмір жайлы ұғым-нанымы да енді осылай жарқырап жанданғалы тұр еді.
Грэй қажетті матаны таңдап алуға өзгеше мән беріп, үш дүкенге кіріп шықты, со матаның түр-түсі, бояуы көз алдында жайнап тұр. Әуелгі екі дүкенде оған дәркілдек, даңғой кісінің таңдау-талғамына лайық жалтырақ жібектерді әкеп көрсетті, үшінші дүкеннен ол жібек матаның әр алуан түрлерін тапты. Дүкен иесі жатып қалған маталардың бірінен сон, бірін әкеліп, бәйек болды, бірақ Грэй анатом сияқты салмақты еді. Ол бүктеулі, ораулы маталарды қозғап, аударыстырып, бірін жазып қарап, екіншісін ысырып тастап көп отырды, оның жарыққа қойып көрген қызыл маталардың көптігі сонша, сөре тап қазір лау етіп жанғалы тұрғандай еді. Грэйдің етігінде қызыл толқын ойнады, оның қолына, бет-аузына шағылысып, алқызыл шұғыла түсті. Грэй жібек маталарды аударыстырып жатып, олардың түр-түстерін саралап, қапысыз танып тұр: қызыл, ақшыл қызыл, күрең, қан қызыл, жалқын қызыл, шымқай жирен түстер бірінен бірі өтеді. «Керемет», «тамаша», «ғажап», «өте жақсы» деген сөздер сияқты, өзара жақын, туыс болып көрінгенімен, осынау түр-түстердің реңі, шымқайлығы, бояуының қанықтығы әр алуан еді. Қат-қабат маталарда көз тілі жетпейтін нұрлы нышандар бар еді, бірақ лаулаған алқызыл түс біздің капитанымызға көпке дейін ұстатпады, дүкенші әкеп жатқан маталар жақсы-ақ, бірақ «иә» деген бір ауыз сөз әлі де қаққан шегедей ап-анық айтылған жоқ. Ақырында бір торғын жібектің түсі жігітіміздің қоңылтақсыған көңілінен шыққандай болды. Ол терезе алдындағы креслоға барып отырды да, сусылдаған жібектің
68
бір ұшын сілке тартып тізесінің үстіне жайып тастады да, сосын трубкасын тістеп, жайғасып отырып алып, матадан көзін алмай ұзақ қарады.
Осы бір матаның таңертең шашырай шығатын алқызыл арайдан аумайтын, жақсының көңіліндей жадыраңқы, тап-таза жарқын түсі Грэй іңкәр боп жүрген текті түс еді. Онда оттың, райхан шешегінің реңін немесе көгілжім, күлгін шырай танытып, құбылып тұратын будан бояулар да, көкшіл көлеңке сияқты шүбәлі түс нышандары да жоқ-тын. Ол жас сұлудың күлкісіндей, терең ой шұғыласындай маздайды. Грэйдің бір қалың ойға шомғаны сондай, артында үп деген лебізін қағып алмақшы боп, аңшы ит сияқты шоқиып тосып тұрған қожайынды да ұмытып кетті. Саудагер тұра-тұра жалыққасын бір жапырақ матаны дар еткізді:
– Маған мынау да жетеді, – деді Грэй орнынан тұрып.
– Осы жібекті алам.
– Бәрін де аласыз ба, қалай? – деді саудагер, бұған әрі құрметтей, әрі шүбәлана үн қатып. Грэй ләм деместен одырайып оның төбесінен аса қарады, сол-ақ екен, дүкен иесінің тілі шығайын деді.
– Сонда неше метр аласыз?
Азырақ тұра тұр дегендей, Грэй басын изеді, сосын қанша мата қажет екенін есептеп қағазға түсірді.
– Екі мың метр. – Ол дүкеннің текшелеріне күдіктене көз тастады, – Иә, екі мың метрдей қажет.
– Екі? – деді қожайын қырылдап орнынан серіппедей атып тұрып. – Мың? Метр дейсіз бе? Өтінем, капитан, отырыңызшы? Жаңа маталардың нұсқаларын көруге қалай қарайсыз, капитан? Еркіңіз білсін. Міне, оттық, міне, кереметтей темекі, тартыңыз. Екі мың... Екі мың... – ол «иә» деген сөзді ант-су ішкендей шолақ қайырған кісіге матаның құнын айтты, Грэй келісе кетті, өйткені саудаласып жатқысы келмеді.
– Жібектің ішіндегі сұлтаны, теңдесі жоқ ғажайып тауар, мұндай асыл затты тек менен ғана табасыз, – деп дүкенші жыпылдап жатты.
69
Ол маталарын мақтай-мақтай, әбден сілеледі-ау деген кезде, Грэй қожайынмен матаны кемеге жеткізіп тастау жағын келісті, ол мұның да күллі шығынын өз мойнына алды, сосын дүкеншімен есеп айырысты да кетіп қалды, ал саудагер оны тап бір қытай королі сияқтандырып қошаметтеп, қолпаштап шығарып салды. Тап со мезгілде дүкен тұрған орамнан бір көше төмен кезбе музыкант виолончелін бабына келтіре бұрып алып, бір мұңды күйді күңірентіп жатқан, ал оның флейташы серігі онымен жарыса ысқырып, безілдеп тұр еді. Қайнаған ыстықтан мүлгіп, маужыраған ауланы дүр сілкінткен қарапайым ән әуені тамылжыған күйі Грэйдің құлағына келіп жетті, со замат ол енді не істейтінін біле қойды. Обалына не керек, осы бір күндері ол ақ жарылқап, көңіл көзі аңқылдай ашылған бір бақыт сәттерін бастан кешіп жүрген, сол себепті де осынау фәни жалғанның үп еткен лебі мен лебізін, нышанын айнытпай бағып жүрген. Күйме мен арбалар жүрісінен әзер естіліп жатқан ән құлағына тиісімен ол сезімтал зерек көңілімен бір өзгеше әсерлер мен ой иіріміне шым батып кетті де, көздеген мақсат-мұратына жететінін және оған қалай жететінін бірден сезе қойды. Бір тығырық көшені жанай өтіп, Грэй музыка даусы шыққан үйдің қақпасына келіп кірді. Бұл кезде музыканттар кеткелі жатыр еді. Ұзын бойлы флейташы үлкен басын кішірейтіп, тиын-тебендер ұшып түсіп жатқан терезелерге қарап, қалпағын бұлғап, ырза көңілдің алғысын білдіріп жатты. Виолончельдің иесі аспабын қолтығына қысып, тершіген маңдайын сүртіп, флейташыны күтіп тұр екен.
– Па, шіркін, мынау біздің Циммер ғой! –деді Грэй скрипкашыны салған жерден танып, ол тамаша скрипкасымен «Ақшаңды кеспекке сал» трактиріндегі теңізшілер мен қонақтардың көңілін көтеретін. – Сен не, скрипканы қойғансың ба?
– Құрметті капитан, – деді Циммер қарсы дау айтып, – мен дыбыс шығаратын аспаптардың бәрін де ойнаймын ғой. Мен жасымда музыканың масқарапазы болғам. Ал қазір жыл өткен сайын нағыз өнерге құштар болып барам,
70
дарақыланып жүріп екінің бірінде кездесе бермейтін дарынымды құртып алғаныма өкінемін. Сол себепті де, енді қартайған шағымда, «ештен кеш жақсы» деп құнығып жүріп екі аспапты: виола мен скрипканы қабат тартам. Виолончельді күндіз, скрипканы кешке тартам, яғни келмеске кеткен қайран талантымды жоқтап, жылаймын да күңіренем. Қарияға шарап тартпайсыз ба, а, капитан? Виолончель – менің Карменім, ал скрипка...
– Ассолім, –деді Грэй. Циммер естімей қалды.
– Иә, – деді ол басын изеп, – тәрелкемен яки мыс трубамен соло – жеке орындау бір басқа. Бірақ мен оны қайтем?! Көркемөнердің арзанқол ойынпаздары-ақ тыртаңдап-жыртаңдай берсін – менің бір білетінім – скрипка, виолончель үнімен хор қыздары тыныстайды.
– Менің «тур-люр-люімде» жасырулы жатқан не? Кәне, таба қойшы? – деді бұларға таяу келген флейташы – жуас көгілдір қой көзді, сары сақалды өңкиген жігіт.
– Ол сенің ертеден бері қанша арақ ішкеніңе байланысты. Кейде – құс, кейде – шараптың буы ғана болады. Капитан, мынау менің өнер серігім Дусс, мен бұған шарап ішіп, сауық құрған кезіңізде сіздің алтынды оңды-солды шаша-тыныңызды талай рет айтқам, сол себепті де бұл сізге сырттай ғашық.
– Иә, мен жомарттық пен мәрттікті ұнатам, – деді Дусс.
