Абайдың қара сөздері. Жиырма бірінші қара сөз
Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы - қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік - адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді - осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез - ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып…