Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
1
18:51, 14 августа 2017

ТІЛІМІЗ БАЙ, БІРАҚ...

Blog post imageТілімізді бай дейміз. Кейбіреулер тіпті керемет бай деп жазып жатады, әлемдегі ең бай тілдердің бірі деседі. Мұндайларды оқыған сәтте мақтанып көңілің тасиды. Ал кейде аспаннан жерге түсіп, төңірегіңе қарасаң, салыстырсаң «неге, неге?» деген сұрақ мазалайды. Неге қазақ тіліміз толыққанды мемлекеттік тіл қызметін атқара алмай келеді? Себеп неде?

Қандай да бай тіл болмасын әлемнің қауырт даму заманында сағат сайын,күн сайын өмірге еніп жатқан жаңалықтарға әр тілдің өзінің  лингвистикалық заңдылықтарына, мүмкіндіктеріне сәйкес сөзден-сөз, жаңа сөздер туып отыру қажет және әлемдік бай тілдерде осылай болып отырды да.Тек қазақ тілі де оларға ілесіп, алыстап артта қалмай үлгіріп отыру қажет.

Кезінде республикалық тіл комитетінің төрғасы былай деген «Терминологияда 30 шақты сала  бар. Сонда   300 мыңдай  сөзді бекіту қажет. Бұған дейін ресми бекітілген сөздер 5-6 мың төңірегінде ғана» («Егемен Қазақстан» 07.03.2007 ж..

 

Жаңа терминдерді («300 мың) қайдан алуымыз керек? Әрине ең алдымен өз сөзімізді құбылту арқылы жаңа мән беріп отыруымыз керек, бірақ біздің аудармашыларымыздың, лингвистеріміздің қиналатын жері де, көпшіліктің наразылығын да туғызатын осы тұстар. Түрлі салаларда қолдануға көптеген ыңғайсыздықтар салдарынан айқын да жеңіл түсінікті орыс тілі мәтініне жүгініс толастар емес. Елімізге аты әйгілі ұлт патриоты, ана тіліміз дің жанашыры, ғалым философ Амангелді Айталы үнемі айтатыны қазақ тілі бай тіл, мәселе оны дамытуда емес оны барлық салада қолдануда ғана дейтін, солай дейді де. Бірақ, бірде өзінің ашынған күдікті ойын (интернетке) «Әуелі өзімізге өкпелейік» деген айдармен ортаға салған еді. Оған себеп болған - политолог Петр Своиктің Қазақстанда мемлеккеттік тіл міндетін орыс тілі атқаруда дегені еді. Айталы Своикке емес өзіне, сіз бен бізге «неге» деген сұрақ қойып, толқыған ой күйелісінен туған ащы мәселенің шетін шығарған еді: «...қазақстанда мемлекеттік тіл шынында да орыс тілі. Бұл қазақ тілі мемлекеттік тіл бола алмайды деп тұрған жоқ па? – деген еді. Мұндай күдікті ойлар жиі кездеседі.

 

Ал бұл жағдайға кім кінәлі? Оны анықтап, шара қолдану керек қой! Бірдеменің бүлініп, болары  болып қойғанда, оған кінәлілер, сезіктілер көп болғанда «кінәлі анау» деп дәл көрсету оңай болмай жатады. Ал тіліміздің мүшкіл халіне айыпты кім екенін еш күмәнсіз дәл көрсетіп, ұстап беретіндер көп. Қазақ БАҚ тарында ондай баға жиі кездеседі, кейде тіпті «айқайлап» жар салғандай. Ол айыпты -  Мемлекет, Өкмет және шалақазақтар екен, Елімізде белгілі жазушы Мұхтар Мағауин кезінде «Ана тілі» газетінде былай деп жазғаны бар еді «Ақиқатына жүгінсеңіз, мемлекетіңіздің бұл тілде шаруасы жоғы өз алдына, көбіне-көп қарсы, тіпті жаулық ниетте». Тағы бір ана тіліміз жөніндегі толғанысында былай деп күдіктенеді: «Бұл не, тексіздік пе, әлде басқадай бір сұмдығы бар ма... Мүмкін генетикалық апат болды ма екен» деп ойлайды.