– Бірақ байқаңыз, мен қудың қуымын, көлгірсіген сөзіме сеніп қалып жүрмеңіз.
– Ендеше, былай болсын, – деді Грэй күліп, – менің уақытым аз да, шаруам тығыз. Мен сендерге пайдаға шаш-етектен кенелетін бір істі айтайын. Жақсы бір оркестр жинаңдар, бірақ музыканың әрпін санап тұратын немесе ән мен күйді баяғыда-ақ құлқыныңа құрбан қылған, ыздиып киініп, жылтырап жүріп, музыканың мәні мен жанынан құр алақан қалған, эстрадалардан улап-шулап жататын тірі өліктерге жоламаңдар. Жоқ, ондайлардан аулақ жүріңдер. Дәйекшілер мен күтушілердің қарапайым жүрегін елжіретіп, егілтетін өздерің сияқты өнерлілерді табыңдар. Өздеріңнің
71
қайыршы кезбелеріңді жинаңдар! Теңіз бен махаббатқа тақуаның да, тәптіштің де керегі жоқ. Мен сендермен қуана-қуана бірге отырып талай шарапты тауысар ем, бірақ кетуім керек. Жұмысым көп. Мынаны алып, «А» деген әріптің аман-саулығы үшін ішіңдер. Егер сендерге менің сөзім ұнаса, кешке салым «Құпияға» келіңдер, ол бас бөгетке таяу жерде тұр.
– Келістік! – деді айқайлап, Грэйдің ақшаны падишадай шашатынын білетін Циммер, – Дусс, иіліп тәжім ет-тағы, «иә» деп жауап қайтар, қуанғаннан қалпағыңды лақтыр! Капитан Грэй үйленейін деп жатыр!
– Иә, – деді Грэй жайымен. – Істің егжей-тегжейін «Құпияға» келгесін айтармын. Ал сендер...
– «А» әрпі үшін! – Дусс Циммерді шынтағымен түртіп қап, Грэйге көзін қысты. – Бірақ... Әліппедегі әріптер көп қой! Тағы бірдеңе тастап жіберсеңіз...
Грэй тағы да ақша берді. Музыканттар кетіп қалды. Содан кейін ол комиссиялық кеңсеге кіріп, көп ақша төлеп, алты күнде жедел орындау керек деп құпия тапсырма берді. Грэй кемесіне қайтып келген кезде, контордың агенті пароходқа келіп отырып жатыр екен. Кешке жібекті әкелді, бес желкенші-шебер матростармен бірге жайғасты, Летика әлі келмепті, музыканттар да көрінбейді, олар келгенше Грэй Пантенмен сөйлесе тұрмақ болды.
Тағы бір айта кететін жәйт, Грэй бірнеше жыл бойы команда құрамын өзгертпей жүзген-ді. Әуелгі кезде капитан матростарын күтпеген рейстер жасап немесе тірі жан жоқ түкпірлерде, сауда-саттықтан шалғай жерлерде кейде ай бойы аялдап, қайран қалдырып жүрді, бірақ бірте-бірте Грэйдің «грэизмі» бұларға да жұқты. Ол тиелетін жүк ұнамаса, пайдалы сапардан бас тартып, жиі-жиі тек балластың өзімен-ақ жүзе беретін. Әйтеуір, жұрт зәру болғандықтан да трюмдерде тұнжырап жата беретін сабын, шеге, машиналардың бөлшектері сияқты өлі заттарды оған ешкім алдыра алмайды. Бірақ ол жеміс-жидек, фарфор, қалампыр, бұрыш, шай, темекі, кофе, жібек сияқты заттарды, хайуанаттарды, ағаштың барқын, сандал, пальма сияқты
72
түрлерін ықыласпен алатын. Бұл оның сұлулыққа табынатын ақсүйектік асқақ қиялына сай келіп жататын, сол себепті де осындай өзгеше тәрбие алған «Құпияның» командасы, бықсыған шала сияқты, баюдан басқаны ойламайтын пасық кемелерге шекесінен қарайтын. Дегенмен осы жолы Грэй жұрттың бет-пішінінен көкейінде айтылмай жатқан бір сауал барын байқады: ең топас деген матростың өзі орман өзенінің арасында кемені жөндеудің құр әурешілік екенін жақсы білетін.
