Көкбөрілер заманынан елші.

2570
0
0
2

Мен үшін ол көк бөрінің ұлдары көкке ақырған, жарты дүниенің билеп тұрған заманнан бізге жіберілген елші іспетті... Ақылды, зиялы, білгір, жаужүрек оғлан еді. Қазақтар оны ұмытпау керек.

Бес аспап, қазақшаға судай мажарстандық (венгриялық) туркітанушы ғалым, әйгілі Іштуан Қоңырдың шәкірті Дәуіт Қара Шомфай жақында өзін режиссер ретінде таңытып Алматыға «Азияның жүрегіне саяхат» атты деректі фильмін алып келді. Алғаш хабарды естігенде: «Дәуіт Мандоки Қоңыр туралы киносын әкелді ме?»-  деп құлағым елең ете түскені бар. Өйткені, осыдан үш-төрт жыл бұрын ол Алматыға серіктерімен асай-мүсейін арқалап «Қоңыр туралы кино тусіруге келдім»- деп, мені тапқан болатын. Ол кезде көзі тірі, кезінде Қоңырды қатты құрмет тұтқан, оған көп септігін тигізген Турсынбек-аға Кәкішевке, Қоңыр казақ тіліне қандай жанашыр болса, қазір Қоңырдың аты мен сол тілге нағыз жанашырдың бірі емес, бірегейі профессор Ерден Қажыбекке, басты ғылыми еңбегін Қоңырдың әруағына бағыштаған Марат Сембіге, тағы басқа «Қоңыр деген» қазақтың зиялыларына жолықтырып, интервьюлерін алғызған едім.

Есесіне біз былтыр Қоңыр туралы қазақтың киносын түсіруге Мажарстанға барғанда Дәуіт алдымыздан шығып көмектескен болатын. Қонекеңнің Қазақстанда бір емес, екі киносының түсаукесері болады деп  мәз бола қалып ем (Бас консул Ференц Блауманн да осылай дәмелендіріп қойды), олай болмай шықты: Дәуіттің әкелгені осыдан жүз жыл бұрын Қазақия мен қырғыз елін шарлаған Дьерд Алмашидың ізімен болып шықты. Бұл да жаман емес. Келе сала маған телефон шалған ол «Қоңыр туралы фильмді» күзде әкелем деді.

Дәуіттің киносы Алматыдағы Еуропа деректі фильмдерінің онкүндігінің пердесін ашты. Көрсетудің алдында бұндайға көнген қазақтар мен дағдыланған орыстардан бөтен премьераға келген шетелдіктерге ерсілеу көрінген (?) moment болды. Іш-шараны жүргізуші, қазақ елінің тумасы, Қазақстан азаматы бола тұра қазақ тілін менсінбегендіктен үйренбеген, ол тілді білу міндет деп түсінбеген Олег Борецкий мырза Дәуіттің атын бұрмалай келе (ҚарАның орнына тәппіштеп КАра деп), оған отырған жұртқа тым болмаса «чала-орысша» бірдеңе айт деп бас сала жөнелді. Дәуіт қиналса да тырысты, бірақ онысы мәз шықпады. Видеодан көріп тамашалаңыздар. Ал қазақшасы әдемі-ақ.

 

Жалпы мен шашы сары, көзі тұздайлардың қазақша сөйлегеніне таңсық емеспін. Мен өскен Қарауылда қазақшасымен өзіңді жаңылдыратын неміс пен полон (поляк) аз болған жоқ, бірақ қазақтың ортасында емес, жырақта жүріп, қазақшаны қазақтай меңгергендерді өз басым Мажарстанда ғана көрдім. Олар Мандоки Қоңыр мен оның шәкірттері. Олардың (тек қана Дәуіт емес, Кун Петердің, т.т.) таңғалдыратыны, тек қазақша сөйлеп қана қоймайды, өмірге деген көзқарастары, дүниетанымдары да "қазақша" бөліп көрінеді маған. Қазақ қана білетін, қазақ ғана түсінетін жәйіттардан хабардар олар. Біздің кинода Дәуіт  Қоңыр туралы айтып жатып, кенеттен ата-бабалар әруағы туралы, қазақи тылсым күштер туралы айтып кетпесі бар ма!

Дәуіт тусірген кино туралы айтатын болсам, бұрын шет жағасын естіп-білген бір-екі қызықтарды тамашаладым. Қырғыз ағайындардың ішінде өмір сүретін сарт-қалмақ деген, қырғызша-қалмақшаны араластырып сөйлейтін субэтностың өкілдерінің сөйлегені. "Төскейдегі малы бір" таулық бауырларымыздың 1916 орыстың қолынан қырылған ата-бабаларына арнап ұлықтап ас бергеніне қуана куә болдым. Олардың «ғайып» деген сөзді «әруақ, рух» деген мағынада айтқанына тан қалдым. Шөнжының тумасының «біздің ұлттымыздың аты – тараншы, «ұйғыр» деп біз 1920 жылдан бері ғана айтады» - дегенін естідім. Мәнді, мазмұнды кино екен.

