Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

АДАМ-БАЛЫҚ

ҚЫЗ БЕН ҚАРА ТОРЫ КІСІ

 

Бірде ол найзағайлы нөсерден кейін мұхитта сайрандап жүзіп жүрген-ді.

 

Су бетіне көтерілген Ихтиандр өзіне таяу бір толқын үстінен балықшының қайығынан дауыл жұлып әкеткен ақ желкен қиындысы іспетті әлденені аңғарды. Жақындай жүзіп барып, ол әлгінің адам екенін – әйел, дәлірек айтқанда, жас қыз екенін көріп қайран қалды. Қыз денесі тақтайға шандып байланған.

 

Мына кереметтей сұлу қыздың шынымен-ақ өліп жатқаны ма? Ихтиандрдың әлгіге абыржығаны соншалық, тумысында тұңғыш рет мұхитты өлердей жек көріп кеткен сәті де осы шығар.

 

72

Бәлкім, қыз байғұс тек есінен танып жатқан шығар? Ол қыздың салбырап кеткен басын көтеріп, түзетіп жатқызды да, өзі тақтайдан ұстап, жағаға қарай жүзе жөнелді.

 

Ол бар пәрменімен шапшаң жүзіп келе жатқан, тек қайыра салбырап түскен қыздың басын дұрыстап жатқызу үшін ғана ауық-ауық тоқтайтын.

 

Ол бақытсыздыққа ұшыраған балықтарға айтатынындай қыздың да құлағына сыбырлап: «Сәл шыда!» деп қояды. Ол қыздың көзін ашқанын тілеген, бірақ содан өзі қорқатын да. Қызды тірілей көргісі келеді, әйтсе де өзін көрсе қыз шошып кете ме деп те қауіптенеді. Көзілдірігі мен биялайын шешіп ала ма, әлде? Бірақ оған көп уақыт кетеді ғой, әрі саусақты биялайсыз жүзу қиыныраққа түседі. Ол қыз жатқан тақтайды жағаға тезірек жеткізбекке қаттырақ итере, жанұшырып келеді.

 

Міне, толқын шарпуы күшейген тұсқа да жетті. Бұл маңда сақтанбаса болмайды. Енді толқынның өзі-ақ бұларды жағаға қарай айдап әкеле жатқан.

 

Ихтиандр әлсін-әлі аяғын созып жіберіп, теңіз түбінің тереңдігін байқайды. Ақыры ол тайыз тұсына да жетіп, қызды жағаға шығарды, тақтайдан шешіп алды, көтеріп бір бұталар өскен құм төбеге апарып жатқызды да, оның есін жидырмақ болып әлекке түсті – қолдан демалдырып байқады.

Оған қыздың кірпіктері жыбырлап, қабағы дір еткендей көрінді. Ихтиандр қыздың кеудесіне құлағын тосып, жүрек соғысын тыңдап еді, әлсіздеу де болса соғып жатқанын аңғарды. Қыз тірі... Оның қуанғаннан айқайлап жібергісі келді.

Қыз көзін сығырайта ашып, Ихтиандрға қарап еді, өңінде сұмдық үрей белгісі пайда болды. Сосын қыз көзін қайыра жұмды. Ихтиандр әрі ренжіп, әрі қуанып тұр. Қалай дегенде де ол қызды бір ажалдан құтқарды. Енді оның зәресін алмауы үшін кетіп қалуы қажет. Бірақ оны мына дәрменсіз күйінде қайтіп тастап кете алады? Осылайша ойға шомып тұрғанда, ол арт жақтан шыққан ауыр аяқ тысырын естіп қалды. Бұдан әрі ойланып тұруға болмайтын.

 

74

 

Ихтиандр толқын шарпуына басымен сүңгіп кетті де, су астымен жүзіп жартасты сілемдерге қарай бет алды, ақыры бір жартасты паналай су бетіне қайта шығып, жаға жаққа ұрлана көз тастады.

 

Құм төбенің ар жағынан басында кең жиекті қалпағы бар, мұртты әрі шошқа сақалды қара торы кісі шыға келді. Әлгі испан тілінде ақырын ғана: «Міне, өзі, құдайға құлдық!»– сосын қызға қарай жүгіре жөнелді де, содан кенет оқыс мұхитқа қарай бұрылып, толқынға қойып кетті. Малмаңдай су-су күйі қыздың қасына жүгіріп барып, қолдан дем алдырып көрді (енді мұнысы неме керек?) Қыздың бетіне үңілді...

 

Оны сүйді. Тез-тез қызбалана сөйлеп әлденелерді айта бастады. Ихтиандр кейбір сөздерін ғана еміс-еміс естіп қалды: «Мен ескертіп ем ғой сізге... Нақұрыстық болды бұл... Тақтаға байлау ойыма келгенінің мұншама тәуір болғанын көрмеймісің...»

 

Қыз көзін ашып, басын көтерді. Өңінен таңырқауы, ызасы, реніші аралас үрей нышаны аңғарылады. Шоқша сақалды кісі әлі де қызбаланып әлденелерді айтып жатыр, қыздың аяғынан тұруына көмектесіп, құмға отырғызды. Тек жарты сағаттан кейін ғана олар жолға шыға алды. Екеуі Ихтиаидр жасырынып тұрған тастың дәл түбінен өтті. Қыз әлгі сомбреро киген кісіге қабақ шыта былайша үн қатты.

 

– Сонда мені құтқарған кісі сіз болғаныңыз ба? Алғыс айтам! Тәңір жарылқасын сізді!

– Тәңірі емес, тек сіз ғана жарылқай аласыз мені, – деп жауап қатты қара торы кісі.

Қыз бұл сөздерді естімегендей сыңай танытты. Ол үнсіз қалып, біраздан соң қайыра тіл қатты:

– Ғажап екен. Маған қасымда әлденендей бір құбыжық тұрғандай көрініп еді, әлде бұл елес қана ма екен?

 

– Әрине, сізге солай елестеген ғой, – деп жауап қатты серігі. – Әу, бәлкім, ол сізді өлді деп түсініп, жаныңызды әкетуге келген әзірейіл шығар. Дұға оқып жіберіңіз де маған сүйеніңізші. Менің қасымнан сізді ешқандай әзірейіл тартып әкете алмайды.