Пантен, әрине, оларға Грэйдің жарлығын жеткізген, капитан келіп кіргенде, оның көмекшісі алтыншы сигарды шегіп тауысуға жақындапты, ол түтінге тұншығып, әрбір орындыққа бір соғылып, каютада сенделіп жүр екен. Күн кеш болды, ашық иллюминатордан дөңгеленіп жарық түсіп тұр, сол жарық капитан фуражкесінің жылтыр күн қағарына шағылысып жалт етті.
– Бәрі де дайын, – деді Пантен тұнжырап. – Қаласаңыз, зәкірді тап қазір көтеруге болады.
– Пантен, сіз мені бұдан гөрі жақсырақ білуіңіз керек еді, – деді Грэй жұмсақ үнмен. – Мен жасап жүрген істің ешбір құпиясы жоқ. Лилиан суына барып зәкір тастасымен, мен мән-жайды бәріне де айтам, сонда сіз нашар сигарларды тұтатам деп оттықты қайта-қайта жағып жатпайсыз. Барыңыз, зәкірді көтерсін!
Пантен ыңғайсыздана мырс етіп, қабағын қаси берді.
– Бұл, әлбетте, солай ғой, – деді ол. – Е, менің онда қандай шаруам бар?
Көмекшісі шығып кеткесін, Грэй ашық қалған есікке қарап біраз отырды, сосын өзіне кетті. Мұнда келгесін де бір отырып, бір жатып байыз таба алмады: бірде темір шынжырды салдыратып орап жатқан брашпиль үйіне құлақ түрсе, бірде бакке шыққысы келеді, бірақ әлденені ойлап, үстел басына қайтып келеді де, клеенканы саусағымен тұп-тура сызып өтеді. Біреу есігін жұдырығымен гүрс еткізіп қойып қалғанда ғана ол осы есеңгіреген күйінен селт етіп оянып кетті. Кілтті бір бұрап, ол Летиканы ішке кіргізді. Ауыр жазадан бір сорлыны аман алып қалған шабарман
сияқты матрос алқынып тұр.
73
– Летика, Летика, кәне, ұш, Летика, дедім мен өзіме-өзім, – деді матрос жеделдете сөйлеп, – өйткені мен біздің жігіттердің алақандарына шырт-шырт түкіріп, брашпильді айналып билеп жүргенін көрдім. Менің көзім бүркіттің көзінен де жіті ғой. Сонымен ал кеп ұш, өкпем өшіп қайықшыға жетіп келгенімде, ол байғұс сасқанынан терлеп қоя берді. Капитан, сіз мені жағада біржола тастап кеткіңіз келіп пе еді?
– Летика, мен сені ертең ертеңгілік келер деп едім, – деді Грэй, оның қызарып кеткен көзіне қарап.
– Сен басыңа салқын су құйдың ба?
– Құйдым. Бірақ ішіме құйғандай көп болмаса да, біраз құйдым ғой деймін. Мен бәрін де орындадым.
– Сөйле.
– Сөйлемей-ақ қояйын, капитан. Мында бәрін де жаздым. Алыңыз да оқыңыз. Әйтеуір, аянып қалған жоқпын. Мен кетейін.
– Қайда?
– Сіздің маған кінәлай қарауыңыздан басыма салқын суды әлі де аз құйғанымды сезіп тұрмын.
Ол соқыр кісі сияқты кібіртіктей бұрылды да, сыртқа шығып кетті. Грэй қағазды жазып қарады: бұзылған шетен сияқты, арбақ-сарбақ таңбаларды түсірген кезде бұған қаламның өзі де таңқалған шығар. Летиканың жазғаны мына төмендегідей еді: «Нұсқауыңызға сәйкес. Сағат бестен кейін көшеге шығып жүрдім. Боз шатырлы үй, екі жағында қос-қостан терезесі бар, қасында бақшасы бар. Бағанағы бикеш екі рет кіріп-шықты: бірінде су әкелді, екіншісінде плитаға отын алды. Ымырт түсісімен терезеге барып сығалап едім, пердесі түсірулі болғасын ештеңені көре алмадым».
Сосын үй ішінің тірлігіне катысы бар біраз жәйттар
жазылыпты, шамасы, Летика оны трактирде, үстел басында естіген сөзден алған болуы керек, өйткені мына хабарламасының соңына «Шығасыға деп біраз өз ақшамды да жұмсадым» деген оқыс сөздер жазылыпты.
Бірақ бұл хабарламаның мазмұны біз бірінші тараудан білетін жәйттерге саяды екен. Грэй қағазды үстелге тастай
74
салды да, вахтенныйды ысқырып шақырып алып, Пантенге жұмсады, оның орнына түрулі жеңін жүре түсіріп, боцман Атвуд жетіп келді.
