Мәзхаб-білімділерге табысталған аманат

gbaqytkereiuly 2013 M03 27
488
0
0
0

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!  Ислам тарихында мәзхабтарды мойындамайтын, фитнамен айналысып үмметті жіктеген небір бүлікші топтар аз болмады. Олардың кейбіреулері тіпті...

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын! 

Ислам тарихында мәзхабтарды мойындамайтын, фитнамен айналысып үмметті жіктеген небір бүлікші топтар аз болмады. Олардың кейбіреулері тіпті, белгілі бір уақыт өрлеу кезеңдерін де бастан кешірді. Бірақ, түптің түбінде мәзхабтармен иық теңестіре алмаған олар тар ауқымдағы белгілі бір міндеттерді орындаушылар ретінде ғана көрініп, сонан соң ыдырап кетіп отырды. 

Осындай топтардың бәсекелестік әрекеттерінің нәтижесінде мазхабтар мезгіл-мезгіл өз ұстанымдарына сын көзбен қарап, өздерінің әлсіз жерлерін бағамдап, өздерін жетілдірумен болады. Әуел бастан кең тынысты, білікті мужтаһид имамдар көп еңбек сіңірген, сол себепті де берік негізге орнығып жан-жақты жүйеленген, әлеуеттері өте мол мәзхабтарды еңсеру ондай топтар үшін мүмкін емес. Сондықтан да оларға мәзхабтарды сыннан өткізе отырып, олардың іріткі атаулыға қарсы тұру қабілетін шыңдаушылар міндетін атқарушы уақытша топтар ретінде қараған жөн. 

Ғасырдан ғасырға тәжірибелері де молығып, дін іліміне тереңдей беретін, сол себепті де мәзхабтардың әлсіз жерлерін дәл тауып, өз дәлелдерін қисынды түрде ұсына білетін мұндай топтарға қарсы тұру қашанда оңай болмаған. Сол себепті де мәзхаб ғұламаларына босаңдық танытпай, үнемі өз білімдерін жетілдіріп, өз дәлелдерін жинақтап, оларды кеңінен талдап түсіндіру бағытында үлкен жұмыстар атқарып отыру қажет болады.

Әдетте, үлкен ғұламалар ауқымды мәселелерімен көбірек айналысып, ал маңызы шамалы болып көрінетін діннің ұсақ мәселелері назардан тыс қалып қойып жатады. Бірақ, шын мәнінде, қарапайым намазхандар ұсақ саналатын ташшахудта саусақ көтеру, тәкбірде қол көтеру, және оны құлаққа тигізу, не тигізбеу, қолды кіндіктен төмен, не жоғары байлау, «әминді» іштей, не жария айту, дұғадан соң бетті сипау, не сипамау, сәждеге барғанда бірінші қолға, не тізеге түсу, таспих қолдану, зікірді парызан кейін, не сүннеттен кейін жасау, тарауық намазын қанша ракат оқу, тағы да басқа осы тәріздес ұсақ мәселелерге көп көңіл бөледі. Және солардың қалай орындалуына қарап дінге жаңалық енгізу, сүннетпен жүрмеу жөнінде түпкілікті қортынды түйіп, сол арқылы мәзхаб ұстану, ұстанбауға қатысты маңызды шешім қабылдап жатады. 

Сондықтан да фитнашы топтар осы ұсақ мәселелерге баса назар аударып, соларға қатысты қажетті дәлелдерін жинақтап алып, қарапайым мұсылмандармен қарапайым тілде сөйлесуді жақсы жолға қойған. Соның нәтижесінде мазхаб жамағаты осындай топтардың ықпалдарына оңай түсіп, олардың қатарларын үздіксіз толтыруда. Осы тұрғыдан алғанда дін ісінде, мәзхаб ісінде ұсақ мәселе деген жоқ деп сенімді түрде айтуға болады. 

