Медициналық сақтандыру қажет пе?

Мадина Омаркулова 2011 M12 14
6292
16
18
0

Медициналық сақтандыру дегеніміз не? Қазақстанда медициналық сақтандыру бар ма?Осы сұрақтарға жауап.

Батыс елдерінде кез-келген азаматта медициналық сақтандыру полисі болса, Қазақстанда ерікті медициналық сақтандыру дамымаған. Неге сақтандырудың осы түрі кенжелеп отыр? Медициналық сақтандырудың қандай түрі тиімді, ерікті сақтандыру немесе міндетті сақтандыру ма? Жалпы медициналық сақтандыру дегеніміз не? Қазақстанға міндетті медициналылық сақтандыруды енгізу туралы заң жобасы да қызу талқыға түскен еді.

Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, бір-бірінен ерекшеленетін негізгі 3 денсаулық сақтау жүйесін қарастыруға болады. Бұл толықтай мемлекет қаржыландыратын денсаулық сақтау жүйесі; міндетті сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асатын денсаулық сақтау; жеке яғни ақылы медициналық жүйе. Дамыған мемлекеттердің еш қайсында бұл жүйелер тәжірибе жүзінде таза күйінде жұмыс істемейді. Бір мемлекетте денсаулық сақтау жүйесінің 2 түрі де пайдаланып кете береді. АҚШ-та ерікті медициналық сақтандыру мен ақылы медициналық көмек ерекше дамыған. АҚШ-тық ден-саулық сақтау моделі басқа ешбір елде таза түрінде пайдаланылады деп айту қиынға соғады. Көптеген елдерде денсаулық сақтау саласын мемлекет қаржыландырса да, халық ерікті және жеке медициналық сақтандыру қолданады. Медициналық сақтандыру – денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады. Негізінде медициналық сақтандырудың 2 түрі бар. Бұл міндетті медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру. Міндетті медициналық сақтандыру медициналық жәрдемнің сапасын бақылауды қарастырады, оның мақсаты - міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасымен және медициналық жәрдемнің қолданыстағы стандарттарымен кепілденілген көлемде, сапада және шарттарда медициналық жәрдем алуға азаматтардың (сақтандырылған) құқықтарын қамтамасыз ету. Міндетті медициналық сақтандыру дамыған елдердің көпшілігінде бар және азаматтардың денсаулығын қорғауға арналған конституциялық құқығын іске асыруға бағытталған. Ал ерікті сақтандыру адамның қалауы бойынша ғана жүзеге асырылады.
Міндетті медициналық сақтандыру мәселесі жөнінде талай қызу пікір таластар да болған. Біреулер міндетті медициналық сақтандыруға қарса болса, біреулер қолдады. Қолдағандар қатарында Парламенттің төменгі палатасының депутаты Владимир Нехорошев те болған. Мәжіліс депутаты Владимир Нехорошев міндетті медициналық сақтандыру бізге керек екенін және сақтандырудың осы түрі медицина саласындағы қызмет көрсету мәдениетін көтереді деп те пікір білдіріп, әлемдік тәжірибеде міндетті медициналық сақтандыру жақсы нәтиже бергенін айт-қан болатын.
Қазақстанда 90-жылдары міндетті медициналық сақтандыруды жүзеге асыру жолдары да қарастырылып, осы мақсатта (ФОМС) Міндетті медициналық сақтандыру фонды құрылған. Алайда фондтың басшысы өзінің қызмет дәрежесін пайдаланып, фонд қаражатын жымқырып,шетел асып кеткені белгілі. Нәтижесінде міндетті медициналық сақтандыру фонды жұмысын тоқтатады, ал халық медициналық сақтандырусыз қалады. Әрине, осындай жағдайлардан кейін бүгінгі күні халықтың міндетті медициналық сақтандыруға күмәнмен қарауын түсінуге болады.
«Қазақстан медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге 2014-2015 жылдарға қарай дайын болады» деген пікірді Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов айтқан болатын. Оның пікіріне сүйенсек, сақтандырудың бұл түрі экономиканың тұрақты дамуына ықпал етеді. Алайда, сақтандыру медицинасы мен қазіргі қолданыстағы мемлекеттік-бюджеттік медицина арасында аса үлкен айырмашылық байқалмайды екен. Ұлыбритания тәжірибесіне сүйенсек, бюджетті модель халықтың барлық әлеуметтік топтарына қол жетімді, әрі оның қызметін бақылауға біршама жеңіл.
