«Дін – зайырлы мемлекеттің рухани тірегі»

АДР РК 2014 M10 31
2473
0
4
0

«Ult.kz» ақпараттық порталы. Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының жетекші ғылыми қызметкері А.Мұқашевтің «Дін – зайырлы мемлекеттің рухани тірегі» атты мақаласы Дін мемлекеттен бейтарап...

«Ult.kz» ақпараттық порталы. Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының жетекші ғылыми қызметкері А.Мұқашевтің «Дін – зайырлы мемлекеттің рухани тірегі» атты мақаласы

Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, дін мемлекеттің тіректерінің бірі – рухани тірегі болып қала бермек. Бүгінгі таңда еліміздің ішінде оңды-солды тіркеліп, діни үгіт-насихат жұмыстарын екпіндете жүргізіп жатқан әртүрлі діни бағыттағы бірлестіктер мен көптеген жат миссионерлердің істері – халқымыздың, ұлтымыздың келешек болмысына, ата дініміздің бекіп өркендеуіне деген алаңдатушылығын туғызып отыр. Еліміздегі бүгінгі діни ахуал жағдайында бұрынғы өлшеммен жұмыс істеуге болмайтыны белгілі ақиқат.

Тәуелсіздік алған 22 жылдың ішіндегі ең ірі жеңісіміз бен үлкен жетістіктеріміздің бірі, біздің шыққан биігіміз – ол елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық бекуі, оның ішінде ислам ата дініміздің өркендеуі, халықтың атеистік өмірден кейін өз дінімен қайта еркін қауышуы десем, артық айтқандық болмас.

Біздің Республикамыздың діндераралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі. Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түсуде, дінге сенушілердің, діни нанымдағылар мен діни бірлестіктердің сандары тұрақты өсуде. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін қал-қадерінше қосып отырғандары бәрімізді қуантады. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреміз.

Кең-байтақ Қазақ елі қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігін паш етіп отыр. Дініміздің үлкен жанашыры, әрі қамқоры Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен елордасы Астанада 2003 жылдан бастап  өтетін «Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің» төрт Съездері соның жарқын көрінісі. Съездерге қатынасқан әлемдік және ұлттық діндердің басшылары рухани келісім мен діни төзімділікті орнатуда Қазақстаннан алар тәжірибе мен үлгінің мол екендігін атап өткен болатын.

Діндер үнқатысуын (диалогын) қамтамасыз ету, діни төзімділікті, діни тағаттылықты нығайту – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының шешуші басымдықтарының бірі болып табылады. Үлкен діни форумдардың бізде өтуі – біздің елімізге деген құрмет пен зор сенім. Бүгінде сол сенімді толық ақтап отырмыз. Бесінші Съезд де 2015 жылы Астанада өтетін болды. Бүгін елордамыз Астана дүниежүзіндегі барлық  дін өкілдерінің басын қосып, ортақ мәмлеге шақыратын рухани орталыққа айналды.

Президент Н.Назарбаевтің екінші Съезде жариялаған бастамаларын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес, Үкіметтің 2008 жылғы 28-ші тамыздағы қаулысымен құрылған Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы Бейбітшілік пен келісім сарайында өз жұмысын бастады.

Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстанның мәдениетаралық, конфессияаралық үнқатысудың - диалогтың және экстремизм мен терроризмнің қауіп-қатерлерінің алдын алу халықаралық орталықтарының бірі ретіндегі рөлінің жаңа деңгейге алға басуына атсалысу болып табылады. Бүгінде біздің Орталық Съезд хатшылығымен бірлесе отырып алдағы бесінші Съездің күн тәртібіне әлемдік конфессиялар басшылары Кеңесінің жұмысын ұйымдастыру, рухани дағдарысты жеңіп шығу, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу мақсатында әлемдік діңдердің күштерін біріктірудің маңызды мәселелерін дайындау үстінде.

