Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

Қазақ үкіметі және қазақ тілі. Нәтиже көңіл қуантады!

Өткен айда Қазақстанда үкімет ауысты. Екі-жыл сайын орын алып жататын әдеттегі ауыс-түйіс. Ел тәуелсіздігінің 25-жылдығы қарсаңына дайындық деуге де болады. Алайда, бір нақты өзгерісті айтпай кетуге болмайды.

Әдетте, үкімет жұмысы оның қызметінің соңында бағаланады. Бірақ, қоғам қайраткерлері, БАҚ тарапынан кез-келген уақытта сынға ұшырап, өткір талқыланатын мәселенің бірі - Үкіметте отырған шенділердің мемлекеттік тілде сөйлей білу деңгейі екендігі баршаға мәлім. Және де әрдайым елжанды азаматтарға үкіметтегі мемлекеттік тілдің қолдану аясы ашу туғызып келді. Аталған сыни ой-пікірлердің ақиқаттан ауылы алыс болмаса да, қазақ үкіметінің мүшесі ретінде тіршілік етіп жүрген «ақ қарғаның» қазақ тілін бағалаған отандастар сөздерінде ыза табы байқалып тұратын.

Сондықтан, артық-ауыс көңіл-күй тетіктерін тежеп, үкіметтің мемлекеттік тілді білу және қолдану деңгейіне нақты баға беру мақсатында маған балдық жүйе енгізіп, зерттеу жүргізу туралы ой келді. Зерттеу келесі өлшемдерден тұрады:

«5» бағасы - қазақ тілін өте жақсы меңгерген және қызмет барысында жиі қолданады, екі тілді (қазақ/орыс) кісімен сұхбаттасу барысында баға берілуші үкімет мүшесі қазақ тілін таңдайды;

«4» бағасы - тілді жақсы меңгерген (екі тілді тең меңгерген), баға берілуші үкімет мүшесі жұмыс тақырыбына жан-жақты сұхбат жүргізе алады. Бірақ, екі тілді (қазақ/орыс) кісімен сұхбаттасу барысында баға берілуші үкімет мүшесі орыс тілін таңдайды.

«3» бағасы - тілді меңгеру деңгейі орташа, баға берілуші үкімет мүшесі жұмыс тақырыбына сұхбат жүргізу кезінде қиналады;

«2» бағасы - тілді меңгеру деңгейі нашар, жұмыс барысында қазақ тілін мүлдем қолданбайды;

UPDATE: Төменде көрсетілген бейнематериалдардың көбісі белгілі мерзімнен бастап (секундына дейін) қаралуға бапталған. Бірақ өкінішке орай, мобильді нұсқада барлық видео басынан бастап көрсетіледі. Сондықтан, егер сізді бейне дәлел қызықтыратын болса, бұл постты веб-нұсқасында қарауға кеңес береміз (компьютерде/ноутбукте/планшетте).

Үкімет басындағы азаматтардан бастасақ.

Бақытжан Сағынтаев

Биылғы жазда жер комиссиясына қатысты бүкіл қоғам құлақ түрген пікірталасқа баршамыз куә болдық. Аталған комиссия жұмысының 95% мемлекеттік тілде өтті. Билік тарапынан басты бітімгер рөлін болашақ премьер-министр сауатты алып шықты.

Қазіргі премьердің мемлекеттік тілді білу деңгейіне күмән туғызбайды. Баға – «бес».

Асқар Мамин

Ютуб желісінен қазіргі бірінші вице-премьердің сөйлеген сөздерін іздестіру барысында мемлекеттік тілдегі материалдар көп емес. Кездескен материалдарға «4» деген баға беруге болады. Тек келесі сілтемедегі видео көңілге аздап күдік ұялатады.

Қойылған баға «төрттікке» әрең тартатынын мойындау керек. Үкіметтегі жоғары шенді төрт шенеунік (премьер және үш вице-премьер) арасында Мамин жалғыз орыс тілді азамат.