Консул Ласло Бардоцпен.

Ертеңінде Алматыдағы Іштуан Қоңыр атындағы мектепте «Қазақфильмде» «Тіспен туған Қоңыр бақсы» кітабымның желісі бойынша жазылған сценариым бойынша түсірілген «Иштван Қоңыр» атты ғұмырнамалық-деректі киноның тусаукесері өтті. Ресми қонақтардың ішінде Мажарстанның Қазақстандағы консулы Ласло Бардоц мырза, осыған дейінгі азғана әңгімеге арқау болған Шомфай Дәуіт Қара (Қоңырдан бері дәстурге айналған жақсы бір құбылыс – көптеген мажар түркітанушылары мадьяр (венгр) ныспыларына қазақша сой қосып алатын болыпты: Мандоки Иштван – Қоңыр, Ласло Вад – Баяндүр, Шомфай Давид – Қара), осы Қоңыр туралы киноның шығуына мұрындық болған қазіргі қазақ деректі фильмнің «көкесі» Асет Ерназаров, т.б.

Солдан оңға қарай: отырғандар - Ласло Бардоц, Дәіт Қара, Балтабай мырза; түрегеп тұрғандар - Қайрат Балтабай, Махамбет мырза, Қаламқас Алмасбай, Марат Сембі, Ернар Мәсәлім, Асет Ерназар.

Мен үшін рәсімнің көркі Қоңырдың шынайы досы Марат-аға Сембі болды. Ерден Қажыбек келе алмады (іс-сапарда екен), Фейсбук арқылы хабар жіберіпті: «Ернар! Мені жоқтатпай, қатысты деп есептеуіңізді өтінемін. Өкінішке орай, мен оңтүстік Қазақстанда іс-сапардамын», - деп.

Тарихшы - топономист (жер-су атауларын зерттеуші) Марат Сембі Қоңыр мұражайына "Память земли тюрко-монгольской" атты кітабын тарту етті.

Марат ағаның фильмде, тусаукесер кезінде қою қоңыр дауысымен Қоңыр туралы айтқан  әңгімелері жұртқа әсерлі болды. Тұсаукесер қонақтырының ішінде композитор, музыка әрлеушісі, Ахмет Жұбановтың жиені, Әзірбайжан Мәмбетов пен Ғазиза Жұбанованың ұлы Әліби, Нүрпейіс Байғаниннің немересі продюсер, актер (жақында ғана экранға шыққан «Аманат» фильмінде «үш әріптілердің» бірін жақсы бейнелеген) Ерболат Байғанин, т.б. болды.

Шынымды айтсам, осы жолы алғашқы авторлық идеямен оның экранға шыққанының (экранное воплощение) арасы алшақтау болды. Сценарий жазылып болғаннан кейін қиноға қожа - қоюшы режиссер.  Егер ол тақырыпты білсе, білмесе де білгісі келсе, түсіне алса - ол жақсы. Ал керісінше болса, ол идея авторына трагедия, нәтижесі фарс болуы мүмкін. Осы тұрғыда, әрине, бұл фильмнің "әттегенайлары" бар. Бірақ, қалай болғанда да, көрсетілімдері болса халыққа айтатыны жоқ емес, әсіресе, жастарға; «Отаныңды, тіліңді, жеріңді сүй»,- деп айғайлап тұр. Мәңгүрттілік қаптаған заманда маңызды атой.

Іштуан (өзі қазақша атын осылай жазатын) Мандоки (Мандық жайлауының атынан) Қоңыр және оның немере інісі Лашын (Ласло) Вад Баяндүр.

«...қазақтарға деген айтарым бар, - дейді кинода Қоңырдың өзі, -  Маңғолиядағы, Қытайдағы қазақтар әлі де тілін таза сақтауға тырысады. Мына қазақстандық қазақтарға айтайын дегенім, бірнеше айттым осыған дейін,  мынандай: біз, қыпшақтар, тілден айырылдық, бұл адам баласының басына түскен ең бір үлкен кесел. Халық, ұлт өз ана тілінен айырылса, ол оның өлгенімен бірдей. Мінеки, бірнеше жылдан бері Қазақстанның жеріне келген сайын қазақпен таза  қазақша  сөйлесу қиын болып барады. Мысалы, Алматыда жастар қазақша білсе де, сөйлескісі келмейді, немесе қазақша сөйлескенде, жартылай орысшалап кете барады. Қазақша сөйлегеннің ішінде он сөздің бес-алтысы, немесе сегізі орысша. Сіздерге тілге ең бірінші рұқсат берілді. Тазалану керек тіл жағынан.  Тіл- бәрінің негізі ғой . Тілі таза емес елдің ой - санасы да таза болмайды. Айтайын деген ой–пікірлерінің бәрін жалғыз- ақ қазақ тілімен  жеткізуге болады ғой. Сондықтан, бар тілегім қазақтар ана тілін өте таза сақтасын, өркендетсін, әрі қарай байытсын. Бала – шағаларына ұялмай тап – таза тілді үйретсе, онда кейінгі ұрпақтар бақытты болады. Қазір кейбір жастар әке – шешесін кінәлайды. «Мені әке – шешем қазақ тіліне үйреткен жоқ, орыс мектебіне берді, қазақша қалай сөйлейміз» - дейді. Енді келешек ұрпақ бүгінгі ұрпақтан бақыттырақ болар деп ойлаймын» (мәтінде Қоңырға тән сөйлеу мәнері сақталды). Тұра осылай айтты.