Еліміздегі қазіргі діннің ахуалы, оның даму жолындағы кездесетін сұрақтар мен мәселелер – қоғам болып қолға алатын ортақ мүдде. Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, дін мемлекеттің тіректерінің бірі – рухани тірегі болып қала бермек. Бүгінгі таңда еліміздің ішінде оңды-солды тіркеліп, діни үгіт-насихат жұмыстарын екпіндете жүргізіп жатқан әртүрлі діни бағыттағы бірлестіктер мен көптеген жат миссионерлердің істері – халқымыздың, ұлтымыздың келешек болмысына, ата дініміздің бекіп өркендеуіне деген алаңдатушылығын туғызып отыр. Еліміздегі бүгінгі діни ахуал жағдайында бұрынғы өлшеммен жұмыс істеуге болмайтыны белгілі ақиқат. Әр уақыттың өз талабы бар. Біз еліміздегі дін саласында  істеліп жатқан игі істерімізді оң бағалап, қолымыз жеткен табыстарымызға тоқмейілсімей, бүгінгі дініміздегі өзекті мәселелерді дұрыс та дер кезінде шешуіміз керек. Ия, расында да, қазіргі таңда біздің дін саласындағы істерімізге жаңа талпыныс пен серпіліс, тіпті, мен айтар едім, түбегейлі өзгеріс те қажет-ақ.

Жалпы, бүгінде еліміздегі діни ахуал тұрақты екенін және азаматтардың діни саладағы құқықтарын іске асыруы үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайлардың жасалып жатқанын баса атап айтуымыз керек. Еліміздегі бүгінгі діни ахуалды қалыпты, қанағаттанарлық деңгейде деп айта аламыз. Дегенмен, діни ахуалда ойланарлық та толғанарлық мәселелер де жеткілікті.

Бүгінде бірінші кезекте біз діни бірлікті өте мықты ұстауымыз шарт, өйткені, діни бірлік болмайынша, ұлттық бірлік те болмайды. Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы. Ал діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады.

Бүгін бізге ата дінімізді, ұлттық қасиетімізді,  әдет-ғұрыпымыз бен салт-дәстүрімізді қайта түлетіп, бәрін толық қалпына келтіруге тамаша мүмкіндік беріліп отыр.

Дінге сенушілер санының өсуі, сол сияқты халықтың дінге деген ыстық ынта-ықыласы мен құлшынысының артуы бұрынғы «дін – халықты аздыратын апиын»,- деп санаған, әр адамның жеке діни сеніміне ашық шабуыл жасаған Кеңестік қоғам өміріне қарағанда, бүгінгі күннің өзіндік бір ерекшелігіне айналып отыр. Көптеген мамандар мұны: халқымыздың жоғалтып алған бұрынғы бай  рухани құндылықтарымызға қайта оралу деп есептесе, екіншілері: бұл жағдайды қоғамдағы көптеген түрлі имансыздықтар мен әлеуметтік қиыншылықтарды дін арқылы жеңуге ұмтылу деп түсіндіреді. Ал, мамандардың үшінші тобы: мұның бәрін уақытша құбылыс, саясат ығына қарай жығылу деп бағалайды. Қалай десек те, қазіргі Қазақстанның өмірінде діннің алатын орны мен рөлі үлкен де ерекше. Ислам дінін бүгінгі тәуелсіздігімізді айқындайтын бір белгі деп те айта аламыз.

Бүгінде қазақ қоғамының дінді ұстануы қалай, қазақтар өз дініне берік пе? 2009-жылы Қазақстанда өткен халық санағы бойынша, еліміздегі халықтың 70,2 пайызы – Ислам дінін, 26,3 пайызы – христиан дінін, 0,1 пайызы – буддизм дінін, 5281 адам иудаизм дінін ұстанамыз, ал халықтың 2,8 пайызы ешбір дінге сенбейміз деп жауап берген. Санақ бойынша, қазақтардың 98,3 пайызы Ислам дінін ұстанамын депті, басқа діндерде жүрген қазақтардың саны - 43462 адам, ал ешбір дінге сенбейтін қазақтардың саны 1,0 пайызды құрайды. Қазақстандағы орыстардың 91,6 %-ы - православие дініндеміз десе, ал 1,4%-ы, яғни 54277 адам Ислам дініндеміз,   6,1%-ы ешбір дінге сенбейміз деп жауап берген. Украин халқының 90,7 % - православие дінінде, 0,9%-ы- Ислам дінінде, 7,3 %-ы - дінге сенбейміз деген.

