«ЗНКААРК» РММ жетістіктері мен міндеттері»
Бүгінгі күні Қазақстанның арнайы кітапханалар ісін алға бастаушы деңгейіндегі ХХІ ғасырдың заманауи Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасы 1971 жылы шағын кітапханадан бастау алып, осы уақыт аралығында ұзақ даму кезеңін өткерді. Ашылған жылдары кітапхана штатын 18 қызметкер құраған. 18,5 мың дана кітап қорымен 1300 оқырманға кітапханалық қызмет көрсеткен. Сәл ілгерірек республиканың түкпір-түкпірінде арнайы кітапханалар ашыла бастаған болатын.
Бүгінгі таңда Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасы республикамыздың өңірлеріндегі, жалпы саны 16 - облыстық, қалалық арнайы кітапханалар мен орталықтандырылған әмбебап кітапханалардағы зағип жандарға арналған арнайы бөлімдердің әдістемелік орталығы болып табылады.
Кітапханада 8 бөлім, 7 кітапханалық пункт, үйде қызмет көрсететін және кітапханааралық абонементтер бар. Үйде қызмет көрсететін оқырмадар саны - 45. Олар, тек көз мүгедектері емес, басқа да санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Кітапханада дәстүрлі бөлімдерден басқа, «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шағын тиражбен шығаратын баспа бөлімі, зағиптарды арнаулы компьютерлік бағдарламалар көмегімен оқытуға арналған электронды зал жұмыс істейді. Курс тыңдаушылары зағип студенттер, жұмыс табудан үміткер жастар және түрлі саладағы зағип мамандар, зағип жастар ата-аналары, отбасы мүшелері. Сонымен қатар, пайдаланушылардың барлығының Интернетпен жұмыс істеуіне, электронды сайттарды ашып, ақпарат ағынымен ақысыз танысуына мүмкіндіктер бар.
Бүгінгі күні кітапханада 251713 кітап қоры бар. Оның ішінде Брайль қаріпіндегі кітаптар саны - 56722, данасы сөйлейтін кітаптар - 101851, жайпақ баспа қаріпіндегі әдебиеттер - 63284, күйтабақ - 5007, диафильмдер саны – 720 және 768 бедерлі-графикалық құралдар оқырмандардың күнделікті игілігіне айналуда.
Кітапхананың жұмыс жоспарына сәйкес 425 іс-шара, 22 кітап көрмесі өткізілді. Оқырмандар саны – 1575; оның ішінде 794 көзі көрмейтін оқырмандар; келушілер саны – 17741 құрайды, кітап берілімі – 66586.
Жыл сайын «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімі кітапхана қорын толықтыру үшін оннан аса Брайль кітаптарын, соның ішінде "Мемлекет басшысының Жолдауы", "Үкімет Қаулысы" және т.б. жедел сипаттағы материалдарды шығарады. Сондай-ақ, оқырман сұранысындағы 20-ға жуық кітапты дыбыстандырып, МР3 форматында шығарады.
Кітапханадан ресми түрде БАҚ органдарында тіркелген екі газет:
1) екі нұсқада: жайпақ және Брайль қаріпінде "РБНСГ-Вести" газеті;
2) "Менің жолым" - "Мой путь" дыбыстандырылған газеті шығарылады.
Биылғы жылы Кітапханамыздың құрылғанына 50 жыл толды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген Кітапхана мерейтойына орайластырып бірқатар ауқымды шаралар өткізілді. Атап айтсам:
- Т.Қ. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының арнайы маманының көмегімен «50 жылдық ғұмыры бар Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» тақырыбында деректі фильмі түсірілді;
- «Тәуелсіздікке 30 жыл: «ЗНКААРК» РММ және аймақтағы арнайы кітапханалардың даму жолдары» тақырыбында ҚР арнайы кітапханалары Жас кітапханашыларының III Слеті;
- «Арнайы кітапханалардың дамуындағы жаңа үрдістер» тақырыбында Халықаралық онлайн конференция;
- Назарбаев Университетінің (НУ) көмекші технологиялар мен ақпараттық қолжетімділік жөніндегі сарапшы менеджері - Зият Әбдіқайымовтың қатысуымен «Ақпараттық қоғам және мүмкіндігі шектеулі азаматтар: халықаралық құқықта, заңнамада және тәжірибеде интернет-контенттің қолжетімділігі» халықаралық онлайн вебинары;
- Жамбыл облысы, Мерке шипажайында, офлайн форматта «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» тақырыбында республикалық сұқбат алаңы өтті. Шараға республикадағы арнайы кітапхана басшылары мен қызметкерлері қатысты.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» жобасы жыл басында қолға алынып, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана өңірдегі арнайы кітапханалар басшыларымен келісе отырып, акция барысындағы кітаптарды өзара бөліп алып, зағип жандарға қолжетімді нүктелі-бедерлі Брайль қаріпінде (БНҚ) және MP3 аудионұсқада басып шығарылды. Қолжетімді нұсқада өңделген кітаптардың «word» нұсқасымен өзара бөлісіп, жыл аяғында арнайы кітапханалардың кітап қоры 30 кітапқа толығады деген сенімдеміз.