Иманғали Тасмағамбетов

Жаңа «ескі» вице-премьер қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген.

Өзге үкімет мүшелерімен салыстырғанда Тасмағамбетовтің қазақ тілі ең шұрайлы екендігі анық көрінеді. Қойылатын баға – «бес».

Асқар Мырзахметов

Мәртебесі жағынан жер комиссиясындағы екінші бітімгер ретінде мойындалған, вице-премьер және ауыл шаруашылығы министрі Мырзахметов Үкіметтегі жоғары шенді төрт шенеунік арасындағы ең қазақ тілді шенеунік деп атауға болады.

Екі тілге бірдей Сағынтаев пен Тасмағамбетовпен салыстырсақ орыс тілінен гөрі қазақ тілінде еркін сөйлейтіні бірден байқалады.

Министрлерді талдауды қазақтілді саналатын күштік құрылымдардан бастасақ.

Калмұханбет Қасымов

Ютуб желісінде ішкі істер министрінің қазақша сөздері мүлдем жоқ десе де болғандай. Тіпті, көпшілік құлағы үйренген «Құрметтінің» өзі кездеспейді. Ал орыс тіліндегі видео материалдар саны жүзден асып жығылады.

Ішкі істер министрлігі қай уақытта болмасын 100% қазақ тілді ведомство ретінде қалыптасқан дегенге ешкім дау айта қоймас. Сондықтан, орыс тілді ішкі істер министрі аздап оғаштау көрінетіні де рас. Министрдің қазақ тілінде сөйлеген бірнеше секундын табу үшін ұзақ ізденуге тура келді.

Былай қарасаң, министр қазақ тілінде сөйлеген секілді болғанмен, тіл шұбарлығы анық байқалады. Министрдің қазақ тіліндегі толыққанды сөз сөйлеуін таба алмағандықтан, сондай-ақ қазақ тілді сұрақтарға көпшілікке жауыр болған «барлығына түсінікті болу үшін» деген себеппен орыс тіліне өтіп кету сәттерін сүреттеген видео материалдарды байқаған соң еліміздің басты полицейі туралы нақты пікір қалыптасты. Қойылатын баға – «үш».

Сәкен Жасұзақов

Жаңа қорғаныс министрінің сөздерін ютуб желісінде іздеу кезінде қысқа орыс тіліндегі үш сөз сөйлеуін ғана кезіктірдік. Министрдің желідегі сөздерінің аздығы - оның мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалауға мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан, жаңа министрге баға беруді кейінге қалдыру дұрыс деп шештім.

Қайрат Қожамжаров

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты маманы туралы ютуб желісінде көп деп айтуға болмайтын шығар. Алайда, қазақ тілінде сөйлеген сөздері жетерлік екен.

Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі орыс тіліне қарағанда бір саты төмен деген ішкі сенім аясында «төрт» деген баға қоюды жөн санап отырмын.

Марат Бекетаев

Жаңа әділет министрін ютуб жұлдызы деп атай алмаймыз. Министрдің қазақ тілінде сөйлеп тұрған сәтін бейнелейтін бір ғана материал бар екен. Әділ баға қою өте қиын, орыс тілінде ақырын сөйлессе, қазақ тілінде өте ақырын сөйлейді екен.

«3» немесе «4» деген баға қою үшін желіде жаңа сөздердің пайда болғанын күткен дұрыс сияқты.

Келесі кезек - идеологиялық блок.

Дәурен Абаев

Елбасының бұрынғы баспасөз-хатшысы, қазіргі ақпарат және коммуникация министрі қазақ тілінде ойлайды.

Мемлекет басшысы аталған министрмен тек қазақ тілінде сөйлеседі. Елбасы қазақ тілінде сөйлеуді қолай көретін кісімен ғана қазақша сөйлеседі-ау деген ой келеді.  Қойылатын баға «бес».