Иә, Құдайға шүкір, Қазақстанда халықтың Исламға деген ынта-ықыласы шексіз. Әсірісе, жастарымыз хақ дін – Ислам екенін жан-жүрегімен түсініп, имандылық жолына түсіп жатыр.

Шынында да, осы дін бүгін кімге керек, дін тек имамдар мен молдаларға, ия болмаса, біздің қартайған ата-әжелерімізге ғана қажет пе деген сұрақ та туады. Жоқ, бүгін дін біздің бүкіл қоғамға, бәрімізге қажет. Дін – бүкіл ел мен жер, Отан тыныштығы мен амандығының, тіліміз бен діліміздің кепілі, бүгін дін бізге имандылық пен салауаттылықтың, зиялылық пен тектіліктің тірегі мен құралы ретінде керек деп айтамыз. Бір сөзбен айтқанда, Ислам діні бізге халықтың рухани мұқтаждығы үшін қажет.

Дінімізді мемлекеттік идеологияның ажырамас бір бөлігі, халықтың өміршең тәрбие көзі, мемлекеттің бір тірегі – рухани тірегі ретінде танып, Ислам құндылықтарын игеру, оны ілгері дамыту – бүгінгі біздің міндетіміз.

Тарихтан белгілі, атақты Наполеон Бонапарт императорлық таққа келгенде француз халқына дінін қайтарып, дін жолына рұқсат бергенде, «дінсіз халық – мұхитта компассыз жүзіп жүрген кемеге тең»,- деген екен. Дін - барлық уақытта ұлттың рухани тірегі, қоғамды топтастырушы құрал болған және болып қала бермек. «Дін - халық дәулетінің алтын діңгегі», – дейді қазақ.

Қазақстанда қазір 130 ұлт пен ұлыстардан, диаспора өкілдерінен тұратын 17 млн. 165 мың халық тұрады. Соның 65,6 % - қазақтар,  ал 73%-дан астамы - Ислам дін ұстанатын 33 мұсылман ұлттары мен диаспора өкілдері бірлесіп, тату-тәтті мәміледе өмір сүріп жатыр. Мемлекетіміз де солай болуын қолдап, көмегін аямайды, зәулім мешіттер салуға көмектесіп, дініміздің көркеюіне қамқорлық жасауда. Елімізде 2006 жылдан бастап қасиетті Құрбан айт пен православиенің Рождествосы демалыс күндері болып бекітілді.

Еліміздің қуатты, рухы күшті, жан дүниесі бай иманды мемлекет болуына біздің ұлттық зиялы қауым өкілдерінің, жұрт соңына ереді деген зайырлы интеллигенцияның алатын орны мен рөлі өте ерекше. Қазіргі таңда, елімізде дін саласындағы мамандардың көбісі тарихшылар, филологтар мен журналистер, ал нағыз теолог-ғалымдар өте аз,  жоқтың қасы. Оларды тіпті, саусақпен санарлықтай деп айтсақ та болады.  Сондықтан да, бүгін бізге білікті ғалым-дінтанушыларды, ғалым-дін мамандарын дайындау, ал  Қазақстанда негізгі дін – Ислам діні болғандықтан, исламтанушы-ғалымдарды жоғары дәрежеде дайындау – аса өзекті мәселе.

Бүгінде біздің зайырлы мемлекетіміздің тұрпатына сай қоғамда имандылық пен моральдық, азаматтық нормаларды қалыптастыру үшін Қазақстандағы қоғамдық ғылымдар өкілдері: философтар мен әлуметтанушылар, тарихшылар мен мәдениеттанушылар өз ізденістерінде заман талабына сай, дінтану ғылымының, оның ішінде Ислам дінінің елімізде өркендеп қанат жаюына атсалысып, өздерінің қомақты үлестерін қосатын кезеңі жетті. Бұл біздің ғалымдардың, дінтанушылардың халықтың алдындағы бүгінгі борышы деп айтсақ, артық болмас.

