Тікелей эфир

Опера жұлдызы, бақытты ана, сүйікті жар

Әйелдердің күні дейді бұл күнді,

Бақтар жайнап, сайратады бұлбұлды.

Еркек түгел еркелерге берем деп,

Қолдарына ұстап апты бір гүлді.

Ұмытылмай сонау жастық кездегі

Айтылады махаббаттың сөздері.

Гүлді ерекше ұнатады әйелдер,

Гүлдерге ұқсап тұрғаннан соң өздері.

Т.Молдағалиев

Көктемнің алғашқы әдемі де нәзік мерекесі — әйелдер мерекесімен барша ару қыз-келіншек оқырмандарымызды құттықтаймыз! Сіздерге арнап мерекелік пост ретінде бүкіл әлемге өзін мойындата білген қазақ әйелі — Майра Мұхамедқызымен болған әңгімемізді жариялап отырмыз.

Еуропа сахнасында Майра Керей сопрано дауысымен танылған жетекші әрі беделді опера әншісі, Франциядағы атақты Гранд-опера театрында жұмыс істеген, бүкіләлемдік опера жұлдыздары тенор Роберто Аланья, Марселло Альварез қатарлас әншілермен бірге ән салған, ал The Washington Times газеті: «Тамаша дауыстың иесі Майра Керей бірегей дарынымен, табиғи қуатты, ашық таза, жағымды да әдемі дауысымен көрермендер жүрегін жаулап алды. Майра Керей Вашингтон операсына үлкен рөлдермен қайта оралатынына кәміл сенеміз» деп жазды. Біз өз кезегімізде осынау жетістіктерге жеткен ҚР еңбек сіңірген әртісінен бақытты әйел құпиясын білу үшін Майра апайды әңгімеге тарттық.

- Майра апай, сәлеметсіз бе! Әңгімемізді бала кезіңізден бастасақ, бір сұхбатыңызда кішкентай кезімде еркекшора болып өстім депсіз. Бізді неліктен олай болғандығы қызықтырып отыр?

- Өйткені кішкентай кезімде біз жер үйде тұрдық. Ал үйімізге көршілерде өңкей ұйғыр, қытай ұл балалары көп болатын. Мен сол балалардан таяқ жеп қалмас үшін өзімді кішкене еркекшора қылып ұстап, оларды басқарғым келетін. Кешке қарай бәріміз шығып алып, ұлдардың ойындарын көп ойнайтынбыз. Сол балаларды басқарып, кейін концерт те қоятынмын. Сондай-ақ спортқа жақын болдым. Сосын бір жағынан шашым да қысқа болды. Өйткені мамам гастрольге сыртқа жиі шығып кететін де, маған көбінесе апайым мен ағаларым қарап жүрді. Сондықтан басқа қыздарша шашымды өріп, әдемілеп жүру деген болған жоқ. Университетке дейін шашым қысқа болатын. Жолдасыммен танысқаннан кейін ғана, жиырма жасымда шаш өсіруді бастадым. Ал оған дейін бойым да ұзын, күшім де көп, еркекшора киініп те жүргенмін. Көйлегім аз болатын.

- Ал бойжеткен кезіңізде өзіңізді сұлумын деп есептейтін бе едіңіз?

- Жоқ, керісінше, мен әрдайым мамама: «Неге мені әдемі қылып тумадың?» дейтінмін. Өйткені менің апайым мен ағам өте әдемі адамдар. Көздері ботадай, қастары қиылған, әлі күнге дейін қартайса да, әдеміліктері сақталған. Ал менің аузым да үлкен, аяғым да 40-шы размер (күліп). Бәрі соған күлетін. Бірақ мамам: «Қызым, аузы үлкен адамның салымы болады» дейтін. Қазір ойласам, сол әншілікке туылған екенмін ғой...

Бәрін де махаббат өзгертті десем болады. Махаббат туғаннан бастап, өзімді жинақы ұстауға, әдемі болуға тырыстым. Бірақ әлі күнге дейін көп боянбаймын. Бала күннен айнаға қарап өспегендіктен, концерт, қонаққа болмаса, артық әшекейді де тақпаймын, жыным келіп, шешіп тастаймын. Оның бәрін айнаға қарап тағып отыруға да уақыт жоқ, ондай әдет қалыптаспаған.