Фильмнің алғашқы көрермендері Қоңыр мектебінің оқушылары болғаны да дұрыс болды, Қоңыр да осыны қалар еді.

Жалпы, Қоңырдың әруағы көп нәрсені өзінің қалауымен істете алады. Қазақи нанымда "әруақты адам" деген ұғым бар. Қонекең сондай. Жұбайы Айшекеңнің айтқан әңгімелерінен бөлек біраз нәрселерге куә болдым. Мәйітін Қапқаздан Мәскеу, Будапешт арқылы тамыздың аптап ыстығында екі жұма дегенде Алматыға жеткізгенде, ешбір бұзылмаған, өңі ұйқыдағы адамдай екен. Цинктен жасалған табытты ашқанда жиналған қалын жұрт селт еткен. Мажарстанда Кунсентмиклош (аудармасы Әулие Қыпшақ Миклош) жазығында Дүниежүзілік Мадьярлар Құрылтайы кезінде Қоңыр мен марқұм досы Иштван Чукашқа  арнайы дұға оқылған мезетте меңірейген бір бұлт жоқ тұнғыйық көк аспанда кенеттен ғайыптан  бір шөкім ақсұр бұлт пайда болып, дұға оқылған жерге ғана аспаннан нұр жауып, кемпірқосақ айшықтанғанын мыңдаған жұртпен бірге мен де көрдім... Католик мажарлар киелі адамдарын "талтош" дейді. Олардың түсінігінде Қоңыр - талтош. Соңынан шәй ішіп отырғанда Қоңырдың әруақтылығы туралы Дәуіт те айтып кетті. «Ол мені күтіп жатады, сондықтан мен Алматыға келгенде Қоңырдың басына барып, Құран Кәрімнен дұға оқымай кетпеймін» деді ол (бұны айтып тұрған еуропалық католик екенін ескеріңіз).

Жиналғандардың бәрі бірнеше көлік болып Кеңсайдағы Қоңырдың ескерткішіне бардық. Мен -арабша Құранның аятын, Дәуіт - Қоңыр жаңғыртқан Тәңірге бағышталған он төртінші ғасырлық дұғасын сол заманның қазақ-қыпшақ тілінде оқыды.

Біздің атамыз кім-сін көкте - Сентілесің сенің адың - Дүшсің сенің көңлүң - Нечік кім йерде алай көкте - Бізің екмегімізні бер бізге бүт - бүтүн күнде  - Ілт бізің міңімізді - Нечік кім біз де ійерміз бізге өтрү келгенге - Ілтме бізні ол йаманға - Қутқар бізні ол йаманнан - Сен барсің бү күчлі бу чын игеси – Тенри, Амен

Кім Қоңырды білмейді, соларға: Мандоки Иштван Қоныр – қазақты жанындай сүйген, әмма түріктерді қазақтың жанына біріктіруді аңсаған ғалым, Еуропа қыпшақтануының негізін қалаған ғұлама, қайраткер. Мажарстанның (Венгрияның) тумасы, арғы аталары аумалы-төкпелі он үшінші ғасырда Еуропаға қоныс аударған қыпшақтар. Дунай мен Сахаға дейін түріктер мекендеген елдердің бәрін аралап,  бірлікке шақырған. 1992 жылы алғаш Қазақ Құрылтайына келе жатып аяқ асты Қапқазда, құмықтардың қолында, дүние салған. Соңғы өсиеті бойынша Алматыда, Кеңсайда жерленген. Жұбайы – адайдың қызы Оңайша, қазір баласы Атланмен Будапештте тұрады.

Мен үшін Қоңыр көк бөрінің ұлдары көкке ақырған, жарты дүниенің билеп тұрған заманнан бізге жіберілген елші іспетті... Ақылды, зиялы, білгір, жаужүрек оғлан еді. Қазақтар оны ұмытпау керек.

Постта Евгений Сметанниковтың, Қайрат Балтабайдың, Бауыржан Ұсеновтың суреттері пайдаланылды.

Ad

Rate post

2

Comments

Login to comment