Өкінішке қарай, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан діни рәсімдері мен салт-дәстүрін «бидғат», «ширк», «Аллаға серік қосу» деп санаушыларға, өз уәждерін аят-хадиспен дәлелдеп тырысушы бүгінгі жас, «жаңа діндарларға» сол дәрежеде жауап қайтарып, дәстүріміз бен салтымызға қарсы болып жүрген кейбір топтардың айтатын «исламына» лайықты тойтарыс беретін біздің отандық діни ғалымдардың, ұлттық теологтарымыздың бүгінде дауыстары көп естілмейді.

Біз бүгінгі күні тәуелсіздігіміз туралы сөз қозғағанда, осы Ислам діні қазақ халқына не берді, келешекте де не бермек деген үлкен сұрақ өзінің жауабын күтеді. Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне де он екі жарым ғасыр болды. Әлемге VII-ші ғасырдан бастап тарала бастаған Ислам діні, X-шы ғасырдың соңында қазақ жерінде құрылған алғашқы хандықтардың ресми діні деңгейіне дейін көтеріле алды. Сөйтіп, Ислам дінінің қазақ топырағына жеткеніне 1250 жылдан асты. Қазақ жеріне Ислам ақ қылыштың күшімен емес, бейбіт жолмен енді деп айта аламыз. Қазақ халқы Ислам дінін соқыр сеніммен емес, үлкен ақыл-ой елегінен өткізіп, жан жүрегімен қабылдаған және дінді біздің халқымыз даналық, сопылық үлгісінде ұстанған. Қазақтар ежелден шариғат үкімдерінде өз табиғаты мен болмысына барынша жақын Исламның талаптарын ұлттық салт-санасымен, өзінің күнделікті тұрмыс тіршілік жағдайымен орынды ұштастыра білген. Ата-баба аруағына сыйынудан, жаңа туған айға сәлемдесіп, сыйынудан бас тартпаған, басқа мұсылмандардай емес, жылқы етін харам деп санамаған. Ал, қазақтың көптеген мақал-мәтелдерінің мазмұнына көз жіберсек, олардың Пайғамбарымыздың хадистеріне барып тірелетініне куә боламыз.

Біздің халқымыз ежелден Исламның ғұламасы, шариғаттың білгірі Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман Сәбитұлы негізін қалаған ханафи мәзһабын ұстанады. Біз өз мәзһабімізді «абзал» санаймыз да, қалған үш - малики, шафиғи, ханбали мәзһабтарды «дұрыс» деп білеміз.

Қасиетті Құран Кәріммен бірге қазақ даласына үлкен ислам өркиениеті де келді. Ғылым, білім жанданып, көптеген қалалар салынып, онда медреселер мен ғылыми ошақтары жұмыс істеді. Қазақ даласында, жергілікті халық арасынан әлемге «екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фараби, Түркістан пірі атанған Қожа Ахмет Яссауи, Мухаммед Захир ад-дин Бабыр, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати, Хафиз ад-дин Кердери, Хасан әлі Жалайыри, Имам Замин Түркістани және Һибатулла ат-Тарази секілді және тағы басқа да терең ойлы, өз шығармаларында гуманизмді марапаттаған, ғылымның көптеген саласы мен Ислам дініне даңғыл жол ашқан атақты ғұламалар шықты. Дін дүниесінде даңқы шыққан олар тек Қазақ елі немесе Орта Азия ғана емес, бүкіл мұсылман Шығыс мәдениетінің мақтанышына айналды.

Айта кететін бір жайт, қазіргі кезде көптеген Ислам діни ақиқаттары да ғылыми жолдармен анықталып жатқаны баршаға аян. Ислам діні – ғылымның, білімнің діні. Қасиетті Құран Кәрім 719 жерде ғылым,  білім жайын айтса, 336 жерде имандылық туралы айтады.