Осылайша, зағип оқырмандарымызға қолжетімді форматтағы кітаптарды әр кітапхана мүмкіндігінше шығарып жатыр. Бірақ, бұл кітаптар бір баспадан шықпаған соң, әрқайсысының форматы, өлшемі әрқалай. Зағип жандар үшін негізгі сауаттылық көзі – нүктелі-бедерлі қаріптегі әдебиеттер. Адам ақпараттың 90% көзбен көру нәтижесінде қабылдайды. Зағип жанда мұндай мүмкіндік жоқ! Әрбір адамның өмірге көзқарас қалыптастыруы, өз орнын табуы, мамандық алуы және т.б. қажеттіліктерін қанағаттандыруы үшін заман талабына сай өздерін дамыту қажет. Мүның бәрі көп оқуды талап етеді. Әйтсе де, көз жанарынан айрылып, айналасындағы әлемді саусақ үшымен танитын ерекше зағип жандардың көңіліне демеу болатын Брайль жүйесіндегі кітаптар өкінішке орай, өте тапшы.
Әсіресе, сауаттылығын бедерлі-нүктелі қаріптегі кітаптар арқылы жетілдіретін балаларға арналған кітаптар жоқтың қасы. Елімізде, Брайль жұйесіндегі кітаптар, әсіресе, қазақ тіліндегі әдебиеттер жоқ болғандықтан, зағип жандарға арналған арнайы кітапханаларда оқырмандардың сұраныстарын өз деңгейінде қанағаттандыру мүмкін болмай отыр.
Қазіргі таңда орыс тілінде Брайль жұйесіндегі кітаптар ресейлік «ЧУ ИПО Чтенне ВОС», «Логос» жэне «МИПО Репро» баспаханаларынан қымбат бағада сатып алынуда. Еліміздегі зағиптарга арналган арнайы кітапханаларда көру қабілеті нашар адамдар үшін ақпарат ресурстарына, ең алдымен оқу материалдары мен ақпарат құралдарына, кәсіби қызметке қажетті құжаттарды және көркем әдебиетке кедергісіз және толық көлемде қол жеткізу үшін Брайль жұйесіндегі кітаптар шығаратын баспахана өте қажет. Кітапханада кеңес үкіметі уақытынан бері қолданылып келе жатқан Брайль жүйесіндегі кітаптардың әбден тозығы жеткен. Кезінде Алматы қаласында Қазақ соқырлар қоғамына қарасты республикадағы барлық арнайы кітапханалардың қорын Брайль қаріпіндегі әдебиеттермен толықтырып отыратын үлкен типография жұмыс істеген. Кейін белгісіз себептермен жабылып, кітап басылымы тоқтатылған.
Қазір, Алматы қаласындағы республикалық, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс, Батыс Қазақстан облыстық, Шымкент, Семей қалалық арнайы кітапханаларында, өз өңіріндегі оқырмандардың ғана сұраныстарын қанағаттандыратын баспа бөлімдері жұмыс істейді.
Осы мәселелерді көтеріп, толыққанды баспахана ашу үшін, бірнеше арнайы құрылғылар мен осы салада қызмет істейтін мамандар қажеттігін көрсетіп жазған хатымыз ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолдау тапты. Баспахана ашудағы жоспарымыз ҚР Мәдениет және спорт министрлінінің қолдауымен 2022 жылы жүзеге асады деген сенімдеміз.
Бүгінгі таңда Кітапханаға нүктелі-бедерлі қаріпте басып шығаратын екі Index BrailleBox V5 Брайль принтерлері сатып алынды.
Осы бағытта ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен, кітапхана қызметкерлері Брайль қарпімен шығарылатын кітаптар баспаханасының қызметін зерделеп, тәжірибе жинақтау мақсатында Ресей Федерациясының Мәскеу қаласы мен Өзбекстанның Ташкент қаласына іссапармен барып қайтты.
Осы іссапар барысында Өзбекстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты зағип азаматтарға арналған республикалық орталық кітапханасымен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Кітапханааралық қарым-қатынас бүгінгі күні заманауи кітапхананың дамуын анықтаушы факторлардың бірі. Өзбекстаннан басқа Новосібір, Москва, Башкортстан, Кузбас, Якутия, Татарстан, Қырғызстан елдеріндегі арнайы кітапханаларымен ынтымақтастық орнатып, бірлесіп шаралар атқарылуда.
«Нұр Отан» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының «Баршаға тең мүмкіндік» деп аталатын 1 бөлімінің 6-тармағында «2025 жылға қарай мүгедектігі бар адамдар 100% қажетті техникалық құралдармен және бейімдеу қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Біз зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапхана қорын, оның ішінде қазақ тіліндегі әдебиеттерді көбейтеміз, мемлекет тіліне онлайн-аудару үшін арнайы бағдарламаларды қолжетімді етеміз» делінген. Кітапханада осы бағдарлама бағыты бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Ел рухы» атты II бағытында «Зағип және нашар көретін азаматтраға арналған кітапханала қорын ұлғайту, оның ішінде мемлекеттік тілде» көрсеткіші қарастырылған.
Соның ішінде еліміздегі зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапханалар қорын, соның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттерді жыл сайын 2%-ға ұлғайтуды көздейді. Бұл көрсеткіш Нұр-Отан партиясының сайлауалды бағдарламасының 95-тармағында белгіленген.
Кітапхананың толыққанды жұмыс істеуі үшін кітапхана қорын арнайы басылым түрлерімен және жайпақ баспа әдебиеттерімен толықтыру қажет. Кітапхана қорын толықтыруға өтінімдерді ресімдеу кезінде мемлекеттік тілде жайпақ баспа әдебиетін шығаратын қазақстандық баспалармен және зағип және нашар көретін азаматтарға арналған басылымдардың арнайы түрлерін шығаратын ресей баспаларымен келіссөздер жүргізілді.
Болашақта Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана әлемдік ақпарат кеңістігінде өз орнын табады деп сенемін.
Асхат Байузаков,
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған
республикалық кітапхана директоры
