Yvision.kzYvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
8
01:11, 13 февраля 2013

Сүйікті тағамдарды бірге дайындаймыз. I бөлім. Тағамдар жасау

Blog post image

«Екпін» отандық блогшы, журналистерді жинап алып, сүйікті тағамдары мен олардың жасалу жолдарын, аспаздық құпияларын біліп алды. Бірге тамашалайық.

Blog post image

Бағдат, студент

«Асшаянмен қуырылған картоп»

Негізінен тамақ пісіруді өзім үйренгенмін. Басында үйде ешкім болмай қалған кездері интернеттен жасауға оңай тағамдарды қарап жасап жүретінмін. Ең алғашқы жасаған тамағым қуырылған картоп еді. Кейін жеңешем картопты асшаянмен (креветкамен) дайындаудың тәсілін үйретті. Бұл тағам асшаянды жақсы көретін барлық адамның көңілінен шығады. Өте дәмді, пайдалы, әрі тойымды тамақ.

Асты дайындау үшін бізге:
— 8 орташа картоп
— 250 г. асшаян
— 1 пияз
— Тұз
— Сұйық май

Blog post image

Ал енді тамақты дайындау әдісін айтып өтсем. Алдымен пиязды майдалап турап майға саламыз, ол қуырыла бастағанда асшаянды салып, араластырып, 5 минуттай бұқтырып қоямыз. 5 минуттан кейін картоп салып, өз қалауыңыз бойынша тұздап, қажет етсеңіз, дәмдеуіштер қосып, бетін жауып қоямыз. 20 минуттан кейін ас дайын болады.

Blog post image

Назгүл, журналист

«Фарш қосылған баклажан»

Бұл тағамды өзім ойлап тапқанмын. Түріктердің «Фарш салынған баклажан» және лағманның индегриенттерін қосып, жылдам жасалынатын тағам.

Тағамды әзірлеу үшін:
— 200 г. фарш
— 2 баклажан
— 1 қызыл болгар бұрышы
— 1 сәбіз
— 1 пияз
— 1 қызанақ
— Сарымсақ, үрмебұршақ, бұршақ сабақтары
— Сұйық май

Blog post image

Алдымен баклажанның қабығын аршып, турап, тұздап қоямыз. Одан кейін фаршты майға әбден піскенге дейін қуырып, ол пісті дегенде пияз бен сәбізді турап, фарштың үстінен салып бір шыжғырып аламыз. Сөйтіп үстіне баклажан мен болгар бұрышын салып бір қуырып алып, артынша сарымсақ, үрмебұршақ, бұршақ сабақтарын турап салып, араластырып 5 минутқа қақпағын жауып бұқтырып қоямыз. Ас дайын!

Кеңес: Бастысы, күйдіріп алмау, баклажанды пісуге жеткізу, сабақтардың және қызыл бұрыштың езіліп кетпей, тіске «кіртілдеп» сезілуін қадағалау.

Blog post image

Аида Қали, дизайнер

«Кимбап»

Кимбап, тағы да басқа сол сынды корейлік тағамдарды жасау 2007 жылы корей сериалдарын көруден басталды. Олардың тамақ ішу мәдениеті тартымды ғой, көріп қызығатынмын. Кейін достарыммен Алматыдағы корей кафелеріне баратын болдық. Сосын үйде кішкентай інім бар, ол да мен сияқты корейлік кимбапты, сушиді жақсы көреді. Оған анасы сатып алып беріп жүретін. Содан бір күні ініме кимбапты неге өзім жасап бермеске деп ойлап, арнайы корей дүкеніне барып, кимбап жасауға қажетті заттарды сатып алдым. Кимбаптың бір қызығы, ішіне тоңазытқышта не бар соны сала беруге болады. Тіпті жеңіл желпі дейтіндерге сиыр етін ет тартқыштан өткізіп, ол етті қуырып салса да болады. Кимбап сушиге өте ұқсас болғанымен, оның сушиден ерекшелігі — піскен заттардан тұратындығында.

Кимбап дайындауға:

— Пісірілген күріш
— Нори жапырақшалары (теңіз жапырақшасы)
— Шомыр (редька)
— Краб таяқшасы
— Шұжық
— Тұз
— Сұйық май

Ал енді кимбаптың дайындалу әдісіне тоқталайын. Алдымен күрішті күріш пісіргішке салып пісіреміз. Сол аралықта шомыр, шұжық, краб таяқшасын ұзын тілік етіп турап аламыз. Сосын нори жапырақшасына күрішті орташа қалыңдықта салып, оның жоғарғы жағын 1-1,5 см-дей ашық қалдырамыз. Сөйтіп ішіне шомыр, шұжық, краб таяқшасын салып ораймыз. Алдында күрішсіз қалдырған жапырақшаның бөлігін кимбапты жабу үшін аздап сулап жіберуге болады. Оңай, әрі тез дайындалатын кимбап дайын!

