Yoga by Sandi, немесе салауатты өмір салты

Алия 2012 M11 5
4752
9
7
0

Бүгінгі кейіпкеріміз Санди деген ерекше есімді қыз. Оның тек аты ғана емес, өзі де, өмірі де ерекше. Заңгер мамандығын алып жүрумен қатар, ол «ТеДос» студиясында йогадан сабақ береді. «Yogabysandi»...

Бүгінгі кейіпкеріміз Санди деген ерекше есімді қыз. Оның тек аты ғана емес, өзі де, өмірі де ерекше. Заңгер мамандығын алып жүрумен қатар, ол «ТеДос» студиясында йогадан сабақ береді. «Yogabysandi» атты жеке блогын жүргізеді. Санди бізге йога атты тылсым дүние есігін ашып, денсаулық пен сұлулықтың, ішкі жан-дүние тыныштығының құпияларымен бөлісті.

- Сәлем, Санди! Алдымен, қай жерде туылғаның, қандай мектепке барғаныңды айтсаң...

- Сәлем! Мен Ақтөбеде туылғанмын. Жақындарымның айтуынша, кішкентай кезімде өте көңілді, жайдары бала болыппын. Балалық шағым да жайдары өтті. Ол кездері бүкіл көршілер тату-тәтті тұратын, қарапайым, мейірімді кеңестік аулаларда асыр салып ойнап өстім. №19 орта мектепте барлық сынып болып достасып оқыдық. Асыл сыныптастарымның бәрі де әлі есімде, қазір де бүкіл республика бойынша, тіпті одан асып та шашырап кеттік.

- Йогаға келгенге дейін немен айналысып едің?

- Шыны керек, бала кезімде өте ширақ болдым деп айта алмаймын. 5-ші сыныпта дене шынықтыру сабағында алға қарай тоңқалаң асуға қорқатынмын, ал жүгіру кезінде ең соңғы болып келетінмін. Төзімділігімнің жоғы намысыма тиетін. Мүмкін мұның өзі болашақта түрткі болған шығар. Сол 5-ші сыныпта, құрбыларыммен бірге мектеп сарайына келіп, гимнастикаға жазылдық. Бірінші жылы техника бойынша ең нашар қатысушылардың үштігінде болдым. Алайда, бір жылдан соң, табанды дайындықтардың арқасында маған икемділік келіп, қорқыныш бірте-бірте кете бастады.

Сегізінші сыныпта «Синь-хо мэнь» күрес өнері мектебіне көштім. Онда керемет жаттықтырушылармен таныстым. Мейрамбек Канебекұлы – менің күшіме сенген ең бірінші адам болды. Ол мектебіне 5 бала таңдап алды, оның ішінде үш ер бала мен екі қыз бала – оның біреуі мен болдым. Біз күн сайын залда, стадионда, паркте, мектепте де шынығып жүрдік. Бұл адам техникасын, әдептілігін бойымызға сіңірді. Таңнан кешке дейін кунг-фумен шұғылдандық. Керемет болатын.

- Ал йога туралы ең бірінші кімнен білдің, саған йога әлемін ашқан кім болды?

- Бірінші рет йога сабағына Ақтөбеде кез болдым. Бірінші рет аса әсер қалдыра қойған жоқ. Тек келесі күні бұлшықтарымның жағымды ауырғаны ұнады. Алматыға келгеннен соң, Марина деген қыздан жарты жыл сабақ алдым. Одан кейін екі ай бойы «Голден Бриджге» барып, одан кейін өз бетімше «Динамо» стадионында шыныға бастадым. Ал нағыз йога әлемін маған Дәулет Назаров ашты десем болады.

- Йоганың басқа дене шынықтыру жаттығуларына қарағанда айырмашылығы, ерекшелігі қандай?

- Йога деген бұлшық ет қызметінің статикалық асаналарымен, пранаямалармен, медитациямен бірге жүретін ұзақ сапар. Йога адамның физиологиясына, ағзасына жағымды әсер етеді. Басқа дене жаттығуларынан басты айрымашылығы – йоганың жарыс еместігі, онда тез нәтиженің соңына түсу жоқ. Йога деген саналы түрдегі практика, онымен сіз өмір бойы айналысуыңыз мүмкін.

