Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
04:10, 14 февраля 2013

ПОЛИЦИЯ ХАЛЫҚҚА ЕСКЕРТУСІЗ ОҚ АТА МА?

«Қазақстан полицейлері қаруды адамдарға ескертусіз қолдануы мүмкін». Дәл осы хабар қазір бүкіл БАҚ-тардың басты жаңалығына айналды. Полицейлер құзіреттілігінің кеңеюі Ақорда билігіне тиімді болғанымен, бұл ақпар қоғамның алаңдаушылығын тудырды. «Ішкі істер органдары туралы» жаңа заң елімізде тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ете алады ма? Заңға енгізілген жаңа өзгертулердің астарында не жатыр?

http://janaozen.net/oam/policiya-halya-eskertusz-o-ata-ma.html?lang=kz

Заңның жаңа редакциясын ІІМ-нің вице-министрі Ерлік Кененбаев таныстырды. Заң қабылданатын болса, 5 заңға өзгертулер енгізіледі. Вице-министр заң жобасының министрлік пен бірнеше ведомство сайттарында жариялануын қоғам арасында қызу талқыланғанымен есептеді. Бірақ осы күнге дейін «Ішкі істер органдары туралы» жаңа заңның жазылғанын, талқыланғаны қоғамды беймәлім болды. Сондықтан қоғамдық пікірді есептеудің жаңа көрсеткіштерінің пайда болуы шенеуніктер ұшқырлығының күн санап өсіп келетінін байқатады. Алайда, бұл бастысы емес. Бастысы – жаңа заң бойынша полиция қызметкерлеріне қару-жарақты адамдарға қарсы ескертусіз қолдана беруге мүмкіндік беретін жаңа бап пайда болмақ. Демек, полицей өзіне қарсы шыққан адамға немесе жай кетіп бара жатқан адамға ескертусіз-ақ оқ атуға (газ, электрлі қару) болады. Бір жағынан қарағанда, аса үлкен алаңдаушылықты тудырмауы керек болса да, мұның астарында құқықтық өзгерістер емес, саяси себептер жатуы мүмкін.

Біріншіден, Қазақстанның қай саласында болмасын тәртіптілік пен жүйелілік, әділеттілік жоқ жерде мұндай заң, мұндай өзгерістер мен толықтырулардың оң өзгерістер әкелуі мүмкін емес. Әсіресе, ішкі істер органдары саласында. Бұған дейін шекара қызметін қанша реформалауға тырысқанымен, соңғы жыдары ондағы суицидтер, террористік актілер жиілеп кетті. Ал әскердегі әлімжеттік пен тәртіпсіздік жойылды ма? Жойылған жоқ. Ішкі істер қызметкерлері арасындағы жемқорлық пен олардың құқық қорғауда дәрменсізідігі қаншама реформалар мен заңдағы өзгертулерге қарамастан жойылған жоқ. Демек, жаңа заң Қазақстанда құқықтық мемлекет орната алмайды. Бұған бір ғана себеп –біздегі саяси жүйеміз авторитарлы болғанда, кландық бөлінушілік, жемқорлық жайлаған тұста, елдің басқа салаларында оңды өзгерістер болады деу ақымақтық.

