«Бастау» жас кинематографистер додасы қалай өтті?

Алия November 12, 2012
1684
2
6
0

Өнер мейрамына айналған II «Бастау» студенттік фильмдер мен киномектептердің халықаралық кинофестивалі 23-27 қазан аралығында әсем Алматыда Америка, Орта Азия іспетті 15 елден келген жас кинематографи

Өнер мейрамына айналған II «Бастау» студенттік фильмдер мен киномектептердің халықаралық кинофестивалі 23-27 қазан аралығында әсем Алматыда Америка, Орта Азия іспетті 15 елден келген жас кинематографисттердің басын біріктірді. Фестиваль студент -режиссерлардың өзара тәжірибе алмасуына мұрындық болып, отандық киноөндірістің даму бағытындағы жастардың рөлін анықтай келе, киносүйер қауымға 180 фильмнің ішінен іріктелген 44 фильмді назарға ұсынды.

««Бастау» кинофестивалінің аясында көрсетілген фильмдер құрылымы, техникалық шеберлігі, айтар ойы жағынан кәсіби шеберлерден еш кем емес. Фестивальде дарынды жастардың шеруін көргендей болдық. Әр фильмнің өзіндік шеберлігіне қарап, әлі қалыптасу үстіндегі студенттердің жұмысы дегенге сенбейсің, фестивальге ұсынылған фильмдердің барлығы дерлік өзінің кәсіби деңгейінде көрерменіне жол тартты» — дейді әділқазылар алқасының төрағасы Ақтан Арым Кубат. Қырғыздың танымал режиссері бастаған қазылық алқаның мүшелігінде Боливудттық продюссер Пракаш Шарма, Ресейлік драматург Сергей Тримбач, Мохаммед Аль Ансари (Біріккен Араб әмірлігінен), Евгений Пашкевич (Украина), Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерінің қатарынан құрылған студенттік қазылар алқасының мүшелігінде Назерке Нұржанқызы, Әлімақын Жанболат, Бесбаев Мейірбек, Литовченко Сергей қазылық етті.

Жастар үні естілген бұл фестивальде жастардың қоғам өміріне бейжай қарамайтындары, әлеуметтік мәселелер мен адам тағдыры, болмысы туралы қалыптасқан философиялық ойларын толықтырар тереңнен меңгерген драматургиялық тәсілдің режиссерлік шешіммен орайын табуы, актерлік ойынмен толықтырылуы — топтық жұмыста әр маманның өз ісінде белсенді екенін дәлелдеді. Киногерлер көрерменіне фильмдері арқылы бірінен соң бірі кезектесіп ақтарыла берді.

Бұл фестивальдің жастарды жан-жақты жігерлендірудегі маңызы зор екенін атап өтсек, әлемнің әр түпкірінен келген кино- мэтрларының шеберлік-сабақтары да жас мамандардың қалыптасуына, кино өнерінің тарихы мен техникасына әлдеқайда терең бойлауға түрткі болды.

Фестивальдің бас жүлдесін иеленген қазақстандық Айнұр Исмайлованың «Көкесі» және ресейлік Григорий Кишко «Ландшафт с песком и ящиком» фильмдері дараланды. Әлі өлімнің не екенін түсіне бермейтін 6 жасар баланың әкесінен айырылған шақтағы бала түсінігі, өмірдің ауыртпалығын ерте сезуі, жас баланың ішкі жандүниесін суреттейтін «Көке» атты туынды операторлық, көркемдік шешімі жағынан тереңдей білсе, Григорий Кишко өз фильміндегі тақырыптық ерекшелігімен, мифологиялық түсінікті өмір ағымына сала білген. Құм, жәшік сияқты детальдарды пайдалану арқылы көрерменін саспенсқа жетелеп, ойының шарықтау шегінде катарсисқа ұшыратады.

Сондай-ақ, жүлдегерлер қатарындағы қырғызстандық режиссер Әділет Қаржоев «Сары-ой» деректі фильмі арқылы бүркітші тағдырын баяндаса, қазақстандық студент Алмат Жақсылық өз деректі фильмінде қоғамда беті көрінген індеттің бірі — еркектің әйел болуды армандайтыны туралы шынайы синхрондар жинақтайды. «Война рождает ужас» — Рустам Сахибов (Тәжікістан), «Эскимо» — Мария Пономарева (Украина), «Слепой дождь» — Анастасия Максимчук (Украина) сынды жас режиссерлар кино тілінде біраз ойларын ортаға салды.

Халықаралық киномектеп арасында қазақстандық студенттердің жұмысы дараланып, әлемдік киноөндірісте қазақ киносы бағытын белгілеген, шеберлігін дамытқан, бәсекеге қабілетті қалыпта екенін «Бастау» кинофестивалінен ерекше байқай білдік. Ой мен пікір алмасып, тәжірибе арттырар, студенттердің біліктілігін көтеру мақсатын алдыға қойған «Бастау» өз миссиясын орындады. «Бастау» — бастысы, студенттердің кино әлеміне басқан қадамдарына бастау болды.

Назерке Сланбек

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық

Өнер академиясының 4- курс студенті

Оцените пост

6

Комментарии

1
Назерке!!! Қаламың қарымды,ойларың орамды бола берсін! Өнерлі өр халықтың өренді ұрпақтарының шашбауын көтеретін, шабытына шабыт қосатын осындай байқаулар ұйымдастырыла берсін деген үлкен тілек бар! Мақала өте сатті шыққан!
Показать комментарии