АДАМ ӨМІРІНЕ АРАША ТҮСКЕН ҮШ ҚЫЗМЕТКЕР ПОЛИЦИЯ ГОРНИЗОНЫНЫҢ САПТЫҚ БАЙҚАУЫ БАРЫСЫНДА МАРАПАТТАЛДЫ
«Динамо» стадионында қысқы нысандық киімге ауысуға байланысты полиция горнизоны жеке құрамының саптық байқауы өтті.
400-ден аса әріптестері және ардагерлер қатысқан іс-шарада ерекше көзге түскен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Облыстық және қалалық полиция ведомствосының басшылығы, офицерлер мен сержанттар, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздары, Мамандандырылған күзет қызметі қызметкерлері алаңда 10 саптық «қорапша» құрады. Саптық байқауға тәртіп сақшыларынан басқа, ішкі істер органдарының ардагерлері, жұртшылық және полицейлердің туыстары қатысты. Командирлері және облыстық Полиция департаментінің бастығы полициця полковнигі Марат Төлебаев жеке өзі тәртіп сақшыларының әскери жарғыны білуін, қызметтік құжаттарын, нысандық киім-кешектерін, әскерилердің керек жарақтарын тексеріп, қысқа дайындықтарын байқап шықты. Саптық байқау соңында бес жас қызметкер Ант қабылдады.
«Қызмет атқаруға келген жас қызметкерлер аға буын дәстүрлерін қадір-қасиетпен жалғастырады және қызметтерін абыроймен атқарып, жүктелген міндеттерін тәртіпті орындайтындарына сенгіміз келеді. Полицияда қызмет ету – жан-тәнімен беріле жұмыс істеуді, Заңға және адамдарға деген сыйластыққа негізделген төзімділікті, әділеттікті және адалдықты талап ететін қиындығы мол жұмыс. Әрқайсыңыз азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерлеріңізді жұмсайтындарыңызға сенемін», - деді құттықтау сөзінде Марат Төлебаев.
Сондай-ақ, екі қызметкерге салтанатты жағдайда офицер шенімен погондар тағылды. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерекшеленген тағы үш қызметкерге алғыс хаттар, сыйлықтар, төс белгілер табысталды. Олардың ішінде патрульдік полиция қызметкері Мейірбек Мейрам және Талғат Іңкәров бар. Олар өткен жазда суға батып бара жатқан балықшыны аман алып қалған. III дәрежелі «Құтқарушы» төс белгісімен Руслан Ахматов марапатталды. Ол 2016 жылдың маусымында өз өмірін қатерге тігіп, Ойқала ауданындағы көпірден қыз баланы құтқарып қалған. Айта кететіні, соңғы жылдары облыстық конкурстарға қатысып, үздік патрульлдік полиция инспекторы атанып, өзінің жоғары кәсібилігін бірнеше рет дәлелдеді.
Облыстық полиция ведомствосының басшысы айтып кеткендей, бүгінгі батырларымыздың адам өмірін құтқару кезіндегі сауатты да батыл әрекеттері құқықтық тәртіп қатарындағыларға үлгі болуы тиіс. Ерекшеленген қызметкерлерді марапаттау - басқалардың қызметтік міндеттерін абыроймен атқаруларына серпін береді. Әрине, барлық жеке құрам үшін негізгі бағыт - әр азаматтың өзін қауіпсіз сезінуі үшін қызмет ету.
Байқау саптық шерумен аяқталып, барлық қызметкерлер жұмыс орындарына тарады.












СҚО ПД баспасөз қызметі