- Yogabysandi блогын құру идеясы қалай келді?

- Идея 2010 жылдың желтоқсан айында келген. Бар көрген-білгенімді қағазға түсіргім келді. Өзім жасаған бар жаңалығымды ішімде сақтағым келмейді. Блогыма жазылатын өткен сабақтың әсері болған нәрсені толықтырады. Бір жағынан мен біреу үшін месенджермін – оны түсінемін. Сол себепті де Yogabysandi блогын жүргізіп келемін.

- Сен үшін денсаулық пен сұлулық формуласы қандай?

- Әркімнің өз формуласы бар. Алайда барлық формулалардың тірегі болатын бір сөз тіркесі бар. Ол – «Өз-өзіңмен жұмыс істеу».

Ал менің теоремам мынадай: дұрыс тамақтану мен дене шынықтыру бір-брімен параллельді жүріп отыру керек. Бұл әр параллельді саналы түрде түсіну мен рухани даму – сұлулық пен денсаулықтың тағы да бір кепілі.

- Біздің қоғамда йога жайлы түрлі әңгімелер көп. Біреуі оны адамды қоғамнан алыстатады, өзгертеді дейді. Мұндай кері пікірдің тууына не түрткі болды деп ойлайсың?

- Иә, ондай да болады. Бірақ оның негатив екенін бір жақты айта алмаймын. Әркім өз таңдауын жасайды. Өз басым барлығына фанатикалық түрде қарай алмаймын, шынайы өмірден алыстап, өмір тарихымнан безіп кетпеймін. Адекватты түрде түсіну мен шынайы болмысты қабылдай білу қажет. Сонда да ақиқат іздеу жолына түскен адамдарды сыбау дұрыс емес. Мүмкін олар жаңалық ашатындар шығар, олар енді өздеріне де, болмысқа да, жақындарына да берілмейді.

Мен ондай адамдарға қалай қараймын? Барлығына да көңілім ашық, әркімнің таңдауын сыйлаймын. Бірақ өз басым, отбасы бар, қарапайым заттарды сүйетін, йоганы қазіргі уақытқа бейімдейтін Санди болып қала беремін.

- Сондай-ақ кейбірі йоганы секта деп жатады. Ондай бағыттан қазіргі заманғы практикалық йоганы қалай айыруға болады?

- Йоганың атын жамылып, секталық бағыт жүргізетін орталықтарды өз басым кездестірмеппін. Ал йоганы секта дейтін адамдарды жиі кездестіремін. “Yogabysandi” блогы менің басқа да әлеуметтік желілердегі жеке беттерім сияқты барлығына ашық болған соң, «йога деген секта ма?» деген сұрақтар келіп жатады. Бұрында мұндай сұраққа ашуланатынмын, салқынқанды, байсалды адам типіне жатпаймын, кей нәрселер жанды жеріме тиеді. Бірақ қазірде мұндай сұрақтарға жымиа қараймын. Өйткені әр адам өзіне қалай ыңғайлы, қалай ұнамды, солай ойлайды. Жаңа нәрсені адамдар әр қалай қабылдайды: кейбірі оны қабылдаса, кейбірі сынайды. Жеке көзқарасым: басқа адамдардың ойымен жүрмеу керек. Алдымен өз көзіңмен көріп, жеке ой түзу – қарапайым ақиқат емес пе.

- Сені алға жетелейтін не? Көңілсіздік, жабырқаулықпен қалай күресесің?

- Алға жетелеу? Йогаға дейін менің өмірім қабағына қар жауып, наразылық білдіріп жүретін, жүрек тұсындағы, тыныс алудағы түрлі аурулармен ауыратын қоғамның қарапайым өнімінің өмірі болды. Скалиоз, аллергия, гайморит – осылардың бәрін йога практикасының арқасында жеңе білдім. Ішкі барьерлерді, өкпе-реніш, итжығыс күндердің салдарынан пайда болған қысым, комплекстерді де жеңіп шықтым. Осы орайда йогаға қарыздармын, енді мен йоганы басқаларға да жеткізгім келеді.

