Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

Александр Грин — АЛҚЫЗЫЛ ЖЕЛКЕНДЕР

АЛҚЫЗЫЛ ЖЕЛКЕНДЕР

 

(ФЕЕРИЯ)

 

Нина Николаевна Гринге арнаймын да тарту етемін

 

А в т ор .

 

Петербург 23 қараша 1922 ж.

 

I

 

СӘУЕГЕЙЛ1К

 

Үш жүз тонналық мығым бриг – «Орионның» матросы Лонгрен он жыл қызмет етіп, бағзы бір балалардың туған анасына деген ықыласынан да ыстық бауыр басып кеткен қимас кемесін ақыры тастап кетуге тиіс болды.

 

Мұның мәнісі былай еді. Ошағына оқта-текте бір оралатын ол бұ жолы әдеттегідей сонау табалдырық алдынан алақанын шарт еткізіп, сосын өзіне қарай екі өкпесін қолына ала есі шыға жүгіретін әйелі Мэриді көре алмады. Оның есесіне Лонгреннің аядай үйіндегі жаңа мүлік – бала бесігінің қасында дегбірі қашқан көрші әйел тұр еді.

 

– Үш ай бойы мен бағып-қаққан сәбиің осы, қартым, – деді ол, – көре ғой қызыңды.

 

Есеңгіреген Лонгрен төменірек еңкейіп, өзінің салалы сақалына бажырайып қарап жатқан сегіз айлық бір тірі жанды көрді, сосын сылқ етіп отыра кетті де, мелшиген күйі мұртын ширата бастады. Мұрты жаңбыр тигендей су-су еді.

 

5

 

– Мэри қашан қайтыс болды? – деді ол.

 

Әйел әңгіменің ара-арасында нәрестені еркелетіп уілдеп қойып, Мэри байғұстың жаны жәннаттан жай тапқан шығар,

 

– деп бір қайғылы кепті шертіп кетті. Істің мән-жайын бажайлап білгеннен кейін, жәннат оған шошаладан сәл ғана жарықтау бірдеңе болып көрінді, сол жерде отырып ол: егер үшеуміз бір болсақ қой, мына білте шам сәулесінің өзі беймағлұм жаққа кеткен мұңлыққа таусылмас қуаныш болар еді-ау деп ойлады.

 

Осыдан үш айдай бұрын жас ананың халі мүшкіл болыпты. Лонгрен қалдырған ақшаның тең жартысы ауыр толғақтан кейінгі қалжаға – ем-домға, жаңа туған нәрестенің қам-қажетіне кетеді; күнделікті ол-пұлға жұмсайтын азғана тиын-тебенін жоғалтып алып, амалы таусылған Мэри Меннерстен қарыз ақша сұрайды. Шарапханасы, дүкеншесі бар Меннерс осы төңіректегі дәулетті кісінің бірі болатын.

 

Мэри оған кешкі сағат алтылар кезінде барады. Жетілер шамасында көрші әйел оны Лисске баратын жолдан кездестіреді.

Әбден күйініп, қорланып жылаған Мэри бұған қалаға барып, неке сақинасын аманатқа қалдырып, ақша алғысы келетінін айтады. Ол сол арада Меннерстің ақша бергісі келгенін, бірақ сол үшін махаббатын сұрағанын қоса айтады. Сонымен, Мэри құр қол қайтады.

 

– Үйімізде тіске басатын бір үзім нан да жоқ, – дейді ол көршісіне. – Мен қалаға барып қайтам, сосын қызымыз екеуміз күйеуім келгенше қалт-құлт етіп күн көре тұрармыз.

 

Со күні кешке қарай күн суық, желді-ызғарлы болады. Көршісі жас әйелді түнге қарай Лисске барма деп азғырады, бірақ бар сөзі зая кетеді. «Су өтіп кетеді ғой, Мэри. Жаңбыр қазірдің өзінде сіркіреп тұр, енді көп ұзамай мына жел нөсерін айдап әкелер».

 

Теңіз жиегіндегі деревнядан қалаға барып-қайту үшін жедел жүрген кісіге үш сағаттай уақыт керек, бірақ Мэри әңгімеші әйелдің сөзіне құлақ аспайды. «Бәріңе де көзге шыққан сүйелдей болып біттім, – дейді ол. Қарызға шай,

 

6

 

нан немесе ұн алмаған адамым кемде-кем шығар, ит екеш итке дейін бір сүйек қарыздармын. Сақинамды өткізем, сонымен іс тәмам». Ол сөйтіп қалаға барып қайтады, бірақ ертеңіне күйіп-жанып, сандырақтап жатып қалады. Мейірбан көршісі шақырған қала дәрігерлерінің айтуына қарағанда, суық жаңбыр мен кешкі ызғар оның қос өкпесін қармап, қабындырып алып соққан көрінеді. Арада екі апта өткеннен кейін Лонгреннің екі кісілік кереуеті қаңырап бос қалады да, көрші әйел нәрестеге бас-көз болып бағып-қағу үшін осында келіп кіреді. Жалғыз басты жесір әйелге сол да сөз болып па?! «Оның үстіне мынау сияқты сәбисіз өткен күн құрысын» деді әйел тағы да.

 

Лонгрен қалаға барып, есеп айырысып жолдас-жораларымен қоштасты да, титімдей Ассолін аялап өсіре бастады. Нәрестесі қашан өз бетімен жүріп кеткенге дейін, жесір әйел жетімекке шеше орнына шеше болып, матростың үйінде тұра берді, ал Ассоль табалдырықтан құламай еркін аттап өте алатын шаққа жеткен кезде, Лонгрен сәбидің қалған үрізғарын өз мойныма алам деп сөзді қысқа қайырды да, көршісіне бар алғысын айтып, қаршадай қызымен қарақан басы ұйсынық боп тұра береді, ендігі оның есіл-дерті, үміт-сенімі, махаббаты мен есте қалған ыстық сәттері тек осы қарашығының үстінде болады.

 

Он жыл дүниені кезгенде ақшаға да жарымапты. Ол енді жатпай-тұрмай еңбектенді. Ұзамай қала дүкендерінен оның ойыншықтары – шебер жасалған қасықтай қайықтар, катерлер, бір палубалы, қос палубалы желкендіктер, крейсерлер мен пароходтар көріне бастады. Көп сөйлеп не керек, әйтеуір, өзі жақсы білетін іспен, іс болғанда да оған қайнаған порт тірлігі мен теңізшінің қиын да қимас еңбегін там-тұмдап болса да еске түсіретін іспен шұғылданды. Осы тәсілмен ол күнделікті күнкөрісін айырып отырды. Әуелден кісімен жұғыса білмейтін бұйығы Лонгрен әйелі қайтыс болғаннан кейін тіпті томаға-тұйықтанып, кісікиікке айналды. Тек мейрамдарда ғана жұрт оны оқта-текте шарапханадан көретін, бірақ ол ешқашанда тізе бүкпейді, стойканың қасында

 

7

 

тұрып, бір стакан арақты асығып қағып салады да, амандық-саулық сұраған көрші-қолаңдарына: «Иә», «жоқ», «сәлеметсіз», «хош болыңыз», «жәйімен» деп шолақ қайырып кетіп қалады. Ол қонақ атаулыны жақтырмайды, қайдағы жоқ бір жәйттарды табанда ойлап тауып, тұспалдап сөйлей жөнелгенде, мейман байғұс жоқты-барды сылтау етіп, астынан су шыққандай тұра жөнеледі. Мұның өзі де пенде болып ешкіммен араласпайды, сөйтіп Лонгрен мен жерлестерінің арасын қатыгез бір суық сезім жайлады, егер матростың еңбегі – ойыншықтары деревняның әрекет-тірлігіне тәуелді болмаса, ол мұның зардабын да шегер еді. Тұрмысқа қажетті заттар мен ішіп-жемді ол қаладан сатып әкеледі; Меннерс: «тіпті Лонгрен менен бір қорап шырпы сатып алды»,

 

– деп те айта алмас еді. Үй ішінің күллі күйбеңі өз қолынан өтеді, со сияқты нәресте өсірудің ер қолынан келмейтін қиын шаруасын да ол ерінбей-жалықпай өзі атқарады.

 

Ассоль бес жасқа толғанда, алдына отырып алып, ілгегі салынған желет сырын ашпақ болып, оны шұқылай бастағанда немесе матростар әнін – барылдаған жабайы өлеңді былдырлап айта жөнелгенде, әкесі жас қызының жайдары да құбылмалы жүзіне ұзақ қарап, жаны жай тауып, мейірлене езу тартатын болды. Сәби даусымен айтылып және көп жерлерінде «р» дыбысы естілмей қалғасын ба, әйтеуір, осы өлең оған мойнына көгілдір лента байлап, қорбаңдап билей жөнелгенде аю бейнесін елестететін, Тап сол кезде әкесін қара бұлттай түнеріп кеп басқан бір оқиғаның көлеңкесі қызына да түсті.

 

Көктем келіп қалған еді, ызғары қысқа бергісіз қатал көктем болатын, бірақ ол қыстан мүлде басқаша. Үш апта бойы, суық жердің апшысын қуыра азынап, терістік желі соқты,

 

Жағаға шығарып тасталған балықшы қайықтары ақ қайраңда жал-жал болып, ұзыннан-ұзақ созылып жатты, олар алыстан қарағанда нән жайындардың жонына ұқсайтын еді. Мұндай күндері ауға шығуға ешкімнің де жүрегі дауаламайды.

 

ІІІағын деревняның жалғыз көшесіндегі жылы үйінен шыққан

 

8

 

кісіні көру қиын: жағалаудағы мұғар төбелерден шалқар айдынға қарай құтыра соққан суық жел бет қаратпайды, жан біткенге тозақтың нағыз өзі болып көрінеді. Капернаның күллі моржаларынан ертеден кешке дейін түтін үзілмейді, түзде ойнақ салған долы жел құлама шатырлар үстіндегі түтінді түте-түте қып айдап кетіп жатыр.

 

Бірақ Лонгрен ашық кездері алтын шатырын теңіз бен Каперна үстіне құра салатын шуақты күндерден гөрі, теріскей желі тап осылай азынап, асыр сап тұрған шақта, алақандай жылы үйін тастап далаға шығып қайтқанды ұнатады. Ол жай басып, бір-бірімен жарыстыра қағылған діңгектер үстіндегі тақтай-көпірге келеді, осы бір тақтай-қайраңның тап шетіне шейін барып трубкасын бұрқыратып жел өтінде ұзақ тұрады, түбі жалаңаштанып қалған жағалаудан теңіз ауыр толқындарын сапырып, көбік шашып, бұрқырап жататынын көреді, Сонау түнерген тұнжыр көкжиекке дейін гүрілдеп асыр салған айдынды бір ғажайып бурыл жалды жануарлар қаптап кетіп, бұлқан-талқан болып буырқанып-бұрсанып, сонау көз жетпес шалғайдан жанға сая жұбаныш іздеп бара жатқан сияқтанады, ішін тартып өкірген теңіз, күрсіне аунақшыған таудай толқындар, ысқырып барып, ышқынып қалып, төңіректі осқылап жатқан жел – оның сұмдық күші де осында еді – көп азап шеккен Лонгрен байғұстың қасіретін сейілтіп, жанын бір жеңіл мұңға бөлер еді, оны шырт ұйқыдан тұрғандай бір мең-зең бейжай күйге салар еді.

 

Осындай аласапыран күндердің бірінде Меннерстің он тоғыз жасар ұлы Хин әкесінің қайығы көпір астындағы діңгекке соғылып қирағалы тұрғанын көреді де, оны дереу жүгіріп келіп әкесіне айтады. Дауыл әлгінде ғана көтерілген; Меннерс қайығын қайраңға шығарып тастауды ұмытып кетіпті. Ол кідірместен су жағасына келсе, көпір шетінде бұған ту сыртын беріп, трубканы сорып тұрған Лонгренді көреді. Жағада екеуінен басқа тірі жан жоқ-тын. Меннерс көпірдің ортасына дейін барып, шалпылдап жатқан суды кешіп қайығын шешіп алады да, оның үстінде тұрып діңгектердің

 

9

 

бірінен соң бірінен ұстап жағаға қарай беттеді. Ол ескекті алмақ еді, кенет тәлтіректеп кетіп, келесі діңгектен ұстай алмай қалған кезде құтырған жел бір жұлқып, қайық тұмсығын көпірден мұхитқа қарай бұрып жіберді. Енді ол қанша ұзын болса да, ең жақын діңгектің өзіне қолы жетпес еді. Жел мен толқын қайықты қалтылдатып ажал айдынына қарай айдап барады. Қиын халге душар болғанын сезген Меннерс суға қойып кетіп, жағаға қарай жүзбекші болады, бірақ ол кешігіп қалыпты, қайық шыркөбелек айналып қайырдан ұзай түскен, бұ жердің суы терең, буырқанған толқыннан қайта шықпасы қақ. Лонгрен мен дауылды теңізге қарай ағындап бара жатқан Меннерс арасында әлі де құтылуға болатын он құлаштай жер бар, өйткені көпір үстінде, Лонгреннің тап қасында ұшында салдауыры бар бір шумақ арқан ілулі тұрған. Бұл арқан дауылды күндері кеме жүзіп келе қалса, соған көпірден лақтыру үшін қойылған.

 

– Лонгрен, – деді бажылдап өлердей қорыққан Меннерс.

 

– Нағып сілейе қалдың томардай боп? Мені әкетіп бара жатқанын көрмей тұрсың ба? Лақтыр арқанды!

 

Лонгрен қайық ішінде жанталасып жүрген Меннерске қараған күйі жайбарақат тұра берді, тек трубканың түтіні ғана күшейе түскендей болды, сәлден кейін ол алдындағы оқиғаны анығырақ көру үшін трубкасын қолына алды.

 

– Лонгрен! – деді Меннерс жалынып. – Сен мені естіп тұрсың ғой. Өлімге қалай қиясың, құтқар мені!

 

Бірақ Лонгрен оған ләм деп сөз айтпады: ананың жан даусын естімеген де тәрізді. Қайықты алысқа айдап әкеткесін, Меннерстің айқайлаған даусы талып әзер естілгенге дейін, ол тұрған орнынан қозғалмады. Меннерс қорыққаннан барқырай жылап, матросқа дереу балықшыларға жүгір, көмекке шақыр деп жалбарынып бара жатты, ол бірде сенен ақшаны аямаймын десе, бірде бұған дөң айбат шегіп, қарғап-сілейді. Лонгрен кайықтың жантәсіліммен қалай қалт-қалт етіп ұзап кеткенін көзден таса қылғысы келмегендей, көпірдің жиегіне келіп тұрды.

 

– Лонгрен, құтқар! – деген дауыс үй ішінде отырған кісіге төбеде тұрып айқайлағандай еміс-еміс естіледі.

 

10

Тек сонда ғана Лонгрен бір күрсініп, кеудесін кере еркін дем алды да, сөзімді жел қуып кетпесін дегендейін, бар даусымен айқайлап жіберді.

 

– Менің әйелім де саған осылай жалбарынған! Өлмей тұрғаныңда соны ойла, ұмытпа, соны, Меннерс!

Ананың үні сонда барып өшті, Лонгрен баяу басып үйіне қайтты. Ассоль оянып кетсе, әкесі дірілдеп сөніп бара жатқан шам алдында қалың ойға шомып отыр екен. Қызының өзін шақырып жатқанын естіп, ол төсекке таяп келіп, бөбегін емірене сүйді де, ысырылған көрпесін түзеп қымтап қойды.

 

– Ұйықта, қарғашым, таң әлі алыс, – деді ол бәсең.

 

– Сен не істеп отырсың?

– Қара, ойыншық жасап қойдым, қызым, ұйықта!