Кейде маникюры, макияжы да орнында болатын әдемі қыздарға қызығамын, қалай бәріне үлгереді деп. Бірақ өзімді, ең бастысы, денсаулығы мықты деп ойлаймын. Өйткені қатарлас әдемі қыздар көп ауырып қалатын. Олар көп тамақ жемейтін. Ал мен кішкентайымнан сыртта өстім де, ауырып қалмайын, тамағымды дұрыстап ішетінмін. Әйтеуір тал шыбықтай нәзік қыздардың қатарынан емеспін. Оның үстіне 17 жасымнан Пекинде оқыдым. Вокалдан сабақ беретін мұғаліміміз тамақ көп жеңдер дейтін. Өйткені 2 сағат бойы ән айтқаннан кейін көп күшің кетіп қалады. Қытайлар «Ас — адамның арқауы» деп жақсылап тамақтануға көп көңіл бөледі. Содан болар мен айнаға көп қарайтын қыздардай болмадым. Олардың барлығының сабағы нашар болатын, бір жағынан (күліп). Мамам айтатын: «Әдемі өнерің болса, жігіттер артыңнан қалмайды» деп. Соған сенетінмін. Сондықтан «бірінші білім ал» деген ата-ана ақылын тыңдадым.

- Сонда 18 жасқа дейін артыңыздан жүгіргендер болмады ма?

- Негізі хат жазатын балалар болды. Өйткені бала күнімнен өнерлі болатынмын, мектепте сабағым өте жақсы болатын. Бәрін 5-ке, қызыл дипломға бітіргенмін. Ән, би, спортта, 100 метрге жүгіру болсын, жүзу болсын, әрдайым 1-ші болатынмын. Қала бойынша бірінші орынды бермейтін едім. Мені бәрі қытайша «фей мау тей» дейтін, ол деген сирағы ұзын, шапшаң, жылдам дегенді білдіреді.

- Қазірде сіз үшін сұлулық дегеніміз не?

- Қазір енді есейіп, әбден ақыл тоқтатқаннан кейін ол адамның ішкі дүниесінің гармониясы, тепе-теңдігі деп ойлаймын. Өмірге деген махаббат. Неліктен адамдар қартаяды, өйткені олар өмірден түңіледі, сөнеді. Тіпті өмірді сүймейтін жастың көзінен нұр көре алмайсың. Өмірге қызығу керек, өмір сүруге құштар болу керек. Адам ішкі рухани байлығынан әдемі көрінеді. Адам деген табиғатпен тығыз байланыста ғой, сол себепті табиғаттың заңдылықтарын бұзбаса, табиғатпен бірге тепе-теңдікте, үйлесімділікте болса, адам әрдайым әдемі көрінеді.

- Сол өмірге деген құштарлықтың бірден-бір көрінісі өзіңізсіз, бұл қасиет туылғаныңыздан бар ма?

- Иә, мен кішкентайымнан арманшыл, қиялшыл бала болдым. Маған қазір де көбісі: «Сен көп армандайсың, арманыңның бәрі де орындалады, ал біз қанша армандасақ та, орындалмайды» дейді. Меніңше, адамның ішкі дүниесі үйлесімділікте болғанда, армандай білгенде және де Құдайға сене білгенде, яғни осы үш нәрсе гармонияда болғанда адамның қолынан бәрі де келеді.

- Ал өзіңіздің арманыңыз бірден айқын болды ма?