Blog post image

Кеңес:
— Егер кимбаптың ортасына қияр, сәбіз, авокадо, редька сынды заттарды қоспасаңыз, ортасында өзегі жоқ болғандықтан, тағамды турау ыңғайсыз болады.
— Нори жапырақшасына күрішті ыстықтай, нығыз етіп салған дұрыс. Сонда ол жұмсарып, кимпаб көлемді болады.
— Редька қатты болғандықтан, мен оны жұмсартамын. Ол үшін редьканы біраз ыстық суға салып, алғаннан кейін үстіне тұз сеуіп құрғатып қоямын. Қияр салатын болсаңыз да дәл солай істеу қажет.

Blog post image

Дәулет Мұқаев, журналист

«Палау»

Тамақ жасауды сегізінші сыныпта үйрендім. Ол кезде анам қатты ауырып, төсек тартып жатып қалған болатын. Сонда ол маған тамақты қалай жасайтынын айтып, үйретті. Ең алғашқы жасаған тамағым осы палау еді. Қандай да бір істі, тамақ болсын, жұмыс болсын, басқа болсын, бәрін махаббатпен және көтеріңкі көңіл-күймен бастау қажет. Сонда ғана ол жемісті болады.

Палауды дайындауға қажетті ингредиенттер:
— Күріш
— Ет (сиыр еті немесе тауық еті)
— Сәбіз
— Пияз
— Сұйық май
— Тұз, бұрыш, дәмдеуіштер

Алдымен майды қыздырып алып ішіне етті саламыз, оны 10 минуттай қуырып, газды бәсеңдетіп қойып тағы да он минуттай пісіреміз. Қазандағы май мөлдір болған кезде ішіне сәбіз, пияз, тұз, дәмдеуіштер (қажет десеңіз) саламыз да, орташа отта 15 минуттай қуырамыз. Ара-арасында араластырып тұрамыз. Ет аздап қазанның түбіне жабыса бастағанда қазанға суық су құямыз. Суды күрішке қарай есептейміз. Мысалы, екі кесе күріш болса, 4 кесе су құямыз. Сол уақытта сорпаның дәмін көреміз. Негізі басында тұзды аздау салу керек, жетпей жатса кейін үстінен тағы қосамыз. Сөйтіп етті 45-50 минуттай пісіреміз. Содан кейін күрішті саламыз. Сумен күріш тең болуы керек. Егер күрішті салған кезде су көптеу болып кетсе, су мен күріш тең болуы үшін судың біразын алып тастаймыз. Күрішті салғаннан кейін 1-2 рет араластырып, қақпағын жауып, суы тартыла бастағанда оттың астын жай етіп қоямыз. 15-20 минуттан кейін палау дайын болады.

Blog post image

Кеңес:
— Күріштің түр-түрі болады. Соның ішінде үндінің күріші палауға өте жақсы, өйткені ол езіліп кетпейді.
— Пиязды майда етіп турап салып жіберсе пияз үлкен-үлкен болып көзге көрініп жүрмейді, әрі пияздың дәмі сақталады.
— Сәбізді турағанда аса жіңішке қылуға болмайды, өйткені оны қуырған кезде езіліп кетеді.
— Мен күрішті қазанға салмас бұрын, жуып-тазалап ыстық суға бұқтырып қоямын. Ол өскен кезде ыстық судан шығарып, суық суға жуып аламын, содан кейін барып қазанға саламын. Сонда күріш езілмей піседі.

Blog post image

Ербол Серікбай, «Сұрақ-Жауап» сайтының жетекшісі

«Бризоль»

Негізі өзім тамақ пісіргенді аса ұнатпаймын. Бірақ студент атанған соң ата-анамнан бөлек шығып, біраз уақыт ағаларыммен бірге тұрғанмын. Сол уақытта тамақты пісіруді де үйрендім. Сол кезден «Бризольді» ұнатамын, оны жасауды әпкем үйреткен болатын.

— 400 г фарш
— 5 дана жұмыртқа
— Кетчуп
— Майонез
— Ұн
— Тұз, қара бұрыш
— Қияр немесе қызанақ, ірімшік т.б.

Blog post image

«Бризольді» дайындау үшін алдымен фаршқа 1 жұмыртқа, тұз, бұрышты жақсылап араластырып аламыз. Дайын фаршты төртке бөліп домалақтаймыз. Сосын ұн себілген тақтайға әрбір фаршты оқтаумен илеп, оны бір жұмыртқаны жарып, аздаған тұзбен араластырып, дайындап қойған тарелкаға саламыз да сол күйі қызып тұрған майға саламыз, бір беті піскенде, екінші бетіне аударып, отты баяулатып қоямыз. Дайын «Бризольді» абайлап тарелкаға салып (жұмыртқа жағылған жағын төмен қаратып саламыз), ортасына майонез, кетчуп жағып (қалауыңызға қарай қияр, қызанақ, ірімшік салсаңыз болады) ораймыз. «Бризоль» дайын!

Blog post image

жалғасы бар

Сұхбаттасқан: Айнұр Ракишева

Фото: Әлия Сембай

8