Міндетті медициналық сақтандыру Қазақстан үшін әлі ерте дегеннің өзінде, бұл жүйенің бізге керектігі байқалады. Мысалы, 2011 жылдың маусым айында міндетті медициналық сақтандыру туралы тағы да сөз болған еді. ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Зағипа Бәлиева бала денсаулығын міндетті медициналық сақтандырау мәселесін заңнамалық деңгейде шешуді ұсынды.
«Республикалық бюджет есебінен мамандандырылған медициналық көмек, сондай-ақ шетелде емделуді, талап ететін дертке шалдығып қалу жағдайына байланысты 18 жасқа дейінгі балаларды міндетті медициналық сақтандыру мәселесін заңнамалық деңгейде шешу қажет деп есептеймін», - деді З. Бәлиева Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың атына жолдаған сауалында.
Медициналық тұрғыда міндетті сақтандыру еліміздің ешбір заңнамасында қарастырылмаған. Түрлі сырқатқа шалдыққан бүлдіршіндер жан-жақтан көмек іздеп, халыққа алақан жаюға мәжбүр болып отыр. Шетелдерде ота жасалу тікелей мемлекеттік квота арқылы жүргізіледі. Квоталар сырқат балалардың біріне бұйырса, енді біріне жете бермейді. Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, жасы 14-тен асқан балалардың түрлі ауруға шалдығуы артып барады. Мәселен, дәл осы жастағы 100 мың баланың аурудың негізгі түрлеріне шалдығуы 2003 жылы 87,6 %-ға ұлғайса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 103,6%-ға артқан. Ауыр сырқатқа шалдыққан кей бүлдіршіндерге дәрі алу мәселесі қиындық тудырады. Оның үстіне қазір медициналық қызметтің де сан түрі шығып, біршама қымбаттағаны да құпия емес. Біздің елімізде бала тұрмақ, ересек адамдар медициналық сақтандырудан өтпейді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көптеген дамыған елдерде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі оңтайлы жолға қойылған. Мәселен, Германия, Франция, Голландия, Австрия, Бельгия, Швейцария сияқты европа елдерінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі қолданылады.
ЕРІКТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУДЫҢ КҮЙІ ҚАНДАЙ?
Біздің мемлекетіміз мемлекеттік бағдарламаның шегіндегі белгілі бір медициналық көмекті ғана қамтамасыз ететін қажетті мединалық көмек алуға кепілдік береді, бірақ ол біздің азаматтарымыздың тұтыныстарын үнемі қанағаттандыра бермейді. Қазіргі кезде көптеген сақтандыру ұйымдары ерікті сақтандыру қызметтерін ұсынып отыр, ол азаматтардың жеке тұтыныстарын есепке ала отырып қосымша медицинаалық қызметтердің мейлінше лайықты нұсқаларын қамтамасыз ете алады.
Қазақстандағы Сақтандыру нарығында ерікті медициналық сақтандыруға деген сұраныс төмен. Бар жоғы 2%-ды құрайды екен. Сақтандыру нарығындағы мамандардың ойынша бұл көрсеткіш 1-2 жылда өзгере қоймас. Ерікті медициналық сақтандыру міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне толықтыру болып табылады. Ол сақтық төлемақыларды, яғни медициналық қызмет көрсетуге жұмсалатын өтемді, жүзеге асыруды қарастыратын жеке басты сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып келеді. Сақтық полисінің құны қызметтердің ассортиментіне, емдеуге жататын сырқаттардың түріне, сақтандырылған ауруға қызмет көрсетілетін емдеу мекемелеріне байланысты болады. Ерікті медициналық сақтандырудың негізгі құндылығы қазіргі құрал-жабдықпен жарақталған және жоғары сыныптық мамандары бар клиникаларда сапалы медициналық жәрдем алу мүмкіндігі болып табылады. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай,ең дұрысы міндетті және ерікті медициналық сақтандырудың үйлесімі болып табылады. Мысалы, АҚШ-та «Медикор» жүйесі - егде адамдар үшін, «Медикэйд» жүйесі - кедейлер, жұмыссыздар мен мүгедектер үшін; ГФР-де - сыркатты сақтандыру. Медициналық сақтандырудың шетелдік жүйелері, әдеттегідей, өзін-өзі сақтандыру қағидатында (жұмыс берушілердің, жұмыскерлердің және мемлекеттің негізінен төменгі әкімшілік буынның қатысуы) жұмыс істейді және нысандары мен әдістерінің сан алуандығымен ерекшеленеді. Медициналық сақтық қорғаудың ұжымдық (сапалық), қоғамдық (мемлекеттік) және жеке (жекеше) жүйелері бар. Медициналық сақтандыру қорларына сақтық жарналарын төлеуде жұмыс берушілердің міндетті қатысуы заңнамада қарастырылған. Сақтық қорларын қалыптастыру, қызметтер көрсету сияқты, сақтаушылардың табыстарына, қор мекемесінің мәртебесіне, кейде сақтандырылғандардың жасына қарай сараптанған.