- Иә. Өйткені менің мамам — әнші, әкем — композитор. Бәрі музыканттар, шығармашылық отбасы болды. Туылғаннан дауысым ашты болып, қатты жылап туылыппын. Әкем анама: «Сенің ізбасарың, өміріңнің жалғасы келді» депті. Бала күнімнен әнге құмар болдым. Өсе келе, әкем мені пианист қылды. Бірақ маған: «Сен пианист болмайсың, әнші боласың. Пианиноны үйренген себебің: келешектегі базаң болады. Нота танитын боласың» дейтін. Егер 16-17 жасыңда дауысың өзгермей, осы қалыпта қалатын болса, әнші боласың, ал өзгеріп кетсе, онда тағы көре жатармыз деген. Ал менің дауысым өзгерген жоқ, керісінше, үлкейген сайын қатая бастады. Университетке келгенде әкем: «Әннің шыңы — опера» деді. Опера айтқан адам бәрін айта алады. Ол ең биік өнердің шыңы болып саналады. Менің анам да көптеген операларды, оның ішінде «Қыз Жібек»-ті айтып жүрген, драмаларда ойнады, халық әндерін шырқаған. Алайда Қытайдағы мәдениет төңкерісінен кейін жалпы өнер 10 жылға тоқтап қалды. Содан уақыт өтіп, бала босанып, анамның әлемдік деңгейдегі опера әншісі болу арманы орындалмай қалды. Содан болар әкем мен анам құлағыма опера әншісі боласың деп жақсы құйған болуы керек. Операның не екенін біліп, соған қарай талпындым.

- Жаңа адамның рухани байлығы болуы керек дедіңіз, сіздің рухани қорыңыз қалай қалыптасты?

- Қытайда халық көп. Соның арасында жүргенде бәсекелестік өте үлкен екенін сезінесің. Өз-өзіңді әрдайым жетілдіруге тырысасың. Содан соң жалпы Қытайдың есігі ашылғаннан кейін, онда көптеген әлемдік опера әншілері келе бастады. Монсеррат Кабалье, Паваротти, Доминго — бәрін де көрдік, тыңдадық. Арманым одан сайын нығая түсіп, оған қарай талпына бастадым (2005 жылы Майра Мұхамедқызы әйгілі әлем опера жұлдызы Пласидо Домингоның шақыруымен АҚШ опера сахнасына көтеріледі  — ред.).

Содан кейін, менің өмірдегі ең үлкен досым — кітап. Кітап оқуды жақсы көремін. Оқыған сайын, одан алатын бір сөздер, фразалар шабыт береді. Ең жақсы көретін кітабым да, фильмім де — «Желмен айдалғандар» (американдық жазушы Маргарет Митчеллдің бестселлері — ред.). Сол кітап маған қатты әсер етті. Өзімді кейде Скарлеттке де ұқсатамын (күліп). Қиыншылықтан қорықпайтын, мінезі мықты, әйелдік ажары да орнында — меніңше, үлгі аларлық әйелдің образы.

Одан кейін бізді операға баули бастағанда, бір жақсы жері, бізге драманы да оқытты. Шекспир сияқты классиктерді оқып, өмірдің ащысы мен тұщысын біліп, айқын образдар арқылы адамдарды түсінуді үйрендік. Жақсы адам — мынау, жаман адам — мынау деген нақты образдар бар онда, сол себепті өмірде де адамдарды айыру оңай болады. Сондай-ақ кітап оқыған сайын «мен кіммін?», «қайдан келдім?», «қандай болуым керек?» деген мәңгілік сұрақтарға жауап іздей бастайсың.

Мен қазір көп адамдарға таң қаламын. «Қандай арманың бар?» десең, «білмеймін», «Қалай кәсіп таңдайсың?», «жүре көрерміз» дейді. Қазақ деген «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қырдан аса алмайсың» дейді, қалайша сен жүре көреміз дейсің? Менің арманымның айқын болғанынан, отызға келгенде әлемдік сайыстарды жеңіп жүрген болатынмын. Шабуыл жасап, соған қарай ұмтылдым. «Жүре көреміз» деп жүре берсең, уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей қаласың. Уақыт деген көзді ашып-жұмғанша зымырап өтеді. Адамның әрдайым мақсаты болуы керек. Сол мақсатына қарай жұмыс істеу керек. Әкем маған «Сен опера айту үшін пианинода ойнауың керек, жан-жақты болуың керек, сосын тіл білуің керек» дейтін. Өйткені ол шет елге барып айтатын әңгіме. Классиканың бәрі шет елдің шығармасы. «Шет тілі саған құрал, тіл оқы» дейтін. Мен соның бәрін орындап, біртіндеп-біртіндеп сол арманға жетелейтін баспалдақтардан өттім. Адамда мақсат болмаса, бәрі бекер. Арман қалай туады? Қызығушылықтан. Жалпы адам өмірге қызыға білу керек. Менің қолымнан келе ме келмей ме, істеп көрейінші, мүмкін осыдан бір талантым ашылып кетер ме екен деп қызығу керек. Мысалы, бизнесте де солай. Бір істеп көргеннен кейін, ол қар сияқты домалап-домалап үлкен бір нәрсеге айналады. Кішкентай арманнан бастап, ол үлкейе бастайды. Жолың кеңейе бастайды. Сол жолда саған адамдар көмектеседі. Тіптен арманға өзің бармайсың, жолыңдағы адамдар жеткізеді. Тек қана арманың, бағытың айқын болуы керек. Алланың өзі-ақ алдыңа жақсы адамдарды, жолдарды жіберіп отырады.