– Біз бөгеттің қасына келіп тоқтадық, – деді ол. – Пантен сіздің неге шақырғаныңызды біліп келуге жіберді. Ол босамай жатыр, қайдағы жоқ бір трубалы, барабанды және басқа скрипкалы кісілер келіп, оны қамап алды. Оларды сіз «Құпияға» шақырып па едіңіз? Пантен сізді келсе екен деп өтініп жатыр, миым ашып кетті дейді,
– Иә, Атвуд, музыканттарды шақырған мен едім, – деді Грэй, – оларға барып айтыңызшы, әзірге кубрикке бара тұрсын. Қалай орналастыруды кейін көрерміз. Атвуд, сен оларға және күллі командаға мен енді ширек сағаттан кейін шығады деп айт. Жинала берсін. Әрине, өзіңіз де, Пантен де келіп, мені тыңдайсыздар.
Атвуд сол қабағын шүріппе сияқты керіп, есік алдында бір қырындап, сәл аялдады да, шығып кетті.
Қалған он минутте Грэй бетін алақанымен басып селт етпей отырып қалды, тек үнсіз отыра бергісі келеді. Бұ кезде жұрт әлденені ойлап, капитанды шыдамсыздана күтіп тұрған. Ол шықты да, матростардың жүзіне қарап, қайдағы жоқ дүниені ойлап тұрғанын сезе қойды, өз басы болып жатқан оқиғаны табиғи нәрсе деп есептейтін болғандықтан да, жұрттың осылай сезіктене қалуы бұның көңіліне келді.
– Өзгеше ештеңе болмайды, – деді ол көпіршенің трапына отырып жатып. – Күллі такелажды өзгерткенше біз осы өзеннің құярлығында тұрамыз. Сіз алқызыл жібекті әкелгенін көрдіңіз ғой, со матадан желкен шебері Бленттің басшылығымен «Құпияға» арнап желкен тігеді. Сосын біз жолға шығамыз, бірақ қайда баратынымызды айтпаймын, әйтеуір, осы арадан қашық емес. Мен әйеліме бармақпын. Ол әлі менің әйелім емес, бірақ солай болары хақ. Қалыңдығыммен келіскенімдей, бізді ол алыстан көруі үшін, маған алқызыл желкен керек. Бар айтарым осы. Өздеріңіз көріп тұрсыз ғой, бұл істе жасырын ештеңе жоқ. Осымен әңгіме-сөзді бітірейік.
75
– Иә, – деді Атвуд матростардың жадырап сала берген жүздеріне қарап, олардың әлі де таңырқап, не дерін білмей именшектеп тұрғанын көріп. – Солай деңіз, капитан...
Әлбетте, істі шешетін біз емеспіз. Қалағаныңыз болсын. Мен сізді шын көңілден құттықтаймын.
– Рақмет!
Грэй боцманның қолын қаттырақ қысып жіберді, бірақ ол құшырланып қайта қысқанда капитан қолын босата қойды. Бұдан кейін жұрттың бәрі бірінен соң бірі келіп, бұған қымсына қарап, күбірлей құттықтап жатты. Жамырасып, айқайлап-шулаған жан болмады – капитанның келте сөзінен матростар төтенше бір істің боларын сезгендей. Пантен «уһ» деп бір күрсініп, жадырап сала берді – арқа-басы кеңіп, рақаттанып қалды. Тек кеменің балташысы ғана бірдеңені ұнатпай қалған тәрізді, Грэйдің қолын сүлесоқ ұстап тұрып, ол:
– Мұны қалай ойлап таптыңыз, капитан? – деп сұрады тұнжырап.
– Сенің балтаңмен қақ маңдайдан қайқайтып бір қойған сияқты нәрсе ғой, – деді Грэй. – Циммер, жігіттеріңді көрсетші.
Скрипач музыканттарын арқасынан қағып, көптің ішінен алақұла киінген жеті адамды бөлек шығарды.