 

75

 

Олар – әлгі тамаша қыз бен оны құтқардым деп қызды сендірген оңбаған қара торы кісі – мұның қасынан өте шықты. Бірақ Ихтиандр оның өтірігін әшкерелей алмады. Мейлі, енді не қылса о қылсын – Ихтиандр өз міндетінен құтылған.

 

Қыз бен оның серігі құм төбеден әрі асып кете барды, ал Ихтиандр әлі солардың соңынан қарап тұрған. Содан соң басын мұхит жаққа бұрды. Ол неткен алып және иесіз еді!..

 

Толқын бір сәт құм үстіне бауыры күмістей жалтыраған бір көкше балықты атып жіберді. Ихтиандр жан-жағына қарап еді – жан адам жоқ екен. Ол тығылған жерінен жүгіріп шығып, балықты шап беріп ұстай алды да, теңізге қайыра лақтырып жіберді. Балық жүзе жөнелді, бірақ Ихтиандрдың көңілі әлденеге құлазып сала берді. Ол елсіз жағаны қыдырыстап балықтар мен теңіз жұлдызшаларын теріп, соларды тасумен болды. Бұл жұмыс оны бірте-бірте еліктіріп әкетті, оған әдеттегідей шат-шадыман көңіл-күйі қайта оралды. Ол жағадағы жел денесін күйдіріп, желбезегін кептірген сәттерде суға сүңгіп-сүңгіп алып, қас қарайғанша осы тіршілікпен әуреленді.

 

ИХТИАНДРДЫҢ ҚЫЗМЕТШІСІ

 

Сальватор тауға Ихтиандрға қызметімен жаққан Кристоны ертпей, жалғыз кетуді ұйғарған. Мұнысы үндісті де қатты қуантқан: Сальватор жоқ кезде оның Бальтазармен кездесуі оңайлай түседі. Кристо «су перісін» тапқанын әлден-ақ Бальтазарға хабарлап үлгерген-ді. Енді тек Ихтиандрды қайтсе ұрлап әкете алмақ, соны ақылдасулары тиіс-ті.

 

Кристо қазір сыртын шырмауық көмкерген ақ үйде тұратын да және Ихтандрмен жиі кездесетін болған. Олар тез достасып кеткен. Адам қоғамынан аласталған Ихтиандр өзіне жер бетіндегі өмір туралы әңгімелеп берген үндіс қартқа тез бауыр басып кетіп еді, Ихтиандр болса теңіздегі өмірді ең әйгілі деген ғалымдарынан да артық білетін және Кристоға су астының небір керемет құпияларынан сыр шертетін-ді. Ихтиандр жағырапияны тәп-тәуір білетін: оған мұхиттар,

 

76

 

теңіздер, ең басты өзендер белгілі болатын; оның астрономиядан, навигациядан, физикадан, ботаникадан, зоологиядан біршама хабары бар-ды. Бірақ ол адамдар жайын аз білетін: жер бетін мекендейтін нәсілдер туралы аз-мұз бірдеңе естігені бар, халықтар тарихынан хабары мүлде күңгірт, көмескі еді, ал адамдар арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастар жайында білері бес жасар сәбидікінен артық емес-ті. Күндіз, күн ысыған шақта, Ихтиандр жер асты үңгірге түсетін де әлдеқайда жүзіп кететін. Ақ үйге ол ыстық қайтқан соң оралып, онда таң атқанша болатын. Ал егер жаңбыр жауып тұрса немесе теңіз бетінде дауыл көтерілгендей болса, ол күні бойы осы үйден шықпайтын-ды. Дымқыл ауа жағдайында ол өзін жағада ғана сергек сезінетін.

 

Үй шағын ғана, не бары төрт бөлмеден тұратын. Соның ас үйге жапсарлас біреуіне Кристо орналасқан. Оған таяу ас үй, сосын кітапхана болатын; Ихтиандр испан және ағылшын тілдерін білетін. Сосын ең соңғы шеткісі Ихтиандрдың жатын бөлмесі. Сол жатын бөлменің тап ортасында хауыз бар еді. Кереуеті қабырғаға тақап қойылған. Ихтиандр кейде сол кереуетте дем алатын, бірақ көбінесе хауызда жатқанды ұнататын. Әйтсе де, жол жүрерде Сальватордың Кристоға былайша мықтап тапсырғаны бар: Ихтиандр аптасына ең кемі үш түн кәдімгі кереуетте жатып, ұйықтауы тиіс. Кешкісін Кристо Ихтиандрдың жатын бөлмесіне келіп, егер жігіт кереуетке жатуға келіспесе, нағыз күтуші кемпір тәрізді күңкілдеп жүретін:

 

– Ал, маған суда жатқаным көбірек ұнайды, жаныма жайлы, – деп қарсылық білдіреді Ихтиандр.

 

– Доктор сені кереуетке жатсын деп бұйырған, әкенің тілін алу керек.

 

Ихтиандр Сальваторды әкем дейтін, бірақ Кристо бұған шүбәлі еді. Рас, Ихтиандрдың өңі мен қолдарының терісі тым ақшыл түсті, бірақ кім біледі, ол су астында көп жүретіндіктен ағарды ма екен, әлде. Ихтиандрдың сопақша келген беті, қыр мұрны, жұқа ерні, кең шаралы өткір көздері

 

77

 

үндістің араукан тайпасының жігіттерін еске түсіргендей, айтпақшы, Кристоның өзі де осы тайпадан болатын.

 

Кристоның енді Ихтиандрдың бұған белгісіз бір материалдан тігілген, қабыршақты костюмі ұдайы жауып тұратын денесін көргісі келеді-ақ.

– Сен не көйлегіңді түнде жатарда да шешпейсің бе, түге? – деп сұрады ол бірде жігіттен.

 

– Неге шешем? Менің қабыршағымның еш кедергісі жоқ, қайта оңтайлы. Желбезекпен тыныс алуыма әрі терімнің тыныстауына түк зияны тимейді және сонымен бірге ол бар пәледен қорғайды: мұны акуланың тісі де, тіпті өткір пышақтың жүзі де кесе алмайды, – деп жауап қатты Ихтиандр төсегіне жатуға оңтайланып.