Ал көңілсіздік шақырусыз келеді ғой. Көңілің болмағанда, ең бастысы, оның қармағына ілініп қалмау керек. Дер кезінде жымиып, күлу керек – мен солай істеймін. Өзіміз тартатын атомдарға сенемін. Сондықтан ұйқым қанбағанда, көп жұмыс берілгенде, барлығы да қырсыққа шапқанда мен жымиып, күле бастаймын.

- Оқырмандарымызға йога жайлы қандай кітаптар ұсынар едің? Сондай-ақ өмірде сені ойландырып-толғандырған, мүмкін бір нәрсені өзгерткен қандай кітаптар?

- Бұл жайлы жақында блогымда жазған болатынмын. Йогаға байланысты кітаптар? Ол оқырманның неге қызығатынына байланысты. Егер де йогаға қатысып жүрсеңіз, физикалық практика болса, онда авторы Доктор Абигейль Эллсуорттың «Анатомия Йоги» кітабын ұсынар едім. Бұл кітап жайлы мен 2009 жылдың соңында білдім. Ол кезде кітап тек ағылшын тілінде шыққан, оған тапсырыс беруге бата алмай жүргенмін. Өйткені кітапта бұлшық еттер мен Асаналар орындаудың техникасы жайлы жазылған. Ол кезде бұл саланың терминологиясын ағылшын тілінде ұғу қиынға соқты. Кейін интернет арқылы бұл кітаптың орыс тіліне аударылғанын білдім. Былтыр бұл кітап алматылық кітап сөрелеріне де жетті.

Сондай-ақ «Yogajournal» журналын оқуға кеңес беремін, ол Сан-Францискода дүниеге келген франшиза. Журналдардың бір ерекшелігі - ақпараттың жаңалығында, йога әлеміндегі барлық тенденцияларды біліп отырасың.

Енді рухани дүниелерге келсек: «Наука Самоосознания», авторы А.Ч.Бхактиведанта Свами Прабхупада. Жеке тұлға мен заңды тұлғалардың арасындағы қарым-қатынасты реттейтін көптеген заң нормалары бар (салық кодексы, азаматтық құқық, еңбек ету құқығы, т.б.). Ал Бхактиведантаның кітабы жанды және жансыз тіршілік иелерінің арасындағы қарым-қатынасты анықтайды. Сұрақтарымның жауабын осы кітаптан таптым.

Оқуға кеңес беретін екінші кітап – «Автобиография Йога», авторы Парамаханса Йогонанда. Үш рет оқып бастағанмын. Бірінші рет ағылшынша, 5 беттен кейін таксиде ұйықтап қалыппын. Екінші рет компьютерге жүктеп алып оқып жүргенмін. Бірақ таныс бір йог кітапты олай оқуға болмайды деп қарсы шықты. Кітап деген жеке тұлға деді ол. Сөйтіп алдыңғы жексенбі күні ол кітапқа да қолым жетті. Қазір бас алмай оқып жатырмын. Әдеби, көркем тілмен бір йогтың өмірі жайлы баяндайтын тамаша кітап.

- Саналы түрде қимылдау түсінігі қалай келеді? Оған қалай жетуге болады?

- Йога саналы практика. Бұл дегеніміз адам өзінің әр қимылын, тұрысын, тынысын, медитациясын түсінуі керек. Практиканың бірінші кездерінде жан-жақты ойлардан айырыла алмайсың, өз ішіңдегі монологың тоқтамай қояды. Неофит (жаңадан келген адам) алғашқы йога сабағынан тек 20% білім алады. Әр адам сабаққа әр түрлі деңгейде келеді, кейбірі шыныққан денемен келсе, кейбірі 10 жыл бойы қозғалмаған, қатып қалған бұлшық еттермен келеді. Егер неофитті бақыласаң, оның көздері 3-4 сабақтан кейін өзгере бастайды. Алғашқы сабақтары оның көзі жайнап, жан-жағына қарайлап, өзгелермен өзін салыстырып, жарысса, кейіннен оған ми тыныштығы, асаналар орындағандағы байсалдылық келеді. Өз деміңе құлақ түре бастайсың, ішкі әлеміңе үңілесің, басың керексіз ойлардан тазара бастайды. Қолыңда тұрасың ба, аяғыңда тұрасың ба не басыңда тұрасың ба, әр қимылың ширақ, батыл бола бастайды. Солай саналы практика келеді. Тек йогада емес, өміріңде саналы қозғалуға деген ниетің ашылады. Оқуға, мейірімділікке, шындыққа ұмтыла бастайсың.

