Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
1
10:27, 05 января 2013

ГИПОКРАТ ДАНАЛЫҒЫН ТҮСІНБЕДІК ПЕ, ӘЛДЕ ТҮСІНГІМІЗ КЕЛМЕДІ МЕ ?

Қазіргі медицинаның ең үлкен қателіктерінің бірі - бұл адам денесіне ғана бағытталғаны.

Ал  адам тек материалдық денеден ғана емес, материалдық емес денеден де, яғни, жаннан тұратынын ұмытып қойған сияқтымыз.  Жан болмаса дене де болмайтынын білеміз, бірақ жанға көңіл бөлмейміз. Жан - мәңгі, ал дене - уақытша. Ауру бірінші жанда пайда болады, кейіннен ол денеге беріледі. Жанда бірінші пайда болатын ауру – бұл уайым дейтін психикалық ауру. Денедегі барлық аурулар сол уайым деген аурудан дамитыны бәрімізге белгілі. Демек, біз аурудың нәтижесімен күресіп, оның себебін ұмытып қойғанбыз, соның салдарынан ешқандай аурудан емдей алмаймыз.

Уайымдамайтындар бар ма, яғни сау адамдар бар ма? - деген сұрауға, бар деп жауап берер едім, олар көп, бірақ, жер бетіндегі, жалқаулықтан көр болып, болмайтын нәрселерге уайымдап  жүргендермен салыстырғанда, олар өте аз. Пайғамбарлар, ұлы психологтар, ұлы ойшылдар, ұлы ғұламалар - өмірге қызығып, өмірді  терең түсінгендіктерінің нәтижесінде уайымдамайтын, кім екенін, жер бетіне не мақсатта келгенін, өмірінің соңында қайда баратынын білетін, ерінбей ізденудің арқасында, үшінші көздерін ашқандар, олар, байлыққа, билікке, айналасындағылармен жарысуға қызықпайтындар.

Сол ғұламалардың бірі, медицинаның атасы Гиппократ екеніне ешкімнің күмәні жоқ екеніне сенімдімін. Гиппократ - ауруға үш жолмен жәрдем беруге болады деген: біріншісі-сөз, екіншісі-шөп, үшіншісі-пышақ, қазіргі кезде, сөз әлі сөз немесе психология, шөп-дәрі, пышақ - бұл операция болып өзгерді.

Мен Алматы медициналық мемлекеттік институтында оқығанымда сол институт ұстаздары «Гиппократтың сөз дегені, ол - аурумен жылы сөйлес, ауруының (дертінің) себебін түсіндір, мысалы, егер асқазаны ауырса, бұл-уақытысында тамақ жемегені,  диета сақтамағаны, тамақты жақсы шайнамағаны және стрес, зоб болса- онда иоды аз тағам жегені, стрес, басы ауырса - көп уайымдағаны, стрес ж.т.б» деп түсіндіретін. Одан кейін дәрі жазып беріңдер, жәрдем бермесе операция жасаңдар дейтін.  Меніңше жер жүзіндегі медициналық институттардың 99 пайызында, осылайша үйрететін болуы керек. Себебі, біз-дәрігерлер, қазіргі таңда ешбір ауруды жаза алған жоқпыз, тек бір ауруды, дәрінің жәрдемімен созылмалы (хронический) ауруға өзгертіп, басқа ауруды тудырып отырамыз. Мәселен, жас кезінде бала (мәселен Марат) біздің алдымызға көбінше тамағы, не асқазаны ауырып келеді, біз Маратқа, әр түрлі дәрілерді жазып береміз, бірнеше рет келгеннен  кейін, Маратқа,  «хроническии тонзеллит» не «хр. гастрит»-деген диагноз қоямыз. Ол бізге рахметін айтып, беретінін беріп кетеді,  бірақ  ауруының созылмалы («хронический») болып қалғанын білмейді, дәрігер емдейді деп келе береді, ал дәрігер әр келгенде, алдынғысынан күштірек, көбірек дәрі жазып береді, сол дәрілерді қабылдап жүріп, бір күні, қабылданған дәрілер, оның бүйрегіне кері әсерін тигізіп, бүйрегін ауыртқанымызды ешкім білмейді, өзіміз де білмейміз. Енді Марат, біздің алдымызға «доктор, сіз менің тамағымды, асқазанымды емдеген едіңіз, енді бүйрегім ауырып қалды, емдеңізші» деп келеді. Біз, Маратқа және дәрілер жазып береміз, неғұрлым көп дәрі жазып берсек, Марат бізге сонша көп рахмет айтады.

