Yvision.kz
kk
1
02:24, 11 марта 2014

Сурбхи Джиоти: «МЕН ӨЗІМДІ ЖҰЛДЫЗ СЕЗІНБЕЙМІН»

«Сен келерсің» телехикаясында Зоя рөлін сомдайтын актриса Сурбхи Джиоти аз уақытта дүниежүзіндегі миллиондаған телекөрермендердің жүрегін жаулап үлгерді. Телехикая экранға шыққан сәттен бастап ол жұлдызға айналып шыға келді. Сегіз қырлы, бір сырлы актриса бір жағынан талантты театр суретшісі, енді бір жағынан телевизиялық шоулардың жүргізушісі, тіпті зияткерлік теледебаттардың жеңімпазы.

Blog post image

Актриса 29 мамыр 1988 жылы Пенжабеде туған. Әкесі кәсіпкер, анасы үй шаруасындағы әйел. Оның өзінен кейін інісі бар. Қазіргі уақытта ол бөлесімен бірге Мумбаида тұрады.  Сурбхи білімді бойжеткен: көп уақытын кітап оқуға арнайды, көркем сурет магистрі деген ғылыми атағы бар, үш рет зияткерлік теледебаттың жеңімпазы атанған.

Телехикая мен  телевизиялық шоуларға түспес бұрын Джиоти өзі оқыған колледжде тетар үйірмесіне қатысқан. Бірақ оған үлкен атақ пен даңқты Зояның рөлі әкелген. Тек кейіпкері мұсылман бойжеткеннен актрисаның айырмашылығы – ол индуизм дінінің өкілі.

«Мен сияқты әуесқой актриса үшін танымал телехиякада басты кейіпкердің рөлін сомдау үлкен жетістік. Шынымды айтсам, мен өзімді әлі жұлдыз сезіне алмаймын, - дейді 26 жасар актриса. – Түсірілім басында көп жылайтынмын. Өйткені отбасымды қатты сағынып жүрдім. Каран (Каран Сингх Гровер, Асадтың рөлін сомдайтын актер, авт) маған қолдау көрсетіп, актерлік шеберліктің қыр-сырын үйретті. Ал мен түсірілім басталған кезде оның кино индустриясындағы үлкен тұлға екенін білген жоқпын. Содан кейін барып жанкүйер қыздардың оны қалай жақсы көретінін түсіндім».

Blog post image

Махаббат туралы телехикая көгілдір экраннан көрсетіле бастаған кезде баспасөз өкілдері бұл екі жұлдыздың арасында хикаяда ғана емес, шынайы өмірде де байланыс бар деген қауесет таратты. Бірақ актриса сол қауесетті жоққа шығаруға асықты: «Алғашында Каранмен арадағы роматикалық көріністер кезінде өзімді ыңғайсыз сезінетін едім.  Бірақ кейін бәрі реттеліп кетті. Ол маған кішкентай бала сияқты қарайды. Біз туралы айтылған көптеген өсек-әңгімеге қарамастан, мен оның әйелі Дженнифермен  жақсы қарым-қатынастамын. Олар өте жарасымды жұп».

Сурбхи тамақ дайындағанды, жаңбырды және Бангкокте дүкен аралағанды жақсы көреді. Оның сүйікті киімі – джинсы мен футболка, Issey Miyake  парфюмін қолданады. Пиццаны жек көреді. Кейіпкері Зоя сияқты ол да тым салмақты адамдарды ұнатпайды және крикет оның да ең сүйікті ойыны. Ол тазалықты жақсы көреді және қызуқанды. Актриса өзінің жаны нәзік екенін мойындады, сол себепті экранда жылай салу оған қиындық тудырмайды екен. Ол шегірткеден қатты қорқады. Ал өмірдегі басты арманы – актер Амир Ханмен бірге үлкен экранда фильмге түсу.

1
1894
0