Бүгінгі қазақтың ұлы даласы, біздің Қазақстан жері –  бүкіл әлемдік діндердің: буддизмнің, христиандықтың және исламның, зороастризмнің де, иудаизмның да тоғысқан жері. Біз өте көне, бай өркениеттердің, елеулі түрде ерекшеленетін көптеген әлемдік дүниетанымдардың тоғысқан жерінде тұрамыз. Қазақ халқы діни көзқарасы мен діни наным - сенімі айқын да терең, ұлттық және діни мәдениеті өте жоғары, иманды, имани түсінігі мол  әлемдегі санаулы ұлттардың қатарына жатады. Ислам ғасырлар бойы қазақ халқының, оның мемлекетінің тірегі, жүрер сара жолы болып келді. Исламды қабылдап, Аллаға шын жүрегімен берілген біздің арғы тегіміз, ата-бабаларымыз бізге бірліктің, тұтастықтың ұлы үлгілерін қалдырып кетті. Ежелден «Ерен дарып ер болған, Қыдыр дарып ел болған, Шілтеннің шылауы шалған» қазақ деген халықтың неше ғасырлар бойы молынан қорланған миялы, рухани мұрасы бүгінде кез-келген теріс пиғылды жалған дінге де, ұлттық табиғатымызға жат мәдениетке де қарсы тұруға әбден жетеді. Тек, енді сол мұраны, сол дәстүрді бәріміз біртіндеп өз қалпына келтіре беруіміз керек. Себебі, дін де – жоғалтуға болмайтын мол асыл қазына, үлкен байлық, миялы игі мұра.

Тарихтың қозғаушы күші – рух пен сана, рухани қуат екені белгілі. Жеке тұлғалардың, тұтас этностардың, бүкіл ұлттардың тағдыры мен белсенділігі, оның болашағы – осы рухани қуатқа ие болуына және де сол рухани қуаттың қандай дәрежеде болуына тығыз байланысты. Ал, дінді берік ұстанған адамның бойына ерекше жігер мен күш-қуат, былайша айтқанда, шығармашылық ой-қуаттың даритыны белгілі. Нағыз діндар адамның сана-сезімі, дүниетанымы, тіпті азаматтық позициясы өзгеше қалыптасады. Шын таза діндар азаматтар мемлекетке ерекше құрметпен қарайды, билікті мойынсұнады, отаншыл келеді. Рухани байлық бар жерде елдің бірлігі де нығая түседі. Ал ел бірлігі мықты болса, онда мемлекет те мықты, оның іргесі де берік. Біздің Елбасымыздың саясатының басты бағыты да осы. Сондықтан да қазір біз санамызды тазартып, ұлттық рухымызды оятуымызға, халқымызды рухани жұтаңдықтан шығаруға жұмыла жұмыс істеуіміз керек.

Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға қайта оралу және оларды кеңінен насихаттау арқылы біз бүгін жалған, жат діни ағымдарға тосқауыл коя аламыз.

Иә, расын айту керек, біз бүгін дін туралы шындықты енді ғана дұрыс түсініп біле бастадық. Дін – мәңгілік, оның қай заманмен болсын үндестік табатынын, діннің бейбітшілікке, ынтымақ пен бірлікке қызмет көрсететінін енді жақсы түсініп келе жатырмыз. Бүгін де біздің діни ұстанымдарымыздың орнығуы ықпалды күшейіп, өмір – тұрмысымызға етене ене бастағаны айқын да шындық. Біздің болшағымыздың жарқын да баянды болуы дінімізге де байланысты екеніне көзіміз жетті. Дегенмен, бүгінде біздің діни наным-сеніміміз әлі өте таяз да өте  төмен. Ол түсінікті де. Өкінішке қарай, біз осы күнге дейін бұрынғы дінмен ашық күрескен 70 жылдық атеистік ойлау жүйесінің психологиалық қыспағынан шыға алмай келеміз. Енді бүгін бізге дәстүрлі дінімізді ұлттық нышанда өзіміз дұрыс қабылдауымыз керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының айтатыны, Үкіметтің қолдайтыны – бізге дәстүрлі Ислам діні қажет. Сондықтан біз өзіміздің Исламды, Ислам болғанда да қазіргі арабтардың, не болмаса парсы-ирандықтардың, не бүгінгі түрік бауырлардың Исламына көп жығыла еліктемей, өзіміздің Исламды - барша әулиелердің сұлтаны, түркі жұртының пірі атанған Қожа Ахмет Яссауидің рухни-моральдық іліміндегі, оның хикметтеріндегі Исламды, Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының діни дүниетанымы мен даналық ой түюлеріндегі Исламды  және ұлы ойшыл, дана ақынымыз Абайдың діни-философиялық көзқарастарындағы, оның шындық кітабындағы, дәлірек айтсақ, 38-ші, 12-ші, 13-ші Қара сөздеріндегі Исламды бойымызға сіңіруіміз керек. Ұлы ойшыл әрі тарихшы-ғалым Шәкәрім қажының: «Қазақтың түп атасы – батыр түрік, Арабсың деген сөздің түбі шірік», - деуі көп нәрсені аңғартады.