Дін жалпы жамағаттың игілігі үшін қажет. Сол себепті де білімділер жамағаттан қол үзіп, олардан айрылып қалмас үшін жамағат үшін жұмыс жасап, жамағаттың тілінде, жамағатты толғандыратын мәселелерге де көбірек көңіл бөліп отырулары қажет. Олар үшін анық, шешімін тапқан мәселелер жалпы жамағат үшін таңсық болуы мүмкін. Өйткені, көп жағдайда қажетті білім көпшілікке жетпей қалып жатады. Және ұрпақ үздіксіз жаңару үстінде. Сол себепті де білімді қайта жаңғыртып, оларды халыққа қайта-қайта таныстырып, үздіксіз насихаттап отыру қай уақытта да өзекті болып табылады. 

Қандай фитнашы топтар болмасын мазхаб жамағатымен жұмыс жасайды. Өйткені, мұсылмандар негізінен ханафи, малики, шафиғи, ханбали деген сүннетпен жүретін төрт мазхабқа топтасқан, сол себепті де көбеюге мүдделі әрбір бүлікші топ осы төрт мәзхабтан «адам ұрлауға» мәжбүр. Ол үшін олар Құран мен сүннеттен өздеріне қажетті дәлелдерді іріктеп, мұқият жұптап алып, өздерінің осы ұстанымдарын «бірден-бір дұрыс, ақиқи» ұстаным ретінде олардың саналарына сіңіруге тырысады. 

Осындай арнайы дайындықпен келген келімсек топтардың тегеурініне тап болған кездерде аңтарылған мазхаб ұстанушы намазхандар өз араларынан шыққан білімділерге бет бұрып, олардың мәзхаби дәлелдерді ұсынып, күмандарын сейілтуін қалайды. Ал, олардан қанағаттандырарлық жауап ала алмаған жағдайда олардың «мәзхаб ұстану дұрыс емес екен» деген сенімдері бекіп, олар фитнашылардың қатарына қосылып кетеді. Және жай ғана қосылып қоймай олардың әрқайсысы да бүлікші топтардың жалынды насихатшыларына айналады. 

Қандай өміршең ағза болмасын өз тіршілігіне қауіп төнген жағдайда, қауіптің бетін қайтаруға тырысып, бар күшін сол мақсатқа жұмылдырады. Сол сияқты, мәзхаб та қай жақтан қандай қауіп төніп келе жатқанын тез бағалап, бар қажыр-қабілетін сол тұсқа жұмылдырып, жағдайды ушықтырмай қауіп-қатердің алдын алып отыруға тиісті. Қазіргі кезеңде басты қауіп фитнашы топтар тарапынан туындауда. Олардың жігерлі де белсенді мүшелері мазхаб жамағатын өз топтарына тарта отырып күн санап қатарларын көбейту үстінде. Жағдай осы бетімен кете берсе кейбір аймақтарда мәзхаб өз жамағатының көпшілігінен айрылып, ал қалғандары мешіттерден ығыстырылып, соның нәтижесінде көптеген мешіттерде фитнашылар үстемдік етуі мүмкін. 

Мешіт жамағаты негізінен белсенді мәзхаб ұстанушылар мен белсенді фитнашылардан, және әлі күманданып, істің аңысын бағып, ойланып жүрген таңдау үстіндегі намазхандардан тұрады. Жамағаттың көпшілігін құрайтын осы таңдау үстіндегі намазхандардың қай тарапқа қарай ойысуына қарай мешіттегі үстемдік мәселесі шешіледі. Ал, олардың белгілі бір шешімге келіп, таңдау жасауларына дәлелдердің мықтылығы мен насихаттың жақсы жүргізілуі ықпал етеді. Және олардың жігерлі, қайратты жандар топтасқан, ұйымшыл топқа қызығушылық танытатындықтарын, және солардың ығына жығылып, тыныш жүргенді жөн көретіндіктерін де жоққа шығаруға болмайды. 