 

Ертеңіне Капернаның халқы жоғалып кеткен Меннерсті ғана сөз етумен болды, ал алтыншы күні өлім халінде ызаланып жатқан жерінен оның өзін де тауып әкелді. Оның әңгімесі төңіректегі деревняларға тез тарап кетті. Теңіз Меннерсті кешке дейін қақпақылға салыпты: ақыл-есінен айырылған дүкенші әйтеуір, өлместің қамын ойлап, әрбір сәт сайын тұңғиыққа лақтыра салатын толқындармен алысам деп жанталасып жүргенде қайықтың жақтауына, түбіне соғылып, шалажансар боп жатқан жерінен Кассетке беттеп бара жатқан «Лукреция» пароходы тауып алыпты. Басынан кешкен сұмдық азап пен бойын жайлаған суық оның көрер жарығын қысқартады. Жердің асты-үстіндегі қарғыс атаулының бәрін Лонгреннің бір басына үйіп-төккен Меннерс қырық сегіз сағаттай ғана тірі жатты. Бұл өлімге кетіп бара жатқанда матростың қолұшын бермей, сазарып тұрып алғанын естігенде, Каперна тұрғындары «сұмдық-ай» деп жағаларын ұстасты және өлім аузында ыңқылдап-күрсілдеп жатқан кісінің әңгімесі қандай әсерлі болады?! Олардың ілуде біреуі ғана болмаса, өмірінде Лонгрендей қорланып көрмесе де және тіршілігінің ақырғы күндеріне дейін оның Мэриге қара тұтып қасірет шеккеніндей, қасірет тартпаса да, олар Лонгреннің тырп етпей мелшиіп тұрғанына қайран қалып, аңтарылысып,

 

12

 

түсіне алмай қойды, бұл оларға ел естімеген бір сұмдық болып көрінді. Меннерстің соңынан айқайлай айтқан бірер сөзі болмаса, Лонгрен үнсіз бедірейіп тұрған: ол тап бір сот сияқты со мелшиген күйі ләм демей қатып қалған, сөйтіп Меннерстен өлердей жиіркенетінін білдірген – оның осынау үнсіз тұрысында өшпенділіктен де өткен бір тылсым күш барын жұрттың бәрі сезеді. Егер ол Меннерстің тұңғиыққа түскелі тұрғанын көріп, екі санын шапаттап мәз болса, табалап күлсе, балықшылар оған бірден түсіне қояр еді, бірақ мына матрос бұлардан бөлек оқыс бір мінезге бастады – ол мүлде түсініксіз бір асылық жасады, көпе-көрінеу өзін жұрттан асқақ ұстады, сөйтіп, кешірілмес күнәға батты. Енді көрші-қолаңдары оған сәлем беріп, қолын ұсынбайтын болды, тіпті таныс көзбен сәлемдесіп ишара да жасамайды. Деревняның тірлік-әрекетінен ол біржолата шеттеп қалды: балалар оны көрісімен соңынан: «Меннерсті суға батырған Лонгрен!» деп шуылдасады. Бірақ ол бұған пысқырып та қарамайды. Шарапханада немесе жағалауда, қайықтар арасында, балықшылар бұл келді дегенше әңгіме-сөзін қойып, мұның тап бір жұқпалы ауруы бардай-ақ тарқаса кете береді, ол бұған да сыр бермей жүре береді. Меннерс оқиғасынан кейін жұрт пен мұның арасындағы алакөздік күшейе түсті. Араздық бел алған сайын қатыгез өшпенділік те өршіді, оның шарпуы Ассольге де тиіп жатты.

 

Бүлдіршіндей жас қыз кұрбы-құрдассыз өсті. Капернада мұнымен шамалас жиырма-отыз бала бар-ды, әке-шешенің бұлжымас берік беделіне арқа сүйеп, үй ішінің дөкір тәрбие-өсиетінен ауызданып қалған олар әлемнің күллі балалары сияқты, айтқанның бәрін қағып алып, титімдей Ассольді араларынан біржолата аластап қуып шыққан еді. Әрине, бұл бір күнде емес, ересек кісілердің ақырып, бақыруының, ақыл-өсиетінің арқасында шым-шымдап, біртіндеп барып, олармен қарым-қатынас жасауға тыйым салған сұмдық бір өктем күшке айналып еді, ал мұның өзі жүре-келе жұрттың сыпсың-сыпсың сөзінен өсек-аяңынан өршіп қаулап барып, балаларды матрос үйінен қорқатын халге жеткізіп еді.

 

13

 

Мұның үстіне Лонгреннің бұйығы томаға-тұйық тірлігі сумаңдаған суық тілдің тұсауын шешіп жібергендей; ауылдастары: ол бір жерде бір кісіні өлтіріпті, сол себепті де оны енді кеме қызметіне алмайды екен, ал оның жұртқа жоламай, қабағын қарс жауып жүретіні «со қылмысына іш құса болып, ар азабын тартып жүретінінен» десті. Ойнап жүрген балалар Ассоль зәумен маңдарына жуып кетсе болғаны, кесек лақтырып оны қуып тастайды.

 

«Сенің әкең кісі етін жеген, ал қазір жалған ақша жасап жүр» деп мазақтайды. Аңқау бала құрбыластарымен талай рет жақындаспақ болып әрекет жасап көріп еді, бірақ мұның бәрі денесін көгертумен, тырналап тістеумен, өксіп жылаумен, қоғамдық пікірдің осы тәрізді өзге де түрлерін көрумен бітіп жүрді, ақырында ол мұндайды көңіліне алмайтын да болды, тек оқта-текте әкесінен: «жұрттың бізді жек көретіні несі?» деп сұрайды».

 

«Е, балам, – дейді Лонгрен бұған, – олар кісіні сүйе білуші ме еді? Өзгені сүйе білу де өнер, бұл олардың қолынан келмейді».

«Білу керек деген не?» «Ол, міне, мынау!» – Әкесі шынашақтай қарғашын қолына

 

алып, рахаттана жұмылған мұңлы көздерінен шөп еткізіп бір сүйеді.

 

Кешке салым немесе мейрам күндері әкесі желім құтысын, құрал-саймандары мен бітпеген ісін жинап қойып, алжапқышын шешіп, трубкасын тістеп тынығып отырар еді, Ассольдің ең жақсы көретін, тап осы сәтінде ол әкесінің алдына шығып алып, оның аялы құшағында тыным таппай қозғалақтап, ойыншықтарды ұстап көріп, олардың мән-жайын ежіктеп сұрай бастайды. Осыдан келіп ғұмыр-тірлік жайлы, адамдар жайлы ғажайып бір қияли дәріс басталып кетеді – бұл дәрісте Лонгреннің бұрынғы тірлік-әрекетінің айғағындай боп, оқыс жәйттерге, төтенше істерге, кісіні кайран қалдыратын кереметтей бір бейтаныс ғажайып оқиғаларға айырықша мән беріледі. Титімдей қызына теңіз тірлігінің әртүрлі құрал-жабдығының, желкендердің аттарын айтамын

 

14

 

деп отырып, Лонгрен бірте-бірте қызып кеткенін өзі де байқамай қалады, сосын бірде брашпиль, бірде руль дөңгелегі, екінші бір сәтте діңгек немесе қайықтың кез келген бір түрі, айырықша қызмет атқарған жәйттерді сөз қылады, осындай жеке көріністерден теңіз саяхатының ауқымды мол суреттерін жыр қылып айтады. Сонда әңгіме арқауының ақиқат шындығына діни ұғымдар, ырым-сырымдар қосып, шындықтың өзін қиял-аңызға айналдырып жібереді. Оның әңгімесінде кеменің апатқа ұшырайтынын білдіретін жолбарыс мысық та, әмірін тыңдамасаң жолдан адастыратын сөйлеуік ұшқыш балық та, өзінің шаршамас та талмас экипажымен бірге ұшқыр голланд та жүреді, не керек, әйтеуір тымық күнде немесе бір сүйікті кабакта теңізшінің уақытын өткізетін елестер мен аруақтар, су перілері мен теңіз қарақшылары жайлы хикаялардың бәрі-бәрі болады. Сонымен бірге Лонгрен кемелері қирап, тағыланып қалай сөйлеуді де ұмытып кеткен адамдар жайлы, құпия қазыналар мен каторжниктердің бүлігі жайлы қисапсыз көп әңгіме шертеді. Осының бәрін титімдей қыз зейін қоя тыңдайды, бәлкім, Колумбының жаңа құрлықты қалай ашқаны жайлы әңгімесін әуелгі кезде тап осылай ешкім де тыңдап көрмеген шығар. «Кәне, тағы да айтшы»... – дейді Ассоль қиылып, Лонгрен бір нәрсені ойлап үндемей қалғанда, со замат әкесінің кеудесіне басын сүйеген күйі жақсы-жақсы түс көріп, өзі де маужырап ұйықтап кетеді.

Лонгрен жасаған заттарды қуана-қуана сатып алатын қаладағы ойыншық дүкені приказчигінің келуі де балаға бір үлкен той еді. Әкесінің көңілін аулап, әлденелерді арзанға түсіру үшін ол кішкентай қызға арнап бірер алма, тәтті пирожок пен бір уыс жаңғақ ала келеді. Лонгрен саудаласып жатуды ұнатпайды да, ойыншықтың нақты бағасын айтады, ал приказчик болса оны кеміте береді. «Әй, сіз де бір қызық екенсіз, – дейді мұндайда Лонгрен, – мен бұл кемені көзімнің майын тауысып бір жеті жасадым. Ол – бес сүйемдей кеме. Мұның мына бекемдігін, табандылығын, жақсылығын көрмейсіз бе? Бұ кеме кез келген жағдайда он бес адамды алып жүзе береді». Бірақ ыңылдап ән айтып,

 

15

 

алма жеп отырған қызына көзі түсіп кетсе болғаны, Лонгреннің жібі босап, бәріне де көне салады: алаяқ приказчик себетін әдемі де мығым ойыншықтарға сықап алып, мұртынан күліп кете барады.

 

Үй жұмысын түгелдей Лонгреннің өзі істейді: отын жарып, от жағады, су тасып, ас пісіреді, кір жуып, киім өтектейді, мұның үстіне ақша табу үшін де еңбек етеді. Ассоль сегізге шыққанда әкесі оған оқуды, жазу-сызуды үйретті. Кейде ол қызын қалаға да ертіп кетеді, кейінірек жүре келе, егер дүкеннен бір ақша әкелу немесе дайын заттарды апарып тастау қажет болған кездері оны жалғыз да жіберіп жүрді. Лисс Капернадан небәрі төрт шақырымдай жерде ғана болса да, ол қызын ілуде бір жұмсайды, өйткені жол орман арасынан өтеді, ал орманда бала өміріне тікелей қауіп төндіретін мақұлықтардан басқа, оның үрейін ұшырар нәрселер де көп қой, рас, қаладан қол созым жерде қатерлі бірдеңенің кездесе қоюы да қиын, бірақ оны әманда есте ұстағанның артықтығы жоқ. Сол себепті де жадыраңқы ашық күндері, ертеңгілік жол бойындағы ну тоғай күн нұрына малынып, гүлдері мен жапырақтары жамырап тамылжып тұрған шақта, ойға жүйрік елгезек Ассоль қиялға беріліп кетіп, елегізіп шошымайды-ау деген кездері ғана Лонгрен оны қалаға жұмсайды.

 

Бір күні осылай қалаға қарай серуендеп келе жатып, жас қыз жол жиегіне отырып, себетіне салған бір жапырақ пирогын жемек болды. Ауқаттанып отырып ол ойыншықтарды алып қарай бастады. Олардың екі-үшеуін бұл әлі көрмеген екен: Лонгрен оны түнде жасапты. Сол жаңа ойыншықтың біреуі кішкене ғана бәйге яхтасы болып шықты. Осы ақ кемешіктің жібек қиындысынан жасалған алқызыл желкендері бар екен, Лонгрен бұ жібекті дәулетті кісілерге арналған ойыншықтарға

– пароход каюталарын тыстауға жұмсайтын. Яхтаны жасап болғаннан кейін ол, шамасы, қапелімде желкенге лайық мата таба алмай, қолына түскен алқызыл жібекті қолдана салған сияқты. Ассольдің қуанышында шек болмады. Алаулаған алқызыл жалау, ол бір от ұстап тұрғандай-ақ, қыз қолында маздап жанды. Жолды ағаш көпіршесі бар бір шағын өзен

 

16

 

кесіп өтетін: өзен оң жақта да, сол жақта да орманнан шығып, орманға сүңгіп кететін. «Егер мен мұны аз уақыт қана өзенге жіберсем, су болып қалмайтын шығар, кейін сүртіп алам ғой» деп ойлады Ассоль. Көпірден өтіп, орман ішіне кірді де, қыз көзінің жауын алған кемешікті өзеннің дәл жиегінде тұрып, судың ығына қарай абайлап жібере берді: со замат мөлдір су бетінде жалтылдап алқызыл сәуле ойнады, торғын матадан өткен күн шұғыласы қызыл арайланып дірілдеп барып, су түбіндегі шағала тастарға түсті. «Сен қайдан келдің, капитан?» – деді Ассоль ойдан шығарған кісісіне, сосын өзіне өзі; «Мен... мен... мен Қытайдан келдім» – деп жауап қатты. – «Сен не әкелдің?» – «Не әкелгенімді айтпаймын».

 

– «Ах, солай де, капитан! Ендеше, мен сені қайтадан себетке қамап тастайын». Капитан енді ғана көнбіс үнмен «мен ойнап айтып едім, қазір әкелген пілімді көрсетейін» деп жауап қайырғалы тұрғанда, жағадан иінге соғып кері қайтқан баяу ағын яхта тұмсығын өзектің ортасына қарай бұрып жіберді, ол нағыз кеме сияқты жағадан алыстап барып, жайымен төмен қарай жүзе жөнелді, Қыздың көз алды табанда өзгеріп сала берді: сәбиге енді кішкене өзек шалқар дария, ал яхта алыста кетіп бара жатқан үлкен кеме болып көрінді; ойламаған жерден асып-сасып, қорқып қалған бала енді суға құлардай болып кемеге қолын созып, ұмсынып қалған еді. «Капитан қорқып кетті», – деп ойлады қыз, сосын бір жерге жағаға соғып, өзі-ақ қайырлап қалар деп, жүзе қашқан ойыншық соңынан жүгіре берді. Жеңіл болса да жүруіне бөгет болған себетін асыға сүйретіп келе жатып: «Тәңірім-ай! Табан астынан қарашы мұны!..» – деп сөйлеп қояды. Ол су үстінде қалқи жүзіп бара жатқан үш бұрыш сұлу желкенді көзінен таса қылғысы келмеді. Сүрініп-қабынып құлап қалса да, екі иінінен дем алып қайта жүгіреді.

 

Ассоль тап қазіргідей ну орман ішіне алыстап кірген емес. Қайтсе де ойыншығын қуып жетіп ұстап алмақ болған сәби жан-жағына қарамайды. Бұл жанұшырып жүгіріп келе жатқан жағада кісі назарын аударатын бөгеттер көп-тін. Құлаған ағаштың мүк басқан діңгегі, ой-шұңқырлар, биік папоротник

 

17

 

пен итмұрын, жасмин меи жаңғақ бұталары оның ілгері басқан аяғын кейін тартады. Осылардан өтем деп жүріп ол шаршап та қалған сияқты, қайта-қайта тоқтап дем алады немесе бетіне жабысқан өрмекші торын қағып тастайды. Баттауық пен қамыс сыңси өскен жерлерге келгенде Ассоль жалтылдаған қызыл желкендерден айырылып қалып еді, шығанақты айнала жүгіріп шыққанда, ілгері қарай сызып бара жатқан кемені қайта көрді. Бір рет ол аңырып төңірегіне қарап еді, жапырақтар арасынан шашырай түскен жарық сәуле кілкілдеген ала көлеңкеге айналып, тұнжыраған бір дүлей шатқалдар ішіне барып жоғалады екен, ну орманның осы бір көрінісі қызды қайран қалдырды. Әуелі селк етіп сескеніп қалған балдырған, ойыншығы есіне түскенде әлденеше рет «ф-ф-у» деп дем алып алды да, бар күшін жинап ілгері қарай жүгіре жөнелді.

