GLOBAL KZAKH YURT TOURISM (M.Kursabaev)

Mr_Kursabaev 2013 M09 2
3270
132
0
0

Оцените пост

0

Комментарии

0
Дәстүрлі қазақ киіз үй және оның сән- салтанаты һәм әбзілдері.

Опашова жанагул Жалеловна
Қызылорда облысы
Жаңақорған ауданы
Қожамберді ауылы
№162 орта мектеп.

Opashova1973@.mail.ru

Киіз үй- «Атамыз – Алаш, керегеміз ағаш», «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп, аталы сөз айтып қалдырған ата - бабаларымыздың негізгі баспанасы.. Киіз үй- тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің де тұрақ- мекені. Солай бола тұрса да, оны қастерлеп ұстап, ғасырдан - ғасырға оның мән- маңызын өзгертпей жеткізген біздің қазақ халқы екенін әрдайым мақтанышпен айтамыз.
Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Өйткені кйіз үй қазақтың тұрағы , құтты мекен- жайы, нешісі, баспанасы, мүлкі, мақтанышы деп бағаланады. Әрине, киіз үйді әркім біледі, бағалайды. Шынында да, арғы - бергі тарихымыз бен мәденетімізді зерделей қарасақ, киіз үйіміздің атқарған қызметі мен ролі өте зор екеніне көз жеткіземіз. Оған қарап отырсақ, бірнеше жүздеген, мыңдаған жылдар бойы ата - бабаларымыздың ақыл- ойы, тұрмыс- салты, талғамы еш халықтан кем емес екен. Ғұламалар айтып кеткендей, осы киіз үйден қазақ халқының аспан әлеміне, есептеу жүйесіне, экономикалық біліктігі, мәденет пен өнердегі талғамы - жалпы өмір тәжірибесіндегі іске бейімділігі аңғарылды. Ал ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы мемлекеттердің Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда деп аталуының өзі осы киіз үйге байланысты екенін Ш.Уәлиханов айтқан.
Тағы бір ерекше айта кетерлік жай: біздің киіз үйіміз тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды десек те болады. Басқа елдердегідей емес, бұл ағаш, киіз, ши, ішінара күмістен құрастырылады, әрі көшпелі (жылжымалы) құрылыс түріне жатады. Дала тұрғындарының тапқырлық шешімін осы тұрғыдан қарап бағалаған әлем ғалымы, мәдениеті мен өнерінің білімпаз сарапшылары дүниежүзілік, халықаралық этнографиялық көрмелерде қазақтың осы өнеріне әрқашан жоғары баға беріп отырған. Мысалы, 1861 жылы Алмас деген кісі Париждегі Дүниежүзілік этнографиялық көрмеге киіз үй апарып, еуропалықтарды таңғалдырып, бәйге алған. 1876 жылы Мейрам қажы Жанйдарұлы Петербургке, 1890 жылы Ибраим Әділов Қазандағы көрмеге киіз үй апарып, қазақ мәдениетін Еуропаға паш еткен. 1827 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгір Ресей патшасы І Николайға киіз үй сыйлап, патша ағзам оған өте риза болған. Жазушы Шыңғыс Айтыматов Батыс Еуропаға белгілі мұражайлардың бірінен қазақтың киіз үйін көргендігін жазды. Сондай- ақ қазір Германияның Гамбург, Майндағы Франкфурт қалаларындағы мұражайларда қазақтың киіз үйлері бар.
