Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
1
13:12, 07 февраля 2016

Бар болу

Экватор сызығы жақындап келеді. Жүректер шамадан тыс соға бастады. Жалаңаш тәндер дөңгелек әйнектің ішіне кіріп кетті де, олардың жандары ауада күйбеңдеп қалды. Және тоңады. Экватор сызығы қозғалған сайын түстер құлпыра түсуде. Қызыл, жасыл енді қызыл жасыл қосындысы, қара мен ақ енді олардың қосындысы, қосындылардан қосындыларға қосылып жер беті таңғажайып әдемі әлемге айналды. Сол таңғажайып әдемі түстермен жасалған үй ішінің иісі басқаша еді. Ол қабырғаға сүйеніп, тізесін бүгіп отыр. Терезесінен күн түспейтін алакөлеңкелі бөлменің тыныштығы оны әбден шаршатты. Оның екі көзі есіктің тура төбесіне орнатылған арнайы үй камерасында. Ол бұл заттың үйдің қуыс қуысында не үшін тұратынын жақсы түсінетін. Сондықтан да кино өнерін қатты жек көріп кетті. Ол дөңгелек әйнектің формуласы туралы жиі ойлайтын болды. Қазіргі қателік ертеңгі жаңалық немесе қазіргі жаңалық ертеңгі қателік, бәрібір орындары алмасса да дөңгелек әйнек шыға келеді. Осылай ойлап отырып, өзінің Эйнштейнді көп оқып қойғанын білді де өзінің ессіз ақымақ идеяларын мазақтап күліп қойды. Бұл күлкіні есіктің төбесінде тұрған дөңгелек әйнек түсіне қоймады. Бірақ тағы да сақтап қойды. Ол бүгілген орынынан жеңіл көтеріліп, шашылып жатқан жұмыс столінің үстінен картаны алды. Іздеуге тиіс дүниеден бас тарытты, картаны ашқан жоқ. (Себебі) Артындағы дөңгелек әйнектің дем алғанын естіп тұрды. Түстен кейінгі сабағына баруға жиналды.

Ол алакөлеңкелі бөлмеден шыққанда ғана даланың кеңдігін сезінді. Аялдамаға қарай жүре берді. Басқа ауаны жұтты да оның іш бауыры басқалай жұмыс істей бастады. Картаны енді ашып көруге жалқау саусақтары әрекеттенді. Басы өз денесінен бөлініп шығып жан жағына жалтақтай түсті. Ол тағатсыз арпалыстан тіпті төбесінен түскен күн нұрының мейірімін де байқамаған. Осы сәтте оны айналасынан дөңгелек әйнектердің дем алған дауыстары қоршап алды. Көшелердің әр бір адым сайын бақылаудың астында жатқанын қалай ұмыта қойғанын білмеді. Картаны ашқан жоқ, автобуысқа кіріп кетті. Адамдар. Қорқыныш пен шарасыздықтан өзі сияқты күн нұрынан мақұрым қалған сүйкімсіз жаратылыс иелері. Ол ешкімді танымайды. Бірақ бәрін бұрын бір жерден көрген сияқты болады да тұрады. Адамдар жүзіндегі жалған сезімдерден дүниенің төңкеріліп кетпей, тіршілікті жалғастырып тұрған белгісіз күшке ол осы сәтте қатты табынып кетті. Өтіріктен жасалған ауыр ауадан шыдай алмай түшкіріп жіберді. Ішіндегі құйыршық сұрақ қайта қысып картаны ашуға тағы әрекеттенді. Бірақ тура алдыңғы жақта төбеде тұрған дөңгелек әйнектің ішінен өзін көрді және адамдарды. Ол өзінің және өзі сияқты екі аяқтылардың тек анау дөңгелек әйнектің ішінде өмір сүретінін және дәл қазір автобус бос кетіп бара жатқанын әбден түсінді. Ол тағы түшкірді, бұл әрекетін экран ұрлап ала қойды, енді ол «өзі емес». «Өзі емес» ол жерге түсіп кетті де университетіне қарай бет алды. Ендігі бар үміті осы аулада.

Сыртқы есіктен енді аттап кіргенде аяғының астында қаз -қатар тізілген қара құмырысқалар жолды кесіп өтіп бара жатты. Ол мыжып кетуден қорғанып қалды да айналып өтті. Табиғатының шынайы жаратылысынан алыстап кете қоймаған ауада ұшып жүрген ұсақ жәндіктер де белгілі бір тәртіппен қозғалып барады. Ол да әдеттегі тәртіппен басып өз аудиториясына келді. Есіктен кіргенде бұрыш -бұрышта тұрған дөңгелек әйнектерден төгілген толқындар мен іштегі жасанды дауыстар қосылып келіп оның алқымына кеп тығылды да тұншықтырды. Ол шыдай алмады, далаға қарай жүгірді.

Оның жанталаса қозғалған аяқтарын жолды кесіп өтіп бара жатқан қара құмырысқалар тізбегі тоқтатты. Ол дәл осы өзі тоқтаған нүктені картадан көргісі келген еді. Дөңгелек әйнектің шағылған дауысын ол өзі жасап алды, картаны ашты. Бірақ ол жер бетінің шимай сызықтарының арасынан өз нүктесін таба алмады. Аяғының астына қарады. Ол асфальтті көрді. Топырақ емес.

1
500
0