 

Осылай көңілі байыз таппай бос далбаңмен жүргенде бір сағаттай уақыт өтіпті, енді ағаштар сиреп, алдынан шалқыған көк теңіз, ақша бұлттар мен құмдауыт жарқабақтың бір шеті сарғайып көрінгенде, Ассоль бұған таңырқай қарап, тұла бойы жеңілейіп, уһ деп бір тыныс алды, ұзамай әбден қалжыраған қыз жүгірген күйі со жарқабақтан келіп бір-ақ шықты. Өзен осында келіп құяды екен. Тап осы жерге келгенде су түбіндегі көгілдір тастар мөлдіреп, тайызданып, біразға дейін жайылып барып теңіз толқындарымен араласып кетеді екен. Ағаш тамырлары үңгіп тастаған аласа жарқабақта тұрып Ассоль өзен жағасындағы үлкен текше тастың үстінде, қолында әлгіде қашып кеткен яхта бар, бұған сыртын бере отырған бір кісіні көрді, ол көбелек ұстап алған піл сияқты, яхтаға таңырқай қарап отыр екен. Ойыншығының аман екеніне көзі жеткен бала жардан жүгіріп түсті де, бейтаныс кісіге жақындап келіп, ол қашан басын көтергенше, оған ойлана қарап тұрып қалды. Бірақ ол жуыр маңда орман жіберген сыйдан көзін алмағасын, қыз оны басынан аяғына дейін асықпай түгел қарап шықты және осы бейтаныс адамды бұрын тіпті де көрмегенін білді.

 

Жас қыздың алдында отырған бұл кісі өлең-жыр, аңыз-ертегілерді, қиссаларды жинап, ұдайы жаяу саяхат жасап

 

18

 

жүретін, көпке белгілі Эгль деген шал еді. Бурыл тартқан бұйра шашы сабан қалпағынан қобырап шығып тұр: сұр блузасын көк шалбарының ішіне салып, аяғына саптама етік киген Эгль аңшыға ұқсайды. Ақ жаға, галстук, күмістеген кемер белбеу, әсем таяқ пен жылтыраған никель құлыпты жап-жаңа сөмке оның қала тұрғыны екенін анықтайды. Оның бет-жүзі – егер қаптай өскен тарам-тарам салалы сақал мен жоғары қарай ширатылып қойған сұсты қалың мұрт арасынан әрең көрінетін мұрын мен ерінді, көзді оның бет-аузы дейтін болсақ – көз алдымызға шөлмектей ғана бозөкпе біреудің бейнесі келер еді, бірақ оның кісіге жасқанбай тура қарайтын шар болаттай жалтылдаған сұрғылт көздері ғана бұл әсерді бірден жойып жібереді.

– Енді оны маған бер, – деді қыз именіп. – Сен ойнап болдың ғой. Мұны қалай ұстап алдың, ә?

Ассольдің дірілдеген даусы тосын естілді ме, қалай, әйтеуір, Эгль дереу басын көтерді, ұстап отырған ойыншығы жерге түсіп кетті. Шал жай ғана жымиып, күректей тарамыс қолымен сақалын уыстап, бұған біраз қарады. Жуыла-жуыла оңып кеткен сиса көйлек қыздың күн қақтаған ши аяғының тізесіне әрең жетеді. Оның шілтерлі шаршымен тарта салған қалың қара шашы желпіуіштей жиылып, иығына құлапты. Ассольдің кескін-келбеті ұшқыр қарлығаштай-ақ тап-таза, жеп-жеңіл боп лыпылдап тұр. Мұңлы бір сауалға ұдайы жауап іздейтін тұңғиық қара көзі қыздың өзінен де ересек, естияр сезіледі. Оның сопақшалау келген ұяң жүзі – аппақ тәнге лайық тобылғы торы боп тотыққан. Әдемі оймақ аузын сәл ғана ашып, имене күлгенде маржан тістері жалтырайды.

 

– Гриммдердің, Эзоп пен Андерсеннің атымен ант етейін,

 

– деді Эгль кішкене қыз бен яхтаға алма-кезек қарап, – бұл бір ғажайып нәрсе екен! Сен мені тыңда, қарашығым! Мына ойыншық сенікі ме?

 

– Мен оған жетем деп мына өзенді жағалай өліп-өшіп жүгірдім: әбден өкпем өшті. Ол осы жерге тоқтап па екен?

– Дәл менің аяғымның астына кеп тоқтады. Бұған себеп – кеменің апат болуы, ал мен жағалаудағы қанды көйлек қарақшы

 

19

 

ретінде, осы сыйды саған тарту етем. Экипажы тастап кеткен яхтаны үш сүйемдік толқын менің сол аяғым мен таяғымның арасындағы кұмға иіріп әкеп лақтыра салды. – Ол таяғымен жерді бір нұқып қойды. – Атың кім, балапаным?

 

– Ассоль, – деді қыз Эгль берген ойыншығын себетке салып жатып.

– Хош, – деді шал түсініксіз сөзін сабақтап, көзінде мейірбан күлкі ойнаған Эгль Ассольге қараудан бір жазбады.

– Мен сенің атыңды да сұрамауым керек еді. Оның тап бір сұр жебенің зуылындай, теңіз бақашанағының шуылындай айырықша, мәні де әуенді болғаны қандай жақсы?! Егер сен таңғажайып тылсымға тіпті де жуыспайтын, ести-ести құлақты сарсытқан жаттанды есімдердің бірін айтсаң, мен байғұс не істер едім? Оның үстіне мен сенің кім екеніңді, ата-анаңның кімдер екенін және өзіңнің қалай жүріп тұрып жатқаныңды естігім де, білгім де келмейді. Сиқырланған сезімді суытып қайтем? Мен әлгінде ғана мына тастың үстінде жайбарақат жапон мен фин аңыздарының сюжеттерін салыстырып отырғам... Кенет өзен сылдырап мына яхтаны алдыма әкеп итере салды, сосын көп ұзамай өзің келдің... Тап осы күйінде. Мен, қарғам, өмірімде өлең жазып көрмесем де, ақынжанды адаммын. Ана себетіңдегі не?

 

– Қайықтар, – деді Ассоль себетін бір сілкіп қойып, – сосын кемелер, төбесіне ту тігілген құйттай-құйттай үш-төрт үй де бар. Ол үйлерде солдаттар тұрады,

– Бәрекелді, сені со ойыншықтарды сатып кел деп жіберген екен ғой. Бірақ сен жолай ойнап кетіпсің. Яхтаны суға жүздіріп көрем дегеніңде, ол тайып тұрады. Солай ғой, ә?

 

– Сен оны көріп пе ең? – деді Ассоль шүбәланып, сосын осыны өзім айтып қоймадым ба екен деп, не сөйлегенін есіне түсіре бастады. – Мұны саған біреу айтты ма? Әлде ойдан шығарып отырсың ба?

 

– Мен оны білгем.

– Қалай білдің?

– Өйткені мен дүниедегі ең құдіретті сиқыршымын. – Ассоль шошып кетті, Эгльдің мына сөзін естіп сілейіп тұрып

 

20

 

қалды. Құлазыған теңіз жағасы, мүлгіген тыныштық, яхтадан айырылып қап әлекке түскені, отты көзді шалдың түсініксіз сөздері, оның желкілдеген сақал-шашы – бәрі қосылып, қызға осы кісі ғайыптан түскендей болып көрінді. Егер Эгль қазір бет-аузын құбылтып, айқайлап жіберді бар ғой, қыз қорыққанынан табанда бақырып қаша жөнелер еді. Бірақ кішкене қыздың көзі үрейге толып кеткенін көріп, Эгль әңгімені өзгерте қойды.

 

– Сен менен қорықпай-ақ қой, – деді ол шын көңілден.

 

– Қайта, мен өзіңмен асықпай бір әңгімелессем деп едім. Қыздың осы бір жәудіреген көзі мен жүзінен өзіне қатты

 

әсер еткен не екенін Эгль енді ғана түсінді. «Бұ бала есіл-дертімен ғажайып бір арманды, ақ махаббатты аңсайды екен-ау» деп ойлады ол. – О, жалған, жазушы болып неге тумадым екен? Қандай керемет сюжет еді!»

 

– Кәне-е, – деді Эгль, – соны бір сөз таппақ болып (қит етсе қиял қанатына мініп самғап кету – оның күнделікті жұмысынан туған үйреншікті әдеті – бұ жолы да басым түсті, беймәлім бір топыраққа аяулы арман ұрығын сепкенім қалай болады деп шүбәланып жатпады), кәне, Ассоль, мені бар ынтаңмен тыңда. Мен кеше сен келе жатқан деревняда болғам. Бұрын ел естімеген жаңа бірдеңе есітем бе деп сол ауылда күні бойы жүрдім. Бірақ сендерде ертегі-аңыз айтпайды екен. Шалқытып ән салмайды екен. Ал егер әңгіме айтып, жыр шертсе, ол әлгі алаяқ мұжықтар мен солдаттар жайлы, жұрттың қулық-сұмдығын дәріптейтін атам заманғы әңгіме-сөздер екен: бұл өзі кісінің жуылмаған аяғы сияқты кір-қоңыс бірдеңе, ішек-қарынның шұрылдағаны сияқты дөрекі бір ауыз, екі ауыз қысқа ғана өлеңсымақтар екен. Тоқта, мен шатасып барам. Қайта сөйлейін.

Сосын біраз ойланып сөзін сабақтады:

– Енді неше жылдан кейін не болатынын білмеймін, бірақ Капернада кереметтей бір аңыз туады, оны жұрт ұзақ жылдар жыр ғып айтады әлі. Сен ол кезде бой жетесің, Ассоль. Бір күні ертеңгілік алыстан, шалқар теңіз төсінен күн нұрына малынған алқызыл желкен көрінеді.

 

21

 

Ақ кеменің алқызыл желкендері алаулап ерке толқынды тіле тура саған қарай беттейді. Бұ ғажайып кеме қару кезеп, қаһар төкпей, у-шусыз жәйімен жүзіп келе жатады. Теңіз жағасы таңдай қағып, таңырқасқан халыққа толып кетеді, солардың ішінде сен де жүресің. Тамылжыған ғажайып бір күй ойнаған кеме кереметтей сән-салтанатпен жиекке жақындап келіп тоқтайды, сосын одан түрлі-түсті кілемдер мен алтындатқан асыл жиһазға малынған гүл жасаулы қайық бөлініп шығады. «Сіздер неге келдіңіз? Кімді іздеп жүрсіз?»

– деп сұрайды жағада тұрған жұрт. Со замат сен кайықтан сұлу жүзді қаһарман ханзаданы көресің, ол саған қолын созып түрегеп тұрады. «Амансың ба, Ассоль! – дейді ол. – Осы арадан алыс-алыс жерде жүргенде түсімде сені көрдім, енді, міне, сені өз патшалығыма әкетпекші болып әдейі іздеп келдім. Сен онда өзіммен бірге алтын арайлы алқапта, гүлстан-жайда күн кешесің. Жүрегің не қаласа, соның бәрі қолыңда болады. Екеуміз тату-тәтті, той-думанмен өмір сүреміз, жаның жабығуды, қайғы-қасіретті ұмытады». Ол сені қайыққа отырғызып кемеге әкеледі, сосын сен күн шығып, ай туатын таңғажайып елге, сенің келгеніңе құтты болсын айтам деп аспан жұлдыздары жамырасып жерге түсетін елге барасың.

 

– Осының бәрі жалғыз маған ба? – деді қыз сыбырлап. Қарияның сөзіне кәміл сенген сәбидің тұңғиық көзінде қуаныш нұры ойнап, жайнап шыға келді. Қатерлі сиқыршы

болса бұлай сөйлемес еді ғой: ол жақындай берді.

 

– Бәлкім, ол келген шығар, ана кемені айтам-дағы?

 

– Ол бірден бола қоймайды, – деді Эгль, – әлгіде айттым ғой, әуелі сенің бойың өсіп, бұғанаң қатады. Сосын...

 

соның несін айта берейін? Ол оқиға болады, сонымен іс тәмам. Сен қайтесің сонда?

– Мен бе? – Сәби себетке қарады, бірақ одан шалға тартуға тұрарлық сый таппаған тәрізді. – Мен оны жанымдай жақсы көрер едім, – деді ол асығыс, сосын барып: – Егер төбелеспейтін болса, – деді бәсең.

 

– Жоқ, төбелеспейді, – деді дуахант көзін қысып, – оның төбелеспейтініне мен кепіл. Бара ғой, қызым, бірақ

 

22

 

хош иісті арақты екі мәрте жұтып, абақтыға айдалғандар әні жайлы толғанып отырған шақта айтқан сөзімді ұмытпа. Бар енді. Қайда жүрсең да аман бол!

 

Лонгрен өзінің алақандай бақшасында картоп түбін домбақтап жүр еді. Бойын жазып қараса, Ассоль қуанышы қойнына сыймай, өзіне қарай өкпесі өшіп жүгіріп келе жатыр екен.

– Ана жақтан... – деді ол аптығын баса алмай, әкесінің алжапқышына жабысып жатып. – Мен саған қазір бірдеңе айтам... Ана жақта, алыста, теңіз жағасында сиқыршы отыр...

Ол сөзін сиқыршының керемет сәуегейлігінен бастады. Қызынып алған сәби болған оқиғаны жайымен бипаздап айтып бере алмады. Бұдан кейін ол сиқыршының сырт бейнесін, сосын әңгімені соңынан бастап, қашқан яхтаны қалай қуалағанына дейін сипаттап берді.

 

Лонгрен қызының сөзін бөлмей, жымиып күлмей, сабырмен тыңдады, ол сөзін бітірген кезде, бір қолында хош иісті арағы, екінші қолында ойыншығы бар бейтаныс шалды көз алдына елестетті. Сосын артына бұрылып қарап, бала өмірінде осындай бір төтенше жайттар ұшырасқан кезде ересек кісілердің оған кәдімгідей маңыз беріп, қайран қалғаны жөн деген өсиетті есіне алды да, маңғаздана басыи изеп, қызын қостай жөнелді: «Иә, иә, айтуына қарағанда, ол сиқыршы болмағанда кім болады?! Шіркін, соны мен көрер ме ем... Бірақ сен қалаға келер жолы барғаныңда басқа жаққа бұрылып кетіп жүрме: ну орманның ішінде адасып кету қиын емес қой».

 

Ол күрегін лақтырып тастап, шыбықтан тоқылған аласа шетен түбіне отырып, қызын алдына алды. Жолай әбден шаршап-шалдыққан сәби көрген-білгенінің кейбір сәттерін тағы айтпақшы болып еді, бірақ ыстықтан, жан тебіренісінен қалжырап қалған әлжуаз баланы ұйқы қысты. Көзі жұмылып әкесінің шалқақ кеудесіне басын сүйеді, қас қағымдай енді бір сәтте маужырап ұйықтап та кетер еді, бірақ кенет әлденеге шүбәланғандай қозғалақтап, түрегеп отырды да, титімдей жұдырығын Лонгреннің желетіне тақап, көзі жұмулы күйі:

 

– Сен қалай ойлайсың, сиқырлы кеме мені әкетуге келе ме, келмей ме? – деді дауыстап.