Бірнеше айдан, жылдан кейін, біз, Маратқа созылмалы пиелонефрит немесе гломерулонефрит («хронический пиелонефрит или гломерулонефрит») деген диагноз қоямыз. Бірақ, Мараттың бүйрегіне берілген дәрілер, оның бауырына зиян келтіргенін, біз де білмейміз, ол да білмейді. Енді Марат, алдымызға «доктор сіз менің тамағымды емдедіңіз, бүйрегімді емдедіңіз, енді бауырымды емдеңізші» деп келеді. Біз осындай жақсы сөздерден шаттанып, Маратқа, бұрынғыдан да көбірек күштірек дәрілер жазып береміз, ол қуанып, рахметін айтып кетеді. Кейіннен біз, Мараттың амбулаториялық картасына созылмалы гепатит (хроническии гепатит) деген диагноз жазып қоямыз.

Шамамен, жасы, 50-60 жылға  жеткенде, «созылмалы...» деген букеті бар Марат, алдымызға жүрегін ұстап келеді «доктор сіз мені 50-60 жылдан бері емдейсіз, көптеген дәрілер бердіңіз, кесетін жерлерді пышақпен кестіңіз, сізге рахмет, енді жүрегімді емдесеңіз» деп. Біз емдеуден ұстамыз, сондықтан, Маратты және емдейміз.

Күндердің бір күні, біз емдеп жүрген, «созылмалы ...» деген букеті бар Марат, өледі, бірақ өлер алдында «докторларға рахмет» деп кетеді. Себебі, Марат өмірде көр болып, ізденбей, жалқау болып, кім не десе соның айтқанымен жүре берді. Ал Маратты емдегіш дәрігерлер де көр еді, себебі көр болмаса, Маратқа өмірде дұрыс жолды, яғни сау болу жолын көрсете алар еді. Көр дәрігер, ауыруға «созылмалы...» деген жүкті, яғни ауруларын қосып, дәрілермен улап, тек моланы көрсетеді екен.

Негізінде, ауырған науқастың организмі аурумен күрессе, иммунитеті күшейеді.Жалқаумыз,сондықтан, ойлаймыз -біз жатсақ, ауруымызбен  дәрі мен дәрігер күрессе дейміз, солай иммунитетімізді күшейтудің орнына, дәрімен иммунитетімізді өлтіреміз. Табиғат, адам организмін өте дана жаратқан, себебі ол - табиғи аптека. Егер біздің түсінігіміз мол болса, көңіл күйіміз жақсы болады, демек организмдегі аптека қалыпты жұмыс атқарып, организмде болған кейбір ақаулықтарды, яғни, өзін-өзі қалпына келтіреді, керекті дәрілерді (химиялық элементтерді) істеп шығарып, керекті жерге жеткізіп отырады. Ал, сырттан дәрілер келе бергендіктен, организм аптекасының қалыпты жұмысы бұзылады да, ішкі аптека сондай дәрі істеп шығармай қояды, сондықтан организм сыртқы дәріге тәуелді болып қалады.   Ауру - бұл организмдегі аптеканың қалыпты жұмысының бұзылуы.