Көкшетаудағы Абылайдың ақ ордасы, Шыңғыс төренің 24 қанат ордасы, Жетісудағы Тезек төренің ордасы, Ырғыздағы Самырат байдың үйі, Ақмоладағы пан Нұрмағамбеттің үйлері көп елге аңыз болған. Киіз үй ішін жабдықтауға қазақ азаматтары байлығын аямаған және сол арқылы қазақ дәулеті мен мәдениетін таныта білген.
Байлығымен елге аңыз болған Кіші жүзден шыққан Байсақал қызын ұзатқанда оған арнайы отау әзірлеткен екен.
Қазақтың осындай байлығы мен сән- салтанатының куәсі болған киіз үйлер тәркілеу, соғыс, аштық, колхоздастыру сияқты жауыздық әркет салдарынан құрып кетті. Сөйтіп, ХХ ғасырда қазақ мәдениетінің баға жетпес мұрасы- киіз үйдің құны мен маңызы төмендеді. Оның орнына кеңестік тәсілмен қалай болса солай жасалған, бір- екі жылдан артық тігуге келмейтін, қара құрым жабылған сапасыз бірдеңелер көптеп шығарылды да, ол киіз үй атты қасиетті, құтты орынның құнын түсірді.
Қазақ өмірі мен мәдениетің , әлеуметтік жайының бір түйіні киіз үй мен төрт түлікке байланысып жатады. Сәлемі, киімі, ыдысы, салт- дәстүрі де осыған келіп саяды. Сондықтан да олар бұған лайық қанатты сөздер, ырымдар, әдеттер, тыйымдар, аңыздар да шығарған. Оларға құрт түспейді, басқа ағаштар сияқты тез шірімейді. Талдың керекгеге қажетті жуан, жіңішкесін таңдап алуға да болады.
Үйдің сүйегін үйшілер жасайды, оны «үй басу» дейді. Қажетті ағаштар 6 ай, кейде бір жылдай көлеңкеде кептіріледі. Мезгілі жеткен кезде үйшілер бұл ағаштарды қажетінше жонып, морға, қозға (ыстық қоламтаға) салып балқытып, тезге салып түзетіп алады. Олар үй сүйегіне лайықталған ағаштарды жонып, түзетіп шауып , қырнап болғаннан кейін, оны тағы да морға салып, кереге, уыққа, күлдіреуішке лайықтап ырғаққа (қалыпқа) салып, белгілі бір үлгі, жобаға келтіреді де, оны құрастыра бастайды.
Кереге киіз үйдің негізін құрайды, «Керегең кең болсын» деген тілек осыдан шыққан. Өйткені үйдің берік болуы, кеңдігі осы керегеге байланысты. Кереге құрайтын ағаштарды желі, оның ұзынын ерісі, қысқаларын сағанақ, балашық деп атайды. Желілердің басы мен аяғына әдемілік үшін ойып, сызықтар жүргізеді.
Киіз үйде есік екеу болады: ішкі есік – сықырлауық - ағаштан жасалады, екіншісі - киіз есік – киізден жасалады, ол сықылауықтың сыртынан жабылады. Киіз есік ашық күндері маңдайшаға дейін шиыршықталып жиналып қойылады, жай күндері күн түспес үшін , оның бір жағы бақан арқылы ашық тұрады.