 

– Ал көзілдірік пен биялайды не үшін киесің? – деп сұрады Кристо кереуеттің қасында жатқан таңғажайып биялайды қарағыштай отырып.

 

Олар жасыл түсті резеңкеден жасалған әлгінің саусақтары резеңкеге қондырылған буын. Буын қамыстармен ұзартылған және бір қызығы әлгілердің ара-арасына жарғақтар жапсырылған. Аяққа арналған саусақтары қолдікінен де ұзынырақ.

 

– Биялай менің шапшаң жүзуіме септігін тигізеді. Ал көзілдірік теңіз түбінен дауыл суырған топырақтан қорғануға қажет. Мен оны ұдайы киіп жүрмеймін. Бірақ көзілдірік кисем, су астындағы дүниені дұрысырақ көрем. Көзілдірігім болмаса су астында өзіңді тұманда жүргендей сезінесің, – деді де бір жымиып қойып Ихтиандр сөзін жалғады:– Кішірек кезімде әкем маған көрші бақта тұратын балалармен ойнауға рұқсат еткен кездері болған. Мен солардың хауыз ішінде биялайсыз малтып жүргендерін көріп қайран қалғам: «Биялайсыз суда жүзуге бола ма екен?» деп сұрадым олардан. Ал олар менің қайдағы биялайды айтып тұрғанымды түсінбеді, өйткені мен олардың көзінше биялай киіп суға түспейтінмін.

 

– Сен қазір де шығанаққа шығып жүзесің бе? – деп қызықтай сұрады Кристо.

 

78

 

– Әрине. Тек бір бүйірдегі су асты тоннель арқылы шығам. Әлденендей бір залымдар мені торға түсіре жаздаған, содан бері мен мейілінше сақ жүруге мәжбүрмін.

– Ім... Демек, шығанаққа шығатын басқа да су асты тоннелі бар екен ғой?

– Тіпті бірнешеуі бар. Сенің менімен бірге су астында жүзе алмайтының өкінішті-ақ! Мен саған небір ғаламаттарды көрсетер ем. Неге бұл адамдардың бәрі бірдей су астында өмір сүре алмайды екен, ә? Екеуміз менің теңіз тұлпарыма мініп серуендер едік қой, шіркін!

 

– Теңіз тұлпары дейді? Ол не пәле тағы?

– Дельфин. Өзім ғой оны үйретіп алған. Байғұс! Дауыл бірде оны жағаға шығарып тастаған екен де, қанатын қатты жаралап алыпты. Мен оны сүйретіп әкеп суға қайта түсіргем. Бұл бір қиямет жұмыс болды: дельфиндер құрғақта судағыдан әлдеқайда ауыр болады екен. Жалпы, сіздерде бәрі-бәрі әлдеқайда ауыр. Тіпті өз денеңе шейін солай. Су ішінде жеңілірек өмір сүресің. Иә, сонымен, мен дельфинді сүйреп суға әкелдім, ал ол жүзе алмады, демек, қорегін тауып жей алмайды деген сөз. Мен оны ұзақ, бір ай бойы балық беріп асырадым. Сол уақыттың ішінде ол маған үйреніп қана қоймай, тіпті үйір болып кетті. Біз достасып алдық. Басқа дельфиндер де мені біледі. Ал теңіз төрінде дельфиндермен қосылып асыр салу деген ғажап! Толқындар, шашыранды су, күн, жел, шуыл! Теңіздің түбі тіпті тамаша! Қоп-қою көгілдір ауа ішінде жүзіп жүргендей сезінесің өзіңді. Тып-тыныш. Өз денеңнің салмағына шейін білінбейді. Ол мейлінше еркін, жеп-жеңіл, қалай қимылдасаң да еркің. Менің теңізде талай достарым бар. Мен сіздің құстарды жемдейтініңіз тәрізді кішкене шабақтарды жем беріп асыраймын, ал олар үйір-үйірімен соңымнан қалмай шұбап жүргені.

 

– Ал дұшпандарың ше?

– Дұшпандарым да бар. Акулалар, сегізаяқтар. Бірақ мен олардан қорықпаймын. Өйткені менің пышағым бар.

 

79

 

– Ал егер олар тұтқиылдан жасырынып кеп бас салса ше?

 

Ихтиандр бұл сауалға қайран қалды.

– Әу, мен олардың келе жатқанын алыстан сезем ғой.

 

– Су астында жүріп сеземісің? – деп өз кезегінде Кристо да таңырқап жатыр. – Тіпті олар ың-шыңсыз білдірмей жүзіп келсе де ме?

– Әрине, солай. Мұнда түсінбейтіндей не бар? Құлағыммен естимін және бүкіл денеммен сезінем. Өйткені олар малтып келе жатқанда, су астында да толқын тербелісі пайда болады емес пе, ал сол шайқалыс жыртқыштың өзінен бұрынырақ жетеді ғой маған. Мен соны сезінем де жалт қараймын.

 

– Тіпті ұйықтап жатсаң да ма?

– Әрине.

– Бірақ балықтар...

– Балықтар оқыс шабуылдан апатқа ұшырамайды, олар өзінен күшті жауға әлі жетпегендіктен жапа шегеді. Ал мен олардың бәрінен де мықтымын. Мұны теңіз жыртқыштары да біледі. Сондықтан олар маған таяу жүзіп келуден қаймығады.

 

«Зуританікі дұрыс: мына тәрізді теңіз жігіті үшін тер төгуге болады, – деп ойлады Кристо, – бірақ мұны су ішінде ұстау да оңайға соқпайды. «Бүкіл денеммен сезінем!» деді емес пе жаңа?! Тек қақпанға түсіп қап жүрмесе. Зуританы құлақтандырып қою қажет екен».

 

– Су астындағы тіршілік неткен ғажап! – деп Ихтиандр әлі сұқтануын қояр емес, – Жоқ, мен теңізімді сіздердің қапырық, шаң-топырақты жеріңізге еш уақытта да айырбастай алман!