Осы мысалмен, мен, біз дәрігерлер, атамыз Гиппократтың даналығын түсінбегенімізді көрсетуге әрекет жасадым. Себебі, Гиппократтың ауруға сөзбен жәрдем бер дегені, ол- «ауруға жақсы сөйле, ауыруының себебін түсіндір» дегені емес. Гиппократ, кез келген ауру - бұл өмірді түсінбегендіктің, яғни өмірде адасқандықтың белгісі деген. Ал адасу дегеніміз - ойымыздың басқа, сөзіміздің басқа, іс-әрекетіміздің басқа болуы. Себебі, біз бір нәрсені ойлаймыз, ол ойымызды шын мағнасын түсінбейтін сөзбен жеткізбекші боламыз, нәтижесінде, іс-әрекетіміз басқа болып шығады. Бірақ біздің көпшілігіміз,  айтып жүрген сөздеріміздің мағынасын түсінетін сияқтымыз. Шындығында, өзімізді өзіміз алдаймыз. Осының растығын түсіндіру үшін, көпшілігіміз өмірімізде пайдаланатын үш-ақ сөзді мысалға келтірейін.

Мысалы, емдеу деген сөзді алайық, бұл сөзді бәріміз өмірде пайдаланамыз, ал шын мағынасын білмейміз.  Айтып отырған сөздің шын мағынасын білсек қана, ойымызды дұрыс жеткіземіз емес пе? Демек дәрігердің әрекеті дұрыс болуы үшін, емдеу деген сөздің мағынасын білу керек. Айтып отырған сөзіңнің мағынасын білмесең, әрекетің дұрыс болмайтынына ешкімнің дауы жоқ.  Ал, біз, дәрігерлер емдеу деген сөздің мағынасын білмегендіктен,  ешкімді емдей алмай жүргенімізді түсіндім. Дәрігерлердің, ауруға  дәрі беруі, укол салуы, операция жасауы, аппараттармен тексеруі, бұл – дағды (орысшада "навык").  Дағдыға кез келген сау азаматты, кішкентай баланы да үйретсе болады.

Гиппократ, кез келген ауру, бұл - өмірде адасқандықтың белгісі дегенді ескерсек, онда, емдеу деген сөз, бұл- өмірде дұрыс жол көрсету деген мағынаны білдіреді екен. Ал, біз қалай науқасқа дұрыс жол көрсетеміз,  өзіміз бұл өмірде адасып, демек ауырып жүрсек. Біреуіміз темекі шегетін аурумен ауырсақ, екіншіміз арақ ішетін аурумен ауырамыз, үшіншімізде - қан қысымы жоғары не төмен, төртіншімізде- диабет, бесіншімізде тағы басқа ауру. Біз, емдеуді білсек неге бірінші кезекте өзімізді емдемейміз. Өзіне жәрдем бере алмаған, басқаға жәрдем бере алмайды! Егер дәрігерлер, науқастарды емдей алса, онда, бірінші кезекте, миллионерлер аурулардан өлмес еді ғой.

Екінші - білім деген сөздің мағынасына тоқталайық. Бұл сөзді де көп пайдаланамыз, әсіресе мұғалімдер. Мен мұғалімдермен көп сөйлесіп тұрамын, сондықтан олардан- «Сіздер оқушыларға, студенттерге білім бересіздер, сол білім деген сөз қандай мағына білдіреді?»- деп сұрағанымда, не дерін білмей сандырақтай бастайды. Бірақ, орыс мектебінің бір мұғалім апайынан сұрағанымда, төмендегідей жауап берді: «... мен, жиырма тоғыз жыл мектепте мұғалім болып жүрсем, сол жиырма тоғыз жылдан бері білімнің не екенін ойланып жүрмін»-деп, шындығын айтып, жауап берді. Ал, бір мұғалім: «... біз оқушыларға, жазуды, сызуды, оқуды, жаттауды ж.т.б. үйретеміз, сол білім епес пе?» дейді. Сонда, мен, оның бәрі- дағды(орысшада навык) екенін түсіндірдім. Себебі, дағды мен білімнің айырмашылығы аспан мен жердей.

