Арманын атажұртында жалғаған зергер қыз

Майгүл СҰЛТАН 2014 M02 4
912
0
0
0

АСТАНА. 30 қазан. BAQ.KZ – Алыстан келген ағайын Атажұртында әр саламен маманданып, ел үшін өз шамасынша қызмет етіп келеді. Солардың ішінде Қытайдан келген қандасымыз Сәтен Райысқызы зергерлік...

АСТАНА. 30 қазан. BAQ.KZ – Алыстан келген ағайын Атажұртында әр саламен маманданып, ел үшін өз шамасынша қызмет етіп келеді. Солардың ішінде Қытайдан келген қандасымыз Сәтен Райысқызы зергерлік мамандығын үйреніп, бұл күндері тапсырыспен сәндік бұйымдарын жасайтын деңгейге жеткен екен. Сәті түсіп зергерлік кәсібін таңдаған Сәтен Райысқызымен тілдестік.


 

2007 жылы Шыңжаңдағы Тарбағатай аймағы Шәуешек қаласынан Атажұртына оралған жас қыз қазақы бұйымдарға қатты қызығатынын, соның ішінде қазақ ою-өрнектері салынған сәндік бұйымдарын қолдануды, қазақы үлгідегі киімдерді киюді әдетіне айналдырғанын айтты. Нәзіктікті жаны сүйетін жас қыздың қолынан сурет салу өнері де келеді екен.

«Қызығушылығым бойынша қазір Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік қолданбалы өнер колледжінің 3-курсында оқып жүрмін. Зергерлік бұйымдардың өзі нәзік болса да оны жасау аса жапалы жұмыс. Студент болған соң экономикалық жағдайымызға байланысты алтыннан емес, қазіргі кезде жұмысыма тек қана күмісті қолданып жүрмін. Бұрынғы қолда қалған күмістерді, сынған күміс бұйымдарды балқытып арнайы шеберханада істейміз. Ең алдымен қамыр жайған сияқты жаямыз. Сосын оны созамыз, тоқимыз»,- дейді Сәтен зергерлік жұмысының жапалы екенін айтып. 
Оның айтуынша, зергерлік өнері ең алдымен көркем композицияны талап етеді. Одан кейін шеберлікті қажетсінеді екен. «Менің байқауымша ер кісілерден гөрі нәзік жандылар бұл жұмыспен айналысса сәндік бұйымдары тіпті де көркем бола түсетін сияқты. Олай дейтінім әйелдердің нәзіктігі мен шеберлігі зергерлік жұмысты тіпті де жемісті ете түсетініне өз тарапымнан көзім жетті»- дейді жас зергерші өзі сүйген кәсіптің үдесінен де шығып жүргенін баяндап. 
Күмістен жасалған бұйымдар қазіргі кезде сұранысқа ие. Күмістің адамға пайдалы жағының мол екендігін Сәтен де растады. «Күмістің емдік қасиетімен қоса, оған орнатылатын бағалы тастар тіл, көзден де сақтайды. Тіл, көз қатты болғанда орнатылған тастар өздігінен түсіп қалатын жағдайлар да кездесетінін ұстаздарымыз жиі айтып отырады», - дейді ол.

 

Автор: Майгүл СҰЛТАН


Оцените пост

0