Перейти к содержимому
Обложка сообщества Екпiн

«За тебя, Бәке» қазақ жастарын қалай жинап алды?

Ресейлік «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде соңғы жылы трендке айналған парақшалар (странички немесе pages) френдлентамызды небір әзіл, комикс, әдемі фото немесе цитаталармен қаптатқаны белгілі. Арасында қазақша әзілдер, өлең мен мақал-мәтелдер де кездеседі. Алайда жазылушы (подписчики немесе subscribers) саны бойынша алда келе жатқан — көпшілікке белгілі «За тебя, Бәке» парақшасы екен. 52 000 адамы бар топтың танымалдылық құпиясы неде? Мыңдаған қазақ жастары неліктен осы парақшаның әзілдеріне «лайктарын» аямай, үнемі «шеирлетіп» жүреді? Осы мәселе «Екпін» журналын бұрыннан қызықтырып жүрді, сәті түскенде тілшіміз Айжан «Бәке» авторын тауып алып, сұхбатқа шақырған болатын. Алдарыңызда «Бәке үшін» жауап беретін адам әрі жобаның әкімшісі — Марғұлан Тұрсыновпен сұхбат.


- Марғұлан, өзің жайында қысқаша айтып өтсең, мамандығың, сүйікті кітаптарың, қызығушылықтарың?

- Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-нің 4 курс студентімін, банк ісі мамандығы бойынша білім алудамын. Бала кезімнен футболмен айналысқанмын. Футболист болғым келген. Бірақ универге түскеннен кейін футболды қойып кеттім. Сүйікті кітабым - үш қайтара оқып шыққан Роберт Кийосакидің «Богатый папа, бедный папа» кітабы. Содан соң Мұқағалидің өлеңдерін жақсы көремін. Фильмдерден ойландыратын, өмірлік кинолар ұнайды. Мысалы, «The Pursuit of Happyness». Уилл Смит - сүйікті актерім. Бала кезімнен итальян әндерін тыңдаймын. Жалпы, қатып қалған жанр жоқ, ұнағанын тыңдай беремін.

- «За тебя, Бәке» қалай пайда болды?

- VK.com-да 2 жылдай бармын. Бұрын өз профайлымда неше түрлі қызықты статустар ойлап жазатынмын. Оны көп адамдар менен көшіріп алып, авторын көрсетпей, өз профайлдарына қойып қоятын. Осындай парақшаны ашу идеясы осыдан жарты жыл бұрын келді. Себебі ВК-дағы барлық қазақтар орыс топтарында отыратын, сол жақта пікір қалдырып, әңгімелесетін. Ал қазақша топтар танымал да емес, ішіне кірсең, қызықсыз екенін байқадым. Көп болса, 10 мың адам ғана тіркелетін, кісі жинай алмады. Сосын мен әрдайым: «админ болсам, былай жасаушы едім» - деп көп ойланатынмын. Байқағаным, жастарға қызықты цитаталар көп келтіретін топ керек екен. Сөйтіп бір күні тәуекел етіп ашып, желіде бұрын ашылған топтарды жазылушылар саны бойынша 2 айда қуып жетіп алдым.

Шынымды айтсам, 45 мың адамы бар топты 4 айдың ішінде жинап алдым. Оны аша сала, 20 жазба қостым да, 3 аптадай кірмедім. Бір ай бойы парақшама жаңа жазба орнатпадым. Кейін есіме түсті, кірдім, 300 адам қосылған екен. Бірден қызығушылық пайда болып, тағы 2-3 жазба қосып қойдым. Қарасам, 500, 700 адам қосылыпты. Содан кейін күніне 5-6 жазбадан қосып отырдым. Адам саны 5000-ға жетті. Айналдырып-айналдырып, адам санын 20 мыңға жеткізуді мақсат еттім. Қазірде, топта 52 мың адам бар.

- Атауы неге осындай?

- Көп ойландым. Жай ғана «Қазақстан», «Жастар» деген атаулар адамдарды мезі қылды. Пафосты бір дүние жасағым келді. Басында «Мартини по-казахски» деп қояйын дедім. Сосын ойлап тұрсам, арақтың атауы болып кетті. Сөйтіп ойда-жоқта «За тебя, Бәке» деп өзгертіп жібердім.