- Ал сол жолда күмәндәнған сәттеріңіз болды ма?

- Ол сенімге, талантқа байланысты. Басқа саланы айтпай-ақ қояйын, операда, ең алдымен, дауысың болуың керек. Ол — сенің ең басты құралың. Энрико Карузо (ұлы итальяндық опера әншісі — ред.) айтпақшы: «90% — талантың, 10% — ақыл-ойың болу керек». Және де 100% еңбек ету керексің.

- Сіз үшін сахна деген не? Көпшілік алдында өнеріңізді көрсетуге кішкентайыңыздан талпындыңыз ба?

- Әрине. Өйткені үйде маған анам үлгі болды. Мамам халық әртісі, оның концертке дайындалған әр күні біздің алдымызда өтті. Бір жағынан бізге тамақ істеп, бір жағынан әнін жаттап жан таласып жататын. Сонда мен де қалыспай, ойнап отырып әнін жаттап алушы едім. Мамам: «Мен әнші ме, сен әнші ме?! Тұра тұршы» дейтін (күліп). Сосын мамамның сахнаға грим жасағанын сондай жақсы көретінмін. Бар сабағымды оқып тастап, мектептен келіп шаруаларды бітіріп тастап, мамам мені театрға алып барса екен деп, жақсылап мамама жалынушы едім. Мақұл дегенде, қуанышымда шек болмаушы еді. Театрдың қайнап жатқан ішкі өмірін көріп, сахнаның киелігін көретінмін. 8-10 ән айтқызып, халықтың жібермей, шапалақ ұруы мамама ең үлкен сыйлық болатын. Шаршағанының бәрін ұмытып, сондай бақытты болып кететін. Үйге гүлдері, сыйлықтарымен оралғанда мен де дәл осылай сахнаға шықсам деп армандайтынмын. Бала күннен сахнаға деген махаббат ұялап қалған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегеннің де бір мысалы шығар.

- Енді біраз махаббат жайлы сөйлессек, көптеген сұхбаттарда жарыңыз жайлы жылы сөйлейсіз, сіз үшін махаббат деген не? Қазірде махаббат тек 3 жыл өмір сүреді деп жатады, осыған қалай қарайсыз?

- Шынымен де бөтен екі адамның өмірде бір-бірін тауып, бірге шаңырақ құруы қиын нәрсе. Шаңырақты құрғаннан кейін, оны ары қарай ынтымақтасып бірге әдемілеп алып жүру екі адамның қолындағы дүние. Бірақ менің ең басты түсінгенім — көп нәрсе әйел адамға байланысты екен. Өмірлік мектептен өткеннен кейін, бәріне шыдау керек екендігін түсіндім. Ерің жақсы болсын, жаман болсын, отбасыны ұстау әйел адамның қолында. Бәрібір де түпкі мақсат — махаббат болу керек. Бір адамды сүйсең, оның жақсысын да жаманын да бірге сүю керек. Қазақта бір жақсыға бір жаман дегендей, отбасы құрған адамдарға қарасаң, біреуі әлсіз, біреуі күшті. Солай тепе-тең қылып Алланың өзі жаратады екен. Мен жолдасымды кездестірген кезде ол мықты кісі, мықты спортсмен болды. Рухы да, өзі де күшті болатын. Ал менің мінезім жұмсақ болды. Мықты адамдарды ұнататынмын. Ал кейін өзім өсіп, жетілгеннен кейін енді оның көп кемшілігін көргенде, өзімді кешірімді болуға үйреттім. Махаббат деген, ең алдымен, үлкен түсіністік. Бір адамды сүю арқылы, сен мың адамды жақсы көресің. Махаббатты сақтау үшін сабырлық пен кеңдік керек. Ол ер адамдардан көбінесе кетіп қала береді, оны ұстап тұратын, сақтап тұратын да әйел адам. «Әйел адамның қырық жаны бар» деп бекер айтылмаған. Ал екі адамды бір шаңыраққа байлап тұратын — бала. Егер бала болмаса, менің де мінезім бар деп екі адам бір-бірінен кетіп қалуы мүмкін. Мен сол философияны түсіндім (күліп).

