Yvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
6
23:13, 03 марта 2013

«Фатима»

Blog post image

Мен Фатима Ғабитованы бала кезімде бар болғаны татардың қызы, қазақтың маңдайына біткен кемеңгер ұлдары Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтың жары ретінде ғана білуші едім. Шынымды айтсам, Фатима образы санамда — айналасындағы еркек біткенді сұлулығымен сайтандай арбап алатын жеңіл жүрісті әйел ретінде елестеуші еді. Тіпті одан бүкіл қазақ ерлерін қызғанғаным жасырын емес. Жазушы Мұхтар Әуезовтың некелі жары болған Кәмиләнің да у ішіп өлгеніне Валентина Николаевнаны іштей кінәлап келдім. Неге олардың орнында қазақ әйелі емес деген сұрақ көкейімді тесіп, әр кез ойымда тұратын. Тарихтан білетініміздей, ұлт зиялылары Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Нұртас Оңдасынов, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов әйелдерінің барлығы дерлік орыс-татар ұлтынан болған. Солай болуы заңды да шығар. Өйткені қазақ даласындағы төңкерістің алғашқы жылдарында орысша сәнді киінген, шашы қиылған, оқыған, сауатты, қазақша жетік білетін орыс-татар қыздары қазақ мектептерінде оқытушылық қызмет атқарған еді.

Blog post image

Тарихымыздағы сондай қыздардың бірі, ұлтымыздың үш бірдей ұлына сүйеу болған, педагог — Фатима-ананың өмір жолы туралы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ақын, драматург Иран Ғайыптың «ФАТИМА» қасіретнамасы атты қойылымын тамашалағаннан соң күдікті де көлеңкелі ойлардан арылдым. Әрине, көркем шығармалар мен театр қойылымдары — ақиқат өмірдің көшірмесі емес. Өмiрдiң шындығын боямасыз бейнелейтін болса, театр қойылымдары мен көркем шығарманы өнер деп атаудың қажетi қанша. Әйтсе де ақиқаттан алыс та кетпейді.

Өзім білетін мәлімет бойынша 1903–1968 жылдар арасында өмір сүрген Фатима Ғабитова 17 жасында ағартушы, драматург Біләл Сүлеевпен шаңырақ көтеріп, одан Жәнібек, Фарида, Азат атты үш бала сүйеді. Біләл Сүлеев 1930 жылдардың басында қуғынға ұшырап, тұтқынға алынады. Сол жылдары он жасар қызы Фаридадан айрылып қалады. Фатима Ғабитова одан соң Ілияс Жансүгіровпен көңіл жарастырып, одан да Үміт, Ильфа, Болат атты үш бала көреді. Алайда Ілияс Жансүгіров 1937 жылы тамызда 1938 жылы ақпанда атылып кетеді. Сөйтіп Фатима екінші рет «Халық жауының» әйелі атанып, Семейге жер аударады. Қолында 5 баласы бар жалғыз басты әйелге Біләл мен Ілиястың досы Мұхтар Әуезов қолдау көрсетеді. Бұдан кейін Фатима анамыз Мұхтар Әуезовпен қосылып, одан ұл табады. Бәріміз білетіндей ол жазушы Мұрат Әуезов еді. Ақынның жұбайы Ілиястың шығармаларына редакторлық қызмет етіп, көптеген әдеби мұраларын сақтап қалуда ерен еңбек еткен.

Blog post image

Қойылым барысында ел басына түскен нәубетті, қасіретті жылдар бейнеленген тұсын бей-жай қарамау мүмкін емес. Талайлы тағдырдың тауқыметін көрген Фатима-ананың өмір жолы тым ауыр. 1916 жылғы төңкерістен бастап, аштық, репрессия, жер аудару, революция, Ұлы Отан соғысын бастан кешірген, жеті құрсақ көтерген қайсар ана.

Blog post image

Қойылымдағы актерлердің кәсібилігінен бөлек, кішкентай балалардың, балетмейстерлердің де еңбегі зор. Революциядан кейінгі оқиға, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін, үш әріптілердің асыра сілтеушілігі мен кеңес өкіметінің қызыл саясаты бишілердің іс-әрекеті мен қимылдары арқылы тамаша жеткілген.

Көпшілік арасында осы қойылымға қатысты Фатима-ана туралы пікір сан-алуан. «Қолдан тұлға жасаудың қажеті жоқ. Егер Фатиманың орнында қазақ қызы болғанда, Біләл Сүлеев ұсталып кеткен соң, ерін күтіп, шаңырағын сақтап отырар ма еді. Дегенмен Фатима апамыздың жүрісі менталитетімізге жат» деген пікірлер де айтылды. Әркімнің өз шындығы бар. Алайда, аумалы-төкпелі аласапыран заманда балаларын аман шығарып, ел қатарына қосу, әкелері бөлек болса да өзара бөлмей тең көріп өсіру қанша қажырлық мен қамқорлықты талап етеді. «Әйелдер оларды түсіну үшін емес, сүйікті болу үшін жаралған» деп ағылшын жазушысы Оскар Уайльд айтпақшы, кейде әйел заты, нәзік жаратылыс екенімізді де естен шығармаған жөн шығар.

Жазира Ташматова

Келесі қойылым 15 наурызда өтпекші

6
2889
5