Екіншіден, полицейлерге ескертусіз қару қолдану Ақорда үшін ғана тиімді. Себебі, еліміздегі әділетсіздік салдарынан полицейлер қолынан мыңдаған бейбіт адам қаза табуы мүмкін! Полицейлер қаруды өздерінің өміріне қаупі төнген кезде қолдануға рұсқат етілгенімен, полицей өзінің өміріне қаупі төніп тұрғанын барлық жағдайларда біле алады ма? Әлбетте, егер алдында террористер немесе қарулы топ тұрса, ескертусіз қару қолдануы мүмкін. Себебі, шын мәнінде ішкі істер органының қызметкеріне қауіп төніп тұр. Алайда, полицейге қарсы сөз айтып, полицей әрекетіне қарсы шыққандар да оқ астына қалуы мүмкін бе? Кейбір адамдар полицейдің әділетсіз әрекеттерінен ашуға салынып, оған қарсы шығу оқиғалары жиі кездеседі. Сол кезде де полицей қару қолданады ма? Немесе халық өз ойын бейбіт жолмен билікке жеткізгісі келіп көшеге шықса, полицей өміріне қаупі төну себебінен оларға қарсы оқ атуы мүмкін бе? Мұның бәрі бір қарағанда абсурд болғанымен, бүгінгі билік режимінің қысымын назарға алатын болсақ, билікке халықтың қандай да бір наразылық білдіруі ұнамайды. Сол себептен билік «өзіне қауіп төнді» деп, ішкі істер органдарына халыққа оқ атуға бұйрық береді. Полицей оны еркісіз орындайды. Себебі, полиция да биліктің бір құрамдас бөлігіне жатады. Сондықтан да, екінші Жаңаөзен оқиғасы қайталануы әбде мүмкін. Неге? Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицейлер «мұнайшылар оларға қарсы шыққандары үшін» оқ атқандарын мәлімдеген еді. Мұнайшылардың сөзі басқаша еді. Алайда, полицейлердің жағында болған сот пен билік оларды ақтап, заңды талап қойған мұнайшыларды кінәлі, қылмыскер етті. Ал жаңа заңның күшіне енуі Жаңаөзендегідей ереуілдер, бас көтерулер болып жатса, билік полицейлердің күшімен олардың «өміріне қаупі төнді» деген сылтаумен, халықтың барлығын қырып салуы ғажап емес. Қоғам полиция әрекетін қанша сынағанымен, заң олардың жағында. Сондықтан, бұл – Назарбаев билігі үшін қарсыластарына тойтарыс берудің таптырмас тәсілі. Бұл үшіншіден.

Төртіншіден, полицейлердің бей-берекетсіздігі орын алады. Себебі, «өміріме қауіп төнген себептен оқ аттым» деп полицейлер өз қарсыластарын, олар арқылы билік кез келген адамды өлтіре алады. Және де негізгісі – заң мен билік ішкі істер органдарының тарапында болғандықтан, жәбірленуші жақ ешқашан да полицейдің кінәсін дәлелдей алмайды. Саяси тапсырыстар көбейіп, еліміз диктатура кебін киеді. Мысалы, Алтынбек Сәрсенбайұлын да құқыққорғау органдарының атын жамылып, саясаткер мен оның екі көмекшісін атып кеткен еді. Дәл осы жағдай кез келген адамның басын өтуі мүмкін. Адам өлген соң, полицейдің әрекеті, оның шын немесе қасақана өлтіргені не жаралағанын дәлелдеу мүмкін емес.

Бесіншіден, мұның бәрі Қазақстандағы диктатураның күшеюіне, яғни полицейлік мемлекетке айналуға жол ашады. Жол ашып қана қоймай, оның қалыптасуына негіз болады. Полиция билікке бағынышты болған тұста, қарапайым халықтың тағдыры қыл үстінде. Ал Назарбаев жеке дара билігін күшейту үшін заң міндетті түрде қабылданады. Өйткені осы күнге дейін ұсынылған заң редакциялары ешқашан кері қайтарылмаған.

Атап өту керек, Назарбаев бұған дейін Қарулы күштерді ішкі тұрақтылық бұзуға бағытталған әрекеттерге қарсы қолданатынын, ішкі ахуалдың тұрақтылығын сақтауға пайдаланатынын айтқан болатын. Ал полицейлерге қаруды ескертусіз қолдануға рұқсат беру – қоғам үшін де үлкен ескерту. Егер диктатуралық үрдістер осылай жалғаса беретін болса, жақын уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетіне адамның жеке өміріне араласуына рұқсат беруі де ықтимал.

 
0
582
0