Перейти к содержимому
Обложка сообщества Культура

Ақмоладағы қазақ театрының жайы туралы

Ақмоланың (Қараөткелдің) қала болып қалыптасу тарихы туралы алдында жазған едім, ендігі тақырып, Ақмоладағы театр, оның ішінде, қазақ театрының жайы туралы болмақ.

Сонымен, Ақмолада алғашқы театрдың құрылысы 1899 жылы басталады. Бұл қазіргі Желтоқсан көшесі бойында орналасқан әсем ғимарат – Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының ғимараты. Ғимарат мемлекет қорғауында, сәулет ескерткіші. Оның революция кезеңіне дейінгі тарихына тоқалмай-ақ қояйын. Бір қызығы театрдың жұмысы басталған кезде оған Семейден саяси жер аударылған Моисеев деген шақырылады, Кеңес Одағы да бұл тәсілді пайдаланған сияқты, өйткені, 1940 жылдары АЛЖИР (Акмолинский лагерь жен изменников Родины, яғни Отанын сатқан әйелдердің Ақмола лагері) деп аталған түрмеде отырып шыққан сотталушылар Ақмола театрының қызметіне тартылады. Мен тек бұл кезеңде Ақмолада қазақ театры өнерінің дамуына қатысты мына мағұлматты бере кетейін. Қаллеки театрының сайтында былай деп жазылған: «Өңірдегі театр өнерінің бұдан кейінгі тарихы Сәкен Сейфуллиннің 1917 жылдың сәуірінде қоғамдық-саяси және мәдени мақсат көздеген «Жас қазақ» ұйымымен жалғасты. Жалынды жастар мен қайраткерлердің белсене араласуымен жұмыс қарқынды дамып, «Бақыт жолында» драмасы жазылды. Шығарма 1918 жылы 1 мамырда көрермен назарына ұсынылған. Нәтижесінде 1919 жылы Ақмолада облыстық орыс-қазақ театры ашылды. Бұл өнер ордасының құрылуына Сәкеннің өзі де, жұртты дүр сілкіндірген алғашқы драмасы да айрықша ықпал еткен еді. Театр үшінші желтоқсанда шымылдығын түргенімен, тұрақты сахнасы болмады. 1923 жылы Халық үйі деп аталған мәдени ошақтар шоғырланған ғимаратқа көшірілді. Елдің қуанышы көпке ұзамай, араға жеті жыл салып бұл ғимарат отқа оранды. Осының салдарынан театр да жұмысын тоқтатқан болатын. 1942 жылы жау қолында қалған Ворошиловградтан театр көшіп келді, көп ұзамай тұрақтамастан Махачкалаға кетеді. 1943 жылы облыс басшылығының шешімімен орыс-қазақ театры қайта құрылды. Бұрынғы қыздар семинариясы болған ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, театр меншігіне өтеді. Соғыс аяқталған соң, өзін-өзі қаржылай ақтамады деген себеппен қазақ труппасы таратылған. 1955 жылы театрға жазушы Максим Горький есімі беріліп, сол ғимаратқа біржола орнықты. Араға жылдар салып, 1989 жылы Целиноградтан қазақ театрын ашу туралы «Қазақ тілі» қоғамына хат жазылды. 1990 жылы 10 мамырда Целиноград қаласында «Тіл және мәдениет» атты облыстық қазақ қоғамы құрылды. Аталмыш қоғамның ең маңызды мақсаттарының бірі ұлттық драма театрын ашу болды. Мақсатқа жету жолында түрлі кедергілерге қарамастан, 1990 жылғы 28 шілдеде облыстық атқару комитетінің қазақ музыкалық драма театрын құру туралы шешімі шықты.».

