Алаш зиялыларының тарихи тағылымы
Ұлт зиялылары елі үшін қабырғасы қайысып, халқының келешегі үшін жасаған игі істері сол замандағы батыр бейнесі. Саяси қызметтің қатерлі жолынан жаңылыспай, жанқиярлыққа барған азаматтар елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап егемендікке қол жеткізудің жолдарын іздеді. Қарапайым халықты ілімге шақырып, көзін ашуға жол нұсқап, білімге құштарлығын ояту мақсатында құнды еңбектерін жарыққа шығарған. Кеңес өкіметінің солақай саясатына қарсы шығып, партия құру әркімнің қолынан келмейтін жауапты іс. Алаш жетекшілерінің ұрандары сол замандағы жастардың рухын оятты. М.Жұмабаев, С.Торайғыров, М.Әуезов, С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Қ.Сәтбаев сынды дара, бітуар тұлғалар қазақ үшін қасық қаны тамғанша еңбек етті.
Алаш зиялыларының негізгі мақсаты ұлтымызды ұйыстыру, бұл игі істің артында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды. Өйткені, ана тілімізде жазу үлгісі мен емлесінің қалыптасуына Алаш зиялылары мұрындық болды. Мәселен А.Байтұрсынұлының "Оқу құралы", "Тіл құралы", Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының оқу-әдістемелік құралдары келешек ұрпаққа мол мұра. Бүгінгі бейбіт заман — сұрапыл жылдардағы ана тіліміздегі азаматтардың еңбектері мен ұлтты сақтау тілді сақтаудан бастау алады деген сарындағы күрестерінің нәтижесі. Алаш қозғалысы тұсында саяси-ұлттық мазмұндағы қазақ баспасөзі қалыптасып, "Қазақ" газеті жарық көрді. "Қазақ" газетіндегі материалдар қазақ халқының зұлмат замандағы тұрмыс-тіршілігін бейнелеп, кеңес өкіметінің солақай саясатын және келеңсіз жайттар мен қате әрекеттерін ашық түрде жазған болатын. "Қазақ" газеті жайлы Мұхтар Әуезов: “Жазба әдебиетте Абайдан соң, "Қазақ" газеті. "Қазақ" газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұтас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905 – ші жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді” деп өз пікірін ортаға салды.
Осы ретте, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 1-курс студенттерінің ұйымдастыруымен және тарих факультетінің оқытушысы, қауымдастырылған профессор Тасилова Назия Айтбайқызының жетекшілігімен Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай конференция өтті. Конференцияда Алаш қозғалысына еңбек сіңірген ұлы тұлғаларды еске алып, өмір жолы мен қазақ халқына қосқан үлестерін бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып, тарихқа шолу жасап, Алаш идеясының түпкі мән-мағынасы дәріптелді. Конференция аясында студенттер арнайы сюжет дайындады. Сюжет желісінде студенттер ұлт зиялыларының тарихта өшпес мұра болып қалған құнды еңбектері жайлы сөз қозғады. Студенттер тарих қойнауына енген асыл қазына "Қазақ" газетін шығаруға атсалысқан А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, М.Дулатұлы сынды тұлғаларды сомдап, шағын көрініс қойды. Көрме суреттері студенттердің шығармашыл қабілетінің ұшқыр екеніне дәлел. Сурет туындылары арқылы ұлы тұлғалардың бейнесін насихаттап, жаңа қырынан көрсете алды.
Жамбулова Айым Тимурқызы
ҚазҰУ Журналистика факультетінің 1-курс студенті.