Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
02:59, 27 августа 2012

БЕТІ ҚАЛЫҢ ҚЫЗАРМАС

Мамандардың айтуынша, әрбір адам баласы күніне 50-ден 200 ретке дейін тура жауаптан жалтарып, жалған айтады екен. Дегенмен, бұл орташа алғандағы көрсеткіш. Адамдардың арасында таңертең көзін ашқаннан түнде кірпігі ілінгенге дейін өтірікті шындай сапыратын қулар бар. Олар үшін өтірік айту өмірдің мәні, олар күнделікті нанын да өтірікпен табады, киімін өтірікпен киіп, көлігін де өтірікпен мінеді. Егер ондайлардың өтірігін санаса, күн сайын сан мың өтірік шығар еді. Сондай көлгірліктің хас шеберлерінің бірі, жалған бейне жасаудың майталманы Алғаның жетекшісі Владимир Козлов.

Мойындау керек, Козлов тума талант. Оның таланты өзінің қылмыстық пиғылын іске асыру жолында, елге қара күйе жағып, туған елін қаралау  жолында  қиыннан қиыстырып, қисынға келмейтін өтіріктерді айта білетіндігі. Ол халықты қарапайым халықты өзіне қаратудың тәсілін жақсы меңгерген, адамдарды қырық өтірігімен алдап, өзінің арзан ереуілдеріне тартып, кейін оларды не абырой жоқ, не ақша жоқ далаға лақтырып тастаудың шебері. Оның бұл тәсілі – ықылым замандардан бері әбден сынақтан өткен, тексерілген, ең бастысы пасық ниет жолында өте тиімді тәсіл. Өтірік оның өмірлік қағидасына айналған: елдегі тұрақтылықты шайқаудан бастап, өзінің хайуани қажеттіліктеріне дейін пайдалана береді. Жас қыздардың басын айналдырып, төсекке сүйрегісі келе ме, өтірігі дайын. Жастарды алдарқатып, қатарына тартқысы келе ме оған да дайын. Қыл аяғы алыстағы жарылқаушысы Әбілазовты да өзінің мұндағы керемет істерімен алдап, қалтасына ақша басуға өтірігі жарап тұр.

Козловтың алдау өнерінің жемісті болуы екі нәрсеге: біріншіден, өзінің әртістік қабілетіне, екіншіден алдап тұрған адамдарының аңғалдығына байланысты. Бірақ, қазақ «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деп бекер айтпаған. Қандай суайт болса да оның өтірігіне сенетіндер қазір ілуде бір.

Сондай-ақ, өтірікшінің маңына да өңшең өтірікшілер жиналады. Олар көлеңкелерінен де қорқады, сондықтан да қасындағылардың талайы темір торға тоғытылысымен кешегі пірлерін сатып, бастарын сауғалау үшін бәрін мойындауға дайын.

Козлов туралы анекдотты естіп пе едіңіз:

«Әбілазов өзінің Қазақстандағы қол-аяғы Козловты құрдымға кеткен кезекті жоспары үшін сөгіп тұр.

– Сен темекі тартпауға, арақ ішпеуге, көрінген етекке жармаспауға уәде бергенің қайда? - деп ақырған Әбілазовқа Козлов «Есесіне, мен өтірік айтпауға уәде берген жоқпын ғой» деп қарап тұр дейді.

Осы суайттығы Козловты ақыры жарға жықты, темір тордың ар жағынан бір-ақ шығарды. Енді қандай өтірік құрастырса да оған бұл өнері көмектесе қоюы екіталай. Қисық адамды көр ғана түзейді, Козловыңыз түрмеде де сол өтірігінен айнымай, жалған сөзін суша сапырып отыр. Оның соңғы өтірігі – Козловтың сотқа сүйретілер алдындағы сөзі болды. Онда Қазақстанның «бас суайты» артында қалып бара жатқан мұрагерлеріне былай деп өсиет қалдырды.

Бірінші өсиет. Өтірік айтқанда, әрдайым алдап тұрған адамыңның көзіне тік қарап сөйле. Алаңғасар ақымақтардың көзіне қарап тұрып сөйлесең, осы өтірігің арқылы қаншалықты пайда табатының көз алдыңа келеді, сонда қиялдың тіптен шарықтап, бұрын-соңды миыңа келмеген өтіріктерді оңай құрастыра аласың.