- Өмірлік мақсатың не?

- Өмірлік бір-ақ мақсатым жоқ. Мақсаттарым өмір кезеңдерінде пайда болып тұрады. Қазірде тек үш нәрсеге ден қоямын: отбасым, йога, жұмысым. Бұл сөздерді бөлмеймін, өйткені мен өзімді тек йог ретінде немесе тек заңгер ретінде елестете алмаймын. Заңгер мамандығы жеке басыма «йоганы сатпауға» мүмкіндік береді. «Йоганы коммерцияға айналдырма» қағидасына сүйенемін.

Қаланың ортасында йога орталығын ашуды жоспарлаймын. Ол жерге йоганы өмір қалыбы ретінде қабылдайтын, ой жинақылығы мен бұлшық ет тонусын қалыпты жағдай деп білетін адамдар жиналса екен деймін.

- Сеніңше ішкі гармонияны қалай сақтап қалуға болады?

- Гармонияны? Сана жетілуінің қай сатысында тұрғаныңа байланысты. Егер сен тым материалист болсаң, онда дене шынықтыру практикасын қолданғаның жөн (йогада ол Асаналар мен медитация).

Ал егер сен өзіңнің ішкі «Меніңді» жақсы танысаң, онда гармонияны өте қарапайым түрде келтіруге болады: жаман істен арылып, жақындарыңа жақсылық, пайда тигізу және де адамның болмысына, нәсіліне, жынысына, немен шұғылданатынына қарамай, оған жақсылық жасауға дайын болу. Жеке басым өз-өзімді қылықтарым арқылы бағалаймын, мен нашар жаумын, бірінші болып кешірім сұрауға барамын. Әйтпегенде ішкі гармониямды тез жоғалтып аламын, әсіресе жақын адамым болса.

Жасаған әрекетіңнің әділетті болуы да маңызды факт. Басқа адамдарға деген әділетсіздігің гармонияңның күл-талқанын шығаруы мүмкін.

- Арманыңмен бөлісе кетсең?

- Үйімде сыңғырлаған нәресте күлкісі пайда болса деймін. 2 жылдан соң негізгі жұмысымнан демалыс алып, йога Орталығын құрсам, адамдар сабақтарыма «өз-өзімен жұмыс істеу» үшін келсе деймін. Өйткені мен өзіме де, сабағыма қатысушыларға да қаталмын. Йоганың үлкен жолын бірге жүретін тобым болса деймін.

Салауатты өмір салтын ұстанамын, йогадан сабақ беремін деген қыздарға қолдау көрсеткім келеді. Басқа елдермен біздің ел арасына, басқа қалаларымызбен Алматы арасына байланыс орнатсам деймін. Өз студияма жаңа білім әкеліп, фотосессия ұйымдастырып, түрлі жобаларға қатысқым келеді. Студиям өмір сүріп, ондағы адамдар заман талабымен бірге жүрсе деймін.

- Әңгімеңе көп рахмет! Барлық армандарың орындалсын деп тілейміз.

Сұхбаттасқан Айжан Кәрібаева

Оцените пост

7

Комментарии

1
Кеше ғана кундалини-йогаға жазылдым. Және сіздерде йога жайлы материал шықты. Бұл бір белгі ғой деймін. :)
1
тастамай, жемісін көру керек деген белгі :))
1
Keremet... Jaraisin...
0
goldenbridge-ге ма?))
0
Иә, скидкамен :)))
Показать комментарии