Қай тарапқа да дәлел, насихат, және ұйымшылдық қажет болғанмен, олардың ішінде дәлелдердің мықтылығының орны бөлек. Мықты дәлелдер кімді болса да күманға салып, кімнің болса да күманын сейілте алады. Солай десек те, дәлелдерді дұрыстап ұсына білуге де көп нәрсе байланысты. Мықты білім иесі қарсы жақтың мықты көрінген бұлтартпас дәлелдерінің өзін де іске алғысыз етіп тастауы мүмкін. Олай болса, қай жақтың білімділері мықты болса, сол жақ міндетті түрде үстем болады. 

Жалпы, фитна мәселесіне немқұрайлы қарап, оны бетімен жіберуге болмайды. Фитнамен айналысып жүргендердің көпшілігі жастар. Жастардың жігерлі келетіндерін, және олардың еліміздің болашағы екенін де ескерсек, онда діни ахуалдың жыл өткен сайын ушыға беруін күтуге болады. Өйткені әр жікшілдің артында оның отбасының, және жікшілдік рухында тәрбиеленіп өсетін ұрпақтарының тұрғанын ескерсек бара-бара тұтас елді мекендер де солардың қарамағына өтуін болжауға болады. Мұндай тұтастыққа ие болып, әбден бекіп алған соң оларды беттерінен қайтару қиынға айналады. Өйткені олар бірін–бірі қолдап, бір-біріне тірек болып, алдырмайтын болады. Сондықтан да олар тұтастыққа ие болып, күш алып кетпей тұрғанда мазхаб өзінің қажырлы имамдарын сондай аймақтарға топтастырып, білікті білім иелерін қарсы насихатқа жұмылдыруы қажет. 

Негізінде, фитна мазхаб жамағатының білімсіздігінен туындап отыр. Егер жікшілдер ұсынатын дәлелдерге қарсы мазхаби дәлелдерді жұптап, оларды сауатты да ұғынықты етіп уақтылы ұсынып отырғанда жікшілдердің жолдары кесіліп, олар біздің жерімізге табандарын тірей алмас еді. Бірақ, өкінішке орай, өтпелі кезеңдегі қиындықтардың, соның ішінде де қаржылық тапшылықтың салдарынан мазхаби насихат кенже қалып, соның салдарынан сауатты түрде ұсынылған мазхаби дәлелдерді іздеп таба алмайтын жағдайлар да орын алды. Соның нәтижесінде мешіт имамдары да, мазхаб жамағаты да дәлелдермен жақсы қаруланған фитнашыларға қарсы не айтарларын білмей жігерлері жасып, еңселері түсті. Бұл жағдай мазхабтың білімділеріне үлкен сын. Сондықтан да олар қазіргі кезеңде осы бір ұтылыстың орнын толтыру үшін мазхаб мәселесімен көбірек айналысулары қажет. 

Фитнашыларға қарсы жүргізілетін насихат аймақтарға таралып жатқан санаулы кітаптар мен басылым беттеріндегі анда-санда бір көрініп тез ұмытылып қалатын санаулы мақалалармен шектеліп қалмауы тиіс. Мазхаб тақырыбындағы дүниелер мейлінше көп болғаны жақсы. Және олардың интернет, басылым беттерінен көп орын алып, кітаптар мен дискілер түрінде де кеңінен таратылғаны жақсы. Мейлі, олар сапасы жағынан қарапайым дүниелер бола берсін, бірақ олардың өзі де өз адамдарын табады. Өйткені, жамағаттың білім деңгейлері, ой-өрелері біркелкі емес, сондықтан да олардың көпшілігі түсінікке ауыр терең талдауларды қабылдай алмайды. Сол себепті де білім иелері насихаттық дүниелерді өз деңгейлерімен бағаламай, қарапайым адамдардың да пікірлеріне көңіл бөліп, оларды да көбірек ұсынып отырғандары жөн. Көп нәрсе өзінің көптігімен де алатынын ескеру керек. Оның үстіне мәселе көп қозғалған сайын жамағаттың да талғамы өсіп, бірте-бірте терең де сапалы дүниелер көбейе беретін болады. Жалпы, өшетін нәрсе жөнінде ғана сөз аз қозғалады. Сол себепті де мәзхабымыздың өшуін қаламасақ ол жайында көбірек сөз қозғайық. 