Екінші өсиет. Егер біреуді алдауға бел байласаң, өзіңді сенімді ұста. Қандай жалғандыққа барсаң да сенімді сөйле. Мамандардың айтуынша, адам өтірік айтқанда сөзі сенімсіз шығып, дауысы дірілдей бастайды екен. Соны есіңе бекем сақтап, даусыңды дірілдетпе. Егер дірілдеп бара жатса айқайға бас, сонда ол байқалмайды. Екіленіп сөйле, қолыңды оңды-солды сермеп, жарқын мәлімдемелер жаса. Тек ақиқатты айтып тұрғаныңа алдымен өзіңді сендіріп бақ, сонда өзгелер де сенеді.

Үшінші өсиет. Өтірік айтқанда, өзіңнің жалған сөзіңнің шиі шығып қалады деп ойласаң, неғұрлым тікелей елдің алдында сөйлемеуге тырыс. Телефонмен айтсаң немесе скаиппен алдасаң, ар жақта сенің қандай күйде отырғаныңды адамдар көрмейді. Әрі байланыстың сапасына қарай, даусыңның өзіңдікі еместігі де байқалмайды.

Төртінші өсиет. Салмақты сөзден аулақ бол. Тек екіленіп, ойыңа келгенді бөсе бер. Мұндайда ең бастысы сені тыңдап отырған адамға ойлануға мұрша бермеу. Деміңді ішіңе тартып ал да, тоқтамай сөйле. Сонда құрбаныңның миын ашытып, алдауың оңайырақ болады. Дауысың неғұрлым қаттырақ шықса, соғұрлым  тыңдаушыңның басы салбырай береді. Сол сәтте «сен тек маған бағынуға тиіссің» деген бұйрықты оның санасына тезірек сіңіре аласың.

Бесінші өсиет. Әсіресе, елдің алдына шығып сөйлерде айтатын өтірігіңді алдын ала ойластырып ал. Шешендік пен актерлік қабілет әрине керек, дегенмен, алдын ала ойластырып, сөзіңді саптап алып барып айтқан өтіріктен артығы жоқ. Түймедейді түйедей етуге, тиісінше түйедейді түймедей етуге машықтан. Әрбір тақырыпқа тым тереңдеп барма, ақылды болып көрінем деп сөзіңнен шатысуың мүмкін.. Сонда тыңдаушыңның да миы атала болып, ашып, саған оңай сенеді. Әрбір сөзіңнің ақыры «Мен сендердің соңғы үміттеріңмін, құтқарушы періштелеріңмін. Сондықтан, ақшаларыңды алдымен, маған әкеліңдер, маған қызмет етіңдер» дегенге саюы керек.

Алтыншы өсиет. Әр нәрсенің басын бір шалма. Бір тақырыпты бастадың ба, қиялыңның жеткенінше сол тақырыптан ауытқыма. Тақырыптан тез ауытқысаң, алдыңғы айтқандарың алдаушыңның есінде қалмауы мүмкін. Онда қаншама аузың көпіріп сөйлеген еңбегің еш кетеді. Одан да бір айтқаныңды өңін айналдырып, қайта-қайта қайталай бер. Алдап отырған адамыңды да әңгімеге тартуды ұмытпа, оның бір проблемасын сұрап алып, содан тақырыпты өрбітіп, өтірік аяушылық білдіріп отыр. Адамның табиғаты сондай, өзіне мүсіркей қараған адамға сенгіш келеді. Осыны мықтап пайдалан.

Жетінші өсиет. Өзіңді бар қалпыңнан айнытпай, табиғи қалпыңда ұстауға тырыс. Қандай өтірік айтсаң да, бетің бүлк етпесін. Сонда ғана табысқа жетесің. Ең бастысы, алған бетіңнен қайтпа. Егер өтірігіңе тым болмағанда бір адам сенсе, сенің дұрыс бағытқа бет алғаның. Осы бетіңнен танба. Сонда ғана мына мен – күллі елді алдап, талайды тақырға отырғызған төрелерің Әбілазов секілді өтіріктің шыңына жетесіңдер! Басқа ештеңе қолдарыңнан келмейді екен, тым болмағанда өтірік айтудың шыңына жетсеңдер табысқа кенелесіңдер!

0
976
4