Зарқын Тайшыбай: Абылайхантану

Алия 2013 M06 23
3077
2
5
0

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, абылайтанушы, тарихшы, журналист Зарқын Тайшыбай жақында Алматыда іс-сапармен жүріп...

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, абылайтанушы, тарихшы, журналист Зарқын Тайшыбай жақында Алматыда іс-сапармен жүріп, «Екпін» журналына арнайы сұхбатын берген болатын.

Абылайтануға қалай келдім

Мен қазақ және орыс журналистикасының тарихын зерттеушімін. Сонау 1970 жылдан бастап «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаятын» зерттегенмін. Ол газеттерді зерттеу бақыт екендігін енді түсініп жатырмыз. Өйткені Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың алғашқы публицистикалық, журналистік еңбектерімен архив құжаттары арқылы танысу ол кезде әркімнің басына бұйыра бермейтін еді. Мысалы, «Дала уалаяты» газетінің редакциясының мұрағаты осы біздің Алматыдағы Орталық архивте жатыр. Осы уақытқа дейін оны кім көрген-көрмегенін білмейміз. Сол кезде Қорабай Жапанов, Асылқожа Құрманбаев, Рақымжан Дүйсенбаев, Райымжан Мәрсеков, Жақып Ақбаев, Айдархан Тұрлыбаев сынды алғашқы журналистеріміз Петерборда оқып жүріп, бір-біріне жазған хаттарын осы жерден оықыдық. Содан кейін қызыға келіп сол кездегі Қазақстанның астанасы деуге тұрарлық далалық-губернаторлықтың кеңсесі Омбыға баруды мақсат тұттым. Омбыға жыл сайын жазғы демалыста (ол кезде қазіргідей қаржыландыру деген жоқ, өз қаражатыммен) алғашқы кездері әуесқойлықпен Омбыны зерттедім, оның бір шеті Ленинградқа қарай кетті. Сол әуесқойлықпен 80-жылдарға дейін жүрдім.

Мұрағаттағы құжаттарды зерттеу барысында Омбыда Петр І ескерткішінің жанында «Ресейдің тарихы мұрағатынан» мен Ыбырай Алтынсариннің қазақша газет шығармақ болып жазған өтінішін және алғашқы газеттің макетін жасап, соған жазған материалдарының құжаттарын тапқан болатынмын. Оны мен ол кезде ала-алмадым. Ал қазір ол мұрағаттың қай қорында, қай тізбесінде жатыр деген мәліметтер менде жоқ. Оны мен келешек ұрпаққа аманаттаймын. Қазіргі жастар шын талпынса, соларды ала-алатындығын білемін.

Енді сол архивтерді қарап жүргенде қазақтың ескі тарихына қарай 1800 жылдан әрі қарай қарастырған кезде Кеңесары да кездесті, Абылай хан да, өзгелері де кездесті. Ол кезде ол тұлғаларды қарастыру қылмыспен бірдей болатын. Сонда әуесқойлық тұрғыда және Ресей архиві адамдарының біздің қазақ хандығының тарихы туралы сауаты нашар болғандықтан, біздің тарих жайындағы мәліметтерді сонда отырған маған береді, мен реттестіріп, қарап жүрдім. Сонда Абылай ханға байланысты құжаттарды, жалпақ тілмен айтқанда, тіпті ұрлап алып, қалтама жасырып жүрдім.
Одан кейін Тәуелсіздік алдық, Тәуелсіздік алғаннан кейін жұрттың бәрі Абылай хан, Кеңесары, Мағжан деп, оның артынан Бөкейханов, Байтұрсыновтарды шығара бастады.