Бірақ, осы жерде Сейфуллиндер бас болған театр өнерінің жалғасы тек 1990 жылдары қайта жанданғанын түсіндік, алайда, менің қызығушылығымды тудырғаны, 1943 жылғы орыс-қазақ театрының қазақ труппасы туралы еді. Қазақ бөліміне жас әртістер келеді, олардың алғашқы қойылымы Ғабиден Мұстафиннің пьесасы бойынша "Жарыс" еді. Одан соң "Қозы-Көрпеш және Баян Сұлу", "Еңлік - Кебек", "Алдаркөсе" сахналанды. Театрдың белгілі әртістері Қ. Бабақов, М. Сұлтанова, Ш. Билялова, X. Тажыбековтер еді. Айтқандай театр тарихына қатысты материалдарды оқып отырып, 1944 жылы З.Тінәлинаның «Акмолинская правда» газетіне театрдың, оның ішінде қазақ труппасының жұмысы туралы, шығармашылықтары мен табыстары туралы оқыдым. Тінәлинаның айтуынша театр жұмысы қарапайым жұртшылық арасында қызығушылық тудырады. Ақмола-Қарталы теміржол желісі бойындағы гастролдік сапарлары туралы айтады. Тіпті жағдайдың қиын болғанына қарамастан вокзалдарда, деполарда қойылымдар қояды. Міне, театр (қазақ-орыс труппалары) осындай қиын жағдайларда жұмыс істейді. Бұл ретте, театр басшысы әрі режиссері Тінәлинаның тегі таныс көрінді әрі манағы АЛЖИР-ге барған кезде Тінәлинаның фотосы есіме түсті. Ия, жорамалым алдамапты, ол Тінәлина Зағпи (Зағипа) екен, репрессия құрбаны. Енді, Зағпи Тінәлинаның театрға байланысын сипаттаған соң (Зағипа Сәдуақасқызы 1941-1956 жыл аралығында театр саласында жұмыс істеп, театр басшылығына дейін көтеріліп, кейін Тың өлкесінің Мәдениет басқармасын басқарады), тағы бір жайтты айтпай кетуге болмас. Зағпидың сіңілісі Дариға Байжұманқызы Тінәлина қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы режиссер әйел. Әкелері белгілі революционер, Сейфуллин Сәкендермен бірге болған Біләл Тінәлин. Тінәлиналар Ақмола облысының қазіргі Аршалы аудан тумалары. Зағпидың күйеуі Абат Бәженұлы 1937 жылы ұсталып, Сәкен Сейфуллинмен бірге атылып кете барады. Тінәлинаның біреу Байжұманқызы, екіншісі Сәдуақасқызы дейтін болсақ та, олар туған апалы-сіңлілер, Зағпи репрессияға ұшырап, күйеуі атылған соң Дариға көшеде қалады. Сәкен Сейфуллиннің бауырының отбасы Дариғаны асырап алады. Қысқаша айтқанда, Ақмола қазақ театры, театрға байланысты Сейфуллин тағдыры осы жерде Тінәлиндермен тағы тоғысып жатыр. Айтақандай Зағпи Тінәлина 1956 жылы ғана ақталған еді.

Сонымен, КСРО Министрлер Кеңесінің бұйрығына сәйкес Кеңес Одағында жүздеген театрлар жабылады. Оның ішінде Ақмола театры да бар еді. Әуелі қазақ тобын жабу және әртістерін Қарағандыға көшіру туралы сөз болады, содан соң орыс труппасы да жабылуы керек еді. Бірақ, облыс билігі Атбасар ауданаралық колхоз-совхоз театрын құрып, оған қалада қалмаған барлық театр әрістері қосылады. Бұл театр жылжымалы театр болатын, оған декорациялар, костюмдер беріледі. Театр қойылымдары негізінен Ақмолада болғанымен (жылдың жартысы қалада), Ақмола облысының аудандарында қойылымдар қояды. Өз ғимараты болмаған театр 1955 жылға дейін өзгелердің сахналарында пьесаларын қоюға мәжбүр болады. Театр басшысы әрі режиссері Зағпи Тінәлина театр ұжымының сақталуы үшін көп жұмыс істейді. Қазақ-орыс театры енді бір деректерге қарағанда 1948 жылға дейін жұмыс істеп, қазақ труппасы жабылып тынады. Республика Үкіметінің шешіміне сәйкес қазақ труппасы Қарағанды облыстық театрына қосылады. Ал, Қарағанды қазақ театры жаңылмасам 1932 жылдан бері жұмыс істейтін еді. Қысқаша айтқанда, Ақмоладаға театр, оның ішінде, қазақ театрының жайы осындай еді. Ал, бірнеше күн бұрын Астана қаласының Сол жағалауда орналасқан Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театына барып едім, қазіргі күнгі театр өнерінің, оның ішінде, қазақ театрының жағдайына шын жүрегіммен разы болдым. Бұл тәуелсіздіктің арқасы деп білемін, екінші жағынан мақсат Ақмоладаға театр өнері, оның ішінде, қазақ театры жайында мағұлмат беру еді. Ал, бас қаладағы театр жайы туралы сұхбаттасып, пікір алмасып, театр ғимараттарын көргіңіз келсе, онда менің авторлық экскурсияма қосылыңыз!Суретте: Астана шаһарында орналасқан Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театы ғимараты, фотоға түсірген автор, материал авторы – Амандық Әмірхамзин

#Ақмола#Қараөткел#Астана#CапарLike#Экскурсия#Amandyq Amirkhamzin

0
0
4504
Баннер сообщества Культура

Еще по теме

Ақмоладағы қазақ театрының жайы туралы - Yvision.kz