Ерікті медициналық сақтандыруды (ЕМС) дамыту Қазақстан Республикасының денсау-лық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында атап көрсетілгендей, денсаулық сақтау секторы үшін қосымша ресурстарды жұмылдырудағы және өз денсаулығы үшін жауапкершілікті арттырудағы бағыттардың бірі болып табылады. Біздің елімізде медициналық сақтандырудың ерікті түрін пайдаланады. Бірақ халықтың көпшілігі медициналық сақтандырудың не екенін біле бермейді. Халықтың санасында кеңес кезіндегі «медицина тегін» деген ой қалыптасып қалған. КСРО кезінде медициналық сақтандыру деген түсінік мүлдем болмаған. Қазақстанда ерікті медициналық сақтандыруға халық көңіл аудара бермейді немесе медициналық сақтандыру туралы мүлдем хабары жоқ. Халық медициналық сақтандыру полисін тек өзіне қажет болғанда ғана алады. Жалпы медициналық сақтандыру өте қажет. Бірақ оның қажеттігін халық түсіне бермейді немесе халықтың кейбір бөлігінің өз денсаулықтарын сақтандыруға жағдайы жетпеуі әбден мүмкін.
ҚОРЫТЫНДЫ
Медициналық сақтандырудың жұмыс істеуі медициналық қызмет көрсету саласынды нарықтық қатынас тудырады. Бұл өз кезегінде, медициналық қызмет көрсететін - медициналық мекемелердің, олардың қызметкерлерінің, жеке машықтанушы дәрігерлердің еңбегінің саны мен сапасына нақты баға беруге мүмкіндік тудырады. Басқа жағынан, науқастар емдеу-профилактикалық мекеме мен нақтылы дәрігерді таңдау құқығы пайда болады. Бұл міндетті медициналық сақтандыру қоры тарапынан емделушілердің мүддесін қорғаумен қосарланады: ол медициналық қызметтер көрсетудің сапасы мен көлеміне сараптық баға бере алады, емдеу нәтижелеріне кінәрат-талап таға алады, ал қажеттік кезінде емдеуші мекемеге немесе жеке машықтанушы дәрігерге экономикалық санкциялар қолдана алады. Жалпы алғанда, медициналық сақтандырудың дамуы қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді азайтып, жүйесіз жүрген істерді біршама жүйелеуге жол ашады. Бұл әлемдік тәжірибеде дәлелденген.
Қолданыстағы заңнамалық және нормативті-құқықтық база медициналық сақтандыруға тән заңнама емес, өйткені ол қаржылық бөлігіне, нарықтық жағдайды және тұтынушылар құқығын қорғауды қамтамасыз ету мәселелеріне шоғырланған.
90-жылдары қолға алынған алғашқы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі сәтсіз аяқталды. Сондықтан алдағы уақытта аталмыш жүйе сол алғашқы жүйенің кебін кие ме деген қорқыныш та бар. Осы орайда медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған жағдайда бұл жүйені талай уақыттан бері қолданып келе жатқан басқа елдердің озық тәжірибесіне сүйене отырып енгізген дұрыс. Ендігі кезде, медициналық сақтандыруға бөлінетін, жиналған қаржының қатаң бақылауда болуы міндетті. Науқастардың сұранысына орай қолжетімді болып, азаматтарымыз қай жерде жүрсе де міндетті медициналық сақтандырудың аясында медициналық көмекті ала алатындай болғаны жөн. Қандай сақтандыру жүйесін енгізсе де, бірінші орында қарапайым халықтың жағдайы ескерілуі керек. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен шетел азаматтарды міндетті медициналық сақтандырудың тетіктерін әзірлеу көзделген, бұл да саланы одан әрі дамыту үшін мүмкіндік туғызады. Денсаулық адам өміріндегі ең зор байлық. Бірақ адамдар оған сырқат бойын алып, мазалай бастаған кезде ғана назар аударады.