Арыстанбек Мұхамедиұлы

Орыс тілді БАҚ-тың басты кейіпкерлерінің бірі мәдениет және спорт министрі өз сөздерін өзіне ыңғайлы қазақ тілінде жүргізеді.

Қойылған кейбір сұрақтарға министрдің орыс тіліндегі жауаптары интернет желісінде қызу пікірталас тудырғаны белгілі. Олардың ішіндегі ең танымалы Мәскеуде еден жуып күнелтіп жүрген қырғыз қыздары туралы екендігі тағы да рас. Аталған министрге екіұдай пікірлерге қарамастан, оның мемлекеттік тілді теңгеру және қолдану деңгейін «беске» бағаламасқа шарамыз жоқ.

Ерлан Сағадиев

Білім және ғылым министрі «Үш тілді білім берудің» басты жанкүйері бола отырып, өзі үш тілділікпен мақтана алмайды екен. Ағылшын тілінің майталманы қазақ тіліне келгенде кейде мүдіріп қалатыны да байқалады.

Министрдің қазақ тілінде сөйлеген сөздерінде кездесетін кейбір олқылықтарға қарамастан, мемлекеттік тілді білу деңгейі жаман емес. Алайда, өз сөздерінде қазақ тілінде сөйлеуден қашқақтауы – еліміздің ең басты педагогы деген деген атқа жарасатын қылық емес. Министрдің орыс тілінде сөйлеген сөздерін синхронды аударумен беріп жатқан қазақ тілді жаңалықтар сюжеттері екіұдай ойға қалдырады. Балаларымыз не үшін үш тілде оқуы тиіс дейтін қазақ тілді ел тұрғындарына Министрдің орыс тілінде жауап беруі де көкейге қонатын іс емес. Қойылатын баға «үш».

Нұрлан Ермекбаев

Дін істері және азаматтық қоғам жөніндегі министрдің ютубтағы сөздері шамалы ғана екен. Алайда осы шамалы видео материалдың өзі тиісті қорытынды шығаруға жетерлік.

Бұл министрдің қазақ тіліндегі сөздері нақты, сенімді. Мемлекеттік тілді жиі қолданады. Қойылатын баға «5».

Ерлан Ыдырысов

Сыртқы істер министрінің қазақ тілінде сөйлеген сөздерін таба алмадым десем де болады. Тек кей жерде сөз басында айтылатын екі ауыз сәттерді біз қоспаймыз. Аталған министрдің қатысуымен өткен баспасөз жиындарын көру барысында байқағаным – қазақ тілді журналистердің өзі оған сұрақты орысша қояды екен. Ілуде бір журналист қазақша сұрақ қоя қалса, министр Пушкиннің тілінде жауап бере бастайды.

90-шы жылдардан бері жоғарғы эшелонда жүрген министр орыс тілінен бөлек ағылшын тілін жетік меңгергенін біз білеміз. Алайда өз ана тілінде сөйлей алмауы «екілік» баға қоюға мәжбүрлеп отыр.

Еліміздің экономикалық блогы өзінің ішкі ерекшеліктеріне байланысты әрдайым орыс тіліне басымдық беретіні байқалатын. Бірақ, заман бір орында тұрмайды деген рас сөз.

Қуандық Бишімбаев

«Болашақ» бағдарламасының белгілі де танымал өкілдерінің бірі, ұлттық экономика министрі екі тілде де еркін сөйлейді.

Қазақ тілін жетік білгеніне қарамастан, «төрттік» пен «бестіктің» қайсысын қоюды білмей отырмын. Бір жағынан, бұл министр мемлекеттік тілді жиі қолданушы ретінде көзге түспесе, екінші жағынан, әр жылдардан сақталған видео материалдарды қарау барысында қазақ тілін меңгеру деңгейі өскені байқалады. Менің бағам «бес».

Жеңіс Қасымбек

Инвестиция және даму министрінің ютубтегі видеоларының аздығына қарамастан нақты баға қоюға жеткілікті.