– Неліктен ол біздің жер болады? Сен де сол жердің перзенті емеспісің? – деді Кристо. – Сенің шешең кім болып еді?

– Мен оны білмеймін... – деп екіұдай жауап қатты Ихтиандр. – Әкем шешең сені туысымен өліп қалған дейді.

– Бірақ ол, әрине, әйел ғой, балық емес, адам ғой.

– Мүмкін, – деп келісті Ихтиандр. Кристо күліп жіберді.

 

80

 

– Енді сен маған мынаны айтшы: сен неге тентектік жасадың, балықшыларды ренжіттің, олардың ауларын қиып, қайыққа тиелген балықтарын аударып тастадың?

 

– Өйткені олар балықты шектен тыс көп аулады, жеулеріне жетерліктей ғана алмады.

– Ал олар балықты сату үшін аулады емес пе? – Ихтиандр түсінбей қалды.

– Өздерінен басқа да жұрттар жесін... – деп түсіндірді үндіс.

– Әу, адамдар сонша көп пе? – деп таңырқады Ихтиандр.

 

– Оларға не жер бетіндегі құс пен аң жетпегені ме, шынымен-ақ? Олар неге мұхитқа қол сұғады?

– Мұны саған бірден айтып түсіндіру қиын, – деді Кристо, өзі есінеп тұрып. – Ұйықтайтын уақыт болды. Байқа, әлгі ваннада жатып жүрме, әкең ренжір, – деді де Кристо кетіп қалды.

Ертеңгісін ерте келсе де Кристо Ихтиандрды орнынан баса алмады. Тас еден су-су болып жатыр екен.

 

– Тағы ваннада ұйықтаған екен ғой, – деп күңкілдеп жүр үндіс шал. – Сосын, сірә, теңізге кеткен болды.

 

Таңертеңгі асқа Ихтиандр көп кешігіп келді. Ол әлденеге ренішті еді. Бір түйір бифштексті айырымен әрі-бері түрткілеп отырып, ақыры былай деді:

– Тағы қуырылған ет қой.

– Тағы сол, – деп қатқыл үнмен жауап қатты Кристо, – доктор осылай бұйырған. Ал сен тағы теңізден шикі балық жеп тойып келгенсін, ғой, түге? Бүйте берсең, қуырылған астан шығып кетерсің. Сосын тағы ваннаға жатыпсың. Кереуетке жатқың келмейді, өстіп жүргенде желбезегің ауадан жеріп, сосын бүйіріме шаншу қадалды деп қыңқылдайтынды шығарарсың тағы. Міне, таңертеңгі асқа да кешігіп келдің. Доктор келген соң, осының бәрін де айтам. Мүлде тыңдамайсың мені.

 

– Айта көрме, Кристо. Менің оны ренжіткім келмейді.

 

– Ихтиандр басын салбыратып жіберіп ойға шомды. Сосын

 

81

 

ол бір сәт басын көтеріп, үндіс шалға мұңды жанарымен қарап, сөз бастады:

 

– Кристо, мен бір қыз көрдім. Мен дүниеден, тіпті мұхит түбінен де мұндай сұлу жан көрген емен...

 

– Ендеше, сен біздің жерді неге жамандайсың? – деді Кристо.

– Мен дельфинге мініп жағалаумен серуендеп жүргем

 

және оны Буэнос-Айреске тақау тұстағы жағалаудан көрдім. Өзінің көздері көкпеңбек те шашы алтын түсті, – деді де Ихтиандр тағы былайша қосып қойды. – Бірақ ол мені көріп шошып кетті де, тұра қашты. Көзілдірік пен биялайды бекер киген екем де?– Сәл үнсіз қалып, сосын ақырын ғана тағы былай деді. – Бірде, мен мұхитқа батып кеткен бір қызды құтқарған едім. Онда мен қыздың бет-әлпетіне көңіл қонып қараған жоқ ем. Оу, бәлкім, бұл сол қыз шығар? Меніңше, ол қыздың да шашы алтын түстес тәрізді еді. Иә, иә... Енді есіме түсті... – Жігіт ойланып қалды, сосын айнаның қасына барып, тумысында тұңғыш рет өзіне-өзі көңіл тоқтата қарап қалды.

– Ал сосын сен не істедің?

– Мен оны күттім, бірақ ол қайтып оралмады. Кристо, ол енді шынымен-ақ ғұмыр бақи теңіз жағасына келмес пе екен?

 

«Бәлки, бұған қыздың ұнағаны тәуір болды, білем» деп ойлады Кристо. Бұған шейін Кристо қаланы мақтаса да Ихтиандрды Буэнос-Айреске баруға көндіре алмаған, ал бара қалса, жігітті Зурита оп-оңай ұстап алар еді ғой.

– Қыз, бәлкім, жағаға келмес те, бірақ мен саған оны тауып алуыңа көмектесем. Сен қаладағыларша киінесің де маған еріп қалаға барасың.

 

– Сонда көре аламын ба оны? – деп саңқ етті Ихтиандр.

 

– Онда қыздар көп. Бәлкім, әлгі жағада отырған қызды да көруің мүмкін.

– Кеттік, ендеше!

– Қазір кеш болып қалды. Қалаға шейін жаяулап жете алмайсың.

 

82

 

– Мен дельфинге мініп барамын, ал сен жағамен жүріп отырасың.

 

– Шапшаңын қарай гөр, мұның, – деп жауап қатты Кристо, – біз ертең ертемен бірге аттанамыз. Сен шығанақтан шыға келесің, ал мен сенің киімдеріңді алып жағада күтем. Сосын әлі костюм тауып алу қажет қой. («Түн ішінде бауырыммен жолығысып үлгерем» деп ойлап қойды Кристо). Сонымен, ертең таң қылаң бере аттанамыз.

 

ҚАЛАДА

 

Ихтиандр шығанақ жақтан жүзіп кеп жағаға шықты. Кристо қолына қалалық аппақ костюм ұстаған күйі оны күтіп тұрған. Ихтиандр оған бейне жылан қабығын әкелгендей тыжырына қарап сәл тұрды да, ақыры бір күрсініп қойып амалсыз киіне бастады. Сірә, ол костюмді сирек киетін болса керек. Үндіс шал жігіттің мойнына галстук тағуына жәрдемдесті, сосын оны айнала қарап шығып, Ихтиандрдың келбетіне разы болды.