Әрине, дінді басқа жақтарынан да қарастырып, кеңінен насихаттаған жөн. Бірақ, дәл қазіргі сәтте мәзхабты насихаттауға баса назар аудару қажет болып тұр. Себебі, «бірлік болмай тірлік болмас» дегендей жамағаттың арасында туындап жатқан жікшілдік мәселесін шешіп алмайынша дін ісін ойдағыдай алға бастыру қиынға соғады. Өйткені, Қазақстандағы дәстүрлі мәзхаб ханафи мәзхабына қарсы шығып, оны ұстанбауды насихаттайтын, ұлттық дәстүр атаулыны мүлде мойындамайтын, намаз оқымағандарды мұсылман ретінде санамайтын, намаз оқымаса әке-шешеден де безіндіретін, мұсылман елдерді біріктіріп халифат құрмақ болатын, жиһадты қан төгу деп қана түсінетін, және басқа да неше түрлі шектен шыққан осындай келімсек топтар жалпы Исламның атына кір келтіріп, халықты діннен шошытуда. 

Шын мәнінде секта болып табылатын осындай ұшқары топтардың көбейіп кетуінің салдарынан мешіттерден халық үркіп балаларын оған жібермеуде. Және кейбір жерлерде жергілікті билік «секталарға кіріп кетеді» деген уәжбен оқушылардың мешіттерге баруларына тиым салуда. Бұл жамағаттың бөлініп, ауызбіршіліктен айрылып қалуының нақты жемісі. Сондықтан да мәзхабты көбірек насихаттау арқылы жамағаттың тұтастығына қол жеткізбейінше дін ісін алға бастыру ойдағыдай нәтиже бермейтін болады. 

Жікшілдік мәселесін ойдағыдай шешіп алмай тұрып дінді жалпылай насихаттау арқылы халықты мешіттерге жинаудың пайдасы аз. Өйткені, мұнда келген соң олар өз насихаттарын қарқынды жүргізіп жатқан фитнашылардың ықпалдарына түсіп кетіп жатса, онда бұл істен жақсылық табу қиын. Бұл шын мәнінде, оларды жетелеп әкеліп жікшілдердің қолдарына табыстау болып табылар еді. Халықты діни ақуалдан хабардар етіп, бүлікші топтар жөнінде терең мағлұмат беріп, сол арқылы олардың мешіттерге арнайы дайындықпен келулерін қамтамасыз ету қажет. Сонда олар жікшілдерден сақтанып, олардың іріткі насихаттарына бой алдырмайтын болады. 

Халықты діннен үркітіп аламыз деген орынсыз сақтықпен «жабулы қазанды жабулы күйінде ұстау» қателік болады. Халық бәрібір мешіттерге келген соң бұл «қазанды ашып» көріп, жікшілдікпен ауызданып жатыр. Сондықтан да оларды бұл мәселемен күні бұрын таныстыру арқылы фитнаның алдын алу қажет. Оның үстіне әрбір фитнашының мешіттерден тыс жерлерде де өздері араласатын адамдармен үгіт жұмыстарын жүргізіп жатқандарын ескерсек, жалпы халықтың мазхаби сауатын көтеру өте өзекті мәселе болып табылады. 

Мәзхабты сауатты насихаттау үшін оның ақида, фиқһ ілімдерін терең игеру қажет. Ол үшін Әбу Ханифадан бастап мазхабтың көрнекті ғұламаларының еңбектерін аударып, оларды жіліктеп талдап, кеңінен түсіндіру бағытында ауқымды шараларды атқару қажет. Қалаған адам оларға оңай қол жеткізіп, оларды оңай ұғына алмайынша бұл саладағы кемістіктің орнын толтыра алмаймыз. Өйткені, намазхандар қол жетімді болған соң фитнашылардың ғұламаларын көп оқып, соларды көп тыңдап, солармен ауыздануда. Сондықтан да олар сол ғұламаларды Ислам дінінің бірден-бір көрнекті ғұламалары санап, олардың айтқандарын еш күмансыз қабылдауда. 

