Бөтен қар

Алия 2009 M09 17
1678
0
0
0

  Орхан Памуктың «Қар» атты романы Турцияның өзінде 2002 жылы басылды, бірақ шет елде, әсіресе англосаксон әлемінде көбірек сатылды. Төменде есімде қалған эпизодтар мен алған әсерлерімнен...

 

Орхан Памуктың «Қар» атты романы Турцияның өзінде 2002 жылы басылды, бірақ шет елде, әсіресе англосаксон әлемінде көбірек сатылды. Төменде есімде қалған эпизодтар мен алған әсерлерімнен үзінді.

 

Қар үнсіз; заңсыздыққа қарсы тұра алмаған қалашықтың тұрғындары секілді, театрда революция басталған кезде үнсіз отырған көрермен секілді, бастарына орамал таққан асылып өлген қыздар секілді қар да үнсіз.

Автордың театрдағы эпизодты суреттеуі - қала тұрғындарының үрейін, мұңын көрсетіп, сахнадағы қойылымды олардың әрекеттерімен байланыстырған сияқты болады. Спектакльдің мизансценасы өте күрделі, себебі әртістер сахнада да, сахнаның әр жағында да орналасқан. Спектакль - бұл Карс тұрғындарының әрекетсіздігі мен шарасыздығына бағытталған гротеск, оларға салынған карикатура. Қиын өмір театр сахнасынан келемежделеніп, көтерілістің басталуын өршелендіреді.

Театр қойылымынан журналистикаға көшейік; қала газетінің бас редакторы басылымда әлі болмаған оқиғаларды жариялайды, болжамдап емес, өткен шақта, дәл факт ретінде. Газетте жарияланған осындай оқиғалар көп ұзамай расында да басылым бетінен өмірге көшеді. Бұл сөздің құдіреті әлде мистикалық түйісулер ме - белгісіз. Журналистикаға қатысты тағы бір мәселені осы цитатадан көруге болады: «Түрік газеттері халықтың кедейшілігі мен азаптарына европалықтар қызықпағанша, немқұрайлы қарайды». Бұндай үрдіс тек Түркияға ғана қатысты емес секілді.

Жалпы, роман күрделі, дін - саясат пен саясат - дін арасында болып жатқан әрекеттер, тартыстар, жалған атеизм, суицид проблемасы да талқыланады, махаббатқа да орын бар. Автор өз кейіпкерлеріне соншалықты жақын болғандықтан ба, әйтеуір шығармада ақыры олармен бірге жүздеседі. Ал өзіме барлық кейіпкерлер бөтен көрінді. Мен оларды түсінбей қойдым, Карс көшелерінде жауып тұрған қарды олармен бірге тамашалай алмадым. Бірақ бұны, әрине, автордың кінәсі деп түсінбеу керек.

Басты кейіпкер Ка роман барысында 20 шақты өлең жазса да, оқырманды тек олардың фабуласымен ғана таныстырады. Негізінде, поэзияның өкілі жайында жазылған роман метафоралық мағынада да «поэтикалық» деген атауға жетпейді. Мүмкін, оған аударма кінәлі.

Қар үнсіз, ал үнсіздік жалғыздықпен бір қатарда...

Оцените пост

-9