 

АНЫҚТАМА
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін дамыған елдердің барлығы дерлік пайдаланады. Ал ең алғашқы міндетті медициналық сақтандыру қашан және кімнің бастамасымен пайда болды.
Медициналық сақтандыру тарихы. Германияда Отто фон Бисмарк тұсында жұмысшы тапқа міндетті әлеуметтік сақтандыруды жүзеге асыратын құқықтық нормативтік актілерді жасау қолға алынады. Германияда 1871 жылы өндірісте жазатайым жағдайдан сақтандыратын әлеуметтік сақтандыру енгізіледі, 1880 жылы медициналық көмекті қаржыландыру жүзеге асырылып, 1883 жылы ауруға шалдыққан кезде жәрдемақы берілетін болды. 1883 жылы канцлер Отто Фон Бисмарктың бастамасымен Германияда міндетті медициналық сақтандыру туралы заң шығарылады. Бұл заң бойынша белгілі бір өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлер ауыру жағдайына сақтануға міндетті болған. Сақтандыру фондтары жұмысшылардың және олардың жұмыс берушілері міндетті төлемдері арқылы қаржыландырылатын. Әлеуметтік сақтандырудың осы түріне тарихта «Пруссиялық социализм» немесе «Бисмарк моделі» атау берілген. Кейін әлеуметтік сақтандырудың осы моделін басқа европа елдері де қолданысқа енгізеді. 1887 жылы Австрияда, 1898 жылы Францияда, 1894 жылы Норвегияда, 1900 жылы Жаңа Зеландияда, 1901 жылы Швецияда. Бисмарк үкіметінің денсаулық сақтау саласына байланысты қабылдаған бірнеше заңнамалары әлеуметткік сақтандырудың дамуына үлес қосты. Міндетті медициналық сақтандыруға неігзделген денсаулық сақтау жүйесін кейін «Бисмарктың денсаулық жүйесі» деп атап кеткен.

Оцените пост

18

Комментарии

0
Зейнақылық сақтандыру айлықтың 10%, медициналық сақтандыру айлықтың 15%, пәтер ақысы ең арзаны 40000тг, азық-түлікке айына 40000, етке 40000, т.б 40000, Ал айлық 60000тг
0
Сәлеметсіз бе, сіз өз шоттарын төлеуге немесе қаржы мәселені кез келген түрін шешу, мейірімділікпен электрондық пошта арқылы қазір маған хабарласыңыз не үшін қажет қарыз: johnlutherloanfirm1@outlook.com
і қарыз барлық түрлерін ұсынамыз.
рахмет
Показать комментарии