Уық - кереге мен шаңырақ ортасын қосатын негізгі бөліктің бірі. Уық алақан, иіні, қары және қаламы деген атаулардан тұрады.. Ол иінінен ішке иіле жасалады, яғни күмбезді үлгісі осы уықтан басталады. Уық алақандағы уықбау арқылы кереге басына байланып, қаламы шаңырақтың қаламдығына сұғылады. Қалам мен қаламдық төртбұрышты қырланып, ойылады. Мұндай уық берік болады, әрі ауып, қисайып кетпейді. Қанат санына қарай уықтың саны да ұзындығы да өсе береді. Әр үйде көлеміне қарай 60-160 - тай уық болады.
Шаңырақ - киіз үйдің қасиеті, киелі мүлкі. Қазақтың көптеген жақсы сөздері осыған байланысты айтылады. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағананы да білдіреді. «Шаңырағың биік болсын» деген тілек бар. Киіз үй шаңырағы тоғын, күлдіреуіш шаңырақ күмбезін жасайды. Кепілдік күлдіреуіштің орнынан қозғалып кетпеуі үшін қызмет етеді.
Үйші үй сүйегін толық жасап болғаннан кейін, оны қызыл түсті жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды. Егер үй қайыңнан жасалса, оны өсімдік майымен майлайды. Ол алғашқа піл сүйегі түстес өң береді, әрі оған су сіңбейді. Салтанатты ордалардың шаңырағын, уағын, кереге басын, маңдайшасын оюлайды, өрнектейді. Ауқаттылар күміспен, сүйекпен, мүйізбен әшкейлейді.
Үй сүйегі әзір болған соң, оның киіздері жасалады. Киіздері кереге бойына туырлық, шаңыраққа дейін үзік, шаңырақты жабатыны түндік және киіз есік деп аталады. Олар қойдың ақ күзем жүннен басылады. Ертеректе қазақта қой көп, сондықтан киіз үйге қажетті материал жеткілікті болған. Міне, осы жүннен үй киіздері дайындалады. Қазақ даласында жүннің көптігі сондай, 25 мың қойы бар қызылжарлық Қосшығұл деген бай қойдың жабағысымен құрт қайнатады екен. Оның әзірлеу, дайындау, пішу жолдары ұзақ бір ғылыми этнографиялық шығармаға лайық. Киіздер құр, баулар арқылы тұтылады. Олар туырлық- бау, түндікбау, үздікбау, желбау деп аталады. Туырлық пен үздіктердің өзара айқасатын жерін жабық дейді. Туырлық пен үзікбаулары кестелі, оюлы жалпақ құрдан жасалып, үйге көрік беріп тұрады. Киіз сыртынан жел көтермес үшін екі белдеу арқан тартылады. Үйге қолданылатын арқан түрлері де көп.
Шаңырақта желбеу деп аталатын ою- өрнекті, 4 шашақты бау болады. Ол желді күні шаңырақты бастыруға, көшкенде байлауға аса қажет. Жай күндері үйге әсемдік, көрік беріп тұрады.
Үй киіздерін әзірлеп болғаннан кейін, оны ақ бормен немесе күйген сүйекпен борлайды. Бұл әдемі ақ түс береді, әрі киіздердің берік болуына, су, ыстық, суық ауа өтпеуіне едәуір әсер етеді.
Киіз үйдің бір бөлшегі - кәдімгі ши. Оны жүнмен орап, кілем, текемет түсіндей оюлармен безендіріп тоқиды. Оны «шым ши» дейді, ораусыз шиді «ақ ши» дейді. Ши кереге мен туырлықтың екі ортасына келеді. Оның әсемдікке әрі жылыққа әсері мол. Сондай - ақ ши тұрғанда сырттан құрт- құмырсқа, кесіртке, жылан, тағы басқа жәндіктер кіре алмайды.