- Топты сенен басқа тағы кім жүргізеді?

- Адам саны 15 мыңға жеткенге дейін өзім ғана админ болып, жүргізіп келдім. Кейін осындай үлкен топты жүргізуге қиынға соқты, «Comedy Kz»-тегі мықты резидент Әуез Әуезов қосылды. Сосын Астанадан Сабина Мұсалиева деген қызды қосып алдық. Сабина қыздардың талғамындағы ваниль сарындағы жазбалар жазады. Қазір топты 3 адам жүргізеді.

- «Бәкеде» көбінде не жазылады?

- Жастар тек жастардың тілін түсінеді. Патриоттыққа шақыратын, байсалды сөздер жастарға қызықсыз, жастар ондайды қабылдамайды. Мұны лайктардан-ақ көруге болады. Мысалы, біз көптеген топтар жазып жүрген: «Қазақтар, бірігейік, тату болайық» - десек, жастар қызығушылық білдірмейді. Ал керісінше: «Тек қана қазақтар Түркияға барғанда бір-бірін тауып алып, төбелесе алады» - деп жазсақ, олар ойлана бастайды, шынымен де, біз неге сүйтеміз деген сұраққа жауап іздей бастайды. Көп нәрселерді шын өмірден аламыз. Алматы өмірі, жастар өмірі, адамдарды қызықтыратын басқа да шынайы жағдайлардан статус жасаймыз. Өмірде не қызық болса, соны «Бәкеге» саламыз.

- Парақшаға жазылып жатқан адамдар қандай пікір айтады, ұсыныстарын білдіреді?

- Былай жасаңдар, олай жасаңдар деп, кеңестерін жазып отыратыңдар көп. Әркімнің пікірі әр қилы. Барлығына жағу мүмкін емес. Сосын өзін-өзі көрсетіп, жарнамалағысы келетін адамдар да жетерлік: өз фотоларын, статустарын қоюды өтінеді. Танымалдылықты қалайтындар өте жиі хабарласады. Ал «клип қойыңдаршы, дауыс беріңдерші» - деген спамдар мезі етті.

- Топта мыңдаған адам тіркелді, ақша табу, жарнама жасау мәселесін ойластырған жоқсыңдар ма?

- Жарнамамен айналысамыз. Сүйікті ісің пайда әкеліп отырса, жақсы емес пе? Күніне міндетті түрде жарнамаға байланысты 5-6 ұсыныстар келеді. Клубтарды, рэперлерді, концерттердің хабарламалары секілді ақпараттарды жарнама ретінде жариялаймыз. Қарағандылық “My soul” деген топпен жұмыс істеп келеміз, қазір “Mysterions” тобын алға жылжытудамыз. Жаңа шыққан әндерін үнемі қосып отырамыз. Бірақ осының бәрі достық, әріптестік деңгейінде. Мысалы, Ануар Нұрпейісов пен Сон Паскальдың «Englishmen in Shymkent» видеосы парақшамызда жариялану мақсатымен түсірілген. Топта оны айналдырып алғаннан соң ғана бөлек бейнебаяндарын түсірді. Сол жақсы жарнама болды.

- Топтың мақсаты не деп ойлайсың?

- Жастарды ұйымшылдыққа шақыру, олардың арасында қарым-қатынас орнатып, ортақ қызығушылықтарды табуға мүмкіндік беріп, бір топта жинау. Менің арманым - жазылушылардың санын 100 мыңға жеткізу. Халықтық бірлестік жасау. Біз, мысалы, салт-дәстүр, өлеңдер секілді дүниелерді дайын түрде көшіріп, қоя салмаймыз, жаңа нәрсе ойлап табамыз. Бірақ кейде жаңа идеялар да таусылып қалады.

Қазір желіде тобымызға ұқсас топтар көбейіп кетті. Ондағы «Бауырсақ, бешбармақ» жайлы әзілдер елді шаршатты. Оны өзіміз бастасақ та, қазір бұл әзілдердің дәурені өтті деп білеміз. Қазіргі принципіміз: сауатты, пафосты, патриотты жазбаларды жариялау.

Әңгімелескен: Айжан Кәрібаева

Фото: Игорь Заритовский

Еще по теме

«За тебя, Бәке» қазақ жастарын қалай жинап алды? - Yvision.kz