Елбасы Н. Назарбаев 2011 жылдың 11 наурыз күні Түркістан қаласында зиялы қауым өкілдерімен бас қосқан жиында: «Дініміз – ислам, біздің өз жолымыз бар, өз жолымызға түсу үшін біз Қожа Ахмет Яссауидің іліміне табан тіреуіміз керек», - деді.

Өзіміздің дәстүрлі Ислам дінімізді қабылдау дегеніміз – ол, Исламның сүннеттік парыздарын бойымызға сіңіріп, Имам Ағзам Әбу Ханифаның амалдық мәзхабы мен Имам Матуридидің сенімдік ақидасына мойынсұнып, қазақтың әдет-ғұрпы мен ұлттық салт-дәстүріне сай келетін, елді, халықты бірлік пен татулыққа шақыратын дінді ұстану. Біздің дәстүрлі Ислам дініміз, ол – қазақ болмысы мен оның мәдениетінің негізгі күретамыры және сақтаушысы, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің қорғаны. Дәстүрлі дін – халықтың тарихи құндылықтарын сыйлай келе, патриотизмге, яғни отансүйгіштікке тәрбиелейтін дін. Осы тұрғыдан келгенде, әлі де  алдымызда істелетін іс-шаралар жеткілікті. Дінге деген көзқараста бізде әлі көптеген сұрақтар мен істер өз орнына келуі тиіс.

Қасиетті Құран Кәрім аяттары мен Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі хадистерін, Ислам дінінің асыл құндылықтарын халыққа қайткенде дұрыс жеткізу және де ұлы қазақ ғұламаларының дін туралы сыр сөздері мен өлең-жырларын жаңаша сөйлетіп, рухани танымға ұмтылған халқымыздың сұраныстарын қанағаттандыруымыз – біздің бүгінгі алдымызда тұрған мақсатымыз бен қасиетті борышымыз. Берекеміз тасып, бірлігіміз артып, нығая түссін десек, біз халқымыздың бүгінгі дінге деген шынайы сенімі мен құрметін шайқалтпай, халықтың имандылығын көтеріп, оны күшейтуіміз керек. Иман дегеніміз Аллаға деген берік сенім. Иманы берік адам ешкімнің ала жібін аттамайды, қылдай қиянатқа бармайды. Қазақ «Құдайдан қорықпағаннан – қорық!» - дейді. Дінге терең, берік сенген адамның ойы түзу, сөзі түзу, ісі түзу болатыны анық.

Иә, бізге бүгін дүр сілкініп, рухани жаңғыратын уақыт келді. Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Отанды сүю -  имандылықтан басталады» - деп өсиет етсе, дана қазақ халқы – «Иманды елді жау алмас» - дейді. Олай болса, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген ата дінімізге бет бұрып, имандылық пен бірлікті ту етіп көтерейік. Бізді еліміз бен жеріміздің тыныштығы мен болашағы, тәуелсіздігіміздің баяндылығы мен халқымыздың ынтымағы, асыл дініміздің бірлігі мен көркеюі – әрқашан да ойландырады да толғандырады, сол үшін бәріміз «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай»  атсалысып, аянбай еңбек етейік.

 

Оцените пост

4