1. Киіз үй түрлері және қолдпнылу ерекшеліктері.

Орда - салтанатты, жоғары мәртебелі адамдар бас қосатын, елдік мәселе шешетін немесе аса құрметті хан, би, сұлтандар отыратын үй. Мұның да бірнеше түрі бар.
Алтын орда – 30 қанаттан ( керегеден) тұратын ханның мәжіліс ордасы.
Алтын үзік - аса лауазымды хан отбасы тұратын 24 қанатты үй.
Ақ шаңқан – 18 қанатты ақ орда, 12 қанат – елбасылар, бай, билер тұратын киіз үйлер.
Ақ ала орда - 8 қанатты дәулетті бай үйі.
Ақ үй – 6 қанатты дәулетті адамдардың үйі.
Боз үй, қоңыр үй - 4-5 қанатты орташалар тұратын қарапайым киіз үй.
Қараша үй - кедей үйі.
Отау – жас жұбайлар үйі.
Жолым үй, абылайша, жаппа - уақытша ғана отыратын шағын немесе жартылай тігілетін үйлер.
Күрке, қос- ауылда ас сақтайтын, далада малшылар тұратын немесе кедейлер үйлері.


2. Киіз үйдің құрамды бөліктері.

Үй құрамы – үй сүйектері, киіздері және арқан баулары.
Үй сүйектері - үйдің ағаштан тұратын бөлшектері.
Киіздері - киізден тұратын бөлшектері.
Арқан- баулары немесе бау- шулары - құр, арқан, бау, жіптен тұратын бөліктері.
Шаңырақ - үйдің бас бөлігі. Ол бірнеше атаудан тұрады.
Тоғын – шаңырақтың дөңгелек шеңбері.
Күлдіреуіш - түндікті көтеріп тұратын, ағаштан иіп жасалған бөлшек.
Кепілдік (кепіл ағаш) – күлдіреуіштерді біріктіріп ұстап тұратын ағаш.
Қаламдық- уықтың қаламы кіріп тұратын шаңырақтағы төртбұрышты тесік.
Уық – шаңырақ пен кереге ортасын қосатын иінді ағаш.
Қаламы - уықтың шаңырақ қаламдығына сұғылатын ұшы.
Қары - уықтың иініне дейінгі бойы.
Иіні - уықтың иілген тұсы.
Алақаны – уықтың кереге басына бегітілген басы.
Уықбау – уықты керегеге байлайтын жіп.
Кереге – үй іргесі мен шеңберін құрайтын негізгі бөлік.
Қанат – жиналған кереге.
Желі – керегені құрайтын ағаш.
Ерісі – ағаштардың кереге құрайтын ұзыны.
Сағанақ, балашық – ағаштардың қысқасы.
Ыру - уық пен керегеге салынған оюлы сызықтар.
Көз - керегенің төр көздері.
Азаткөз - керегенің көктелмеген жерлері.
Сықылауық – киіз үйдің ағаштан жасалған есігі.
Киіз есік – сықырлауықтың сыртынан жабатын есігі.
Маңдайша – екі босағаны жоғары жағынан ұстап тұратын берік есік.
Босаға – маңдайша мен табалдырықты қосатын және кереге бекітілетін ағаш.
Бақалақ – сықырлауықты жапқанда маңдайшада бекітіліп тұратын айналмалы ағаш
тиек.
Туырлық – ордада кереге бойын, шағын үйлерде шаңыраққа дейін жабатын киіз.
Үзік - ордада кереге мен шаңыраққа дейін жабатын туырлық бөлігі.
Дөдеге ( үзікті үй) – үй сыртында кереге басы тұсына киізден оюлап жасалған
әшекейлі киіз.
Түндік - шаңырақ үстінен жабылатын төртбұрышты киіз.
Ши – киіз үй бөлшегін, тұрмыс бұйымы жасайтын өсімдік.
Ақ ши - кереге сыртынан, кейде туырлық сыртынан орай тартатын тоқыма ши.
Шым ши – ою- өрнекті, жүн оралған, туырлық ішінен тартылған ши.
Таңғыш құр- үй тіккенде керегелерді бір- біріне қосып байлайтын терме бау.
Басқұр – кереге басы туырлықты тесіп кетпеу үшін үй айнала жүргізілетін жалпақ
оюлы құр.
Желбеу - сәндік үшін шаңыраққа байланатын шашақты баулар. Желді күні үй
шайқалмас үшін оған салмақ байланады.
Балақбау - көшкенде уықтардың қосып байлайтын баулар.
Аяқбау – уыққа сәндік үшін байланатын түрлі жіптер шоғы.
Есікбау – киіз есіктің бауы.
Тастама - киіз есігін жоғарыдан шаңырақ арқылы маңдайшаға байлайтын бау.
Керегенің басы – керегенің жоғарғы жағы.
Керегенің аяғы – керегенің жерге тірелген жағы.
Кереге қап – сырлы кереге қажалмас үшін, әрі көгіне су тимес үшін қапталған киіз.
Жел арқан – дауылды күндері үйді бастыра тартатын арқан.
Күйеу қазық – үй сыртында жел арқан байланатын қазық.
Бақан – шаңырақ көтеретін, киіз есікті көтеріп қоятын, бір жақ басы аша, ұзын
ағаш.
Жабық – туырлықтардың бір - біріне айқаса жабылатын тұсы.
Белбеу – жел тұрғанда туырлық көтеріліп кетпес үшін сыртынан екі жерден
тартылатын арқан.
Бас арқан – үйдің барлық салмағын ұстап тұратын, кереге басын орай маңдайшаға
бекітілетін берік арқан.