– Кеттік, – деді Кристо көңілденіп.

 

Үндіс шал Ихтиандрды қайран қалдырмаққа қаланың ең басты көшелерімен – Авени де Альвар Вертпстің бойымен ертіп жүрді, мавритан үлгісінде салынған кафедральды шіркеу мен ратуша орналасқан Виктория алаңына апарды. Фуэрто алаңын және Бостандық ескерткіші тұрған Жиырма бесінші май1 алаңын көрсетті, тамаша сұлу ағаштардың ортасындағы президент сарайын таныстырды.

 

Бірақ Кристо қателесіпті. Үлкен қаланың шуылы, қарбаласы, шаңы, қапырығы, сеңдей соғылысқан жұрты Ихтиандрды естен тандырған. Ол жұрттың арасынан іздеген қызын таппақшы болып жанталасты, қайта-қайта Кристоны жеңінен тартып, сыбырлайды:

 

– Сол!.. – бірақ, ол қателескенін де іле аңғарады. – Жоқ, бұл басқа қыз...

 

1 1810 жылы 25 мамырда Ла-Шата провинциясы «Хунту» революциялық одағын құрды, жергілікті өкіметті тұтқындап, уақытша үкімет жариялады және Испаниядан бөлініп шықты.

 

83

 

Түс кезі. Күн шыжып кеткен, жан төзіп болмайды. Кристо жер астына орналасқан бір шағын мейманханаға кіріп тамақтанып шығуға ұсыныс жасады. Бұл ара салқын екен, бірақ іші у-шу әрі қапырық. Кір-қожалақ, олпы-солпы киінген біреулер мүңкітіп темекі тартып отыр. Ихтиандр әлгі түтіннен тұншығуға айналды, оның үстіне аналар қолдарындағы қыртыс-қыртыс газеттерін бұлғалақтатып, бұған түсініксіз әлденелерді айтысып, айқайлайды. Ихтиандр суық суды өлгенше көп ішті, бірақ асқа зауқы соқпады және мұңды үнмен былайша тіл қатты:

 

– Мына ығы-жығы халық арасынан қыз іздегеннен гөрі теңізден таныс балығыңды іздеп табу әлдеқайда оңайырақ шығар. Қалаларыңыз жексұрын екен! Мына ара әрі қапырық, әрі мүңкіген сасық. Бүйірлерім шаншып ауыра бастады. Үйге қайтқым келеді, Кристо.

 

– Жақсы, – деп келісті Кристо, – тек менің бір танысымның үйіне соға кетелік, сосын үйге қайтармыз.

– Ешкімдікіне де кіргім келмейді.

– Ол тап жол үстінде. Көп кідірмейміз. – Есеп айырысты да, Кристо Ихтиандрды ертіп тысқа шықты. Алқына дем алып, басы салбыраған күйі Ихтиандр Кристоның соңында салпақтап келеді, олар ақ үйлердің, кактустар, зәйтүн және шабдалы ағаштары өсіп тұрған бақтардың қасымен кетіп бара жатты. Үндіс шал оны жаңа порттағы бауыры Бальтазардың үйіне бастап келе жатқан-ды.

 

Теңізге жақындағанда Ихтиандр дымқыл ауаны құшырлана жұтты. Үстіндегі киімдерін шешіп тастап, суға қойып кеткісі келді тіпті.

 

– Қазір жетеміз, – деді Кристо, серігіне сенімсіздікпен көз тастап қойып.

Олар теміржолдан әрі өтті.

– Келдік. Осында, – деді Кристо, сосын олар қара көлеңке дүкенге келіп кірді.

Ихтиандрдың қара көлеңкеге көзі үйренген сәтте, ол қайран қалып жан-жағына зерделей көз тастады. Дүкен теңіздің түбін еске салғандай екен. Сәкілердің үстін және еденнің

 

84

 

тұтас бір бөлігін қаптаған қауашақтар алып жатыр – ұсағы, ірісі бар, ирелеңдегені, жартыкеші бар. Төбеден маржан, теңіз жұлдызшаларының жіптері салбырайды, теңіз балықтарының қаңқалары, кептірілген шаяндар, басқа да неше түрлі теңіз тағыларының тұлыптары ілініп тасталған. Нәрсе-қара сататын үстелде, шыны астында жәшікке салынған інжу моншақтары көрінеді. Жәшіктің бірінде қызғылт моншақтар іріктелген екен – оларды терімшілер «Періштенің терісі» деп те атайтын. Өзіне таныс дүниелерді көрген соң Ихтиандрдың көңілі біршама тынышталған тәрізді болды.

 

– Демал, бұл арада әрі салқын, әрі тыныш, – деді Кристо, жігітті ескі тоқыма орындыққа жайғастырып жатып.

 

– Бальтазар! Гуттиэре! – деп айқай салды үнділік.

– Сенбісің әй, Кристо? – деген дауыс естілді екінші бір бөлмеден. – Мұнда кел.

Кристо әлгі бөлмеге апаратын тәпелтек есіктен әрі қарай өтпек болып екі бүктетіле еңкейді.

Бұл Бальтазардың зертханасы еді. Ол дымқылдықтан өңінен айырылған інжу моншақтарын әлсіздеу қышқыл ерітіндісіне салып, әр беретін-ді. Кристо арт жағындағы есікті мықтап жапты. Төбе жақтағы кішкене терезеден күн мына қап-қара екі үстелдің үстіндегі шыны ыдыстарға әлсіз сәулесін себелеп тұр екен.

 

– Амансың ба, бауырым. Гуттиэре қайда?

– Көршілерге үтік әкелемін деп кеткен. Қыздың ойында шілтер мен бантиктен басқа не болушы еді. Қазір келеді, – деп жауап қатты Бальтазар.

 

– Ал Зурита ше? – деп сұрады Кристо аптығып.

– Жоғалып тынды ғой бір жаққа, қарғыс атқыр. Кеше екеуіміз шамалы керісіп қалып ек.

– Бәрі сол Гуттиэре үшін шығар!

– Зурита деген пәле оның алдында құрдай жорғалап-ақ бағады. Ал анау оған: «Керегің жоқ, керегің жоқ!» деп без-без етеді. Ол қызға не істей аларсың? Ерке де қыңыр. Өзіне кәдімгідей кеуде біткен. Мың жерден сұлу болса да кез келген үндіс қызы осындай күйеу тапқанына құдайына

 

85

 

құлшылық айтуы керектігін түсінгісі келмейді, түге. Жеке меншік қайығы бар, терімшілер артелі бар, – деп күңкілдейді Бальтазар өзі інжу моншақтарын ерітіндіге салып жатып. – Сірә, Зурита ызадан тағы ішіп кетсе керек.

– Енді қайттік?

– Сен не, ертіп әкеліп пе ең?

– Отыр осында.

Бальтазар есіктің қасына барып, қызықтап, құлып салынған тесіктен сығалап қарады.

– Көре алмай тұрмын, – деді ол сыбырлап.

– Үлдіріктің қасындағы орындықта отыр еді ғой.

– Көре алмай тұрмын. Онда тек Гуттиэре ғана. Бальтазар жанталаса есік ашып, Кристо екеуі дүкенге енді.

 

Ихтиандр шынымен жоқ болып шықты. Қараңғылау бұрышта Бальтазардың асырап алған қызы Гуттиэре ғана тұр екен. Даңқы Жаңа порттан да әрірек жайылған өте сұлу қыз еді бұл.

Ол тегі, ұялшақ, сөйте тұра тентектігі де бір басына жетерлік жан болатын.

Әдетте, бұл қыз сызыла тұра салқын үнмен: «Жоқ!» дегенді жиірек айтатын-ды.

Гуттиэренің Педро Зуритаға ұнағаны да рас еді. Оның бұл қызға үйленгісі келген. Бальтазар қария да қайық иесімен туыстасуға және тіпті онымен сыбайлас болуға қарсы емес-ті. Бірақ Зурита қандай ұсыныс жасаса да қыз: «жоқ» деп жауап қайтаратын. Әкесі мен Кристо бөлмеге келіп кіргенде, қыз басы салбырап төмен қарап тұр еді.

– Саламатпысың, Гуттиэре, – деді Кристо.

– Жаңағы жігіт қайда? – деп сұрады Бальтазар.

 

– Мен жігіт жасыратын жан емеспін, – деп жауап қатты қыз күлімсіреп. – Мені көруі мұң екен, ол маған үрейлене көз тастағандай болды да, орнынан атып тұрды, кенет кеудесін басып қаша жөнелді. Жалт қарап үлгергенімше, есіктің алдына бір-ақ шығыпты.

 

«Іздегені осы қыз болды» деп ойлады Кристо.

 

86

 

ТАҒЫ ДА ТЕҢІЗДЕ

 

Ихтиандр ентіге тыныстай теңіз жағалауымен жүгіріп келеді. Әлгі қаладан құтылысымен-ақ ол оқыс жолдан кілт бұрылып, тура теңізге қарай тартқан. Ол жағадағы жартастың біріне барып жасырынған да жан-жағына бір қарап алып, тез-тез шешініп, киімдерін тас арасына тыққан, сосын теңізге қарай жүгіріп барып, суға қойып кеп кетті. Соншалық қалжырағанына қарамастан ол, сірә, бұрын-соңды тап қазіргідей екпіндей жүзіп көрмеген шығар-ақ. Балықтарға шейін бұдан шошып тым-тырақай қашысып жатты. Қаладан бірнеше мильдей қашықтаған соң ғана, Ихтиандр су бетіне таяу көтерілді де жағалауды жағалай жүзді. Мұнда ол өзін үйіндегідей сезінетін. Оған су астындағы әр тас, әр шұңқырға шейін таныс. Міне, мына тұста, құмды қайраңға жабыса дерлік «үй-күшік» аталған қамбалалар өмір сүреді, одан әріректе бұтақтарымен ұсақ қызылқанат балықтарды жасыра, қызыл түсті мархон талдары өсіп тұр. Мына бір суға батқан балықшылар қайығын екі бірдей сегізаяқ мекен еткен, жуырда олардың жаңа ұрпақтары пайда болған. Әне бір сұр тастардың астында шаяндар өмір сүреді. Ихтиандр сағаттар бойы солардың тірлігін қызықтаудан жалықпайтын. Ол солардың жем іздеп шығып жеңіске жеткен шақтарын да, соған керісінше сегізаяқтар шабуылына тап келіп, тырнақтарынан айырылған, яғни жеңіліс тапқан кездерін де білетін. Ал жағаға таяу жартастарда устрица қауашақтары қаптап жатыр еді. Ақыры, шығанаққа таянған кезде, Ихтиандр судан басын шығарып, айналасына көз тастады. Ол толқындар арасында асыр салып жарысып ойнап жүрген дельфиндер тобын көрді де, даусын ұзақ соза қатты айқайлады. Соған жауап ретінде алпамсадай дельфин қатты пысқырды да, досына қарай шапшаңдата жүзді, оның жылтыраған жон арқасы толқыннан бір көрініп, бір батып, заулап келе жатты.

 

– Тезірек, Лидинг, тезірек! – деп айқай салды Ихтиандр өзі де қарсы жүзіп бара жатып. Ол ақыры дельфинге шап берді. – Әрі қарай жүзейік, тезірек, алға!

 

87

 

Жігіттің еркіне бағынған дельфин ашық теңізге қарай, жел мен толқындарға қарсы аңыратып келе жатты. Ол кеудесімен толқындарды қақ жара, көбік шашып, заулап-ақ келеді, бірақ оның бұл шапшаңдығы да Ихтиандрды әлі қанағаттандырмайтын секілді.

