Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
03:34, 02 октября 2011

"СҰЛУЛЫҚ" СИНДРОМЫ

Елдегі адамдардың «корей қыздары қалай екен?» деген сауалы мені талай тосылдырып тастаған. Ер адамдар болса бір сәрі, әйелдер қауымы да осы сауалды айналып өте алмайтыны қызық көрінді маған. Ол бір жағынан түсінікті де. Қазақстанда корей сериалдарының ықпал-әсері өте жоғары болғандықтан ондағы сайдың тасындай іріктелген сұлу-сылқым актрисалар белгілі бір деңгейде бүкіл бір ұлттың «сұлулығы» туралы түсінік-пайым қалыптастыратыны анық.

«Бір анадан ала да туады, құла да туады» демекші, өз басым сұлулық критерийін бүкіл бір ұлтқа телігенді жөн деп санамаймын. Менің жоғарыдағы сауалға тосылып қалатын себебім, 10 миллионнан астам халқы бар Сеулдей ірі шаһарда көркіне көз сүрінетін, қуыршақтай қылтиған сұлу қыздарды кездестірмеу мүмкін бе? Мүмкін емес. Бірақ бұл бүкіл корей қыздарына берілетін ортақ баға деуге тағы келмейді.

Менің бір байқағаным, бұл жақта қыздар беттерін бес батпан қылып баттастырып опа-далап жаққанды жақсы көреді. Содан да беттері айнадай тегіс, қағаздай аппақ, сүйріктей сүйкімді көрінеді. Бірақ жергілікті қыздардың көпшілігі өздерін көріксіздер қатарына қосатыны туралы ақпарат мені таңғалдырмай қоймады. Азиялық жіпсиген көздер ұсқынсыздықтың ең басты себебі деп санайды мұндағы қыздар. Еуропалық пішіндегі тостағандай төңкерілген көздер қай-қай қыздың да арманы десе болғандай. Америка мен Батысқа еліктеп-солықтаудың шарықтау шегіне жеткені сондай, бүгінде көздеріне пластикалық ота жасап, жанарларын үлкейту үдерісі кең етек алып отыр. Тек қана көз емес, мұрынды үлкейту, бет пішінін өзгерту де үлкен сұранысқа ие.

Бүгінде пластикалық отаның астанасына айналып отырған Сеулдің санауға жағың жаңылатын клиникаларының тек біреуінде күніне жүз операциядан жасалады екен. Корей қыздарының сұлулыққа қаншалықты мән беретінін және бұл құбылыстың барған сайын қандай қарқынмен белең алып бара жатқанын осы мысалдан-ақ көруге болады. Табиғатпен келмеген мұндай сұлулық кез келген ортада өзін сенімді ұстауға, жалақысы жоғары жақсы жұмыс табуға және өз қиялындағы сүйікті жігітіне жолығуға септігін тигізеді деп ойлайды корей-қарындастар. «Кореяда сұлулық өте үлкен маңызға ие»,-дейді олар. Онысы рас, белгілі бір компанияға қызметке тұрғың келсе, біліміңнен бөлек сыртқы түр-келбетің түңілдірмейтіндей болғаны дұрыс. Сол себепті де сұлулыққа салынған инвестицияның кейін бірнеше есе қайтарымы болатынына сенеді.

Айтпақшы, суицид бойынша Корея әлем елдерінің арасында ең алдыңғы қатарлардың бірінде тұр. Бұған белгілі бір деңгейде тумысынан өзін қораш, қоғамға керексіз сезінетін жастардың өз өмірін өлімге байлайтыны себеп болып отырғаны анық.

Blog post image

АНЫҚТАМА ҮШІН:

Көзге пластикалық ота жасау шамамен 5-6 мың АҚШ доллары тұрады.

Операция 20 минутқа ұласатын көрінеді.

Рауан СӘБИТҰЛЫ

0
505
0