3. Үй жасаулары.

Үй жиһаздары – үй ішіндегі дүние - мүліктердің жалпы атауы.
Адалбақан – киім ілуге арналған ашалы, ою - өрнекті ағаш.
Асадал - ыдыс – аяқ қоятын жәшік.
Әбдіре - зат, киім, бұйым салынып қоятын үлкен сандықтың қарапайым түрі.
Сандық –зат салынатын оюлы, сырты темірмен қапталған үй мүлкі.
Сандыққап - көшкенде қажымас үшін киізден жасалған жұмсақ қаптама.
Жағлан – сыртын былғарымен қаптаған сандық түрі.
Жәшік - қақпақпен жабылатын төрт аяқты мүлік.
Жүкаяқ- оюлап ағаштан жасалған төрт аяқты жүк жиғыш.
Кебеже - өрнектеліп жасалған жәшіктің бір түрі.
Төсекағаш – керует.
Шабадан – ішіне көрпе, жастық, киім, бұйым салатын қалың матадан, киізден оюлап жасалған мүлік.
Кілем - жүннен тоқылатын бұйым.
Тұскиіз - тоқылған, жүннен басылған немесе матадан кестеленген керегеге ілетін кілемше.
Алаша – түрлі түсті, ою- өрнекті түр салып, киізден басылатын төсеніш.
Шымылдық - төсек тұсын жауып қоятын ақ матадан тігілген перде.
Көрпе – ішіне жүн, мақта салып, матадан тігілген жамылғы.
Төсек көрпе - адамдар астына төсейтін көрпе.
Көрпеше – бір адам отыратын шағын көрпеше.
Сырмақ – түрлі түсті киізден сырып, оюлап жасалатын төсеніш.
Талдырма – жұмсақ төсеніш киіз.
От киіз – от басына, ошақ қасына төселетін кесек киіз.
Тулақ – босаға жаққа төселетін мал терісі.
Шыпта - ас тұратын жерді қалқалап қоятын ши.
Мамық - құс жүнінен жасалған жатын төсеніш.
Бөстек – қозы, тоқты терісінен жасалған төсеніш.
Жастық – басқа жастайтын құс жүнінен жасалған үй бұйымы.
Жастық ағаш – жастық астына қоятын ағаш мүлік
Кірсалғыш – жеңіл бұйымдарды салып, кереге басына ілетін, матадан әшекейлеп
жасалған бұйым.
Боқша – кітап немесе зат салатын, киізден немесе матадан тігілген дорба.
Жүк – сандық үстіне жиналған төсек – орын.
Жүкжапқыш – жүк үстіне жабатын кестелі жапқыш.
Бесік – баланы бөлейтін қастерлі мүлік. Оның жастық, мамық, жаялық, тартпа,
түбек, шүмек, бесік жапқыш т.б. бөліктері мен бұйымдары бар.
Қазақтың киіз үйі кез келген дүние жүзі халықтьарын архитектуралық , эстетикалық жағынан таң қалдыруда. Қазақы киіз үйді әдетте біз көшпелі халықтың көшіп қонуына ыңғайлы баспана үй тұрғысынан танимыз. Ата- бабаларымыздың өмірі көшпелі болғанымен , рухани болмысы көшпелі болған жоқ. Бабаларымыздың ұрпаққа деген өсиеті үлгісі өнері арқылы жеткен. Менің балалық шағым үйдің жанындағы киіз үйде өткен. Әкемнің ұстаға жасатқан алты қанатты киіз үйі мен оның ішіндегі ою- өрнектері әлі көз алдымнан кетпейді. Шәкірттеріме әркез киіз үйдің жаз мезгілінда салқын түндікті ашқанда жарықтың төбеден түсіп, керегелердің жанынан шиден соққан салқын жанның рахаты екенін айтып отырамын. Киіз үй тақырыбында болашақта киізүйтану пәні мектеп бағдарламасында қосылса деп армандаймын. Қазіргі уақытта киіз үй туралы барлық мәліметтерді жинап, осы пәннің оқу бағдараламын жасау ойымда бар. Бұл менің арманым. Осы арманым орындалу үшін әлі талай еңбек етіп ізденемін. Өйткені жас ұрпақтың қазақы тәрбиеде, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуін қалаймын және сол үшін де еңбек етемін.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі :

1. «Қазақстан мектебі» журналы 2003ж №4
2. «Мектептегі технология» журналы 2010ж №3
3. Қазақтың этнографиялық категориялары , ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедия №2 Е-И
4. Әлима Ысқақ. «Қазақтың тазалық мәдениеті» . Алматы. «Өнер» 2012ж
5. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті». Алматы . «Кітап» баспасы.2010ж
6. «Сыр бойы» газеті. 2011ж 26 наурыз

0
Қазақ киіз үйі
Сатыбалдиева Гүлмира-№110 мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Қасым Асылзат-№110 мектептің 2 сынып оқушысы, Қызылорда облысы, Жаңақорған кенті

Жоспар:
І.Кіріспе бөлім
Киіз үй – ата-бабамыздың жайлы қонысы
Киіз үйдің шығу тарихы
ІІ. Негізгі бөлім
Киіз үйдің түрлері
Киіз үйдің құрылысы
ІІІ. Қорытынды
“Жаңарған дәстүр, жаңарған өлкем ”
Киіз үйдің киесі
Киіз үй – жер бетіндегі ең жеңіл тұрғынжай. Оны бірнеше сағат ішінде “тұрғызуға”, яғни тігуге болады, сондай-ақ соншалықты мерзімде жығып, өзіңмен бірге алып кетуге болады. Киіз үй – көшпелілердің ғаламат өнертабысы. Оның жасы, шамасы, көшпелілер дүниеге келген уақытпен парапар болар. Біз әңгіме етіп отырған киіз үй біздің заманымыздың
1 мыңжылдығының ортасында пайда болды.
Үй тігу мен жығу дегеніміз – тұтас бір рәсім. Дәстүр бойынша оны бірер ер адам мен екі-үш әйел тұрғыза береді. Олар әуелі ағаш есікке қос қапталынан екі кереге-қанатын бекітеді, сосын қалған қанаттарын (төрт, алты... он екі болуы мүмкін) жалғастырып, дөңгелектеп, үйдің негізгі қаңқасын іргесін тұрғызады. Сосын оның ортасынан жоғары қарай, бақанға іліп, шаңырақты көтереді. Ол, әдетте, ер адамның, отағасының міндеті. Шаңырақ жасау үшін жаз ортасына дейін кесілген шырынды қайың ағашын иіп кептіреді.
Шаңырақ - өзіндік бір астрономиялық құрал. Оның күлдіреуші үш не бес талдан тұратын айқыш тіреуіші – дүниенің төрт жағына нұсқап тұрады. Ал шаңырақ сақинасының өзі – бейне-бір көкке көз салған телескоп секілді. Шаңырақ күлдіреуішімен бөлінген аспан кеңістігіндегі жұлдыздардың орналасуына қарай, үй тұрғындары көшіп-қону уақытын дәл анықтайтын болған.
Кереге мен шаңырақты уықпен біріктіріп болған соң, оны киізден жасалған туырлық, үзік, түндік, есікпен жабады. Олар желден, қардан, ыстықтан өте жақсы қорғайды. Киіз үйдің сүйегін ұстастырып, оның киізден істелген бөліктерін мықтап бекіту, бастырып тұру мақсатында түрлі бау-басқұрлар қолданылады, олардың жәй ғана есілген арқаннан, сәндік тоқыма таспалардан жасалған баулар болуы ықтимал. Дәстүр бойынша ата-ана қолында кенже ұл тұрады, қара шаңыраққа, яғни үлкен үйге мұрагер болатын да сол.