 

– Болсаңшы, Лидинг! Тезірек, шапшаңырақ! Ихтиандр дельфинді әбден титықтатты, бірақ бұл толқын

 

кешкен серуені де оны тыныштандыра алмады. Ол кенет әлгі жылтыр арқадан теңізге сырғып түсіп, сүңги жөнелді де досын қайран қалдырды. Дельфин оны сәл тосты, пысқырды, сүңгіп байқады, қайта шықты, жақтырмай тағы бір пысқырды, сосын құйрығымен кілт бұрылып, анда-санда артына бір көз тастап қойып, жағаға қарай бет алды. Оның досы су бетіне қайтып көрінбеді де, ол өзін қуана қарсы алған жас дельфиндер тобына барып қосылды. Ихтиандр болса қара көлеңке су түбіне қарай бойлай сүңгіп бара жатты. Оның оңаша қалғысы, өзіне өзі келіп, күні бойы бастан кешірген оқиғаларының мәнісін саралап, ой елегінен өткізгісі келген. Ол қауіп-қатерді де ұмытып, алыс қиырға қарай кеткен. Өзінің неліктен басқа жұрттан өзгеше – теңізге де, жерге де жат жан болып жаралғанын түсінгісі келген-ді.

 

Оның сүңгуі саябырлана түскен. Су бірте-бірте тығыздалып, денесіне салмақ түсіре бастаған, тыныс алуы қиындап бара жатқан-ды. Бұл тұста қараңғылық тіпті көк-жасылдана, қоюлана түседі екен. Теңіз жәндіктері де сирегірек жолығыса бастаған. Олардың көпшілігі Ихтиандрға таныс емес-ті, ол, тегі, мұншалықты тереңдікке барып көрмеген еді. Осынау қара көлеңкелі тым-тырыс тіршіліктен тұла бойы тітіркеніп сала берді. Ол дереу жоғары көтерілді де, жағаға қарай малти жөнелді. Қып-қызыл сәулесін суға төге күн көкжиекке батып бара жатқан. Әлгі қып-қызыл сәуле көгілдір түсті сумен қосылғанда, теңіз суы неше түрлі түске – нәзік ақшыл-көк, қызғылт немесе жасыл-көк бояуға боялғандай көрінеді екен,

 

Ихтиандрдың көзілдірігі жоқ еді, сондықтан да су астынан қарағанда теңіз бетін балықтарша көріп келе жатқан; атап

 

88

айтқанда, ол жайпақ емес, конус тәрізді – бейне өзін алып шұңқырдың ішінде жүргендей сезінген. Шұңқырдың жиегі қызыл, сары, жасыл, көк және күлгін түсті әдіппен көмкерілген секілді. Конустың арғы жағында жалтырап су беті жатыр да, оған су астындағы заттар: жартастар, балдырлар және балықтар суреті айна іспетті түсіп тұр.

 

Ихтиандр етпетінен жатты да жағаға қарай жүзді, сосын қайраңға таяу тұстағы су астындағы жартастың арасына барып жасырынды. Балықшылар қайықтарынан түсіп, оларды жағаға қарай сүйрей бастады. Әлгілердің бірі аяғын тізесіне шейін суға батырды. Ихтиандр су бетінен шолақ аяқ балықшыны көрсе, ал судың ішінде тек аяғын ғана аңғарды, аяқтары айнадай жарқыраған су бетіне көлеңкесін түсіріп тұрды. Екінші бір балықшы иығына шейін суға түсті. Сол сәтте су ішінде басы жоқ, төрт аяқты, құбыжық тәрізді бірдеңе байқалды, бейне екі бірдей кісінің бастарын кесіп тастаған да, бірінің иығын екіншісінің иығының үстіне апарып қондырған дерсің. Жұрт жағаға жақындағанда, Ихтиандр да оларды балықтар тәрізді: шарға сәулелері түсіп тұрғандай күйде көрді. Олар тап жағаға таяп келгенде, бұл адамдарды басынан аяғына шейін көре алатын. Сол себепті де жұрт өзін байқап қалмай тұрып әрі қарай кетіп үлгіретін.

 

Осынау басы жоқ, төрт қолы бар немесе денесіз құр бастары ғана бар пәлелерді Ихтиандр шын жақтырмайтын болған. Адамдар... Олардың абыр-дабыры көп, жиіркенішті темекі тартады, үстерінен сасық иіс мүңкиді. Жоқ, дельфиндермен болғаны әлдеқайда жақсы – олар таза да көңілді. Ихтиандр бір кезде дельфиннің сүтін қалай ішкені есіне түсіп, жымиды.

 

Қиыр оңтүстікте бір шағын ғана шығанақ болатын. Оған кемелердің теңіз жақтан баруына су асты жартастары мен құмды жарты арал кедергі жасайтын-ды. Жағасы жартасты әрі құлама жар болып келеді. Бұл шығанаққа балықшылар да, інжу терушілер де бара қоймайтын. Аса терең емес, түбіне кілем тәрізді қалың өсімдік қаптаған. Жылы суда балық атаулы көп-ақ. Осы араға көп жылдар бойы қатарымен

 

90

 

ұрғашы дельфин келіп жүретін және осынау жылы шығанақта балалайтын – екеу, төртеу, кейді тіпті алтауын табатын. Ихтиандрды жаңа туған дельфиндер қатты қызықтыратын да, ол сан сағаттар бойы тырп етпей, шөп арасына тығылып алып, әлгілерді бақылайтын. Кішкене дельфиндер біресе су бетінде аунақшып ойнар еді, біресе шешелерінің емшегіне таласып, бірін-бірі тұмсықтарымен түрткілесіп, итерісіп әуре болып жататын. Ихтиандр сақтық жасап отырып, бірте-бірте оларды өзіне үйрете бастады: балық ұстап әкеп кішкене дельфиндерді асырайтын-ды. Бара-бара кішкене дельфиндер де, оның шешесі де бұған бой үйретіп алды. Ол енді соларды ұстап алып, атқылай ойнап, түртіп кетіп дегендей, асыр салатынды шығарған. Мұнысы, сірә, оларға да ұнаса керек

 

– мұның соңынан қалмайтын болып алды, жігіттің сәлемдемесін арқалай әлгілерге жақындап келуі мұң екен, анадайдан андыздай, анталай ұмтылысатын, ал сәлемдемесі дәмді балықтар немесе кейде олардан да тәттірек кішкентай сегізаяқтар болатын.

