ЕРКЕК БОП ТУСАМ... (Сықақ өлең)
Еркек боп неге тумадым екен осы мен? Жүрер ем бейқам, көңілдің ғана хошымен. Қалаған кезде ащы суменен достасып, Табысар едім темекі деген досымен. Қыдырар едім, алаңсыз күні-түнімен, Көшені кезіп, танысып қыздың түрімен. Ұнамай қалса, алғашқы түннен кейін - ақ, Лақтырып кетіп, жүрер ем басқа бірімен. Бетінде жердің қыз көп қой, неден сасамын? Табылмай жатса, агентімді ашамын. Басы бос қызға достық хат жолдап, содан соң, "Сүйемін, жаным, сені" деп тамыр басамын. Құлақтан теуіп, сиқырлап алып сөзбенен, Мақсатқа жетіп тынамын ақыр көздеген. Бұл өмір бізге бір ғана рет берілген, Сондықтан, алға жүзсін деп тіле өз кемең... ...Осылай жасап жүрер ме ем еркек болғанда? Жо-жоқ, достым, орын жоқ маған ол маңда! Еркек боп тусам - түп-түзу жолмен жүрер ем, Əй, бірақ, қыз боп құлпырған жақсы одан да!…