“Әр киіз үйдің тура адам секілді сипатыбар деп есептеледі. Оның түрлі бөлшегіне адам денесіне сәйкес келетін аттар берілген. Мәселен, үйдегі ошақ орнын кіндік дейді. Қабырғалар – бөксе, керегенің ішкі бөлігі – қарын, уық байланып, күмбезделе бастаған тұсы – иық, шаырақтағы уыққа арналған тесіктер – көз, киіз үйдің ағаш каркасы – сүйек немесе қаңқа (скелет), ал қаңқаны орайтын киіз бөлігі – жабу, яғни киімі деп аталады. Киіз үйдің ішкі жасауы айтып жеткізгісіз әдемі және, сонымен бірге, ұтымды болып табылады. Артық ештеңе жоқ. Және әр бұйымның өз орыны бар. Тура адам бойындағы тәрізді”
Киіз үйдің қазақы және қалмақы деп аталатын екі түрі бар.Қазақы үйлер дөңгелек,толық күмбезді болады.Қазақы үйлер пайдаланылуына,сән-салтанатына қарай бірнеше түрі бар.Мысалы:қара үй (3 қанат),қоңыр үй(4 қанат),боз үй(5 қанат),ақ үй(6 қанат),ақ ала орда(8 қанат),ақ орда(12 қанат),ақ шаңқан үй(16 қанат),алтын үзік(24 қанат),алтын орда(30 қанат) деп аталатын түрлері бар.Сол сияқты көшіп қонуға,уақытынша пайдалануға немесе шаруашылық,жұмыс ретінде бейімделген үй ретінде болады.Олар қос, абылайша, кепе, итарқа,жаппа,жолым үй,ас үй, қалқа деп аталады. Жаңа үй болған жас шаңырақты «отау» дейді.Халық киіз үй жасайтындарды «үйші» деп атаған.
Киіз үйдің іші 4 бөлімге бөлінеді: 1.Төр-мұнда жүк жиналады,қонақтар орналасады. Бұл үйдің жоғары әрі қымбатты орны деп саналады.Жас келіндер бұл жерді баса бермейді.2. Сол жақ-(кіргенде оң жақ)үй иесінің отыратын және жататын орны.Босаға жақта азық-түлік,ыдыс-аяқтар тұрады. Оны шимен жауып қояды.3.Оң жақта-(кіргенде сол жақ)балалары орналасады. Босаға жаққа қарай ер-тұрмандар,киімдер ілінеді.4.От орны-қасиетті орын саналады.Мұнда от жағылады,қазан асылады.
Киіз үй негізгі 3бөліктен тұрады:Үйдің сүйектері(ағаштан жасалған бөліктері «сүйектері»деп аталады.Киіздері(ши де осыған кіреді). Баулары мен басқұр, арқандары(мұны кейде бір сөзбен «бау-шулары» дейді).
Киіз үй қазақ өмірі мен әлуметтік ағдайына байланысты әрі үйлесілімділігі сондай,оны үлкейтіп,кішірейтіп,тіпті бір-біріне қосып екі үш бөлмелі етіп тігуге де болады.Туырлыұтан жазда ыстық, қыста суық,жауында су өтпейді. Кейде қыста киіз үймен шығатын қазақтар туырлықты екі қабат етіп жабады. Үй іргесін шөппен бітеп,айналасын қамыспен шалылап қоралайды.Көбінесе қопал, қамысты жерді паналайтындықтан, желде көп болмайды.
Киіз үй ағаштан,оның ішінде қайыңнан, көпшілігі талдан жасалады.Бұл ағаштар әрі берік, әрі құрт түспейді, басқалардай тез шірімейді.Талдың тағы бір артықшылығы-оны керегеге қажетті жуан-жіңіңшкесін таңдап алуға болады.Үйдің сүйегін үйшілер жасайды, оны «үй басу»дейді.Қажетті ағаштар 6ай, кейде бір жылдай көлеңкеде кептіріледі.Үйшілер мезгілі жеткен кезде бұл ағаштарды қажетінше жонып,тезге салып, түзетіп алады. «Тез қасында қисық ағаш жатпайды» деген сөз осыдан қалған.