Blog post imageАна тіліміздің бір жанкүйері Алматыда супермаркеттегі лифт маңында әріптесін 40 минут тосып қалыпты. Осы уақыт ішінде талай қазақтар оның жанынан өзара орысша сөйлесіп өтіп жатқанын қынжыла жазыпты интернетте. Менің немерем осы Өскеменде қазақ мектебін, сосын университетті орысша бітірген. Астанаға барып кеп «Ой, ата, онда жастардың бәрі орысша сөйлеседі» дейді. Көпшілікке не істейсің?! Көпшілік туралы  қазақ пікірі. «Көпке топырақ шаша алмайсың», «Көп қорқытар, терең батырар», «Көппен көрген ұлы той», «Көп айтса болды ...».
Бай тіліміздің мүшкіл халіне Өкімет кінәлі, көпшілік кінәлі дейік. Әлде тіліміздің көпсөздігіне (15 томдық сөздікте 150 мың) қарамай, лингвист ғалымдарымыздың көзі жетпей жүрген тіліміздің өзінің де осалдығы, икемсіздігі бар ма?
Ағылшын тілі оқулығының авторы А. Драгункиннің пікірінше ағылшын тілінің сөздік қорында 600 мыңдай сөз бар. Ал күнделікті өмірдің барлық саласын қамтамасыз етуге соның 2 мыңдайы-ақ жеткілікті. Бірақ жүйелендіруге тез көнетін және көне бермейтін де тілдер болады екен. Ағылшын тілі, дейді ол, жүйелендіруге бейім тіл. Көнбейтін тіл жөнінде ЮНЕСКО шығарып тұратын Мәдениет журналында сыпайылап, жұқалап қана баск тілін сүйкеп өтіпті. Естеріңізде болса ХХ ғасырда Европадағы баск этносы тәуелсіздік ұшін қан төгіс террорлық күрес жүргізіп келген, қазір басылды ғой. Ал, өзіміздің ана тілімізді осы тұрғыдан «көнуге бейім, немесе бейім емес» дейміз бе? Мен «көнетін-көнбейтін»  дегенді, икемді- икемсіз тіл деп ұғамын. Біз неге мол 150 мың сөзіміздің ішінен мемлекеттік дәрежені қамтмасыз ететін 2 мың сөз ыңғайлай алмаймыз? Айыпты өкмет пе әлде тіл көсемдеріміз бе?
Blog post imageХалықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, ғылым докторы Уалихан Абдібеков «Айқын» газетінде (06.02.2015) былай деп жазды: «Салыстырып көріңіздер. Орысша, қытайша, үндіше, ағылшынша бәрі қазақ тілінен күрделі. Біздің тіл әбден екшелген, бай, кез келген жағдайға ыңғайлы. Көне тілдер қолданыста қазақ тілі сияқты қарапайым» Сонда біздің мақтанышымыз тіліміздің ҚАРАПАЙЫМ екені ме?
Доктор Абдібеков «салыстырып көріңіздер» дейді ғой. Иә, салыстыру да ғылыми метод. Қарапайым қазақ тілімізді күрделі және бәсекесіміз орыс тілімен салыстырып көрейік.
Мал өз төлінен өсу керек. Үнемі базардан сатып алып байымайсың. Сол сияқты тіліміз баи түсіп, икемделе түсуі үшін өз сөзіміз құбылып жаңа сөз тудырып отыруы қажет. Бастауыш мектеп грамматикасында сөз тубірінен жұрнақ жалғану арқылы жаңа мәнді сөз туындайды деп тұжырымдайды. Осы қағиданы өсе келе, тіпті кандидат, доктор боп дәрежеміз өскен сайын ұмыта бастайтын болдық. Осы лингвистикалық тұрғыдан алғанда бәсекелесіміз күрделі орыс тілімен салыстырсақ, жаңа сөзжасамдық мүмкіндік орыс тілінде мол, бай. Біздің «қарапайым» тіліміізде шектеулі, кедей. Мысалы, зат есімнен жұрнақ жалғау арқылы жаңа мәнді сөз тудыратын орыста өнімді 32 жұрнақ (оның 8-і жен.р., оған қоса шет тілден алған 8 жұрнақ, барлығы 40. Ал бізде тек 4-ақ өнімді  жұрнақ:
-шы, -ші                  -шылық, -шілік
-кер, -гер                -тық, -тік, -дық -дік, -лық -лік
(Біздегі –шақ -шек, -сақ -сек, -ман -мен өнімсіз жүрнақтар, ондайлар орыстада бар). Қайталап айтайын, ықшамдық үшін тек «Зат есім + Жұрнақ = Жаңа сөз» моделін (үлгісін) ғана алып отырмыз. Ал орыстың сөзжасамға, сөз байланыстарына қолданатын Приставка, Предлог дегендеріне қарсы қойып салыстырар бізде ештеңе жоқ!
Blog post imageӘлем чемпионы болгарин Тапалов шахмат тақтасының 64 керегесінде (клетка) 28 ноліді сан (алты ноль – миллион) деңгейінде түрлі комбинация мүмкін дейді. Тілді шахмат тақтасы деп қарасақ қарапайым қазақ тілі көп комбинация жасай ма әлде жұрнақтары мол, оған қоса приставка, предлогы тағы, бар күрделі орыс тілі көп комбинация жасай ма?
Бәрі «О» әрпінен басталатын 15 сөзден тұратын орыс анекдотын бұрыннан білетінмін. Әзіл үшін ғой. Ал мені қызғаншақтық ойға батырған басқа бір әзіл әңгіме 190 сөзден тұратын бүтін бір әңгімедегі барлық сөздер «П»  әрпінен басталады. Онда Петров досынан хат алады, досы оны қонаққа шақырыпты. Қонаққа барып, қалай түскі ас ішкені, көңілді жарасымды отырғандары, қонақтардың ішінде Полина деген қыз болғаны, астан кейін сол қызбен қыдырғаны, бірін-бірі ұнатқаны туралы әңгімедегі сөздердің барлығы «П» әрпінен басталады! Мол жұрнақсыз, приставка, предлогсыз және күрделі орыс тілінің басқа да икемділік қасиеттерінсіз мұндай әзіл әңгіме құрастыру мүмкін емес. «Орыс тілінің басты сипаты – бұл тілде бәрін де оп-оңай айтып жеткізуге болады» - дейді үш тілді А. Герцен: шешесі немка, өзі орыс жазушысы, көп жылдар Лондонда газет шығарып тұрған (үш тілді салыстырған сияқты: «Главная характеристика нашего языка состоит в чрезвычайной легкости, с которой все выражается на нем»).
Менің бұл жолдарым орыс тілін мақтау үшін емес.1918 ж. Ленинге ұсыныс түсіпті: «орыс тілін мемлекеттік тіл» - деп жариалау керек деген. Оған: оның не керегі бар, онсыз да ол өзінің лайықты орнын алады – депті.
Менің ана тілімізді оның бәсекелесімен салыстырудағы мақсатым - ол несімен ұтымды екенін білу. Орыс тілін ана тілімізге Өкмет жығып береді деп 25 жыл үміттеніп келеміз, нәтиже жоқ. Енді онымен тайталасудың әкімшілік жолымен қатар лингвистикалық әдістерін қарастыру қажет.