- Сіз бір операның образына кіріп, ән айтып, одан кейін қайта үйге келіп сүйікті жар, ана болып жатасыз. Одан қалса, әлем бойынша ұшып-қонулар бар, күнделікті дайындықтар... Осының бәріне қуатты қайдан аласыз?

- Алладан сұраймын. Өмір сүріп келе жатқан сайын Алланы жақсы танып келемін. Сыйлап келемін, одан сұрап келемін. Қандай қиыншылық түспесе де, Алладан көмек сұрасаң, береді. Мен оны бұрын ақылға, білімге салатынмын. Бірақ бәрібір де, бәрі келіп Аллаға тіреледі. Ауырып бара жатсам да, шаршасам да, қуатты Алладан сұраймын. Ал кейде «болды, шаршадым, ауырдым» десем, барлық бәле жабыса қалады. «Жоқ, ауырмаймын, Алланың өзі күш береді» деп жалынғанда қалай бәрі орнына тұра қалып, сырттан біреулер көмектесіп, балаң да жыламай, бәрі күліп жеңіл бола қалатынын білмей қаласың. Ал қырсықсаң, тіпті телефоның да істемей қалады. Адамның энергиясы сондай күшті әсер етеді. Сондықтан энергияны Алладан сұрау керек.

- Әр адамның өмірінде кездесіп қалатын депрессиядан құтылудың өзіңіз ойлап тапқан тәсілі бар ма?

- Бар. Өзімді босатпаймын, жыламаймын. Егер өзімді аяй бастасам, бітті! Көзімнен жас ағылып, көңілім бұзылып, катастрофа басталып кетеді. «Жоқ! Дес берме! Ол дегенің түк емес. Кеше сау болып жүрген адамдар авариядан кем болып жатыр. Сонда да дес бермей, аяғымен жазу жазып, өмір сүріп жатыр. Өз көзіммен көрдім ондай адамдарды. Сондықтан Аллаға шүкір денем сау, түкке тұрарлық проблема емес. Бәрі де жақсы болады» деймін. Соған сенемін де. Скарлетт топырақты ұстап тұрып айтып еді ғой: «Ертеңгі атқан таң басқаша болады!» деп, соған сену керек. Ал өзіңді аяй берсең, күшің де тез кетіп қалады. Адам өзін жігерлеу керек.

- Әр сахнаға шыққан сайын костюмдеріңізге көз тоймайды. Оларды белгілі бір дизайнерге тіктіртесіз бе?

- Дизайнерлерге көбінесе костюм қандай болу керектігін өзім айтып беремін. Өйткені оны өзімдей ешкім айқын түсіне алмайды. Ең алдымен, қандай ән, мүмкін бұл арияға қара мен ақ түс келетін шығар, өйткені ол өмірдің мынандай жерін көрсетеді деп әнге сәйкестендіремін. Өйткені ол — образ. Бұрын неге екені қара түс көп киетінмін. Қазірде ашық түстерді ұнатамын, сахнаға құлпырып шыққым келеді. Әсіресе көктемде жарқырап жүруге не жетсін! Тұрақты бір дизайнермен істемеймін, Франция, Қытай, Қазақстан, т.б. елдердегі әр түрлі дизайнерлерге тапсырыс беремін. Әр түрлі дизайнерлермен жұмыс істеген ұнайды. Әр адамның таланты ерекше ғой.

