Қазақтың кейбір сөздері...

Еркебұлан Ерлен 2013 M04 10
1780
0
5
0

Жасымнан ойнап-күліп өскен біздің өлкеде (Қызылорда облысы) жүріс-тұрысы ебедейсіз, олақ кісілерді  «Дәйіс» деп атайды . «Дәйіс» арабша «Дәюс» сөзінен шыққан. Дініміз Исламда «Дәюс» деп анасын...

Жасымнан ойнап-күліп өскен біздің өлкеде (Қызылорда облысы) жүріс-тұрысы ебедейсіз, олақ кісілерді  «Дәйіс» деп атайды . «Дәйіс» арабша «Дәюс» сөзінен шыққан. Дініміз Исламда «Дәюс» деп анасын, апа-қарындасын басқа еркектерден қызғанбайтын, көрінгеннің қойнына салуға даяр еркектерді атайды. Олар үшін жәннат харам етілген екен. Ал біздегі «дәйіс» атағын алған сол бейбақтар расымен опасыздар ма? Жоқ, әрине! Табиғатынан аңғал болғаны үшін ғана қоғамға айыпты болған адамдар.

Сондай-ақ, қазірдің өзінде қолданыста жүрген «көрбақ» деген сөзді құлағым көп шалды (әлхамдулилаһ, өз адресіме аталмыш қарғысты естім көрген емеспін). Мұны айтып отырған ана өз баласының жетім қалуын тілегендей әсер қалдырады. Өзіне және сүйіп қосылған жарына мезгілсіз өлім сұрап, баласының тұл жетім болып, көрді төңіректеп, тентіреп кеткенін қалағаны қалай?!

Таң қалғанда қазақтар әдетте «қойшы, рас па?» демейтін бе еді? Ал Аралдықтар «өш, солай ма?» дейді. «Өш» сөзі «өл» дегенді білдіретіндігін олар білмейді дегенім сірә қисынсыз болар. Сізге кіші болса да, құнды кеңесім болсын: аралдықтарға таң қаларлық әңгіме айтарда абай болыңыз! Таң қалдырамын деп жүріп, өшіп қалмаңыз!

Қарға баласын аппағым дер, кірпі баласын жұмсағым дер. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп келе жатқан баласына бір сәттік ашумен «қара жер тартқыр» деп айтқан аналарды да кезіктірдім. Бұғанағы бекімеген ойын баласына бұдан артық қарғыс бар ба?! Ана қарғысын боққа (ұлы сөз болмаса да жазуға тура келді), әке қарғысы оққа балаған қазақ халқы. Әйтсе де, бала санасына аналарымыз сөздің маржанын құйса жақсырақ болар еді.

Әбәрәки сіз бізде қонақта болып, дастархандас  кісіңнің  жек көретін адамы туралы сөз етіп қалсаңыз, әңгімеңіз сөзсіз  «тұқымы құрысын оның» ,«жүзі күйгір» деп кесіледі. Тіліне, діліне қарамай, бауыр болуға үндеген дініміз бізді бір-біріңе қарғыс тілеңдер деп оқытты ма? Өзіңе қандай жақсылық қаласаң, өзгеге де соны тіле демеді ме дін Ислам! «Мұсылманды жамандаған кісі бауырының етін жегенмен тең деп»,- айтқан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сөзі қайда қалды!?

Бала кезімде көрші құрдастарым төбелестен жеңілсе «ағамды» әкелемін деп жылайтын. Сондағы жеңіске ие болған баланың жауабы: «Сенің ағаң кім еді сонша?!  Шақыр, Құдай болса да» дейтін. Бұл сөзді олар қайдан естіді? Атасы құдайсыз ба еді? Бабасы құдайсыз ба еді? Азиз (ұлы, жеңілуі мүмкін емес жеңімпаз) атанған жалғыз Жаратушыны кім жеңген ? Күшті болсақ өз нәпсімізді жеңейік, бауырлар!

Ең сорақысы «Құдайдың өлімі саған» деген қарғыс боп тұр (астағфируллаһ!). Әууәл (бастауы болмаған), Ахир (соңы болмайтын), Хай (мәңгі тірі) деген есімдерге лайық  Аллаһ Тағалаға бір тамшы судан пайда болған адамдардың тіл тигізгені ақылға қонымсыз. Жаратушымыздың сүйікті құлдарым деп баға бергендегі естимін дегені осы ма еді?!

Он күнәнің тоғызы тілден деген. Тілдің кесапатынан сақтанайық! Жақсы сөз жарым ырыс! Ақылмен сөйлейік, жақсы дұғада болайық! Хафиз (сақтаушы, бәлекеттерден қорғаушы) Аллаһ түрлі қарғыстардан сақтасын!

Ерлен Еркебұлан

 

Оцените пост

5