Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
23:37, 09 октября 2012

«Барыс» бел ортада

10.10.12.
Blog post image
Астананың «Барыс» хоккей клубының ала-құла ойынына әбден үйренісіп алдық. Өткенде қатарынан екі рет жеңіске жетіп, мерейімізді асырған елордалық ұжым осы жолы Ярославльде жергілікті «Локомотивтен» 2:4 есебімен ұтылды, дегенмен «Шығыс» конференциясының турнир кестесінде 7- орнын сақтап қалды.

Осы кездесудің алдында Владимир Крикунов жаттықтыратын астаналық хоккейшілер Мәскеу облысында жергілікті «Атлант» командасын 3:1 нәтижесімен жеңіп, үш ұпай олжалаған болатын. Ал оған дейін біз елордалықтардың Астанада «Амур» клубын ұтқанын хабарлағанбыз.
«Атлантпен» бәсеке басталмас бұрын Ресей хоккейінің басшылары «Барыстың» бас бапкері Владимир Крикуновқа арнайы сыйлықтарын табыс етті. Ұзақ жылдар бойы бапкерлікпен айналысып келе жат­қан маман осы саладағы 1000-шы бәсеке­сін Астанада «Амурға» қарсы өткізген еді.
Енді ойынның тікелей өзіне тоқта­лай­ық. Осы кездесудің қарсаңында «Барыс» екі рет қатарынан жеңіске жетсе, оның қарсыласы «Локомотивтің» алты сериядан тұратын жеңісті жолын Омбының «Аван­гарды» үзген болатын. Ярославльдіктер өз мұзайдындарында өткен сол кездесуде 2:5 есебімен ойсырай ұтылғандықтан, бар ашуларын астаналық ұжымнан алатын­да­ры түсінікті еді. Расымен де, дәл солай бол­ды. Матч басталғаннан-ақ айдын ие­ле­рінің шеберлік деңгейлері тым жоғары екені байқалды. Олар ойын барысын еркін қадағалап, алғашқы минуттардан «Барыс» қақпасын нысанаға алды. 12- минутқа дейін айдын қожайындары Теему Лассила қорғаған қақпаны төрт-бес рет нысана етті. Ал бұл аралықта біздің жігіт­тер тек бір мәрте ғана Семен Варламов ие­лі­гінде қауіпті жағдай туындата алды.
Ал ойынның 14-минутында «Локомо­тив» хоккейшісі Александр Черников тәр­тіп бұзып, екі минутқа айыпкерлер орын­дығына отырғызылды. Бірақ біздің ұжым сан басымдығын пайдалана алма­ды.
Бірінші кезең аяқталар тұста «Барыс­тың» ойыншысы Виталий Новопашин де екі минутқа айдыннан қуылды. Алайда астаналықтар жанталаса жүріп қорғанып, қақпаларын голдан аман алып қалды.
Үзілістен кейін алғашқы өткір шабуыл­ды елордалықтар ұйымдастырды. Деген­мен Семен Варламов қорғаған қақпаның құлпы бұл жолы да бұзылмады. Есесіне айдын иелері кездесудің 24-минутында есеп ашып кетті. Алексей Калюжный гол авторы атанып, жанкүйерлердің қоша­ме­тіне бөленді. Оның алдында ғана «Барыс­тың» сапындағы Константин Пушкарев шайбасыз келе жатқан ойыншыға шабуыл жасағаны үшін екі минуттық айып арқала­ған еді. «Локомотив» сан басымдығын ұтымды пайдалана алды. Есеп - 1:0.
Бұдан кейін Брендон Боченски «Локо­мотив» қақпасына соққы жасады, бірақ оның бағыттаған шайбасы Семен Варла­мов­тың қолынан табылды. Іле-шала Федор Полищук ержеден аттап, «Барыс» тағы екі минут төрт ойыншымен өнер көрсетуге мәжбүр болды. Бұл жолы да айдын қожайындары өздеріне берілген тамаша мүмкіндікті пайдалана білді. Виктор Козлов шығарған пасқа Дмитрий Куликов үн қатып, «Барыс» қақпасына екінші гол енді.