Министр – мемлекеттік тілде ойлайтын азамат. Қойылатын баға «бес».

Бақыт Сұлтанов

Қазіргі қаржы министрінің қазақ тілінде сөйлеген сөзін бір ғана жерден таптым.

Дайындап берген қағазға қарамастан, қазақ тілінде сөйлеу министрге қиындау соғатыны көрініп тұр. Қойылатын баға «үш».

Тамара Дүйсенова

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі екі тілде де еркін сөйлейді.

Қойылатын баға  – «бес».

Қанат Бозымбаев

Павлодар және Жамбыл облыстарының бұрынғы әкімі мемлекеттік тілде сөйлеу деңгейін жақсы деп бағалауға болады.

Министр мемлекеттік тілді жиі қолданбайды. Елбасымен өткен кездесулер орыс тілінде өтеді. Қойылатын баға «төрт».

Қорытынды кезең. Зерттеу жүргізілген Үкіметтің 17 мүшесінің 9-ы қазақ тілін жетік меңгерген.

Үкімет мүшесібаға
Бауыржан Сағынтаев5
Асқр Мамин4
Иманғали Тасмағамбетов5
Асқар Мырзахметов5
Калмұханбет Қасымов3
Сәкен Жасұзақов?
Қайрат Қожамжаров4
Марат Бекетаев?
Дәурен Абаев5
Арыстанбек Мұхамедиұлы5
Ерлан Сағадиев3
Нұрлан Ермекбаев5
Ерлан Ыдырысов2
Қуандық Бишімбаев5
Жеңіс Қасымбек5
Бақыт Сұлтанов3
Тамара Дүйсенова5
Қанат Бозымбаев4
Үкімет бойынша орташа4,25

Кестеге көз жүгіртсек, үкіметке мемлекеттік тілді білу деңгейіне «төрт» деген баға қоюға болады.

Зерттеу жұмыстары кезінде менде нақты екі пікір қалыптасты:

1. Отандық телеарналарда орын алған қазақ және орыс тілдерінің 50/50 пайызымен көрсетілетініне қарамастан, ютубтағы қазақ тілді жаңалықтар көлемі бірнеше есе аз. Кейбір арналар ютубқа мүлдем қазақша материалдарды жүктемейді екен. Бұған себеп – қазақстандық арналар басшылары өздерінің негізгі көрермені орыс тілді аудитория деп санайтынынан болса керек.

2. Менің ойымша, үкімет қазақ тілін меңгеру және қолдану бойынша ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде ең жоғары көрсеткішке жеткен сияқты. Мемлекеттік тілді жетік меңгермегендер саны жыл санап азайып келе жатқаны байқалады. Қазақ тілінің рөлінің өскені және аясының кеңейгені анық.

Менің зерттеуімде қателіктер болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Кейбір үкімет мүшелеріне қатысты төмен бағалар лауазымды тұлғалар тарапынан тиісті нәтиже шығарады деп сенемін.

Негізі, мемлекеттік аппарат өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру және қолдану деңгейін бағалау билік тарапынан жүргізілуі тиіс деп санаймын. Үкіметте министрлерден басқа төмен сатыдағы өзге шенеуніктер (вице-министрлер, жауапты хатшылар, комитет төрағалары мен олардың орынбасарлары және т.б.) жеткілікті. Сондай-ақ парламент және мәслихат депутаттары, облыс, қала, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары, ұлттық компаниялар басшылары бар.

Өмір бір орында тұрмайды. Сондықтан, мемлекеттік аппарат ел ішіндегі өзгерістерге дер кезінде ден қоюы тиіс деп санаймын.

Постты орыс тілінде оқығыңыз келсе мынаны басыңыз.

4
0
1407

Еще по теме

Қазақ үкіметі және қазақ тілі. Нәтиже көңіл қуантады! - Yvision.kz