Blog post imageСпортсмен бәсекелесінің айла-тәсілін, жаттығу ерекшеліктерін жете білуге, оның ұтымды тұстарын үйренуге тырысады. Біз алдымен әлем таныған орыс лингвистика ғылымын меңгеруіміз қажет. Мысалы, қытай тілін үйрену үшін орыс лингвистерінің зерттеу-талдауларын пайдалаға болады. Біздің тілде ондай ештеңе жоқ қой. Басқа тілді білу өз ана тіліңе сеп. Мақтап жүрген «Қаймағы бұзылмаған» қазақтар тек Х1Х ғ. көксейді. Орыс ғалымы Н. Трубецкой лингвистиканың бір саласы Фонологияның негізін салушы. Оның «Фонология негіздері» атты капиталдық еңбегі Германияда, Францияда, Англияда, Японияда, Ресейде бірнеше рет басылған. Оның басқа еңбектері де көп, соның ішінде Черкес тілінің грамматикасын жасап берген... Қазақ тілінің «қаймағын бұзбай» оқшаулау оның «көзін, құлағын» тұмшалау сияқты.
Біздің бай тілімізден бәсекелесіміз орыс тілінің  сөзжасамдық (словообразовательный)  байлығы артық екені туралы жоғарыда біраз сөз қозғадым. Өзіміздің осындай «осалдығымыз» бен күресу үшін оны алдымен өзіміз сезінуіміз қажет, сонда ғана оған қарсы қандай айла-тәсіл қолдану жөнінде ақыл-ой туындауы мүмкін. Біздің ең беделді лингвист академик Әбдуәли Қайдар тіліміздің ең актуалды 6 мәселесін тұжырымдапты. 1. Этнолингвистика 2. Лексикология 3. Ономасстика 4. Терминология 5. Фразеология 6. Этнология. Мұнда сөзжасам (словообразование) мәселесі жоқ. Әр деңгейдегі қазақ тілі, орыс тілі оқулықтарын салыстырсақ бізде бұл мәселе өте таяз, тым ықшам, ал орыс оқулықтарында терең де көлемді. Орыста  А. Тихоновтың «Словообразовательный словарь» сөздігінде 145 мың сөздің қандай жолдар, элементтер арқылы жасалғаны берілген. Е. Земская: «Современный русский язык. Словообразование». Учебное пособие для студентов, аспирантов, преподователей. Қысқаша түсіндірмеде былай делінген. Автор сөзжасам теориясының заманауи мәселелерімен, орыс тілінің сөзжасамдық ерекшеліктерімен таныстырады.
Blog post imageСөзжасам азабын алдымен аудармашылар тартады. Орыстың «участок» деген сөзін олай да былай да аудармақ боп ақыры қайтадан «сайлау участогі» дейтін  болдық. Бұл сөз түбірі часть-бөлік. Біз бұл түбірден 4-5 ақ  жаңа мәнді сөз жасай аламыз. Ал орыстарға қараңыз: частник, частность, частица, частичка, частично, частота, часто, участь, участок, участковый, причастие, причащение, счастье, несчастье, участник...
Алайық жұмыс-работа: бізде – жұмысшы, жұмыскер, Оларда – рабочий, работник, отработка, переработка, проработка, подработкка, зароботок, работяга, разработка, переработчик, уработать, сработать, наработки, доработать...
Blog post imageВенгр (мажар) тілі де тоқырау дәуірін кешкен. Қазақ жұрналисі венгр лингвисінен ондағы «Тіл жаңалау» қозғалысы туралы сұрағанда былай жауап беріпті:. Аз қолданылатын сөздер, архаизмдер қолданысқа енгізілді, көптеген жұрнақтар тірілді, өнімсіздер өнімділер қатарына өтті... калька да осы мақсатқа қызмет етті» («Қ.Ә»)
Біз болсақ ескі ТАМ, Отау сөздерімізді қолдана алмай жүрміз, бір де жаңа жұрнақ енгізілген жоқ. Кальканы да білмейміз – зауыт деп жүрген «завод» тың тура калька аудармасы бар, бірақ қолданбаймыз.
Сауатымыз төмен.
Ғаббас Құмаров
1
1735
0