- Күнделікті өмірдегі стиліңіз қандай? Қандай брендтерді ұнатасыз?

- Ең бастысы, ыңғайлы болу керек. Сән қумаймын, не жарасса, соны киемін. Қазір, бірақ, баладан кейін толып кеттім. Толық адамдарды аяймын, физикалық жағынан болсын, киім кию жағынан болсын — қиын екен. 50-ші размер киетін болдым (күліп). Ештеңе жараспайтын сияқты. Соны жарастырып киюге көп уақыт кетіп қалады. Менің гардеробымда атақты брендтерден бастап, мүлде аты жоқтарға дейін түрлі киім үлгілері бар. Сол себепті маған, ең бастысы, киім ұнаса болды, бренд қумаймын.

- Қалай дем аласыз? Демалыс түрінің қайсысын ұнатасыз?

- Дем алмаймын. Бір рет елдің Түркия теңізі күшті дегеніне сол жаққа күйеуім екеуіміз бардық. Бір күн дем алдық, екі күн теңіздің жағасында жаттық, үшінші күн «Мұнда не бітіріп жүрмін? Ана жұмысым, мына жұмысым қалды. Болды, жата берген болмас, кеттік!» деп жүгімізді жинап кетіп қалдық. Дем алу мен үшін емес екен. Мен әрдайым жұмыс істеп жүргенді ұнатамын. Өйткені өмір қамшының сабындай, көзді ашып-жұмғанша өте кетеді. Мен мына травиатаны (Майра апайдың опера театрындағы дайындығының үстінен түскенбіз — ред.) 10 жыл бұрын 2003 жылы айтыппын, ал маған кеше ғана айтқан сияқтымын. Сол себепті бәрін де тез істеу керек, өмір өтеді де кетеді.

- Сіз шет елдерде көп жүресіз, басқа ұлт әйелдерімен салыстырғанда, қазақ әйелдерінің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

- Біздің айырмашылығымыз — біз дәстүрлі халықпыз. Біздің қазақ әйелдері, ең біріншіден — шыдамды. 90-шы жылдары көптеген отбасыларды арқаларына жүктерін асып алып, сақтап қалған әйел азаматтары. Отбасының, қоғамның тірегі — әйел қауымы. Біз қытай не еуропа әйелдері сияқты «ой, жоқ, мен мұны істей алмаймын» деп майысып тұрмаймыз. Жұмысқа да шауып кетеміз, өзімізге де қарап үлгереміз. Керек кезде тойларда билеп те, күліп те жүре аламыз. Сонда қазақ әйелінің жан-жақтылығына, жігерлілігіне таң қаласың, сүйсінесің. Тіпті тарихқа қарасаң, жауға да шауып кеткенбіз. Біздің табиғатымыз сондай — біз бәріне де дайынбыз. Өмірге икемдіміз. Сонысымен ерекшеленеміз.

- Адам бойындағы қандай қасиетке бірінші кезекте мән бересіз?

- Адамгершілікке. Өмірде көп байларды көрдім. Ақшалары тасып жатыр, бірақ сондай «сықсаң, шықпайтын» сараң. Ол ақшаны көрге алып кете алмайсың, бір адамның басынан сипап, жақсылық жасағанға не жетсін. Кейде соны ойлап түсіне алмайтынмын. Адамгершілігі бар адамның ұрпағы да жақсы, байқасаңыз. Ұрпақтары шетінен тұлға болып, жақсы болып жатады. Текті отбасының баласы дейді ғой. Сол себепті, адамгершілік, имандылықты бірінші түрде бағалаймын. Егер адам Алладан қорықса, оның ар жағында нәзіктілік, адамгершілік болады. Екіншіден, еңбекқор адамдарды сыйлаймын. Кейбірінің таланты жоқ, бірақ сондай еңбектің арқасында жұлдыз болады. Меніңше, қанша тырысқан адамға еңбегіне, ризығына қарай Алла бәрібір де береді.

- Қызыңыз Аиданы опера әншісі болуын қалайсыз ба?

