Жақсы болсын жұбайың
Жақсы болсын жұбайың.
Ырысы қалың жігіттің қатыны - шаруа, томпаңдап
Жаман қатын көп ұйықтар, оятсаң - араз, қоңқаңдап.
Көргенді жерден қыз алсаң, атыңды ерттер жүгендеп,
Далаға жүрер уақытта, керектісін түгендеп,
Түнде көрсең - күндіздей, көңілің құшақ сүйеңдеп,
Көрсетеді көзіңе былтырғы берген инең деп
Құрала берер дүниең көп,
Билікті салсаң соған сал.
Бір сөз айтпа бұл нең деп,
Жаман болса қатының,
Ұқсайды тілі шешекке,
Ызаға толар қос өкпе,
Бір жұмысты қылғанша,
Жолықтырар кесекке,
Жамбасың үйір боп кетер
Жатқанда қатты төсекке
Қаншама жақсы сөз айтсаң
Алмайды оны есепке
Арманда өтер өмірің
Артылғандай есекке
Майлықожа Сұлтанқожаұлы