 

23

 

– Келеді, қарағым, – деді матрос салмақпен. – Саған солай деген екен, ендеше, бәрі рас, солай болады да.

 

«Өскесін ұмытып кетеді ғой, – деп ойлады ол. – Ал әзірге... сенен осындай бір алданышты тартып алмай-ақ қояйын. Келешекте сен әлі алқызыл желкенді емес, лас, жыртқыш желкендерді көбірек көрерсің; олар алыстан аппақ, әп-әсем боп көрінеді, жақыннан қарасаң – жырым-жырым және қиямпұрыстау келеді. Көлденең өткен бір жолаушы қызыма ойнап айта салған ғой. Қайтейін, жақсы лебіз – жарым ырыс. Айтса айта берсін. Орманда, тоғайда түске дейін жүрем деп шаршап қапсың ғой. Алқызыл желкендерге келетін болсақ, мен сияқты күдеріңді үзбе: алқызыл желкендерді көресің әлі».

 

Ассоль алаңсыз ұйқыда. Лонгрен бос қолымен трубкасын алып тартты, жұмсақ жел түтінді шетеннен өткізіп, бақша сыртындағы бұта ішіне айдап кетті. Со бұта түбінде арқасын қораға беріп, пирог жеп, жас тіленші отырған. Әкесі мен қызының сөзі оның көңілін біраз көтеріп тастады, ал темекінің тәтті иісі пайдакүнем немені табан астынан олжалы боп қалуға итермеледі.

– Қожайын, кедей кісіге бір тартым шылым берші, – деді ол қораның сыртынан. – Менің темекім сенің темекіңнің қасында у сияқты,

 

– Мен саған берер едім-ау, бірақ темекі ана жақ қалтамда,

 

– деді Лонгрен жайымен. – Ал мен қызымды оятқым келмейді.

– Қап, әттеген-ай! Бірақ оянып кетсе, қайта ұйықтайды ғой, ал көлденең кісі темекіні алады да тартады.

 

– Қой, олай деме, құр қол отырған жоқсың ғой, баланың әбден сілесі қатып қалыпты. Қаласаң, кейінірек келерсің.

 

Тіленші жақтырмай шырт түкіріп, дорбасын таяғының басына ілді де, кекете тіл қатты:

– Ханша болар дейсің бе? Теңіздің арғы бетінен келетін кемемен баланың басын қатырып! О, әңгүдік байғұс, сені де қожайын дейді-ау!

 

24

 

– Әй, жолаушы, – деді сыбырлап Лонгрен, – сенің ана бұқа мойныңды жұлып алу үшін қызымды оятсам ба деп отырмын. Кет, жоғал бұл арадан!

 

Арада жарты сағат өткен шамада тіленші трактирдегі бір топ балықшының арасына келіп кірді. Олардың сыртын ала қолдары быртиған, қалың қабақты бойшаң әйелдер бірде күйеулерін жеңдерінен тартып қалып, бірде олардың иығына асылып барып, арақ құйылған стақандарды алып, оларды табанда қағып тастап, түк көрмегендей болып отырды. Тіленші өңез өкпесін жасыра алмай, сөзді гөйітті-ай кеп.

 

– Сонымен, маған темекі бермей қойды. «Сен балиғатқа жеткенде дейді, әдейі қызыл кеме келеді... Сені әкетуге дейді. Өйткені сен ханзадаға ерге шығасың. Ана дуаханттың айтқанына сен дейді». Мен оған «оятсаңшы енді, оят, темекі бер» деймін. Ол мені соңымнан жарты жолға дейін қуды.

 

– Кім? Не? Нені айтып жатсыңдар! – десті әйелдер жағы елеңдесіп. Балықшылар керенау қимылдап бір қырын отырысып, оларға мән-жайды кекете-мұқата түсіндіріп жатыр.

 

– Лонгрен қызы екеуі ел көрмей, жабайыланып кетті дей ме, жынданып кетті дей ме, кім білген. Мына кісі бірдеңені көңірсітіп отыр. Олардың үйінде дуахант болған сияқты. Ол екеуі теңіздің арғы бетінен бір ханзада келеді деп күтініп жүрген көрінеді, жеңгетайлар-ау, ауыздарың аңқиып сендер бос қалып жүрмеңдер! Және ол ханзада кемесіне қызыл желкен байлап келеді дейді.

Арада үш күн өткесін, қаладағы дүкеншіден қайтып келе жатып, Ассоль ең бірінші рет:

– Әй, өлмелік! Ассоль! Бері қара! Қызыл желкен жүзіп келеді! – деген дауысты есітті.

Кішкене қыз селк ете түсті де, көзін күннен қолымен көлегейлеп, еркінен тыс теңіз айдынына қарады. Сосын дауыс шыққан жаққа бұрылды. Өзінен жиырма қадамдай жерде үйіріліп бір топ бала тұр екен, олар тілін шығарып, бетін тыржыңдатып мұны мазақ етеді. Қыз бір күрсініп, үйіне қарай жүгіре жөнелді.

 

25

 

II

 

ГРЕЙ

 

Бір кезде Цезарь: «Римде көптің бірі болғанша, ауылда жұрттың алды болғаным артық» депті ғой, Ал Артур Грэй болса, Цезарьдің осы бір әккі сөзін онша құптамаса керек. Ол анадан капитан болып туды, капитан болуды қалады, кейін со мұратына жетті.

 

Грэй дүниеге келген аумақты үлкең үйдің сырты сәулетті болғанымен іші тұнжырап түнеріп тұрушы еді. Оның алдыңғы жағынан гүлзар бау-бақша басталып кететін. Газонға құбылмалы асыл алқалардан ою-нақыш тартып тастағандай-ақ, раушан гүлдердің күмістей көгіс, көк, қызғылт реңді қара түстері құлпырып көз жауын алар еді. Баудың кәрі ағаштары шағырмақ күндері тікенек бұта қаулай өскен ирек өзек үстіне төніп, маужырап мүлгіп тұрар еді. Қорған-сарайдың қоршауы – иә, бұл шынында қорған-сарай-тын, ара-арасы темір шыбықпен өрнектелген шойын діңгектерден құралған-ды. Әрбір діңгектің ұшы лала гүлдің қауашағы сияқты. Сән-салтанат күндерінде осынау гүл қауыздарына май құйылып, от жағылатын, со сәт алаулаған от тізбегі қараңғы түнді қақ жарып, алыстан «кел мұндалап» тұратын.

 

Грэйдің әкесі мен шешесі өздерінің бақ-дәулеті мен байлығының, өздері өскен қауым заңдарының құлы еді, өйткені өздерін со қоғаммен егіз санап, «біз» деп атай алатын. Олардың жан жүрегінің бір бөлегін түгелдей асыл текті ата-бабалар галереясы алып жататын, Ал оның екінші бөлігі – әлгі галареяның жалғасы іспеттес – кішкентай Грэйден басталатын, ол өз портретін осы қабырғаға қадау үшін баяғыда жасалып, көпке мәшһүр болған жоспар бойынша ата-аналар атына шық жуытпай, өнегелі өмір сүріп, өлуі керек-ті. Бірақ осы жоспардың болмашы бір ақауы бар-ды: Артур Грэй ата жолын қууға тіпті де зауқы жоқ, сергек жанды елгезек бала болып туып еді.

 

Баланың осы сергектігі, қаршадайынан қағынып туғаны сегіз жасынан-ақ сезіле бастады: шытырман оқиғаларға жаны

 

26

 

кұмар серінің, абыз бен сиқыршының қасиеті, яғни тірліктегі, қисапсыз көп рольдердің ішінен ең бір қатерлі де нәзігін – сәуегей ролін қалап алғаны жасынан-ақ байқалады. Бір күні ол Христосты азаптауды бейнелейтін картинаға қолы жетпей, орындықты қабырғаға тақап қояды да, пайғамбардың қолына қағылған қанды шегені суырып алады, яғни бояушыдан ұрлап алған көгілдір бояумен оны бояп тастайды. Осы бір өзгеше істің қызығына түсіп кеткен бала азапталушының аяғын бояй берген кезде әкесі үстінен кеп түседі. Шал баласын кұлағынан тартып жерге түсіреді де:

– Суретті неге бүлдірдің? – деп сұрайды.

– Бүлдірген жоқпын.

– Бұл атақты суретшінің картинасы ғой.

– Маған бәрібір! – дейді Грэй. – Мен көз алдымда кісінің алақанына шеге қағылып, қан ағып жатқанына төзбеймін. Маған ондайдың керегі жоқ.

 

Әкесі абайлап қана мұртынан күледі де, баласының жауабынан өзінің жас кезін көріп, оны жазаламайды.

Грэй күн өткен сайын тыным таппай қорған-сарайды зерттеп, керемет жаңалықтар ашты. Мәселенки, ол үй шатырынан батырлардың болат сауыттарын, былғарымен тысталып, темірмен құрсалған кітаптарды, шірігін киімдерді тапты, қаптаған көгершіндерді көрді. Шарап сақталатын жертөледен ол лафит, мадера, херес жөнінен қызық-қызық мәліметтер алды. Ұзынша үшкіл терезелерден көмескі жарық төгілген осы бір тас қоймада үлкенді-кішілі кеспектер тұр: ең үлкен дөңгелек кеспекті бір қабырғаны тұтас үңгіп, жантайта қойған екен. Жүз жылдық қара еменнен жасалған кеспектің тақтайы әбден ысқылап сырлап тастағандай жалтырайды. Кеспектердің ара-арасындағы тоқыма себеттерде бүйірлі келген жасыл, көк шынылар қойылыпты. Тас қабырғалар мен жер еденде әлжуаз сұрғылт саңырауқұлақтар өсіпті. Әбден сызданып, мүк басып кеткен жертөле кісінің тынысын бұзды. Екіндіге таянған күн соңғы шапағымен жертөлеге сығалап бір қараған кезде, сонау түкпірден өрмекшінің торын көрді. Жертөленің бір бұрышына Кромвельдің заманында болған

 

27

 

ең таңдаулы шарап – Аликантенің екі кеспегі көміліпті, қаңырап бос жатқан бұрышты мегзеп, жертөлеші Грэйге ішінде қазіргі тірі иттердің талайынан да тірірек өлік жатқан әйгілі мола туралы аңызды қайталап айтып берді. Әңгімені бастай бергенде, ол үлкен кеспектің шүмегін бір байқап көруді ұмытпады, содан көңілі бір демделіп, жаны жай тауып қалғандай болды, өйткені қуанғанынан көзінен еріксіз жасы ытқып, жадырап сала берді.

 

– Хош, сонымен, – деді Польдишок Грэйге, бос жәшіктің үстіне жайғасып, істік мұрнының желбезегіне темекіні тыққылап жатып, – сен мына бір жерге назар аударшы. Осы арада бар ғой, сұмдық асыл шарап сақтаулы жатыр, оның шағын бір стаканына кез келген маскүнем қиналмай-ақ тілін кесіп бере салар еді. Әрбір кеспекте кісінің жанын жарып, тәнін қамырша илейтін керемет бір құдірет бар. Оның түсі қан шиеден де қошқылдау, ол шыныны төңкерсең де төгілмейді. Қаймақ сияқты қою. Бұ шарап – темірдей берік қара ағаштан жасалған кеспекте. Ал кеспек сыртынан қызыл мыспен қос-қосынан құрсалып тасталған. Құрсауда латын әрпімен: «Мені Грэй жұмаққа барғанда ішеді» деп жазылған. Бұ жазуды әркім әртүрлі түсініп, сан саққа жүгірткен. Сенің әкеңнің атасы аса текті Симеон Грэй деген кісі, жарықтық бір бейкүнә қулық жасап, осы бір жұмбақ сөзді күнделікті өз тірлігіне әкеп телімекші болады, сөйтіп, «Жұмақ» деген саяжай салдырады. Енді соның аяғы немен тынды дейсің ғой? Кеспектің құрсауын босатып жатқанда шарапқұмар шалымыздың жүрегі жарылып қаза табады. Содан бері бұ кеспекке жан баласы жуымайды. Осы бір қасиетті шарап кісіге бақытсыздык әкеледі деген қауесет бар. Шынында да мұндай жұмбақты Мысыр сфинксінің өзі де айтпаған ғой. Рас, ол бір кемеңгер кісіге «Жұртты жегенім сияқты, сені де жеп қоям ба? Шыныңды айт, сонда тірі қаласың?» депті, бірақ соның өзін шындап ойланып барып айтқан ғой.

 

– Краннан тағы тамшылап тұр ма, қалай? – деді Польдишок, өз сөзін өзі бөліп, сосын қисалаңдай басып, бұрышқа қарай кетті де, кранды бекітіп, бір іс бітіргендей

 

28

 

көңілденіп қайтып келді. – Иә. Әбден ойланып-толғанып алғасын, әлгі кемеңгеріміз аспай-саспай тұрып сфинске: «Жүр, бауырым, ішелік, сонда сен бұндай дерттен айығасың» дер еді. «Мені Грэй жұмаққа барғанда ішеді». Мұны қалай түсіну керек? Сонда өлгеннен кейін ішетін болғаны ма? Ғажап. Демек, ол әулие, шарапты да, қарапайым арақты да ішпейді. Ал «жұмақ» дегені бақыт делік. Бірақ мәселе бұлай қойылса, сол бақыт құсы қонған кісі бір күні өзінен-өзі «жұмақ дегеніміз шынымен-ақ осы ма?» деп шүбәланса-ақ болғаны, бақыттың берекесі қашпай ма? Бәленің бәрі осында жатыр. Мұндай кеспектен емін-еркін шарап ішіп, уай, бір сауық-сайран құру үшін, балақай, кісі бір аяғымен жерде, екінші аяғымен көкте тұруы керек. Енді тағы бір, үшінші жорамал бар: Грэй күндердің бір күнінде есінен ауғанша, жұмаққа кеп түскен екем дегенше шарап ішеді де, мына киелі кеспекті босатады делік. Бірақ ол, балам, өсиетті орындау емес, шарапханадағы шатақ болар еді.

 

Үлкен кеспек кранының аман-саулығын, жай-жапсарын бір тексеріп қайтқан Польдишок осы әңгімесін қабағын түйіп, тұнжырай тәмамдады:

 

– Бұ кеспектерді сенің арғы аталарынның бірі Джон Грэй деген кісі мың жеті жүз тоқсан үшінші жылы Лиссабоннан «Бигль» кемесімен әкеліпті, шараптың ақысына екі мың алтын пиастр төленіпті. Кеспектегі жазуды Пондишеридегі қару-жарақ шебері Вениамин Эльян жазған дейді. О кеспектерді жерді алты құлаш терең етіп қазып, өртелген жүзім шыбықтарының күлімен көмген. Бұ шарапты өмірде ешкім ішпеген, тіпті дәмін де татып көрмеген, шамасы, енді оны ешкім де татпас.

 

– Мен оны ішем, – деді Грэй бір күні тепсініп.

– Батыр жігіт бұдан табылды ғой! –деді Польдишок– Сен оны жұмақта ішпексің бе?

– Әрине! Жұмақ, мінеки! Менің қолымда, көрдің бе? – Грэй кішкене қолын тарбитып ашып жіберіп, жайымен сықылықтап күлді. Әрбір бедер, әжім-сызығына дейін ап-анық боп үлбіреген жұмсақ алақан күн нұрымен қызарып

 

29

 

сала берді, со кезде бала құшырлана жұдырығын түйді. – Ол, міне, мында!.. Бірде бар да, бірде жоқ...

Осыны айтты да, ол жұдырығын бір түйіп, бір жазды, ақырында өзінің әзіліне өзі мәз боп, бір аттап Польдишоктен озып кетті де, күңгірт басқышпен төменгі қабаттың дәлізіне жүгіріп шықты.