- Өзі не сүйсе соны қалар едім. Өз талпынысына байланысты. Бірақ менің борышым — оған жақсы тәрбие, білім беру. 18-20 жасқа келгенде не қаласа, өзі біледі. Бірақ қазірдің өзінде өзі бойшаң, соған қарап топ-модель не балерина болса екен деп қоямын (күліп). Әр мамандықтың өз шарттары болады емес пе, балам қай мамандыққа икемді болса, мен сол жолға оны жетектеймін. Бірақ қызықпаса, зорламаймын. Әжептәуір дауысы бар сияқты. Мінезі маған тартқан. Кейде самолетте кетіп бара жатқанда құлағына: «Балам, жылама, иә? Ұят болады, бәрі қарап жатыр» деп сыбырлап қоям, сонда күліп қарайды. Бәрін де түсінеді. Сосын жыламайды да. Жүрген жерінде бәріне күледі. Халықтан айналайын, жүрген жерімізде «Аиданы көргенімізге де алғыс» деп ырымдап «көрімдік» ұстатып жатады.

- Ал егер бәрібір де опера әншісі боламын десе ше?

- Онда ең жақсы опера әншісіне апарып беремін. Өйткені дүние жүзінде қандай мұғалім жақсы екенін білемін.

- Бүгінгі мереке 8-наурызға орай біздің оқырман-аруларымызға не тілейсіз?

- Ең алдымен, қыздарымызға ибалы болсын дер едім. Жаман әдеттен ада болсын. Өйткені әр қыз баласы — ертеңгі ана. Ана болу үшін жас күніңнен бастап, денсаулығыңды күту керек. Біздің қазақ қыздарымыз талантты болса екен, шыдамды болса екен, өмірлері әдемі, нұрлы болса екен деп тілеймін. Бастысы, бәрін де уағында істесін. Уағында үйленіп, уағында туу керек. Уағында істемесеңіз, уақыт өте келе адам талдағыш болып, кейін тазға жолығады. Сол себепті жас кезіңде талдап ал. Қазірде қыздар жігіттің машинасына, үйіне қарайды екен. Ол дұрыс емес. Ол дүниелер бірте-бірте екі адамның ырысына келетін нәрселер. Бала мәселесінде жұмыс-жұмыс деп мен біраз уақыт өткізіп алдым. Сол себепті әр нәрсенің өз уақыты бар.

Мерекелеріңізбен, аяулы аналар, қыздар! Өмірдің гүлі болып жүре берулеріңізге тілектеспін!

- Майра апай, сізді де мерекеңізбен құттықтай отырып, әңгімелескеніңізге үлкен алғыс айтқымыз келеді!

Әңгімелескен Айжан Кәрібаева

Фото: М.Керейдің жеке мұрағатынан

Алия Arsik
8 наурыз 2013, 10:20
6971

Загрузка...
Loading...

Пікірлер

Бізді неліктен олай болғандығы қызықтырып отыр? деген сұрақ құрылым жағынан да, сұрақ қою мәнерінен де сәтсіз болды деп ойлаймын. Еркекшора бөліп өсуіңізге қандай жағдайлар әсер етті немесе басқа да түрде сауал қою қажет еді деп есептеймін.
Қыздар, еңбектеріңе мың да бір алғыс! Майра апай нағыз бізге үлгі боларлық тұлға. Біз оны мақтан тұтамыз!
Майра апайды бағалаймын! Ерекше талант иесі! АЛЛА әрдайым жар болса екен!!! Сұхбатын оқып, психологтан шыққандай әсерде отырмын ))). Рахмет!
сұхбат керемет, 8 мартқа арналғандай!!! :)
Қазақтың біртуар әншісі, мақтанышы, бүкіл ел мойындаған әншіден сұхбат алу үлкен мәртебе шығар. Әдемі шыққан сұхбат)))
Қазақтың біртуар әншісі, мақтанышы, бүкіл ел мойындаған әншіден сұхбат алу үлкен мәртебе шығар. Әдемі шыққан сұхбат)))
неге ол, Майра Керей? Керей руыннан болган ба?