Олар мәзхаб ғұламаларынан Әбу Ханифадан басқа ешкімді білмейді. Тіпті, білгісі келсе де оларға ұсынатын деректер де, еңбектер де аз, және оларды кеңінен талдап көкейлеріне қондыра алатын білімділер де жеткіліксіз. Өйткені, мешіт имамдары мен мазхаб белсенділерінің өздерінің қолдарында мазхаб ғұламаларының қажетті еңбектері де, олардың түсіндірмелері де жоқ. Бұл олқылықтың орнын толтырмай фитна мәселесін шешу қиын болады. «Ереуліге қарулы» дегендей білімге білімді, дәлелге дәлелді, үгітке үгітті қарсы қойып жігерлі әрекет жасамайыншы жікшілдерге тойтарыс беру қиын болады. Сондықтан да басты міндеттерінің бірі мәзхабты қорғау болып табылатын білім иелерін өз қабілет-қарымдарын сынап, күш-жігерлерін жұмсайтын ауқымды шаралар мен үлкен жауапкершілік күтіп тұр. Бұл істе олардың қай қайсысына да орын табылады. 

Жікшілдердің мүмкіндіктерін де тиісінше бағалау қажет. Олар қатарларында өте білікті, қабілетті, және айлакерліктен де кенде емес білімділер жұмыс жасауда. Олар өзгеріп отыратын жағдайға тез бейімделіп, қажет болған кезде өз пікірлерінен тез бас тартып, өз қулықтарының жымын білдірмей өте ептілікпен әрекет етуде. Олар өз ұстанымдарының аясында мүмкіндігінше табысты әрекет жасауда. Егер олар тарапынан шикіліктер шығып қалып, бұлтарып, құбылу қажет болып жатса бұл олардың ақылсыздықтарынан емес, бұл олардың топтарының ұстанымдарының шикіліктерінің салдарынан туындап жатады. 

Оларда қаражат мәселесінің де жақсы шешілгенін ескерген жөн. Бұл дегеніміз білімді, қабілетті адамдарды өз қатарларына тартып, оларды өз мақсаттарына жұмылдырудың жақсы мүмкіндігі. Және бұл қажетті лауазымды адамдардың ауыздарын алып, өздеріне жол ашудың мүмкіндігі. Және бұл қажетті насихаттық құралдарды молынан қамдап, оларды кеңінен тарату мүмкіндігі. Ал, мазхабта мұндай мүмкіндіктер жоқ. Мазхаб тек дін үшін, жамағаттың бірлігі үшін, және халқының болашағы үшін уайымдаған жандардың білімі мен қажыр-қайратына ғана иек арта алады. Сондықтан да осындай адамдардың мүмкіндіктерін мейлінше пайдаланып, оларды бір мақсатқа жұмылдыра білу қажет. 

Әрине, мазхабтың артында тірек болып тұрған үлкен күш-мемлекет бар. Бірақ, мәзхаб ісі, жалпы дін ішілік мәселелер мұсылмандардың өз арасында ғана шешілуі тиіс. Бұған сыртқы күштерді, соның ішінде мемлекетті де араластырып, олардың жәрдемдеріне жүгінбеген жөн. Өйткені, фитнашылар қанша жерден мәзхабқа қарсы әрекет етсе де, олардың өзіміздің діндес бауырларымыз, онан қалды өз қандастарымыз екенін ескерген жөн. Олар мазхаб ұстанатындарды кімдер санап, оларға қаншалықты жауығып жатса да, мазхаб ұстанушылар олардың имандарына, олардың да мұсылман екендіктеріне ешқандай да шәк келтірмейді. Олар тек жікшілдердің дін істерінде шектен шығып, үммет арасына бүлік салумен айналысып жүргендерін ғана айып санап, олардың іріткі әрекеттерінен қорғану ниетін басшылыққа алады. Бұл мазхаб ұстанушылардың артықшылығы, және бұл олардың Алла Тағала алдында ақталу мүмкіндігі. 