 

Грэйдің асүйге кіруіне қатаң тыйым салынған-ды, бірақ осы бір жалын атқан ошақтар, бу, ыс әлемін, қайнаған, қуырған тағамдардың бұрқ-сарқ еткен, шыжылдаған дыбыстар әлемін, пышақтардың сартылы мен дәмді иістер әлемін бір күні аңдамай ашып қалған бала, енді осы бір аумақты залға жиі-жиі келетін болды. Бағы заманның тақуалары тәрізденіп, үн-түнсіз аспаздар жүреді, қарайып кеткен қабырғалар қасында мұнтаздай ақ қалпақпен жүрген бұлар бейнеттенбей, әлдекімге сән-салтанатпен қызмет етіп, құрмет көрсетіп жүргендей сезіледі. Домаланған жуан-жуан көңілді күтушілер су құйылған кеспектер қасында фарфор, күміс ыдыстарды салдырлатып жуып жатыр. Қаршадай балалар балық, бақашанақ, шаян мен жеміс толтыра салынған ауыр себеттерді мықшыңдап әрең-әрең кіргізіп жүр. Ана бір шетте, ұзын үстел үстінде қызыл-жасыл қырғауылдар, сұр үйректер, шұбар тауықтар жатыр: оған таяу көзін бала сияқты жұмып алған, құйрығы шолтиған тұтас торай еті көрінеді, әрігеректегі шалқан, қырыққабат, жаңғақ, қара мейіз, қызғылт анарлар өз алдына бір төбе.

 

Асүйге келгенде Грэй бір түрлі именшектеп жүреді: қамал-сарай өмірінің кілтипаны осы жердегі бір құпия тылсым құдіретте деп ойлады ол: мұндағы әрбір дауыс, айқай оған берілген командадай, оқылған дуадай естіледі. Ұзақ жылдар бойы әбден машықтанып қалған дәйекшілер жұмысы оған шын шабыттан туып жатқандай көрінеді. Везувий жанартауы сияқты бұрқылдап жатқан ең үлкен қазанның ішіне үңіліп қарауға Грэй әлі аласа еді, бірақ ол бу қазанды өзгеше құрметтейді: ол екі күтушінің қазанды жайымен қозғап жатқанына таңырқай қарайды; әне, плита үстіне лықсып, көбігі бұрқыраған сорпа төгілді, сол-ақ екен, плита баж етіп, асүй іші будақ-будақ будан көрінбей кетті. Бірде сорпа көбірек

 

30

 

төгіліп, күтуші қыздың біреуінің қолын күйдіріп кетті. Терісі табанда қып-қызыл боп қолбырап, тырнағына дейін қызарып сала берді. Бетси байғұс (күтушіні солай атайтын) ағыл-тегіл жылап, күйген жерін маймен сылай бастады. Оның үрейлі дөңгелек жүзін көз жасы жуып жатты,

 

Грэй сілейіп тұрып қалды. Өзге әйелдер Бетсиді қоршап, әбігерленіп жатқанда, бұл басқа біреудің азабына жаны ашып қиналып тұрды.

– Қалай, қатты ауыра ма? – деді ол.

– Күйдіріп көр қолыңды, сонда білесін, – деді Бетси, ауру қолын алжапқышымен жауып жатып.

Бала қабағын түйіп, биік орындыққа мықшыңдап шықты да, ұзын ожаумен ыстық сорпаны (реті келгенде айта кетелік, бұл қой етінің кеспесі еді) алып, қолының қос басына құя салды. Бұдан алған әсерін, әрине, әлсіз деуге болмас еді, бірақ күйіктен әлсіреген бала тәлтіректеп құлап қала жаздады. Аппақ шөлмектей боп қуарып кеткен Грэй күйген қолын шолақ шалбарының қалтасына салып, Бетсидің қасына келді.

 

– Меніңше, сенің қолың өте қатты ауыратын сияқты, – деді ол өз тәжірибесін жасырып. – Жүр, Бетси, дәрігерге баралық. Жүр, тезірек!

 

Басқа күтушілер үйде емдеу жолдарын жамыраса айтып жатқан кезде, Грэй оның юбкасынан тартқылап тұрды. Бірақ күйген қолы солқылдап жанын шығарып бара жатқасын баланың соңынан ерді. Дәрігер қыздың күйген жеріне дәрі жағып байлап, ауруын азайтты. Бетси кеткеннен кейін ол енді дәрігерге өз қолын көрсетті

 

Осы бір болмашы оқиға жиырма жасар Бетси мен он жастағы Грэйді табыстырып жіберді. Қыз оның қалтасына тәтті бәліштер мен алмаларды сықай салып береді, бұл оған кітаптардан оқыған ертегілері мен аңыздарын айтады. Бір күні ол Бетсидің жылқышы Джимге тұрмысқа шыға алмай жүргенін есітті, өйткені өз алдына түтін түтетуге ақшалары жоқ екен. Грэй со замат шымшуырмен фарфор копилкасын күлпарша сындырып, ішіндегі жүз футтай ақшаны алды. Ертеңіне жасаусыз қалыңдық таңсәріден тұрып асүйге кеткен

 

31

 

кезде ол қыздың бөлмесіне барып, тартуын оның сандығына салып, қысқа ғана қағаз қалдырды: «Бетси, бұл сенікі. Қарақшылар қолының бастаушысы Робин Гуд». Бұл оқиға асүйдің астан-кестеңін шығарды, ақырында Грэй бұны өзі жасағанын мойындады. Ол ақшасын қайтып алмады және ондай сөзді естігісі де, білгісі де келмейтінін сездірді.

 

Оның шешесі өмірді даяр қалыпқа құйып шығара беруге болатын нәрсе деп білетін әйелдердің бірі еді. Не қаласа, соның бәрі алдына әзір болғасын, қарадүрсін саңылаусыз жан еш нәрседен қамсыз, ұйқылы-ояу күн кешіп жатты; сол себептен де ол тігінші әйелдермен, дәрігер дәйекшімен кеңескеннен басқа ештеңе бітірмейтін. Бірақ қиямпұрыс баласына деген соқыр сүйіспеншілік бар жігерінен, еркінен айырылып, енжар тірлік кешкен, күллі тәрбие мен тағдыр тандырын кептіріп тастаған ана сезімі нәр алып тыныстайтын бір бастау еді. Осынау асыл текті әйел аққудың көгілдірін басып шығарған тауыс тәрізді еді. Ол баласының өзгеше жаратылған ақылды пенде екенін жанымен сезінетін. Күнделікті тірліктің дағдылы әдет-ғұрпына, салт-санасына жаттығып қалған тілінен гөрі оның жүрегі басқаша сөйлейтін, ол баласын құшырлана көкірегіне қысқан кезде өн бойын махаббат, мұң, жабығу, иба сияқты бір қат-қабат сезім билеп, елжіреп кететін. Кейде сұрша бұлт кіреукесінен шашырай тараған күн шұғыласы қазына үйін үйреншікті түр-түсінен айырып, жаңа бір қырынан танытады, оны көз көргенмен, көңіл танымай қалады, сөйтсе жарықтың тылсым нұрынан кеспірсіз үйдің өзі үйлесімді жарастық табады екен.

 

Осынау бақ-дәулеті асқан әйелдің күллі кескін-кейпіне қарағанда, ол өмірдің отты ләззатына салқын қарап, үнсіз өте беретін тәрізді, оның нәзік сұлулығы кісіні тартпайды, қайта безіндіре түскендей. Өйткені онда әйелге тән қылықтан гөрі қайсар тәкаппарлық басым тәрізді. Бірақ Лилиан Грэй баласымен оңаша қалғанда, қағазға жазуға келе бермейтін небір жылы-жылы жүрек сөзін ақ көңілмен мейірлене отырып айтатын қарапайым ана қалпына түсер еді: мұндай сөздердің күші со сөздердің өзінде емес, айтушының ыстық сезімінде

 

32

ғой. Ол баласының бетіне жел болып тимейді. Не істесе де: асханаға баратынын да, сабақты жек көретінін де, тіл алмайтынын да және басқа толып жатқан ерке тентектігін де жөнді-жөнсіз кешіре береді.

 

Егер ол ағаштың басын тегістеп қырықпаңдар десе, оған ешкім маңайламайды: егер ол біреудің әбестігін кешіріп, сыйлап жібер десе, кінәлі кісі солай болатынын айтқызбай-ақ сезеді, ол кез келген атпен серуенге шығып, сарай ішіне қалаған итін ертіп кіргізеді, ол кітапхананы ақтарып, далада жалаңаяқ, жалаңбас жүгіріп, көңілі не қаласа, соны ішіп-жеп жүре береді.

 

Әкесі біраз уақыт бұған қарсы тұрып, қасарысып көріп еді, ақырында ол өз ойынан таймаса да, әйелінің өтінішіне құлақ асты. Бірақ ол күтуші-дәйекшілердің бар баласын қорған-сарайдан қудырды, өйткені қара қауымның ықпалымен баланың қиямпұрыс еркелігі бойына сіңіп, кейін құтыла алмайтын әдетке айналып кетер деп қауіптенді. Жалпы алғанда, ол ата-бабадан мирас боп қалған дау-шарлардан-ақ қолы тимейтін, ал бұ дау-шарлар, шамасы, қағаз фабрикасы пайда болған кезде туыпты да, күллі өсекшілер мен өтірікшілер кұрып бітпей, таусылатын көрінбейді. Мұның үстіне мемлекет істері, үй-жайдың әрекет тірлігі өмірбаянын айтып тұрып хатшыға жазғызу, сән-салтанатпен саят құру, газеттерді оқу, хат-қағаз жазу – осының бәрі оны үй ішінен аулақтатып, біраз суытып жіберген. Ол баласын ілуде бір-ақ көреді, кейде тіпті оның неше жасқа шыққанын да ұмытып қалады.

 

Сонымен, Грэй өз әлемінде өзімен-өзі әуре боп жүре берді. Ол, әдетте, қорған-сарайдың бір кезде соғыстық мәні болған сыртқы ауласында оңаша ойнайды. Терең-терең орлары, шөп басып кеткен тас қамалдары бар осынау аумақты алаңда алабота, қурай, қалақай мен кәлуен, ошаған тағы басқа толып жатқан түз гүлдері қаулай өседі. Көртышқандардың інін аңдып, алаботамен айқасып, көбелек қуалап, тас пен қыш сынығынан қорғандар салып, оны таяқпен, таспен атқылап, Грэй осы маңда ұзақ уақыт ойнайды.

 

Ол он екіге шыққанда жан жүрегінің күллі нышандары, ой-санасының әр алуан қырлары мен сырлары бір арнаға

 

34

 

бұрқырап келіп құйды да, бір тиянақты талап-тілекке айналды. Әлемдегі сан жетпейтін бөгде бау-бақшаның ішінен ол осы уакытқа дейін тек өз бағының жеке мүйістерін ғана – жарық пен көлеңкені, гүлді, қою жапырақты-қомақты ағашты ғана көріпті. Ал енді ол ойламаған жерден осынау бір-бірімен үндесіп, үйлесіп жатқан жарқын дүниені тұп-тұтас айқын көргендей.

 

Бұ ғажайып оқиға кітапханада болған еді. Оның жоғарғы жағына бұлдыр әйнек салынған биік есігі әдетте жабық тұратын, бірақ құлпы бостау еді, егер қолмен қаттырақ итерсе, есік қозғалып, құлып қарысып барып ашылып кететін. Төңірегін зерттеп, әр немені білу қызығына түсіп кеткен Грэй шаң-тозаңды сәулеге қайран қалды, оның бір ерекшелігі, терезе әйнегінің жоғарғы жағын түрлі түске бояп, құбылтып жібереді екен. Иесіз бөлмеде тымырсық тыныштық қара судай тұнып қалыпты. Қатар-қатар қойылған кітап шкафтарының кейбіреулері терезелерді жартылай жауып, қарауытып тұр: шкафтардың ара-арасына кісі жүретін өткелек салдырылыпты, бірақ оның өзінде кітаптар үйіліп жатыр. Ана жерде де, мына жерде де ішкі беттері сусып түсіп қалған ашулы альбомдар, шиыршықтап орап, белінен алтын жіппен тартып тастаған қағаздар, түсі суық құшақ-құшақ қара кітаптар: қат-қабаттап жиналған жуан-жуан қолжазбалар, ашып жібергенде ағаштың қабығындай үгітіліп тұрған шағын-шағын томдар. Бұ жерден сызықтар мен кестелер де, қатар-қатар сап түзеген жаңа кітаптар да, карталар да кездеседі: мұқабаның түрпідей қаттысы мен түбіттей жұмсағы да, қарасы, аласы, көгі, сұры, қалыңы мен жұқасы да, бедерлісі мен тегісі де, қойшы, әйтеуір, алуан түрі табылады. Шкафтарда кітаптар иін тіресіп тұр. Олардың ішінде өзгеше бір өмір, тірлік қайнап жатқан сияқты. Шкафтардың әйнегінен күңгірттеніп екінші шкафтардың бейнесі көрінеді. Экватор мен меридианның айқастыра салынған мыс білезіктеріне орнатылған үлкен глобус дөңгелек үстел үстіне қойылыпты.

 

Есікке қарай қайта бұрылғанда ол жоғарыдан керемет бір үлкен суретті көрді, кітапхананың мүлгіген қапас әлемін

 

35

 

жандандырып тұрған да осы сурет сияқты. Онда теңіздің асау толқынының жалына атқып шыққан кеме бейнеленіпті. Ақ шулан теңіз көпіршіп, кемені бүйірінен жалай ағып қалып жатыр. Кеме таудай толқын үстіне ұшып шығып, со күйі көрерменге қарай зулап келе жатқандай. Жоғары шапшыған бушприт діңгектің түп жағын тасалап тастаған. Кеменің тұмсығы тілген тентек толқынның жалы самұрықтың қанаты тәрізді. Буырқанған ақ көбік аспанға шапшиды. Бакборттың сыртында, бушприттен биігірек жерден бұлдырап көрініп тұрған – желкен долдана соққан дауылдан шалқайып кейін құлап барады, енді бір сәтте, толқынды тіліп өткеннен кейін, ол ылдиға қарай қайта еңкейді де, кемені келесі толқынға қарай айдайды. Жырым-жырым бұлттар үйіріліп, шудаланып теңіз бетін сызады. Күңгірт жарық тұнжырап төніп келе жатқан түң қараңғылығымен арпалысады. Суреттегі ең ғажап көрініс бақ үстінде көрерменге теріс қарап тұрған кісінің бейнесі еді, ол күллі жәй-жағдайды тіпті со бір қатерлі сәттің бар сипатын айқындап тұрғандай. Кісінің мына тұрысынан (ол аяғын нық басып, қолын сермеп тұр) оның немен шұғылданып тұрғанын білу қиын, бірақ палубадағы көрермен назарынан тыс бірдеңеге дызақтай қарап тұрғаны кәміл. Кафтанының белдігіне кыстырған етегі тынымсыз желбірейді. Жалбыраған ақ шашы мен қара шпагасын жел жұлып әкететіндей: қымбат костюміне қарағанда, ол капитан сияқты, толқынның ырғағына қарай өзі де билеп тұрғандай. Қалпақсыз жалаң бас тұрып, қауіпті бір сәтте қапысыз дәл басқан ол әлдене деп айқайлағандай, бірақ не дейтінін кім білген? Бәлкім, ол борттан суға мұрттай ұшқан адамды көрген шығар, бәлкім, кеме бағытын өзгерт деді ме, әлде құтырған желге қарамай, айқайлап боцманды шақырып жатыр ма? Кім білген? Картинаға қарап тұрғанда Грэйдің басына осындай бір ойлар, ой емес-ау, ойдың көлеңкесі кеп оралғандай болды. Кенет оның сол жағынан көзге көрінбейтін белгісіз біреу келіп тұра қалғандай сезілді: басын бұрып қараса болғаны – осы бір ғажайып сезім ізім-қайым жоқ болар еді. Грэй мұны жақсы біледі. Бірақ ол қиялын қимай, оның үніне құлағын

 

36

 

тосты. Бір үнсіз дауыс малай жұртының тілі сияқты түсініксіз бір сөздерді айқайлап айтып жатыр. Тау құлағандай дүние күңіренеді, жаңғырық пен азынаған жел кітапхана ішін кернейді. Осы ғаламаттың бәрі Грэйдің өз ішінде. Ол төңірегіне көз тастады, жым-жырт тыныштық заматта қиялын сейілтіп жіберді, жан дауылы да өшті.