Пікір қалдырыңыз

Спасибо за открытие блога в Yvision.kz! Чтобы убедиться в отсутствии спама, все комментарии новых пользователей проходят премодерацию. Соблюдение правил нашей блог-платформы ускорит ваш переход в категорию надежных пользователей, не нуждающихся в премодерации. Обязательно прочтите наши правила по указанной ссылке: Правила

Сондай-ақ Ctrl+Enter басуға болады

Танымал жазбалар

До каких пор чиновники будут игнорировать защиту детей?

До каких пор чиновники будут игнорировать защиту детей?

До каких пор Уполномоченный по правам ребенка, как институт во всем мире стоящий на страже жизни и прав детей, в нашей стране будет выполнять представительские функции?
AliyaSadyrbaeva
вчера / 18:27
  • 4680
  • 5
«Алматы – город, летящий под откос», или Кто заказал утку у российского блогера

«Алматы – город, летящий под откос», или Кто заказал утку у российского блогера

Некий блогер Сергей Никитский неустанно пишет о Казахстане, Астане, Экспо и посвящает два материала Алматы, причём подчёркнуто называет город Алма-Ата.
Langdon
19 июля 2017 / 15:44
  • 3869
  • 58
Что происходит в казахстанской правоохранительной системе под видом борьбы с коррупцией

Что происходит в казахстанской правоохранительной системе под видом борьбы с коррупцией

За день до своей гибели прямо около памятника жертвам политических репрессий 1937-го Жампозов сказал жене, что он – жертва точно таких же репрессий.
openqazaqstan
24 июля 2017 / 10:18
  • 3009
  • 12
Зачем эмигрировать в Россию? Лично я никогда не понимал этой странной мечты

Зачем эмигрировать в Россию? Лично я никогда не понимал этой странной мечты

Некоторые мои знакомые, мечтают уехать в Россию и побыстрее получить гражданство. Кому мы там сдались? Есть замечательная поговорка: "Где родился - там и пригодился".
Washington
вчера / 12:15
  • 2918
  • 85
Книга, которая сэкономит вам 150 тысяч долларов и два года жизни

Книга, которая сэкономит вам 150 тысяч долларов и два года жизни

Автор утверждает, что программы МБА не дают никакого позитивного выхлопа, если ты уже не являешься владельцем или наследником прибыльного бизнеса. Знания МБА можно получить бесплатно, уверяет он.
Aks_Ras
19 июля 2017 / 16:28
  • 2890
  • 2
Госорганы, ответственные за жизни детей, хранят молчание. У них в отчетах все хорошо

Госорганы, ответственные за жизни детей, хранят молчание. У них в отчетах все хорошо

Вчера все информационные агентства страны передали сообщение, которое заставило забиться в ужасе сердца всех матерей страны. В мусорном контейнере города Сатпаев было обнаружено тело новорожденной девочки.
AliyaSadyrbaeva
19 июля 2017 / 11:06
  • 2398
  • 19
Мужчины Люксембурга и Казахстана: «У нас они уже в 35 добиваются статуса»

Мужчины Люксембурга и Казахстана: «У нас они уже в 35 добиваются статуса»

Что касается парней, так это вообще отдельная тема. Они для меня загадка. Уже год пытаюсь понять ход их мыслей. Для нас, казахов, немного сложно понять, почему человек в 35-36 лет, до сих пор не нашел смысла жизни.
AASh
24 июля 2017 / 15:19
  • 1908
  • 18
Почему путь к любимому Иссык-Кулю из года в год не становится легче

Почему путь к любимому Иссык-Кулю из года в год не становится легче

Минувшие выходные для казахстанских туристов, рвущихся от алматинской жары к иссык-кульской прохладе, снова обернулись настоящим кошмаром.
caravan_kz
19 июля 2017 / 18:39
  • 1920
  • 4
Наша новая рубрика «Топ-5»: самые красивые актрисы Казахстана

Наша новая рубрика «Топ-5»: самые красивые актрисы Казахстана

Решили сделать топ-5 красивых актрис Казахстана. Очень долго спорили о первых трех местах и даже чуть не подрались. Было очень тяжело выбирать.
asdbqwe
20 июля 2017 / 14:24
  • 1937
  • 41