Егер мазхаб ұстанушылар дінішілік істерде мемлекеттің жәрдеміне жүгініп өз бауырларын қудалатып, түрмелерге жаптырып, оларға жапа шектіретін болса, бұл олар үшін үлкен айып болар еді. Бұл айып ең әуелі мәзхабтың білімділеріне жүктеледі. Өйткені, мәзхабтың да, өздерінің де бар мүмкіндіктерін уақтылы, және сарқа пайдаланбай жағдайдың ушығып кетуіне ең әуелі солар кінәлі болып табылады. Төніп келе жатқан қауіпті тиісінше бағаламай, оған көзді жұма қарап, басқа істермен айналысып бейқам жүру қашанда уақыттан ұтылуға әкеліп соқтырады. Ал, әрбір өткен күн өзге топтарға өтіп жатқан мұсылмандармен есептеледі. Және әрбір ондай мұсылман оны фитна күнасынан уақтылы сақтандыра алмаған білімділердің мойнына айып болып ілінуі мүмкін. 

Діннің ішкі мәселелерінде, соның ішінде жікшілдік мәселесінде мұсылмандардың бір-біріне күш көрсетулері үлкен күнә. Және ол күшке жүгінуші топтың әлсіздігін де көрсетеді. Өйткені, күшке жүгіну әрекеттері көп жағдайда шарасыздықтан туындайды. Ал, шарасыздық ондай топтың ұстанымдарының шикілігінен туындайды. Ұстанымдары мықты топқа күшке жүгінудің қажеттілігі жоқ. Өйткені, оның күші ақиқат білімінде. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегендей білімі мықты, білімділері мықты топ қандай тартысқа түссе де қашанда үстем болып шығады. 

Осы тұрғыдан алғанда мазхаб ұстанушылардың «салдары суға кететіндей» себеп жоқ. Өйткені, олардың ұстаздары да өте мықты. Және, олардың салып кеткен жолдары да уақыт сынынан сүрінбей өтіп, талай талқыдан табысты шыққан, жан-жақты жүйеленген сара жол. Егер осындай жолдың бағы ашылмай, туы қисайып тұрса, бұл мазхаб ілімінің қазіргі ізбасарларының оны жете меңгере алмай жатқандығын ғана көрсетеді. Бұл орнын толтыруға болатын уақытша кемшілік. Бұл уақыт ісі.

Мазхаб бұл бұрынғы өткен білім иелерінің еңбектері мен шаһидтердің қандары арқылы осы күнге жеткен тура жол. Ол үшін неше ұрпақ, қанша мұсылман терлері мен қандарын төге отырып, оны қазіргі толқынға аманаттады. Енді оны сақтап, келесі ұрпаққа жалғастыру қазіргі білімділерге сын. Мазхаб бұл тек қана жол емес. Бұл осы жолды ұстанатын сан мыңдаған мұсылмандардың тағдыры. Сондықтанда білім иелерінің мойнына үлкен жауапкершілік артылып отыр.