 

Грэй бұл картинаны талай рет келіп көрді. Кісі жаны өмірмен тілдескенде аса қажетті киелі бір сөз керек, әйтпесе, адамның өзін-өзі түсінуі қиын, оның киелі сөзі осы сурет болды. Сөйтіп, қаршадай баланың кеудесіне бірте-бірте шалқар теңіз кеп ұялады. Кітапхананы ақтарып, алтын қақпасының ар жағынан жалтырап көгілдір мұхит көрінетін кітаптарды түртінектеп тауып алып, оқи жүріп, ол осы арманымен ауыл үй қонып алды. Сол арман мұхитында, артында ақ көбік із қалдырып, кемелер зымырайды. Олардың кейбіреуі желкен діңгегінен айырылып, толқынға тұншығып, көздері шырадай жанатын балықтары быжынаған мылқау тұңғиық тереңіне шым батып кетеді: ал енді біреулері бұрқ-сарқ қайнап жататын иірімдер тартып, су астындағы серек тастарға барып арандайды; қайтқан толқыннан кеменің қаңқасы қалтылдап, жан ұшыра шайқалақтайды; қашан жаңа дауыл көтеріліп, оны жартасқа соғып күлпаршасын шығарғанша, кісілері кетіп, арқан-жіптері үзілген жетім кеме сары аурудай сарғайып ұзақ тұрады. Бұ кезде үшінші кемелер бір порттан жүкті сықай тиеп, екінші портқа апарып түсіреді; көңілді экипаж шарапханада отырып, саяхат-серуенін жыр ғып айтып, арақ-шарапты құмарлана ішеді. Онда діңгегіне қара байрақ байлаған, лекет пышақтарын жалаңдатқан қорқынышты командасы бар қарақшы-кемелер де, төңірегіне көгілдір сәуле тартып, жүрген жеріне ажал сеуіп кететін аруақ-кемелер де болады; солдатты, зеңбіректі, музыкалы соғыс кемелері де, жанартауларды, өсімдіктер мен хайуанаттарды зерттейтін ғылыми кемелер де, тылсым сырымен, бұзақы бүлігімен аты шыққан кемелер де, жаңалық ашатын, қызықты хикаяларды басынан өткеретін кемелер де кездеседі.

 

Осынау дүниеде, әрине, жұрттың бәрінен де капитанның тұлғасы биік тұрады. Капитан – кеменің тағдыры, жаны

 

37

 

мен ақыл есі. Оның мінез-құлқына қарай команданың жұмысы мен тынысы белгіленеді. Команданы оның өзі ғана таңдап, талғап алады және ол соның ырқына, ықыласына сай кеп жатады. Ол кемедегі әрбір матростың әдетін, ойын, үй-ішінің жай-күйін біледі. Қарауындағы кісілер алдында оның сиқырлы бір құдіреті болады, соның арқасында ол шетсіз-шексіз мұхиттан жол тауып, мәселенки, Лиссабоннан Шанхайға емін-еркін бара береді. Ол күрделі бір жүйелі шаралар қолданып, дауыл пәтіне төтеп береді, қысқа да қаһарлы әмірімен үрей қамап дүрліккен команданы су сепкендей басады. Ол қалаған кезінде жүзеді, қалаған кезінде тұрады, ол кеменің кетуіне, жүк тиеуіне, жөнделуіне, тынығуына жарлық береді. Тынымсыз қимылдан, әрекеттен тұратын осындай жанды іске одан артық ақылды билік жүргізетін кісіні табу қиын. Осындай нағыз тұйық та томырық, толық билік тек Орфейде ғана болған шығар.

 

Капитан жайлы осылай ойлау, оның бейнесі, өмірден алатын шын орны жан тебіренісіне түскен Грэйдің албырт санасынан мәңгі орын тепті. Осыдан басқа ешбір кәсіп, ешбір мамандық тірліктің бар қазынасын саф алтындай тұп-тұтас етіп құя салмас еді, сонда ол әрбір жеке бақыттың өрнек-бояуын қаз қалпында сақтайды. Қауіп-қатер, нартәуекел, табиғат тауқыметі, алыс елдердің нұры, ғажайып бір беймәлім жәйттер, дидарласқанда, айырылысқанда, жалт етіп бір көрініп жоқ болатын ұшпа махаббат, кездесудің, адамдар мен оқиғалардың абыр-сабыр әбігері, қимас ыстық сәттер – бәр-бәрі өз ерекшелігімен, ою нақышымен өтіп жатады; сенің каютаң аяулы Отаныңның кітаптарына, суреттеріне, хаттарына, өр кеудеңе тағып алған бойтұмар ішіндегі жібек шашпен орай салған семген гүлге толы болса да, өмірдің сан алуан құбылыстарына, аспан күмбезінің түпсіз биігіндегі Есекқырған, Жетіқарақшы сияқты жұлдыздарға, күллі құрлықтарға қыран көзбен қызықтай қарайсың.

 

Он бес жасқа шыққан жылы күзде Артур Грэй үйінен жасырын кетіп қалып, теңіздің алтын қақпасын ашты. Ұзамай Дубельт портынан Марсельге қарай «Ансельм» атты шхуна

 

38

 

шықты, оның ішінде сыртқы түрі балаша киініп алған кішкентай қыз сияқты нәуетек жас теңізші кетіп бара жатты. Бұл теңізшіміз жұқа саквояждың, жып-жылтыр етік пен тәждің суреті кестеленіп салынған бәтес ішкиімдердің иесі Грэй болатын.

 

«Ансельм» Францияға, Америка мен Испанияға барған алғашқы бір жылда Грэй бұйымдарының көбін сатып жіберді

 

– өткен күндерін еске алып, бірсыпыра заттарын тәтті тоқашқа жұмсады, ал қалғанын бүгінгі және болашақ тірлігіне қажет болар деп картаға ұтқызды. Ол қайтсе де көкжал теңізші болғысы келді. Тұншығып бара жатса да, сыр бермей арақ ішті, шырқау биіктен жүрегі лүпілдеп, басын төмен беріп суға секірді. Ол бірте-бірте өзінің ең басты қасиеті – кереметтей сергек, елгезек жанынан өзге ерекшеліктерінің бәрінен айырылды; ол әлжуаз баладан бұлшықеті бұлт-бұлт ойнайтын сүйекті жас жігітке айналды, ақ жүзі күн мен жел қағып қоңырқай тартты, бұрын сәнмен, баппен қимылдайтын бипаз қол енді нені болса да дәл соғатын бейнеткеш, мерген қолға айналды, оның ойлы көзінде енді отқа қарайтын адамның жанары сияқты өткір бір жарқыл пайда болды. Оның бұрынғы әрі паңдаңа, әрі ұяла сөйлейтін сөз мәнері қалып, ағынды айдыннан күміс шабақты қағып кететін шағаланың шалт қимылындай, кесіп-кесіп, қысқа да айқын сөйлейтін болды.

 

«Ансельмнің» капитаны қатал теңізші болғанмен, қайырымды кісі еді, ол кемеге кейін бір реті келгенде ермек етіп, мазақтап күлемін ғой деп баланы ала салған. Грэйдің теңізге құштарлығын, дарқан өскен баланың өткінші бір шолжаң еркелігі ғана деп ұққан, сол себепті де енді бір-екі айдан кейін бетіме тура қараудан тайсалып, Грэй маған мынадай бір сөздерді айтады ғой деп күн ілгері іштей мәз боп жүрген: «Капитан Гоп, мен мына арқандармен жоғары өрмелеймін деп жүріп, қолымды шиедей жаралап алдым, екі бүйірім, арқам сіресіп қозғалтпайды, саусақтарым домбығып илікпейді, басым зырқылдап ауырады, тілерсегім дірілдеп тұра алмаймын. Мына бір әрқайсысы екі пұт келетін ылғал қанаттар қолыма ауыр соқты; осынау леер, вент, брашпиль, темір арқан, стеньгтер мен салленгтер мендей

 

39

 

әлжуаздың сорына бола жасалған екен. Мен үйге, мамама қайтқым келеді». Осындай сөзді ойша тыңдаған капитан Гоп бұған іштей былай деп жауап беретін: «Балапаным, қайда барам десеңіз де еркіңіз білсін. Егер сіздің сезімтал нәзік қауырсыныңызға қара май жабысып қалса, оны үйіңізге барғасын «Роза-мимоза» әтірімен сүртіп тазартасыз ғой». Ойынан шығарған осы бір әтірге капитан Гоп кәдімгідей мәз болып, сөзін аяқтағасын жұртқа естірте: «Иә, «Роза-мимозаңызға» жөнеліңіз» дейтін қайталап.

 

Бірақ жүре келе капитан осы бір салмақты сөзін өте сирек айтатын болды, өйткені Грэй көздеген мақсатына өліктей қуарып, қасарыса тістеніп, қайтсе де жетпек болды. Ол тынымсыз ауыр бейнетке қайсар жігері мен еркін қарсы қойды, кеменің қатал тәртібі қабырғасын қайыстырып, ағза-ағзасына әдет болып сіңген сайын ол бойы жеңіліп, еңсесі көтеріле түсетінін сезді, шалағай шартықтан кәнігі теңізшіге айналатынын білді. Кейде зәкір шынжырының ілмегі толғай соғып, палубаға жалпасынан түсіреді, кнехтке шалынбаған қанат қолдан сусып, алақанын сойып кетеді, долы жел ышқынып кеп, желкеннің темір шығыршық тағылған дымқыл шетімен құлаштап бетке ұрады, не керек, әйтеуір жұмыс біткеннің бәрі ұдайы сақ жүруді талап ететін таусылмайтын бір азап пен тозақ; бірақ ол екі иінінен демалып, белін жаза алмай жатса да, миығынан күліп, сыр бермейді. Жаңа ортада қашан «өзіміздің жігіт» атанғанша ол жұрттың мазақтап күлгенін, кемсіте қорлағанын, боқтап-боралағанын ескермей үнсіз жүре берді, ал әбден бойы үйреніп алғасын ол арына тиетін әрбір сөзге бокспен жауап қайтаратын болды.

 

Бір күні капитан Гоп оның желкенді рейге қолы-қолына жұқпай шебер байлап жатқанын көріп, іштей өзіне-өзі «Сен мені жеңдің-ау, қу бала» деді. Грэй палубаға түскесін Гоп оны каютасына шақырып алып, умаждалып қалған бір көне кітапты ашып тастады да:

 

– Ал енді мені мұқият тыңда! Темекіні таста! Кеменің күшігін капитанға айналдыру ісін бастаймыз, – деді ол.

 

Сосын ол теңіздің ескі сөздерін бір кітаптан судыратып оқи бастады, оқыды деген дұрыс болмас, айқайлап айта

 

40

 

бастады. Бұл Грэйдің алғашқы сабағы еді. Жыл он екі ай ұдайы ол навигациямен, практикамен, кеме құрылысымен, теңіз заңымен, лоция және бухгалтериямен танысты. Капитан Гоп оған қолын ұсынып, «Біз» деп сөйлейтін болды.

 

Ванкуверге келгенде Грэйдің алдынан шешесінің ағыл-тегіл жасқа толы, үрейлі хаты шықты. Ол шешесіне былай деп жауап жазды: «Бәрін де білем. Бірақ сен дүниені мен сияқты көрсең: бәріне менің көзіммен қарап көрші. Егер сен дүниені мен сияқты естісең ғой, құлағыңа бақашанақты тосшы

 

– онда мәңгі толқынның шуылы бар. Егер сен күллі ғаламды мен сияқты жақсы көрсең ғой, онда мен сенің хатыңнан өзің мен махаббатыңа қоса, ұяң күлкіні де табар едім».

 

Әлқисса, ол сонымен «Ансельм» қашан Дубельтке жүк әкелгенше теңізші боп жүре берді: содан осы арада аз күн аялдайтын болғасын, со кезде жиырма жасқа шыққан Грэй қорған-сарайға қарай бет алды.

 

Төңіректің бәрі бұрынғыша: осыдан бес жыл бұрынғы сияқты әрбір зат жеке алғанда да, жалпы алғанда да қаз қалпында тұрған тәрізді, тек жас талдардың жапырағы жамырап, қалыңдай түсіпті; оның үй алдындағы өрнегі өсіп, жайылып кетіпті.

 

Дәйекшілер жан-жақтан жүгіріп келіп, жамыраса қуанып, абыр-сабыр болды да қалды, сосын Грэйді тап бір күн кеше ғана қарсы алғандай-ақ құрмет тұтып үндемей қалысты. Оған шешесінің қайда отырғанын айтты; ол биік үйге кіріп, есікті сәл ашып, қара көйлек ақ шашты әйелге қарап үнсіз тұрып қалды. Ол распятиенің алдында тұр екен; оның ыстық ықыласпен сыбырлай оқыған дұғасы лүпілдей соққан жүректей әуезді естіледі. «Теңізшілерге, жолаушыларға, ауруларға, қасірет шегушілер мен тұтқындарға» деген сөздерді есітті тынысын тартып тұрған Грэй. Сосын барып «Менің ұлыма да...» деген сөздер қосылды. Со замат ол жай ғана: «Мен...» деді. Басқа сөзді айтуға әлі жетпеді. Шешесі артына жалт қарады. Өзі жүдеп кетіпті; тәкаппар ашаң жүзіне жастық шағы қайта оралғандай бір нұрлы шырай кіріпті. Ол дереу баласының қасына жетіп келді, қысқа ғана бір күліп, даусы

 

41

 

еріксіз шығып кетті де, көзі мөлтілдеп жасқа толды, бар болғаны сол. Бірақ ол өмір бойы тап осы бір сәттегідей бақыт-қуанышқа кенеліп көрмеп еді: «Мен сені бірден таныдым, жарығым, жалғызым сол!» Сол-ақ екен, Грэй табанда сәби қалпына қайта түскендей болды. Ол әкесінің қайтыс болғанын есітті, сосын өзі бастан кешірген хикаяларын сөз етті. Шешесі соның бәрін ләм деместен, баласына өкпе артпай, кінәламай үнсіз отырып тыңдады, бірақ өзінше, іштей ұлының өмір тірлігінің өзегіне айналған өнерін – баласына ермек болып жүрген ойыншықтай көріп отырды. Тіпті құрлықтар мен мұхиттар да, кемелер де оған сондай ойыншық болып көрінді.

 

Грэй қамал-сарайда жеті күн болды, сегізінші күні ол қойны-қонышына ақшаны сықай салып, Дубельтке келіп, капитан Гопқа сөз тастады: «Сізге алғыс айтам. Сіз маған жақсы жолдас болдыңыз. Қош, ақылшы дос!». Сөзінің шын мәнін сездіру үшін ол капитанның қолын құшырлана қысты.

 

– Енді мен өз кемеммен бөлек жүзем». Гоптың беті ду етіп, қолын жұлып алды да, жерге бір түкіріп, жүріп кетті, бірақ Грэй оны қуып жетіп, иығынан құшақтай алды. Сосын бұлардың бәрі командадағы жиырма төрт адам бас қосып, мейманханадан шықпай, күні-түні ішіп, у да шу болып, ән-өлең айтысып, буфет пен асханадағы арақ-шарап пен ас атаулыны түгел тауысқанша тарқамады.