Киіз үйдің негізін құрайтын –кереге. «Керегең кең болсын» деген тілек осыдан шыққан.Өйткені үйдің берік,кеңдігі керегеге байланысты.Керегенің басы мен аяқ жағы сәл шалқайтып ортасы дөңестеу жасалады.Дайын керегені «қанат» деп атайды. Яғни 18қанат үйде 18кереге болады деген сөз.Торкөзді кереге әдемі әрі берік болады.
Киіз үйде есік екеу болады. Бірі ағаштан жасалады, оны сықырлауық деп атайды. Екіншісі киізден жасалады, ол сықырлауықтың сыртынан қапталады.Мұны киіз есік дейді.Киіз есік ашық күндері маңдайшаға дейін шиыршықталып,жиналып қойылады.Үйдің барлық ауырлығын ұстайтын, беріктігін сақтайтын бас арқан. Бас арқан тұсынан сәндік үшін және кереге басы туырлықты қажамас үшін басқұр тағы да орай жүргізіледі.
Уық кереге мен шаңырақ ортасын қосатын негізгі бөліктің бірі.Уық «алақан», «иіні», «қары» және «қаламы» деген атаулардан тұрады.Ол иінінен ішке иіле жасалады,яғни үйдің күмбезді үлгісі осы уақыттан басталады. Қанат санына қарай уақыттың саны да, ұзындығыда өсе береді.Әр үйде көлеміне қарай кеміне 60,әрі кеткенде 150-160-тай уық болады.
Шаңырақ киіз үйдің қасиетті, киелі мүлкі. Қазақтың көптеген жақсы сөздері осыған байланысты айтылады.«Шаңырақ биік болсын» деген бата бар. Киіз уй шаңырағы тоғын,күлдіреуіш, кепілдік (кейде «қарғаша») деген бөліктерден тұрады. Тоғынды (яғни шеңбер) қайыңнан оюлап, өрнектеп жасайды.
Үйші үй сүйегін толық жасап болғаннан кейін, оны қызыл түсті жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды,егер үй қайыңнан жасалса, оны өсімдік майымен майлайды, бұл ағашқа піл сүйегі түстес өң береді әрі су сіңбейді.Салтанатты ордалардың шаңырағын, уығын, кереге басын, маңдайшасын оюлайды, өрнектейді, ауқаттылар күміспен, сүйекпен,мүйізбен әшекелейді.
Үй сүйегі әзір болған соң,оның киіздері жасалады. Киіздері:кереге бойына«туырлық»,шаңыраққа дейін «үзік»шаңырақты жабатын «түндік» және «киіз есік»деп аталады.Киіздер құр, бауырлар арқылы тұтылады. Олар «туырлық бау», «түндік бау», «үзік бау», «желбау»деп аталады. Туырлық пен үзіктердің өзара айқасатын жерін «жабық» дейді.Туырлық пен үзік баулары кестелі, оюлы жалпақ құрдан жасалып, үйге көрік беріп тұрады.Киіз сыртынан жел көтермес үшін екі белбеу арқан тартылады.Шаңырақта «желбау» деп аталатын ою өрнекті, 4 шашақты бау болады.Ол желді күні шаңырақты бастыруға, көшкенде байлауға ыңғайлы, аса қажет.Жай күндері үйге әсемдік, көрік беріп тұрады.

Қорытынды
Дәстүр өзгерді, салт жаңарды. Бір кездері ата-бабамыздың киелі қонысы болған киіз үйлер бұл күндері көне жәдігерліктерге айналды. Әжелеріміздің қолымен сырылған сырмақтар, кілемдер, киіз үй жабдықтары қанша ғасыр өтсе де өзбағасын жоғалтқан жоқ.
Бірақ, жаңарған замандағы киіз үйлер жаңаша жабдықталуда. “Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар” дегендей, - ата-бабалардың киелі мекені – киіз үйдің мәні ешқашан жоғалмақ емес.

Показать комментарии