Сол кезде 2004 жылы 9 шілде күні Көкшетауда Бурабай көлінің жағасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абылай ханға арналған зәулім ескерткішті ашып тұрып, Абылай ханның тарихтағы орнын айта келе: «2003 жылды біз Қазақстан тарихы жылы деп жариялаған едік. Осыған байланысты мен Ресейдің мықтыларымен кезігіп "Тамаша адамдар өмірі" ("ЖЗЛ") сериясынан Абай мен Абылай ханды шығарып беріңдер дегенмін. Содан қанша уақыт өтсе-дағы әлі біреу қолыма бір жапырақ қағаз берген жоқ. Неге соларды өздерің зерттемейсіңдер? Абылай ханның атақ-даңқы жер жарады, бірақ аңыз-әңгіме, дастан түрінде ғана. Ал маған Абылай ханның адам ретінде кім болғандығын беріңдерші» деді. Бұл айтқаны бүкіл Қазақстанның барлық тарихшыларына, басқа да оқытушыларына аманат сияқты болып көрінді. Сол кезде маған ой түсіп, сол жылдың жазынан бастап қарқынды түрде жұмыс істеп, 2004 жылдың аяғында 500 беттік тек қана таза құжаттардан тұратын «Абылайхан» деген кітап құрастырдым. Оның ішінде жарияланғаны бар, жарияланбағаны бар, үстіне өзім қосқан 60 беттей құжаттары бар бұл қызыл кітап әуелі 2000 данамен, артынан 10 000 данамен қайта басылып шығып бүкіл Қазақстанға тарады. Қазір еліміздің бірталай кітапханаларында, жоғарғы оқу орындарында бар. Бұл кітаптың Абылайтануды ғылым ретінде қалыптастыруға кішкентай болса да, өз үлесін қосты деп есептеймін.

Абылай хан және Шоқан

Абылайхантану ғылымы дегенде оның ең басында Шоқан Уәлихановты айтамыз. Сонау 1850 жылдары өзі оқымысты, талантты адам халықтың тарихына ден қойып, қолы тиген кезде Омбының архивін қараған екен. Бұл жөнінде Потаниннің берген куәлігі бар. Сол архивте Шоқан Абылай ханға байланысты біраз материалдар жинапты. Алдында құжат түрінде жинап жүрген Шоқан оқымысты ретінде Ресей географиялық қоғамының толық мүшесі атанып, Патшаның қолынан марапатталғаннан соң оған энциклопедия үшін мақала жазу тапсырылған. Қазіргі кезде бәрімізге таныс «Абылай хан» деген мақаланы Шоқан тапсырыспен жазған екен. Мен ол мақаланың құндылығын, Шоқанның жазған деректер қажеттігін жоққа шығармаймын. Алайда, біріншіден, ол мақала қанша айтқанымен асығыс, әрі тапсырыспен жазылған. Екіншіден, Шоқан ол кезде жас жігіт, әскери қызметте жүрді. Ол біз сияқты отырып, арнайы тапсырмамен асықпай жазған емес. Сондықтан оның ішінде біраз ұшқырлықтар кеткен. Архив құжаттары бар, содан кейін сол заманда ізі өше қоймады, дегенмен, Абылай хан қайтыс болғаннан кейін 70 жылдан соң жазылған еңбек. Елден сұрағаны бар, әкесінен сұрағаны бар, өзге де қарттардан сұраған шығар. Ел аузынан жинағанын мақала етіп жазған.

Сондай-ақ Абылай туралы жазған мақаласы «Орыс тарихында Сібір ханзадасы Абылай деген кездеседі» деп Шоқан кішкене шатыстырып алған. Ол Сібір ханзадасы деп атаған Абылай — Абылай ханның атасы. Мен оны дәлелдедім, әлі де дәлелдей түсемін. Ол кезінде Царевич Абылай деп аталған. Оны енді Көшім ханның немересі деп атайды. Ол кім болса да, өзіміздің білетін Абылайға орыстар царевич деген атау қоймаған.

Одан кейін Революциядан бұрын ХІХ ғасырда Красовский, Левшин деген сияқты оқымыстылар Абылай ханды зерттеймін деп емес, қазақ даласының, ол кезде қырғыз-қайсақ, одан кейін қырғыз даласы деп аталынып, Ресейдің отары болған мемлекетті тәптіштеп зерттеу керек, түсіну керек екендігін білген. Осыған байланысты жазған зерттеулерінде олар еріксіз Абылай хан жайында айтып отырады. Ол зерттеушілер Абылай ханның есімін жақсы көргендіктен немесе оның еңбегін бағалағандықтан емес, ХVIII ғасыр ол — Абылай ханның ғасыры. Алғашқы ширегінде Абылай хан жас болса, одан кейін 1780 жылы қайтыс болғанға дейін Абылай хан Орталық Азия мен бүкіл Қазақстанның тарихында үлкен орны болғандықтан осы уақытқа дейін сақталып қалған Ресей мұрағаттарының кез келген жерінен Абылай хан кездесе кетеді.

(Жалғасы бар)

Жазып алған: Айнұр Ракишева


Редакцияның рұқсатынсыз материалды өзге сайттарға көшіруге жол берілмейді

Оцените пост

5