 

Арада аз уақыт өткеннен кейін Дубельт портында қарауытып көрінген жаңа діңгек үстінде кешкі жұлдыз жымыңдап тұрды. Бұл Грэй сатып алған «Құпия» кемесі еді, ол екі жүз алпыс тонналық үш мачталы галиот болатын. Сонымен өз кемесінің капитаны және иесі ретінде Артур Грэй тағы да төрт жыл жүзді, ақырында тағдыр айдап, ол Лисске келді. Бірақ ол үйіне келгенде, шешесінің өзін жүрек күйіндей боп естілген қысқа ғана ұяң күлкімен қарсы алғаны жігіттің есінде мәңгі сақталып қалып еді, сол себепті де ол жылына екі рет қамал-сарайға соғып кетеді, келген сайын күміс шашты әйелдің жарым көңіліне медеу боларлық бір ойды: осындай үлкен бала ойыншықтарын қалайда уысынан шығармайтын шығар деген көмескі үміт ұшқынын тастап кетеді.

 

42

 

III

 

ТАҢ АТҚАНДА

 

Грэйдің «Құпия» кемесінің артында бұрқырап, көпіршіп қалып жатқан ақ жолақ ізі мұхитты белуарынан тіліп отырып, Лисстің кешкі оттарының жарығына жеткенде ғайып болды. Кеме маякқа таяу келіп рейдке тұрды.

 

«Құпия» он күн ұдайы чесуча жібегін, кофе мен шай түсірді. Он бірінші күні команда жағаға демалысқа шығып, шаршап буына бөгіп жатты, он екінші күні не екенін өзі де білмейді, Грэй әлденені аңсап, жабығып мазасы кетті.

 

Таң сәріден көзін ашар-ашпастан ол күннің қарайып шығып келе жатқанын сезді. Ол тұнжырап жүріп киінді, селқос отырып таңғы асын ішті, газет оқуды ұмытып та кетті, әлдеқалай бір мағынасыз-мәнсіз ойға беріліп, темекісін ұзақ тартты. Көңіліне келіп-кетіп жатқан көмескі бұлдыр сөздер ішінде бір бұйығы тілек пен ашылмаған сырлар да бар сияқты, бірақ олар өзара арпалысып, таласып-тартысып жоғалып жатыр. Нақа болмағасын ол жұмыспен шұғылданды.

 

Боцманды ертіп алып Грэй кемені түгел қарап шықты, «ванттарды тартып, штуртросты босатыңдар, клюзді тазалап, кливтерді ауыстырыңдар, палубаны нұмдап, компасты тазалап, трюмді ашып, сыпырып, ішін желдетіп алыңдар» деген жарлық берді. Бірақ жұмыстан да жаны жай таппады. Көңілсіз күннен әлденені күткендей елеңдеп, күні ұзақ беймаза күйде, мұңайып жүрді: біреу өзін шақырғандай, бірақ кім, қай жаққа шақырғанын ұмытып қалған тәрізді.

 

Кешкілік ол каютасын жауып, кітап оқыды, оның шетіне кереғар ойларын жазып, авторға ұдайы қарсы дау айтып ұзақ отырды. Осы ойынға, көрде жатып жердегімен ерегіскен автормен айтысам деп ол біраз уақытын өткізді. Сосын ол трубкасын тартып, көк түтінге көміліп, сол сейілмелі селдір мұнар арасынан алуан-алуан суреттер көрді.

 

Дүниеде темекіден құдіретті ештеңе жоқ, атқылаған асау толқынға май құйғанда оның құтырынуы қалай тез басылатын болса, темекі де сол сияқты, ытырынған сезімді сылап-сипап

 

43

 

сабасына түсіреді, сонда ол бірі қоңыржай, жаймашуақ күй табады. Сол себепті де, үш трубкадан кейін Грэйдің өрікпіген көңілі басылып, бір ұзақ сонар ойлы күйге көшкендей еді. Ол осылай манаурап бір сағаттай отырды, көңіліндегі бұлдыр тұман сейілген кезде, Грэй селт етіп оянып, сергіп қайтпаққа палубаға шықты. Жеті түн, борт сыртындағы қап-қара су үстінде жұлдыздар мен мачта шамдарының оттары қалғып-мүлгиді. Иман жүзді кісідей жып-жылы ауадан теңіз иісі аңқиды. Грэй шалқайып алыс жұлдыздың алтын мүйісіне сығырая қарады. Со заман кісі қиялы жетпес қашықтан көзінің қарашығына алыс планетаның отты инесі келіп қадалды. Соның шығанақ түкпірінен түнгі қаланың сарыны естіледі. Кейде жағадағы сөзді жел қағып алып, саққұлақ су үстімен осында жеткізеді және өзі тап бір палубада айтылғандай-ақ ап-анық естіледі де, кеменің арқан-жіптерінің, қайыс әбзелдерінің сықырынан өшіп қалады, балкадан сырт етіп шырпы жанды да, әлдекімнің қолын, дөп-дөңгелек көзі мен мұртын көрсетті. Грэй ысқырып қалды, трубканың оты қозғалып, өзіне карай қалқыды, сәлден кейін капитан қараңғыдан вахтадағы кезекшінің қолы мен бет-аузын көрді.

 

– Летикаға айтыңызшы, менімен бір жерге бармақ еді. Қармақтарды ала жүрсін, – деді Грэй.

Ол он шақты минуттан кейін Летика әзірлеп қойған қайыққа кеп түсті, осы бір қуақы жылпос жігіт борттан тарсылдатып ескектерді алып, Грэйге берді, сосын өзі төмен түсіп, ескектерді білегіне қондырып, азық-түлік салынған себетті қайықтың тұмсық жағына тыға салды. Грэй рульге отырды.

 

– Қалай қарай есейік, капитан? – деді Летика, оң ескегімен қайықты бұрып жатып.

Капитан үндемеді. Матрос бұл үнсіздікті сөзбен бұзуға болмайтынын біледі, сол себепті де, ләм демей қайықты есе берді.

 

Грэй әуелі ашық теңізге қарай бет алды да, сосын сол жағалауды жиектей жүрді. Оған қазір қалай жүзсе де бәрібір. Руль бәсең сырылдайды, ескек сықырлап, шалпылдайды; қалған әлем – теңіз бен тамылжыған тыныштық.

 

44

 

Ұзақты күн кісі өз кеудесіне қисапсыз көп ойлар мен әсерлерді, сөздер мен сөйлемдерді сіңіріп жинайды, егер соның бәрінің басын қосса, талай-талай кітап шығар еді. Әр күннің ерекше кескін-кейпі болады, бірақ, Грэй бүгін со күннің бет-бейнесін айыра алмай әуре, оның көмескі, күңгірт жүзінде мың сан сезімнің біреуінің табы бар екені рас, қапелімде олардың атын қайдан табарсың. Олар, әдетте, хош иіс сияқты, сөз бен ұғымнан аулақ жатады, сосын оған ат қою да қиын. Грэй тап осындай сезімнің билігінде еді, рас, ол бұл сезімі жайлы «мен бірдеңені тосып жүрмін, ұзамай оны білемін де» дей алар еді, бірақ мұның өзі тұтас архитектуралық ойдың жеке бір бөлшегінің сызығы сияқты. Бұ сезімде әлі де алабұртқан ақ көңілдің серпіні бар-ды.

Бұлар жүзіп келе жатқан жердің сол жағынан қарауытып адырлы жиек көрінеді. Жарық терезелерден, жоғарыдағы мұржалардан түтінмен бірге шашырап ұшқын шығып жатыр, бұл Каперна еді. Грэй дабырласып ұрысқан дауысты, иттің үргенін есітті. Деревня оттары шұрқ тесікті кақпағынан отыны лаулап жанып жатқан пешті еске түсірді. Оң жақтан ұйқыдағы алыптай мұхит аунайды. Капернадан өткесін Грэй жиекке қарай бұрылды. Бұл жерде су жағаны бәсең ғана шылп-шылп жалап жатыр. Фонарымен жарық қып, ол жарлауыт жиекті, оның төбеден түксие төніп тұрған қабағын көрді, бұл ара оның көңіліне қона кетті.

 

– Осы жерден балық аулаймыз, – деді Грэй қайықшыны иығынан қағып.

 

Матрос түсініксіз бір тамсанып қойды. «Мұндай капитанмен бірінші рет жүзіп жүрмін, – деді ол күбірлеп. – Іскер капитан, бірақ өзгелерге ұқсамайды. Құпия бірдеңесі бар капитан. Дегенмен, өзін жақсы көрем».

 

Ескекті ұйыққа қазық етіп қағып, оған қайықты байлады, сосын екеуі бұдыр тасты жармен өрмелеп жоғары шықты. Жар басынан әрі қарай ну тоғай басталады екен. Қураған ағашты шапқан балта үні шықты, ағашты құлатқасын Летика жар басына от жақты. Су бетіне ебедейсіз көлбеңдеген көлеңке түсті, жалтырап жалын шағылысты, түнек түріліп, шөптер

 

45

 

мен бұтақтар көрінді; алау үстінде түтінмен араласқан ауа бозарып қалқып тұрды.

Грэй от басына отырды:

– Кәне, Летика дос, күллі ішпейтіндердің денсаулығына бағыштап бір тартып жіберші, – деді ол шыныны ұсынып. – Сен хина арағын емес, имбирь арағын алыпсың.

 

– Кешіріңіз, капитан, – деді матрос, тыныс алып жатып.

 

– Мынадан бір қарбытайын... – Ол қуырылған балапанға құшырлана тісін басып, жартысын жұлып түсті де, оның бір қанатын аузынан алып, сөзін сабақтады: – мен сіздің хина арағын ұнататыныңызды білем. Қараңғыда асығып жүріп байқамаппын. Білесіз бе, имбирь кісіні ширықтырады, Мен төбелесерде ылғи имбирь арағын ішем.

 

Капитан ішіп-жеп жатқанда матрос оған қырындай қарап отырды да, шыдамай кетті білем:

– Капитан, осы сізді бір текті тұқымнан шықты деген рас па? – деп сұрады.

– Соны қайтерсің, Летика, қаласаң, қармақты ал да балық аула.

– Сіз ше?

– Мен бе? Білмеймін. Бәлкім, аулармын да. Бірақ... кейін...

 

Сосын ол өлеңдете сөйлеп, қармақтың бауын жазды; оның

 

бұл өнеріне күллі команда таң қалатын.

 

– Солқылдаған шыбыққа шұбатылған бау тағып, қармағымды ілдім де, қатты ысқырдым шаттанып. – Сосын саусағын шырт еткізіп, жауын құрты салынған құтыны алды.

 

– Жер астында қыбырсыз, жауын құрт қарап жата ма, қармаққа енді іліндің, бұйырарсың лақаға. – Ақырында ол өлеңдетіп теңізге қарай кетті: – Маужырайды мына түн, арақ қандай тамаша: шорши берме, бекіре, ақ сүгенім, секірме. Жар басынан Летика, қармақ салды оңаша!

 

Грэй суға шағылысқан отқа қарап, алау қасына жантайып жата кетті. Манаурап марғау ойлайды. Сол бейжай күйі төңірегін шолады, көмескі бірдеңелер бұлдырап көзге түскені болмаса, көңілде қалмайды. Ойы – қалың нөпірді қақ жарып біреуді қағып-соғып, біреуді басып, бірде қатты, бірде жай

 

46

 

шауып келе жатқан ат сияқты; бірде еркін зуласа, бірде әбігерге түсіп, кібіртіктеп қалады. Ол барша ғалам заттарының жан сырларын аралап кетеді; айқын тебіреністен тылсым нышандарға ауысады; жер мен аспанды шырқ айналып, қиялынан туған кісілермен сырласады, қайдағы жоқты еске түсіріп, шырадай жандырып, табанда өшіреді. Осы бір жөңкіле кешкен бұлт тәрізді ой тасқыны бірде жан бітіп ап-анык боп көрінсе, бірде берекесіз сандырақ сияқты үздік-создық ыдырап кетеді. Міне, осылай жаймашуақ тынығып жатқан жан әлсін-әлсін езу тартып, жымияды, өйткені тірлік-тағдыр жайлы ой толғанып жатқанда, кенет, ойламаған жерден, күтпеген қонақ ретінде қайдағы бір жоқ бейне кеп киіп кетеді: бұдан екі жыл бұрын сынған шыбық сидиып көз алдына келеді. От басында жатып, Грэй осындай бір ойға батты, бірақ өзі мұнда емес, «әлдеқайда» жүр.

 

Басын сүйеген шынтағынан баяғыда-ақ сыз өтіп, ұйып қалыпты. Жұлдыздар бозарып әзер көрінеді; таң таяу қалғасын қараңғылық қоюлана түскен. Капитан ұйықтап бара жатқанын өзі де сезбеді. Оның арақ ішкісі келді, түсінде дорбаға қолын созып, аузын шеше бастады. Сосын ол түс көруін қойды. Қалған екі сағат Грэйге екі-үш секундтай ғана болып көрінді, ол шынтағына сүйенген күйі қатты ұйықтап кеткен-ді. Осы уақыт ішінде Летика от басына екі рет келіп, темекі тартты, ішінде не бар екен деп ұстаған балығының аузына үңіле қарады. Әрине, одан ештеңе көре алмады.

 

Ұйқыдан оянғасын, Грэй ә дегенде бұ жерге қалай келгеніне түсінбей қалды. Ол жарқырап атқан таңның жадыраңқы қабағына, жап-жасыл ағаш арасынан көрінген жарлауыт жиекке, алаулаған көк айдынға таңырқай қарады; төңірегінде де, өз аяғының үстінен де жаңғақ тоғайының жапырағы жамырай төніп тұр. Төменде, жар астында – Грэйге ол ту сыртында, аяғының астында жатқандай сезілді, теңіз шымырлап, шыпылдап жатты. Жапырақтан шық тамшысы жылт етіп аунап түсіп, ұйқылы-ояу жатқан жігіт бетіне мұп-мұздай боп тамшы ағып кетті. Ол орнынан тұрды. Дүние жарқырап жайнап тұр екен. Сөнген оттың шаласы бықсып

 

47

 

жатыр. Оның ащы иісі жасыл орман ауасымен тыныстаған жан рақатын күшейте түскендей.

 

Летика көрінбейді, ол бар дүниені ұмытқан: маңдайы тершіп, құмарпаз ойыншы сияқты, балық аулау қызығына түсіп алған. Грэй тоғайдан шығып, еңіске шашырай біткен бұта арасына келді, өсімдік біткен буланып, алаулап тұр, ылғал гүлдер еріксіз суық сумен жуылған баладай бал-бұл жайнайды. Жасыл әлем иненің жасуындай мың сан аузымен тыныстап, киіздей боп қаулай өсіп, жамырай-жадырасып, Грэйдің етегінен тартады. Капитан әр алуан шөп өскен бір ашық алаңнан келіп шықты, сосын осы арадан балбырап ұйықтап жатқан жас қызды көрді.

 

Ол жас бұтақты қолымен абайлай ашып, қатерлі бір олжаның үстінен түскендей аңырап тұрып қалды. Өзінен бес қадамдай жерде бүрісіп, бір аяғын бүгіп, екінші аяғын созып жіберіп, қолын жайлы жастанып, әбден шаршаған Ассоль жатыр еді. Шашы қобырап бір жағына жиналыпты, алқымындағы түймесі ағытылып, одан аппақ болып мойнының шұқыры көрінеді; юбкасының етегі сәл түріліп, тізесін ашып тастапты, ұзын кірпіктері ұяң жүзінде, самай шашының көлеңкесінде алаңсыз мүлгиді, басына жастанған оң қолының шынашағы мойнына қарай майыса түскен. Грэй жүресінен отырып, өзінің Арнольд Беклиннің картинасындағы Фавнға ұқсап кеткенін сезбей, төменнен қыз жүзіне телміре қарады.