Дағды – күн көру үшін керекті мәлімет, ал білім - бұл өмір сүру үшін керекті мәлімет. Мал күн көру үшін жаратылған, ал адам өмір сүру үшін жаратылған. Ия, біз, малдық қасиетпен жер бетіне келеміз, мақсатымыз малдық қасиеттен көтеріліп, толық адами қасиеттердің иесіне айналу, демек адам болу, өз жаратылысымызға сай болу. Ал, қазірше, көпшілігіміз, жаратылысымызға сай емеспіз, сондықтан, өз тарелкамызда емес екенімізді жиі сезінеміз. Малдық қасиеттерге жататындар, ол, бірінші- тамақтану(материалдық байлық), жыныстық қатынасқа ұмтылу, өзін көрсету(билік) және айналаңдағылармен жарысу екені ешкімге құпия емес. Сиыр- бұзауын, қой-қозысын күн көру дағдыларына үйретеді, бірақ, білім бере алмайды, себебі, білім - бұл өмірдің  заңдары. Мектепте, институтта біздерге күн көру үшін керек дағдыларды үйретеді, аттестат, диплом береді, соның арқасында біз жұмысқа орналасып, күн көруге керекті ақша аламыз, біреулер өздері бір өнерге үйреніп ақша табады. Ал, өмір заңдарын еш жерде үйретпейді. Әр мемлекеттің заңдары - бұл басқа, оны әр мемлекет өзі шығарады, өзгерте алады. Өмір заңдары - бұл барлық тіршілік иелеріне бірдей, ешкім оны өзгерте алмайды. Ол заңдар, малдарда туылғанынан программаланып беріледі, яғни, инстинк делінеді. Ал, біз өз санамызды ояту арқылы, демек еңбегіміздің арқасында сол заңдарды үйренуіміз керек, сондықтан, табиғат  бізге тіл берген. Негізінде, өмір заңдарын үйрену үшін бізге ата-аналарымыз, мұғалімдеріміз дұрыс жол көрсетіп, өмірге қызықтыруы қажет, бірақ, өкінішке орай, олар білімнің не екенін өздері білмегендіктен, бізге күн көруден басқа ештеңе үйрете алмайтындығына көзім жетті. Сондықтан, әр азаматтың, өмірі өз қолында,  қаласа- күн көреді, қаласа-өмір сүреді. Жалқау болсаң, өмірің- дозақ, ерінбей ізденсең, өмірің-жаннат.

Ал, енді, тәрбиелеу деген сөздің мағынасын әр қайсымыз әр түрлі түсінеміз, айтамыз, бәріміздің айтқанымызды тұжырымдағанда - бұл айналамыздағылардың (балаларымыздың, шәкірттеріміздің, ж.т.б) үстінен жұмыс істеу. Жалған! Себебі, тәрбиелеу деген сөздің шын мағынасы, ол- өзіңнің үстіңнен жұмыс істеп, басқаға үлгі болу(Л.Н.Толстой). Біз жалқаумыз, сондықтан шындықты өзімізге ынғайлатып бұрмалап аламыз, себебі біреуге сөз айту- бұл ең оңай әрекет, ал өз санаңды оятып, айналамыздарға үлгі болу - біз үшін ең қиын әрекет сияқты. Жалқаулар жеңілді таңдайды, сондықтан жалған  оларға шындық сияқты болып көрінеді. Мен, үш –ақ сөзді мысалға келтірдім, негізінде, мағынасын түсінеміз деп, айтып жүрген сөздеріміздің шын мағынасы біз ойлағандай емес, бәрі, сандырақ!

