Әбілхан Қастеев туралы
Бүгін, яғни, 14 қаңтар белгілі қазақ суретшісі Әбілхан Қастеевтің туған күні!
Жалпы, кез келген қазақ өнер адамдары болсын, зиялылары болсын бәрінің басынан бір ұқсастықты табуға болады. Ол - аштықты, қиыншылықты өткеріп, көбінің репрессияға ұшырауы, жетімдікті көруі.
Мәселен, Әбілхан Қастеевтің тағдырын алайықшы. Қастеев 1904 жылы Жаркент маңындағы Шежін ауылында дүниеге келеді. Бірақ, жастайынын ауыр тұрмыс тауқіметін тартып, үш жасында әкесінен айырылып, анасына қолғанат болады. Ауыр тұрмыс баланы ерте есейтті, бірақ, табиғатқа, әдемілікке ғашық бала әртүрлі мүсіндер жасап, сурет салады. Оның бұл өнерін байқап қалған ауыл келіншектері даладан келе жатқан кезде бала Әбілханның алдынан шығып, әшекейлер жасап беруін өтінеді. Бірде, ол молданың бейнесін (мүсінін) жасайды, бірақ, сол еңбегі үшін ұрыс естиді. Дегенмен, баланың ұшқыр қиялы өнер жолын жаластыра береді. Әрине, сегіз жасынан бастап байдың қойын бағып, еңбекке ерте араласады.
Бірақ, тұрмыс тауқыметі әрдайым алдынан шығып отырады, сөйтіп, отбасымен Жаркент қаласына көшіп келген ол жергілікті байға жалданып жұмыс істейді. Бұл Кеңес Үкіметінің орнаған кезі болар, сонымен Әбілханның жұмыстарын бір фотограф байқап қалып, білдіртпей Қазақстан астанасы Қызылордаға жібереді. Ондағылар Қастеевті оқуға шақырады, алайда қаражаты болмай білім нәріне сусындай алмайды. Тіпті, Әбілхан атамыз жиырма жасында мектеп табалдырығып аттап, кеш әріп тани бастайды, дегенмен, жастайынан зерек бозбала сүйікті ісімен айналысуды жалғастыра береді.
Кейін Түркістан-Сібір теміржолының құрылысында үш жыл жұмыс істеп, еңбек адамдарының мүсіндерін жасайды, суреттерін салады. Ақыры, Николай Хлудов мектебінен өтіп, кейін Әубәкір Исмаиловпен бірге Мәскеудегі өнер училищесіне оқуға түседі. Дегенмен, алыстағы шаһарда өмір сүру оңай боламаса керек, Мәскеуде қатты ауырып, елге оралуға жәжбүр болады. Қандай себеп, неліктен солай болды, ол жағы белгісіз?!
Сонымен бірге, оның өмірбаянында көп айтылмайтын бір жайт бар. Ол - Әбілхан Қастеевтің Қытай түрмесінде отырып, кейін елге оралуы. Бұл кезең меніңше оның отбасын асырау жолында амалсыз көрші елге баруы болса керек. Елдің тұрмысының нашарлығы сондай, Қытайдан зат алып келіп, оны астыққа айырбастап, талғажу қылады екен. Сондай сәттердің бірінде Әбілханды ұстап алған Қытай жандармдары оны ауыр жұмысқа салады. Бозатала таңнан ауыр жұмысқа жегілген, оның үстіне бұрынғы ауруынан айықпаған Әбілхан азып-аршып, құр сүйегі қалады. Түрдеден ебін тауып қашып шығып, жақсы адамдарға кез болып, әйтеуір Отанына оралады. Сонда, оны жолықтырған әйелі қаусаған шалды көргендей болып, танымай иіліп сәлем берген деседі.
Аталған кезең туралы Әбілханның қызы Гүлдәрия Қастеева "Хабар" арнасына берген сұхбатында былай дейді:
"Осы жақтан олардың не алып барғаны есімде жоқ. Бірақ Қытайдан азық-түлік әкелетін еді. Ашаршылық белең алған жылдары ол жаққа анам да барды. Қатты ағып жатқан суды кешіп өтетін еді. Кейбір адамдар ағыспен бірге ағып, ажал құшып жатты. Шекарашылар бірден 10 адамға өтуге рұқсат беретін. Бірақ "Аман-сау қайтуларың үшін біз жауапкершілік алмаймыз" деп айтатын".
ІІ дүниежүзілік соғыс басталған кезде Әбілхан Қастеев майданға бармақшы болады, бірақ, оны елде қалдырады. Жоғарыда айтқандай жастайынын аштықты, қиыншылықты көріп өскен ол әрдайым адамдарға жәрдемдесуге дайын тұратын, тіпті, жазықсыз сотталған адамдарға да жәрдем берген кездері болған. Қазақстанның Суретшілер одағының Төрағасы болып жұмыс істеп, одан соң Қазақ КСР Жоғары кеңесінің 4-6 шақырылымдарының депутаты болады. Қазақстанның әр түпкірінен депутатқа тұрмыс тауқіметімен, әділдік іздеп келген жандардың мәселелерін шешсе де, оның ұзақ уақыт өз үйі болмайды және отбасында шиеттей 9 баласы бар еді. Айтқандай бір баласы 16 жасында жүректен қайтса, тағы бар ұлы әскерде мерт болады.
Сондай биік лауазымда отырса да және билікке жақын болса да басшылардың алдына барып: "ананы бер, мұнаны бер, үйім жоқ, күйім жоқ" демеген екен. Бірақ, бір жолы мынадай оқиға орын алады, шетелдіктер Қастеев туралы фильм түсіріп, отанына қайтқаннан кейін екі айдан соң Әбілхан Қастеев ескі үйіне оралады. Оның өзі дұрыс жылымайтын, ыңғайсыз жай болса керек. Осы оқиғадан кейін Дінмұхамед Қоневпен болған кездесуде суретші “Маған білімі көп адам білімі аз адамды алдауына болады деген жаңа заң шыққанын айтты” дейді. Қонаев ондай заңның жоғын алға тартады. “Жоқ болса, неге шетелдіктер кеткеннен кейін менің отбасымды ескі үйге қайтардыңдар? Неге Еуропаны, мені алдадыңдар?”, - деп қарсы сұрақ қойған екен. Мұны естіген Дінмұхаммед Ахметұлы күліп жіберіп, “Ақсақал, Сізді шынымен алдаппыз” дейді. Сол бетте Жұмабек Тәшеновке хабарласып, суретші Әбілхан Қастеевке арналған үйді салу жайлы нұсқау береді. Міне, осындай қарапайым адам болса да Қастеев талантты суретші еді. Ол тек табиғат, қоғам өмірін бейнелеп қана қоймай, Абайдың, Шоқанның, Кенесарының, Амангелдінің, Жамбылдың және т.б. тұлғалардың суреттерін салды.
Сөйтіп, өмір бойы аштық, жетімдік, қиыншылық, жетіспеушілік көрген Әбілхан Қастеев 1973 жылы мәңгілік мекеніне аттанып кете барды.