 

Бәлкім, басқа бір кез, басқа бір жағдай болса, ол бұ қызды тек көзімен ғана көрер еді, ал енді оны осы арада басқаша көріп отыр, Оның жаны жадырап, түлеп, тұла бойы шымырлайды. Әрине, ол бұ қыздың өзін де, атын да, жағалауда неге ұйықтап жатқанын да білмейді, бірақ сонысына қатты ырза. Ол түсініктемесі жоқ суреттерді жақсы көреді. Ондай суреттің әсері әлдеқайда күшті болады, сөзден тәуелсіз тұрған суреттің мән-мағынасының шеті мен шегі болмайды, ол жүйрік ойдың бар болжамы мен жорамалына жауап беріп жатады.

 

Жапырақтардың көлеңкесі қысқарып, түбіне қарай жақындай түсті, Ал Грэй болса ыңғайсыз жүрелеген күйі әлі

 

48

 

отыр. Қызды тәтті ұйқы жеңген: оның қара шашы да, көйлегі де, тіпті көйлегінің қатпарларына дейін ұйықтап жатыр; оны анталап қоршап алған шөптердің өзі қызға қарап елжіреп, маужырап мүлгіп кеткен сияқты. Осы бір қыздан алған әсері кеудесіне сыймай, бір жылы толқын сияқты лықсып келіп, ала жөнелгенде жігітіміз тербеліп кете барды. Летика манадан бері: «Капитан, қайда жүрсіз?» деп айқайлай-айқайлай жағы талып еді, бірақ капитан оны естімеді.

 

Ақырында, ол отырған жерінен тұрған кезде, өзгеше бір ғажайып оқиғаларға ынтызар көңілі ашуланған әйелде ғана болатын өжет тапқырлықпен мұны жағадан ала түсті. Со бір ынтызар көңілінің ырқына ойлана тұрып көнген Грэй саусағынан аса қымбат асыл тасты сақинасын алды, бәлкім, осы бір әрекетімен тірлікке жазу-сызу сияқты мәнді бірдеңе қосармын деп толғанды ол со замат, оның бұл ойы тегін емес-ті. Ол қарақұсының астынан ағарып көрініп жатқан қыз шынашағына сақинаны абайлап кигізе қойды. Шынашак ақ шабақтай бір шоршып, тыныштала қалды. Албырап жатқан қыз жүзіне тағы бір қарап, бұрыла бергенде Грэй қасын керіп аңырып тұрған матросты көрді. Летика капитанының мына ісіне аузын ашып, таңырқай қарап тұр екен, бір кезде, шамасы, Иона да өзінің атша ерттеп мініп алған жайынының аузына тап осылай таңырқай қараған-ақ шығар.

 

– Ә, бұл сенбісің, Летика! – деді Грэй. – Ана қызға қарашы. Қалай, жақсы ма?

– Ғажайып көркем полотно! – деді кітаби сөзді жақсы көретін матрос самбырлай айқайлап. – Жай-жағдаятты ойластырып қарасақ, кісіні тартатын бірдеңесі бар екен. Мен төрт мурена мен тағы бір қуық сияқты жұп-жұмыр балық ұстадым.

 

– Тыныш, Летика. Кеттік бұл арадан.

Олар бұта ішіне кіріп кетті. Енді қайыққа қарай жүруі керек, бірақ Грэй кідірістеп, жасыл ағаш пен аққайраң үстінен Каперна мұржаларының тағы түтіні шүйкедей созылып жатқан алыстағы жайпауыт жағаға жаутаңдап қарай берді. Түтін арасынан ол тағы да со қызды көрді.

 

49

 

Сосын ол жалт бұрылып, еңіспен төмен түсе бастады. Матрос не болғанын сұрамай соңынан ерді; ол үнсіздік сағаты қайта соққанын сезді; қыстақтың бірінші үйін жанап өте берген кезде Грэй оқыстан:

 

– Летика, өзіңнің жіті көзіңмен бір қарап, трактир қайда екенін тапшы, – деді ол.

 

– Әне, бір қара шатырлы үй болар, – деді Летика, – кім білген, ол болмауы да ғажап емес.

 

– О шатырдың не өзгешелігі бар?

– Соны өзім де білмеймін, капитан. Тек жүректің түйсінуі ғой.

 

Олар сол үйге тақау келді; бұл расында да Меннерстің трактирі екен. Ашық терезеден үстел үстінде тұрған шыны көрінеді, оның қасында біреу күйе-күйе қолымен бурыл мұртын сауып отыр.

 

Уақыт әлі ерте болса да, трактиршінің үлкен залына үш адам жайғасып алыпты. Терезе алдында әлгіде өзіміз байқаған мас мұрттың иесі көмірші отыр, буфет пен залдың ішкі есігінің аралығында екі балықшы жұмыртқа, құймақ пен сыра алдырып ішкелі жатыр, Меннерс, секпіл бетті ұзын бойлы жас жігіт, жалпы саудагерлерге тән алаяқ жылпостықпен сығыр көзі жылтылдап, стойка ішінде ыдыс-аяқ сүртіп тұр. Лас еденге лақтыра салған кітап мұқабасы сияқтанып терезеден күн сәулесі түседі.

 

Грэй көлбей түскен мұнарлы жарық жолағын кеп басқанда, мұның алдынан қошеметтей иіліп Меннерс шыға келді. Ол Грэйдің нағыз капитан екенін бірден сезді, мұндай қонақты ол сирек көретін. Грэй ром сұрады. Үстел үстіне жуа-жуа сарғайып кеткен дастарқан жауып, Меннерс бір шыны әкеп қойды, әуелі оның этикеткасын бір жалап, жапсыра салды. Сосын ол стойка ішіне кірді де, бірде Грэйге қараса, бірде алдындағы тәрелкенің түбіндегі бірдеңені тырнап қырып тастау үшін соған қарайды.

 

Летика стаканды қос қолдап ұстап, сонымен бірдеңе деп сыбырласып отырғанда, Грэй терезеге бір қарап, Меннерсті шақырды. Хин бұған әлдеқандай болып, қоқиланып кеп орындықтың шетіне отырды, Грэйдің саусағын қимылдатып шақырғанының өзіне мәз.

 

50

 

– Сіз, әрине, осы араның адамдарын тегіс білесіз ғой, – деді Грэй салмақпен. – Мен басына шаршы салған, үстіне қызыл гүлді көйлек киген, он жеті-жиырмалар шамасындағы қолаң шашты, орта бойлы бір қыздың атын білгім келеді. Мен оны осы араға жақын бір жерден көрдім. Оның аты кім?

 

Ол бұ сөзін жалтарып-бұлтартпайтын үнмен нығарлап айтты. Хин Меннерс іштей шықылықтап, мырс етіп күліп те алды, бірақ сырттай жігіттің ыңғайына көшті. Обалы не керек, жауап бермес бұрын ол біраз үндемей қалды – сондағы құнарсыз ойы – қызды неге сұрағанын білу.

– Ім-м! – деді ол үй төбесіне қарап. – Ол, шамасы, әлгі «Кемеші Ассоль» болды, басқа кім дейсің?! Ол – бір жүрген жарымес бишара.

– Солай ма? – деді Грэй селқос, ромнан бір ұрттап. – Ол өзі қалай болып еді?

– Ендеше, тыңдаңдар.

Со жерде Хин Грэйге осыдан жеті жылдай бұрын титімдей қыздың теңіз жағасында ән-жыр жинаушы бір шалмен жолығып сөйлескенін айтты. Баяғыда тап осы трактирде отырып, тіленші айтқалы бері бұл әңгіме жұрттың гу-гу өсегіне олжа боп, сайқымазақ, дөрекі қалжыңға айналып кетсе де, негізгі мәні сары уыздай сақталып қалған-ды.

 

– Содан бері жұрт оны осылай атайды, – деді Меннерс,

 

– иә, «Кемеші Ассоль» деп атап кетті.

Грэй еркінен тыс үндемей монтиып отырған Летикаға

 

қарады, сосын көзі жылжып барып, трактирдің қасынан өтетін шаңдауыт жолға түсті, со замат оның төбесінен жай түскендей болды – со жолмен тура осыған қарай, әлгіде ғана Меннерс баяғы тәуіп сияқты ішек-қарнын ақтара айтып берген Кемеші Ассольдің тап өзі келе жатыр екен. Оның кереметтей сұлу жүзі, нұрлы көзі жаутаң қаққанда жан тебірентетін сырлы да қарапайым сөз сияқты сиқырлы көрінеді екен. Матрос пен Меннерс терезеге сыртын беріп отырған, осылар аңдамай артына бұрылып қарап қояр деген оймен Грэй әзер дегенде қыздан көзін жазып, Хиннің жирен көзіне тесіле қарады. Енді ол Ассольдің өз көзін көргеннен кейін,

 

51

 

көңіліне Меннерс салған кірбіңнен бірден айықты. Ал ойында ештеңе жоқ Меннерс әңгімені гөйітіп отыр:

– Сізге тағы бір айтайын дегенім, оның әкесі барып тұрған жауыз. Ол менің әкемді кәдімгі мысықтай суға батырып жіберген. Құдай-ай, кешіре гөр... Ол...

 

Оның сөзін арт жағынан оқыс барқырай шыққан бір дарақы дауыс бұзып жіберді. Әлгіде ғана мас болып мүлгіп отырған көмірші кенет дүр сілкініп, ессіз көзі алақтап, барылдай жөнелгенде, жұрт шошып, состиысып қалды:

 

Әй, седепші, седепші, Қалтамызды қағып қал!

 

– Араққа тағы тойып алғансың ба, қақпас! – деді Меннерс бажылдап. – Кет, жоғал әрі!

 

Қолға түспей тұрғанда Аларыңды алып қал»!.. Қолға түссең құрыдың Үзіледі жұлының!..

 

Көмірші осылай барылдап барып, түк көрмегендей мұртын салбыратып стаканға мала берді.

Хин Меннерс ызаға булығып иығын қиқаң еткізді.

 

– Адам емес азғын ғой, – деді ол, кессе қан шықпас сараңның салтына басып. – Әрқашан өстіп әлекке түсесің де жатасың!

 

– Сіз тағы бірдеңе айтпайсыз ба? – деді Грэй.

– Мен бе? Әкесінің жауыз екенін жаңа өзіңізге айттым ғой. Соның кесірінен, сұлтаным, мен жетім қалдым және оның үстіне шиеттей бала-шағаны өлместің күні деп асырауым керек болды...

 

– Сен өтірік айтып отырсың! – деді көмірші кенет. – Өтірікті соққанда тіпті бет-аузың бүлк етпейді екен, сенің арсыздығыңнан менің мастығым да тарқап кетті.

 

Хин сөйлеймін дегенше, көмірші Грэйге қарап, айтар сөзін бастап та кетіп еді:

– Ол – өтірікші! Оның әкесі де өтірік айтатын, шешесі де өтірік айтатын. Бұлар тұқымымен солай. Қам жемей-ақ

 

52

 

қойыңыз, ол қыз – сіз бенен біз сияқты дені сау, есі бүтін бала. Мен онымен талай рет әңгімелестім. Ол менің арбама сексен төрт рет пе, әлде одан азырақ па, әйтеуір, жиі-жиі отырды. Қыз қаладан жаяу қайтып келе жатса, ал мен көмірімді түгел сатып жіберсем, оны отырғызбағанда кімді отырғызам?.. Мейлі, отыра берсін. Мен оның ақыл-есі бүтін дедім ғой. Ол жұрттың бәріне де аян. Қыз мына сенімен, Хин Меннерс, сөйлесіп әуре болмайды. Бірақ мына мен, жайымен көмірімді сатып жүрсем де, өсек-аяң дегеніңнен жиіркеніп, бойымды аулақ сап жүрем. Оның сөзі ересек кісінің сөзі, бірақ біртүрлі қызық. Осылай тыңдап отырсаң – айтатыны мына сіз бен біздің сөзіміз, бірақ басқашарақ, қызығырақ. Бір күні қыздың кәсібі жайлы бір кеп басталып кетті. «Менің саған айтарым, – деді ол мұнараға қонған шыбындай иығымнан ұстап. – Біздің кәсібіміз кісіні жалықтырмайды, бірақ өзгеше бір нәрсені ойлап тапқың келеді. Мәселенки, менің қолымнан шыққан қайықтар өзі жүзіп кете беретін болса, ескекшілері шынымен-ақ есіп отырса деймін. Сосын олар жағаға келіп арқан тастайды да, тап бір тірі кісілер сияқты жиекке шығып, ауқаттануға отырады». Мен со жерде қарқылдап күліп жібердім, шыдамай кеткенім ғой. «Жарайды, Ассоль, өзіңнің кәсібің солай болғасын, сөзің де соған бейім ғой, жан-жағыңа қарашы, жұрт жұмыс істеп, жау қуғандай жанталасып жатады» деймін мен оған. «Жо-оқ, – дейді ол, – менің бір білетінім: балықшы ау салғанда ауыма бұрын ешкім ұстап көрмеген үлкен балық түссе екен дейді». «Мен не ойлаймын?» – «Сен бе, сен, – деді ол күліп, – себетіңе көмір салып жатып, бұл қазір гүлдеп, шешек жарса екен дейсің». Қыздың қандай сөз айтқанын көрдің бе! Несін жасырайын, со замат жалт бұрылып себетіме қарайын, қарасам, шыбықтар толысып бүршік түйді де, табанда жарылып, жапырақтары жамырап себетке жауғандай-ақ көзімнен ғайып болды. Тіпті мастығым да тарқап кеткендей болды! Ал мына Хин Меннерс кісіні ақшасыз-ақ алдай салады, оның жайын мен білем!

 

Әңгіме насырға шауып бара жатқасын, Меннерс орнынан тұрып, стойканың ішіне барып кірді, со жақтан оның:

 

53

 

– Тағы бірдеңе аласыз ба, қалай? – деп өлеусіреген үні естілді.

 

– Жоқ, біз кетеміз, – деді Грэй ақшасын шығарып жатып.

 

– Летика, сен осында қаласың, кешке келесің, бірақ дымың ішіңде болсын. Көрген-білгеніңнің бәрін өзіме ғана айтасың. Түсіндің бе?

 

– Қайырымды капитан, – деді ромнан біраз еркінсіп алған Летика, – мұны меңіреу ғана түсінбес.

 

– Дұрыс, ендеше! Бірақ мың жерден реті кеп жатса да, мен туралы ләм деп сөз айтпайсың, тіпті менің атымды да атамайсың. Қош!

Грэй шығып кетті. «Осы сәттен бастап, Бертольдтің оқ-дәрі толы келісіне түскен ұшқын сияқты, бір керемет жаңалық болады-ау осы» деген ой жігіттің есінен шықпай қойды, – иә, кісіде ұшқын атып от шығаратын осындай бір жан қопарылысы болады. Ол шыдамсызданып дереу бір қимыл-әрекетке кіріскісі келді. Тек қайыққа кеп отырғанда ғана есін жиып, ақыл қорыта бастады. Ол қуана күліп, алақанын аптапты күнге тосты, ілгердегі бала күнінде, шарап қоймасында ол қолын күнге тосқан еді, сосын қайығын жиектен лықсыта қозғалды да, гаваньға қарай тез-тез есе берді.

 

0
0
109

Еще по теме

Александр Грин — АЛҚЫЗЫЛ ЖЕЛКЕНДЕР - Yvision.kz