Гиппократтың айтуынша, дәрігер науқасты шындықты іздеуге,өмірдің мағынасын іздеуге қызықтыра білуі, жол көрсетуі, яғни оята білуі керек. Ал біз, дәрігерлер өзіміз өмірде адасып қалғанбыз, жалқаумыз, терең ұйқыдамыз, медицина институтында бізді  "программировать" етіп (ұйықтатып), робот етіп қойған (зомбировали). Өзіміз сол ұйқыдан ояна алмай жүрміз.

Ал, дәрі мен пышақ туралы, Гиппократ : «Қалайша, ауруға сөз айтып, өмірге қызықтырасың, егер ол есінен талып жатса»-деген,  «сондықтан, оған шөп(дәрі) беріп, есіне келтір, сонан-соң сөз айт»-деген, ал, «қалайша  сөз айтасын, егер аурудың апендециті асқынып, шыдатпай тұрған болса, сондықтан, апендецитін пышақпен кесіп таста да, кейін сөз айт»-деген.

Демек, Гиппократтың СӨЗІ әрқашан бірінші орында болған, ал шөп пен пышақ, яғни дәрі мен операция тек ауруға түсіндіруге,оны өмірге қызықтыруға, онымен сөйлесуге болмайтын жағдайларда ғана пайдаланатын құралы болған.

Ал біз, СӨЗ айта алмаймыз, яғни ауруды өмірдің мағынасын іздеуге, өмірге қызықтыра алмаймыз, себебі өзіміз қызықпаймыз, ұйықтап жүрміз, көрміз, көр көрге дұрыс жол көрсете алмайды. Одан бөлек, сөзге ақша бермейді емес пе,  ал дәрі мен операцияға ақша береді, сондықтан дұрыс жолды іздеу бізге керек те емес. Дұрыс жолды тауып, келген ауруға да көрсететін болсақ, ешкім ауырмаса ақша түспей қалады ғой, сондықтан қазіргі жағдай, яғни дәрі мен пышақ бізге дұрыс сияқты, іздену керек емес. Бұл жалқаулық ауыруларға да ыңғайлы, себебі өмірді түсіну үшін іздену, дұрыс ұстаз, кітап тауып оқу, сананы істету, терең ұйқыдан ояну оларға, ұзақ әрі қиын сияқты болып көрінеді, істемейтін санасын (басын) ауыртып, істету үшін уақыт бөлгенше (асығыс, бірақ қайда асығып жүргенін өзі білмейді),  ақша берсек дәрігер тез басын істетіп мені емдейді деп ойлайды, ал дәрігер де, сол ортадан шыққандықтан, ол да, дәл солай ойлайды, менің басымды ауыртқанша, дәрі басын ауыртсын деп, дәрі жазып бере салады. Ал дәрінің басы жоқ екенін ешқайсысы  білмейді, ол ауырудың бір жерін түзетемін деп екінші жерін ауыртып жүре береді. Солайша науқас өмірін, дәрігер мен дәрінің алдауымен өтіп жатқанын білмейді.

Біз, бір-бірімізбен, кім өмірді көбірек түсінеді, бір бірімізге қалай, өмірде дұрыс жол көрсетсек деп жарыспаймыз,  кімнің билігі, байлығы әйелі немесе байы көбірек болса деп жарысамыз. Көрлігіміздің кесірінен өзімізді өзіміз ауру етіп, басқалардың ауруына ауыру қосып жүргенімізді, өміріміз бекер ізсіз өтіп,  жатқанын түсінбейміз немесе түсінгіміз келмейді.

Мақаламды, терең мағынасы бар,  аңыз күйінде айтылған, әңгімемен аяқтасам деймін.