Мазхаб ісі бұл білімдінің жеке басының ісі емес. Сол себепті де оған жеке бастың мүддесін араластырып пендешілікке салынбаған жөн. Әрбір білімдінің артында оған сенім артқан жүздеген, мыңдаған адамдар тұрады. Сол себепті де егер білімділер басшыға бағынбаса, онда жамағат та «бас басына би болады». Егер білімділер жікшілдікке бой ұрса, онда жамағат та жіктеледі. Егер білімділер мансапқа таласса, онда жамағат та сондай «дертке» шалдығады. Егер білімділер арасында күншілдік болса, онда жамағаттың да жүректері бірікпейді. Егер білімділер такаппарланса, онда жамағат та менмендікке бой алдырады. Сондықтан да білімділер өздеріне талап қоймайынша өздеріне жүктелген міндетті лайықты түрде алып жүре алмай зиянда қалады. Білімділер жеке бастың мүддесін ысырып қойып бір мақсатқа жұмылуға тиісті. Ортақ мақсат бұл дін ісі, жамағат мүддесі. Білімділердің неге тұратындықтары осы бағыттағы іс –әрекеттері бойынша анықталады. Дін ісі өрлесе олардың да еңбектерінің жанғаны, ал, егер дін ісі кері кетсе, онда олардың білім иелері аталуы бекер. 

Осы кезге дейін талай мәзхабтар мен топтардың жойылып кеткені белгілі. Олардың жойылып кетулерінің басты себептерінің бірі олардың ұстанымдарын тиісінше түсіндіріп, насихаттай алатын білімділердің аз болуы. 
Жалпы, қандай болмасын мазхабтар мен топтар білікті білімділер мен қабілетті үгітшілерге қашанда мұқтаж. Сол себепті де талапты білімділер мен жақсы насихатшыларды ішке тартып, оларға қолдау көрсетіп отыру қажет. Ондай жандар ешқашанда көптік етпейді. Саннан сапа туатынын да ескерген жөн. Біреу білімнің бір саласында мықты болса, екінші біреу басқа салада мықтылық танытады, және біреуде жоқ қасиет басқа біреудің бойынан табылып отырады. Сол себепті де біреу тосылған жерден біреу жол тауып кетуі мүмкін. Осылай бірін-бірі саты ете отырып бәрі де жоғары өрлеп, соның нәтижесінде ортақ іс, дін ісі өрлейтін болады. 

Мәзхаб үшін күрес, бұл мұсылман бауырларымызға қарсы күрес емес. Бұл күрес олардың қате ұстанымдарына қарсы күрес. Сондықтан да бұл білімділер тарапынан, білім арқылы ғана жүргізілетін күрес. Бұл күресте ақиқат мәзхабтар жағында. Өйткені, олар үмметтің тұтастығын қалайды, және соны барынша сақтауға тырыcып, сол бағытта жұмыс жасауда. 

Ал, фитнашы топтар өздерін қалай ақтап, қалай мақтаса да олардың әуел бастан бүлік арқылы пайда болғандары ақиқат, және олардың таралулары да тек фитна-бүлік жолымен жүзеге асуда. Олар осындай лайықсыз әрекеттері арқылы қаншалықты шектен шығып жүрсе де мазхаб жамағаты да, басшыларымыз да өздеріне тән кеңдікпен сабыр сақтап, наразылық қана білдіріп, «әліптің артын бағумен» келеді. 

Осы жерде «елімізге фитна «індетін» әкеліп, оны таратуға барынша тырысып жүрген жікшілдер өз отандарында өзгелердің осындай фитна істерімен айналысып, халқын өз басшыларына бойұсынбауға үгіттегенін қалар ма еді?» деген заңды сұрақ туады. Шын мәнінде, ондай жағдайда олардың өздерінің тарапынан да, басшыларының тарапынан да мұндай кеңдік, мұндай төзім табу өте қиын болар еді. Олар осылайша «өзіңе қаламайтын нәрсені өзгеге де жасама» деген әділдік қағидасын аттап жүгенсіздік жасап жүр. Сондықтан да мазхаб ұстанушылар «ақиқат біздің жақта» деп, Алла Тағаланың әділдігінен үміт күтеді. 

Maсa.кз. 19.04.2011.  http://galym.jimdo.com

Теги: аманат, білімділер, Дін, мазхаб, мемлекет, мұсылман, намазхан, насихат, топ, фитна, халық, ханафи

Оцените пост

-11