Тағы бір сәтте «Локомотив» ойын­шы­ла­рының қауіпті шабуылына қақпашымыз Теему Лассила тосқауыл болды. Әйтпеген­де есеп тіптен ұлғаяр еді. Десек те көп ұзамай таблодағы нәтиже 3:0-ге өзгерді. Яро­с­лавльдіктер біздің ұжымның қорға­ныс шебіндегі түсініспеушілікті тиімді пайда­ланып, кезекті шайбаларын соқты. Артем Анисимов нәтижелі пас шығарса, көк сы­зықтан соққы жасаған Марк Флад гол авто­ры атанды.
Осыдан кейін-ақ бас бапкер Владимир Крикунов қақпашы Теему Лассиланың орнына Павел Полуэктовты шығарды. Көп ұзамай «Барыс» хоккейшілері тағы да тәртіп бұзды, бұл жолы Алексей Литви­нен­коның жүйкесі сыр берген еді. Де­ген­мен арада 40 секундтай өткенде «Локомо­тив» ойыншысы Сами Леписте де екі ми­нут­қа кездесуден қуылып, екі жақтың саны теңесті.
Ойынның 36-минутында «Локомотив» өкілі Марк Флад пен біздің Константин Пушкарев шекісіп қалып, төрешілер екеуін де айып уақытымен жазалады. Дәл осындай оқиға кездесудің 39- минутында да орын алды. Бұл жолы астаналық Брен­дон Боченски мен Сами Леписте төреші­лердің шешімімен мұзайдыннан қуылды. Екінші кезеңде үш гол соққан айдын ие­ле­рі үзіліске жеңімпаз ретінде аттан­ды.
Кездесудің 45-минутында ярославль­дік­тер кезекті рет өткір шабуыл ұйымдас­тыр­ды. Бірақ олардың жолына Алексей Литвиненко ереже бұзу арқылы тосқауыл болды. Төрешілер еш ойланбастан буллит белгіледі. «Хоккей пенальтиін» Александр Черников дәл орындап, таблодағы есеп 4:0-ге өзгерді.
«Барыс» ойыншылары кездесудің соңы­на қарай Варламов қақпасынан саңлау тапты. Дәлірек айтсақ, ойынның 58-минутында Максим Спиридонов пен Виктор Хедман әріптестері Константин Руденконың гол енгізуіне мүмкіндік туғызды. Есеп - 4:1.
Қалған аз уақытта таразы басын теңес­тірудің мүмкін емесін екі жақтың ойын­шы­лары да жақсы түсінді. Бірақ айдын төсіндегі бәсеке қызу жалғаса берді. Әсі­ре­се, «Барыс» хоккейшілері гол соғуға асық еді. Ақыры олардың сол ниеттері қабыл болып, есеп айырмасы қысқарды. Бұл жолы Найджел Доус мергендік таныт­ты. Голмен бір мезетте кездесу уақытының аяқталғанын білдірген дабыл да естілді. Екі жағдайда да біздің хоккейшілер сан басымдығын пайдаланып, шайба енгізген болатын. Қорытынды есеп - 4:2, «Локомо­тив» 25 ұпаймен «Батыс» конференция­сы­ның турнир кестесінде қайтадан 1- сатыға көтерілді. Ярославльдіктер өткен жолғы жеңілістен кейін орындарын «Лев» командасына босатып берген еді.
«Барыс» осы жолы ұпайсыз қалса да «Шығыс» конференциясының турнирлік кестесінде 7-орыннан төмендемеді. Вла­ди­мир Крикуновтан тәлім алатын елор­далықтар 14 ойында 20 ұпай жинады. Дәл осыншама ұпай 8-орындағы Новокузнец­кі­нің «Металлургінде» де бар. Ал біздің командадан бір саты жоғары тұрған Уфа­ның «Салауат Юлаевы» 14 кездесуде 21 ұпай еншіледі.
Құрлықтық хоккей лигасының тұрақ­ты біріншілігінің жалпы кестесінде Ново­сібір­дің «Сибирь» ұжымы жеке-дара көш бастап келеді. Бұл клуб 15 ойында 29 ұпай олжалаған болатын. Бірақ оның 2-саты­дағы «Локомотивтен» екі ойыны артық екенін де естен шығармайық. Үздік үш­тікті Челябінің «Тракторы» түйіндеп тұр, бұл команданың еншісінде 27 ұпай бар. Челябіліктер соңғы кездесуінде көш ба­сын­дағы «Сибирьден» 1:2 есебімен ұтылып қалды. Бұрынырақта ортаңқол ұжым саналып келген «Сибирь» биыл жарап-ақ тұр. Оның қашанға дейін үздіктер сапында болатынын уақыт көрсетер.
«Барыс» кезекті ойынын бүгін Нижний Новгородта өткізеді, қарсыласы - жергі­лікті «Торпедо».

Шалқар ЕСТЕН

 
0
430
0