Өмір теңізінің жағасында, бір жан келе жатыр екен, бір құлап, бір тұрып. Бір күні қатты құлап орнынан тұра алмай қалыпты. Сонда Құдай «Досым, ештеңеден қорықпа, тұр да алға қарай жүре бер, мен әрқашан сенімен бірге боламын, қуанышыңда да қиыншылығыңда да» деген екен. Айтылған сөздерден қуат алған жан, орнынан тұрып алға қарай жүріп кетіпті. Күндердің бір күні өмірі өтіпті.Өмірінің өткенін сезген ол, өмір теңізінің жағасындағы биіктеу жерге шығып, өткен өміріне көз тастапты. Қараса өмір теңізінің жағасында екі қатар із жатыр екен. Бір қатар із, өмір теңізінің жағасының басынан аяғына дейін,  мүлдем үзілмейді, ал екінші қатар із -бір жерде бар, кейін мүлдем жоқ және бір жерде бар да, кейін өмірінің ақырына дейін мүлдем жоқ. Осыны көрген адам, аспанға қарап айқайлайды:«Ей, Құдай, сен мені алдаған екенсін, себебі өмірімнің қиын кездерінде, мені тастап кетіп жүріпсің, әне, сенің іздерің жоқ» депті. Сонда, Құдай: «Досым, сен қателестің, ол менің ізім емес, сенің ізің, себебі өміріңнің қиын кездерінде мен сені қолымда алып жүрдім» деген екен.

Бұл дегені: жоғарыда айтылған жан өмірінің басында біреуге, өзі білмей, кездейсоқ бір жақсы сөз айтып қалған екен, сол сөзі естігеннің жүрегінде із болып қалып кеткен. Одан кейін тек жеке басын ойлап, жеке қарнын ойлап, айналасындағылармен  жарысып, ешкімге жақсы сөз айтпай, өмірдің мағынасын іздеудің орнына, ақша іздеп, бақытсыздығын, денсаулығының жоқтығын басқалардан көріп, өзінің ақымақтығын мойындамай, көр болып жүре берген. Күндер өте берген. Күндердің бір күні және біреуге, өзі білмей, кездейсоқ, бір жақсы сөз айтып қалған, ол да естігеннің жүрегінде із болып қалып кеткен, кейіннен баяғы әдетіне салып, тек өз қарнын, өзінің қамын ғана ойлап, айналасындағылармен жарысып, ауру болып,  ешкімге жақсы сөз де айта алмай, уайымдап, көр болып жүре берген,  яғни өмірі ізсіз өтіп кеткен. Ал, Құдай ол жанға сенім білдіріп, қолында алып жүре берген: «Бір күні, кім екенін, жер бетіне не үшін жібергенімді, ізденіп, түсінетін шығар, оянатын шығар» деген үмітпен, бірақ ол ақымақ үмітті ақтаудың орнына, өмірінің ақырында да өмірінің бекер, ізсіз өткенін, Құдайға жауып тұр екен.

Менің де өмірім бір күні өтеді, мен де өткен өміріме көз тастау үшін, өмір теңізімнің жағасындағы биіктеу жерге шығамын. Сонда, өткен өмірім теңізінің жағасында екі қатар іздің басынан аяғына дейін, үзілмей жатқанын көрсем деймін. Сонда ғана, менің өмірім бекер өтпегені болады.

Тек сонда ғана мен Құдайға: «Жер бетіне жібергеніңе рахмет, мен не үшін жер бетіне келгенімді түсіндім, керек білімді алдым» деп риза болып кететініме көзім жетеді. Демек жер беті мектеп, одан кейін институт, академиялар болғанын ұмытпауымыз керек. Өмір түсінгенге, демек өмір заңдарын білгенге(білімдіге)- қызық, түсінбегенге, демек, күн көру үшін жүргендерге (жалқауларға)- азап.

 

(Жалқау немесе еңбек сүйгіш деп, дене еңбегін істегеніне қарай емес, санасын оята алады ма, оята алмайды ма? – осыған қарап айтады. Есек - малдың ішінде ең жалқауы, ең ақымағы,  бірақ дене еңбегін бәрінен жақсы істейді, тек оған, біреу, бас болуы керек).

1
3447
0