2022 ЖЫЛЫ «ЖЕР АМАНАТЫ» ПАРТИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ
«Жер аманаты» комиссиясының ықпалымен 2022 жылы Түркістан облысында 1034,8 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Жауапты мекемелердің мәлімдеуінше, жоспар 102,3 пайызға артығымен орындалды. Оның ішінде мақсатсыз пайдаланылған 412,2 мың гектар мемлекет менгшігіне қайтарылса, 622,6 мың гектар ірі жер пайдаланушылармен меморандум жасау арқылы жүзеге асқан. Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 330 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда.
Жер мәселесі әділ әрі заңды шешілуі тиіс. Осылай деген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев аталған комиссияның 2022 жылы атқарған жұмыстарын айқындау мақсатында жиын өткізді. Оған жауапты басқарма басшылары, комиссия мүшелері, партия қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
- Былтыр Түркістан облысы әкімдігінің осы салаға жауапты басқармалары, прокуратура өкілдері және комиссия мүшелерімен бірлесіп «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында нәтижелі жұмыстарды атқардық. Биыл да жоспарланған межеге жету үшін ұсыныстарды ескере отырып, жұмысты жандандырамыз, - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Мұнан соң, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Алтынбек Мырзаев баяндама жасады.
- 2022 жылы заңсыз табысталып, пайдаланбай жатқан жер учаскелерін мәжбүрлеп мемлекетке қайтару үшін сотқа 96 талап-арыз жолданды. Оның 45-і оң шешімін тауып, 4751,6 гектар жер мемлекетке меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп 521,7 мың гектар жайылым және егістік үшін шаруаларға үлестірілді. Жеке және заңды тұлғаларға қатысты 1200-ден астам арыз-шағым келіп түсіп, қаралу нәтижесімен 72 тексеру тағайындалған. Талдау қорытындысына сәйкес 604 өтініш оң шешілсе, 457-не түсіндірме берілген. Ал қалған талап-тілек құзырлы органдарға жолданып, қаралу үстінде. Бүгінгі таңда жергілікті әкімдіктер мен жер қатынастары бөлімдері жерлердің пайдаланылуына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, апта сайын департаментке ақпарат ұсынуда, - деді ол.
Сондай-ақ Алтынбек Әбдіқайымұлы аумақтарда заңсыз құрылыстар жүргізу, ауыл шаруашылығы жерлерінің шекараларын заңсыз қазып қоршау, жалған шешімдермен жер учаскелерін табыстау сынды проблемалық мәселелер толастамай тұрғанын атап өтті. Мәжілісте жобаға өзгерістер енгізу туралы мәселеге байланысты партиялық облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің баяндамасы тыңдалды.
Мәселелерді талқылай келе партияның аймақтық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, облыс прокурорының орынбасары Нұрғали Жомарт, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әшіров өз ұсыныстарын жеткізді.
Тарқатып айтқанда, аудан аралық мал қозғалысын реттеу, кейбір құрылыстардың заңдылығын анықтау, өндірістік кооператив жерлерін ортақ жайылымдық жерлермен ажыратып қарау, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру, әрбір арыз-талапқа сапалы жауап беру, комиссияның атқарып жатқан жұмыстарына ақпараттық-насихатты күшейту жөнінде шешімдер қабылданды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
#AMANAT