 

Бірде өзіне таныс ұрғашы дельфин жаңа ғана балалап, сәбилерінің ас ішуге де әлі келмейтін ақ уыз кезінде, яғни тек енесінің сүтін ғана қорек ететін шағында, Ихтиандрға осы дельфиннің сүтін неге өзім ішіп көрмеске деген ой келді.

 

Содан не керек, ол білдіртпей жүзіп барып, ұрғашы дельфинді бауыр жағынан құшақтай алып, емшегін еме бастасын... Дельфин болса мұндай шабуылды күтпесе керек

 

– зәре-құты қалмай шығанақтан тұра қашсын. Ихтиандр да қателігін түсініп, мақұлықты бірден қоя берді. Сүтінің балық дәмі басымырақ екен. Үрейлі ене емшегіне жармасқан жаңа «ұрпағынан» шошынғаны сонша, теңіз түбіне қарай зым-зия жоқ болып кетеді де, ал балалары сасқалақтап, абыр-дабыр болады да қалады. Шешелері қайтып оралып, оларды бастап басқа бір шығанаққа әкеткенге дейін Ихтиандрға әлгі зердесіз балықтарды қайта-қайта қайыруға тура келді. Тек бірнеше күн өткен соң ғана, әлгілер бұған қайта үйренісіп, достасып алды.

 

Кристо шынымен-ақ сасайын деді.

 

91

 

Ихтиандр үш тәулік бойы көрінбей кеткен еді. Ол әбден қалжыраған, боп-боз болып, бірақ әлденеге разы күйінде келді.

 

– Қайда жоғалып кеттің сен? – деп қатқыл сауал қойды үндіс шал, өзі Ихтиандрдың келгеніне іштей қуанып тұрса да.

 

– Теңіздің түбінде, – деп жауап қатты Ихтиандр.

– Неге бозарып кеткенсің?

– Мен... Мен өліп қала жаздадым, – деп тумысында тұңғыш рет өтірік айтты Ихтиандр және Кристоға өз басынан бұдан көп уақыт бұрын өткен бір оқиғаны жыр етіп айтып берді.

Теңіздің түбінде жартасты үстірт бар екен, ал сол үстірттің тап ұшар басына таяу сопақша келген үп-үлкен қазан шұңқыр болады – нағыз су астындағы тау көлі екен бұл.

Ихтиандр сол су астындағы көлдің бетінде жүзіп жүрген. Оны әлгінің ашық сұр түсті түбі таң қалдырды. Содан төмен қарай сүңгіп, бағдарлай қарап, Ихтиандр одан бетер қайран қалады. Сөйтсе тап астында теңіз хайуандарының моласы жатыр – шабақ балықтан бастап акула мен дельфиндерге шейін – бәрі-бәрі осында екен. Олардың арасында жуырда ғана құрбан болғандары да бар секілді. Бірақ олардың денесін талап жатқан күж-күж қайнаған теңіз жыртқыштары – шаяндар мен балықтар байқалмайды. Бәрі тым-тырыс, өлі тыныштық орнаған. Тек кей тұстарында ғана көл табанынан газ көпіршіктері көтеріліп жатқаны аңғарылады. Ихтиандр әуелде әлгі шұңқырдың шет жағын ала жүзіп жүрген-ді. Содан бір уақ төменірек түсіп көреді, сөйтсе желбезектері кенет сыздап қоя берді, ол тұншыға бастайды, басы айналып қоя береді. Есінен тана жаздап құлап түседі де, шұңқыр түбінің бір шетінде талықсып жатады. Екі шекесі зырқылдап, жүрегі аттай тулап, көз алдын қып-қызыл тұман мұнарлайды. Көмек берер жан жоқ. Кенет ол тап қасына селкілдей жиырылып құлап түскен акуланы байқап қалады. Сірә, ол мұны аңдып, соңынан қуып келген де, су асты көлінің мынадай жан

 

92

 

түршігерлік кісі уландырар өлі суына өзі де қалай іліккенін аңдамай қалса керек. Іші мен екі бүйірі көтеріліп-басылып, аузы ашылып кеткен, аппақ әрі егеудей тістері сойдиып тұр. Акула жан тәсілім күйінде. Ихтиандрдың денесі түршігіп қоя берді. Жағын тістеніп алып, желбезегіне су кетпеуі үшін сақтана тырысып, Ихтиандр еңбектей тырбанып көл жағасына шықты-ау ақыры, сосын тәлтіректей тұрып ілгері аттады. Басы айналып кетіп, қайыра құлап түсті. Сосын сұр тастарға табанын тіреп серпіліп, қолдарымен жалдай жүзіп, көл жағалауынан он метрдей әрірек кетті-ау, әупірімдеп.

 

Әңгімесін аяқтаған Ихтиандр өзі бір кезде Сальватордан естіген мына бір пікірлерін қосып қойды:

 

– Сірә, бұл шұңқырға әлдеқандай бір зиянды да улы газ жиылса керек, бәлкім, күкіртті сутегі болар, әлде көмір тотығы ма, кім білсін,– деді Ихтиандр. – Білесің бе, теңіз бетінде бұл газдар қышқылданады да сен оны сезе қоймайсың, ал ол бөлініп шығатын шұңқырда ол пәле соншама көп жиналатын болса керек қой. Ал енді маған тамақ әкеп бер, мен ашпын.

 

Таңғы тамағын тез-тез ішіп, Ихтиандр көзілдірігі мен биялайын киді де, есікке қарай беттеді.

– Сен не, осы үшін ғана келіп пе ең? – деп сұрады Кристо, көзілдірікті нұсқап. – Өзіңе не болғанын айтқың келмей тұр ғой, сірә?

 

Ихтиандрдың мінезінде бір өзгешелік пайда болған-ды: ол сырын айтпайтын әдет тапқан.

– Сұрамашы, Кристо, маған не болғанын өзім де білмеймін, – деді де жігіт тез басып бөлмеден шығып кетті.

 

0
0
10064

Еще по теме

АДАМ-БАЛЫҚ - Yvision.kz