– Міне, мынау тромбон, – деді ол, – бұл ойнағанда, зеңбірек атқан сияқты әлем зіркілдей жөнеледі. Мына мұртсыз екі жас – фанфарлар, бұлар ойнай бастағаннан-ақ білекті сыбанып шайқасқа шыққың келеді. Сосын – корнет-а-пистон мен екінші скрипка. Бұлардың бәрі приманы, яғни мені демеп, дөңгелентіп ала жөнелуге келгенде шебер-ақ. Ал біздің көңілді кәсібіміздің төбе биі – барабаншы Фриц. Әдетте, барабаншының қабағы салыңқы келеді ғой, ал мына сабазың барабанын құшырлана соққанда ел көшіргендей еліріп кетеді. Оның ойыны да ана таяғы сияқты түп-түзу, қалтқысыз көңілдей бір қасиет бар. Қалай, капитан Грэй, ойыңыздан шықтық па?
– Керемет, – деді Грэй. – Бәріңе трюмнен орын әзірленді, енді оны өздеріңнің әлгі «скерцо», «адажио», «фортессимо» сияқты нәрселеріңе толтырасыз ғой. Тараңдар. Пантен, арқанды шешіңіз, кеттік! Мен сізді екі сағаттан
кейін келіп ауыстырам.
76
Ол осы бір-екі сағаттың қалай өткенін де сезбей қалды, өйткені кеудесінен бір қуанышты музыка төгілді де тұрды, лыпылдай соққан қан тамырлары сияқты, ол да бір сәт тынған жоқ. Ол тек бір мұратты ғана ойлады, бір мұратқа ғана ынтызар, соған ғана ұмтылады. Грэй батыл қимылдың адамы, оқиғадан ойы оза жүйткіп кетеді де, шіркін-ай, оны дойбы тасын қозғағандай оп-оңай жылжыта салар ма еді деп ойлайды. Бірақ оның сабырлы да салмақты түріне қарап, ішінде ұйтқып дауыл соғып жатқанын білу қиын еді, сол дауыл тас төбеңнен соққан дәу қоңыраудын күмбірі сияқты тұла бойын шымырлатып, жүйке-жүйкесінде күңіреніп тұрып алған еді. Ақырында ол бұған шыдай алмай, «бір... екі... отыз...» деп ішінен қашан мыңға жеткенше шұбыртып санай берді. Осы тәсіл оны біраз салқындатып, сабасына түсіргендей, енді ол осынау іс-әрекетіне шеткерірек барып, бөгде көзбен қарамақшы болды. Сонда ол Ассольдің ішкі дүниесін мүлде білмейтінін еске алып, аңтарылып тұрып қалды, бір ғажабы, о қызбен тіпті тіл қатыспапты-ау. Ол бір кезде: егер біреудің жан сырын аздап та болса ұққың келсе, ойша өзіңді сол кісінің орнына қой-дағы, күллі кескін-кейпін айнытпай қайталауға тырыс дегенді оқығаны бар. Міне, Грэйдің көзі бір түрлі боп өзгеріп, мұрт көмген ерні жыбырлап, сәл ғана жымия бастады, бірақ со заматта ол елең етіп, ойын тежеп ала қойды да, сықылықтай күліп, Пантенді ауыстырмақ боп шығып кетті.
Дала қараңғы. Пантен күрткесінің жағасын көтеріп алып, компастың қасында, рулевойға: «Солға ширек румба, солға. Тоқта, тағы ширек» деп айтып жүр. «Құпия» желкендерінің жартысын ғана көтеріп, жел ығына қарай сырғып келеді.
– Білесіз бе, мен сізге бек ырзамын, – деді Пантен Грэйге.
– Неменеге?
– Сіз ырза нәрсеге мен де разымын. Мен бәрін де түсіндім, Мына мостиктің үстінде тұрып. – Ол қулана көзін қысып, трубкасының отымен күлімсіреген жүзін көрсетті.
– Кәне, айтыңызшы, сонда сіз нені түсіндіңіз? –деді Грэй кенет оның не ойлап тұрғанын сезіп қалып.
77
– Контрабанданы алып өтудің таптырмайтын тәсілі, – деді Пантен сыбырлап. – Әркімнің қандай желкен тағам десе-дағы өз еркі. Сіздің мына басыңыз – данышпанның басы, Грэй!
– Байғұс Пантен! – деді капитан ашуланарын да, күлерін де білмей. – Сіздің болжамыңыз – нағыз көріпкелдің болжамы, бірақ оның құр сөз ғана. Одан да барып ұйықтаңыз. Сіз қателесіп тұрсыз – менің шыным да, сырым да осы. Мен айтқан сертімнен қайтпайтын кісімін.
Грэй оны қайтарып жіберді де, кеменің бағыт-бағдарын тексеріп, жайғасып отыра кетті. Енді біз оны осында қалдыра тұралық, өйткені оның жеке қалғаны жөн.
