Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Өзім айтам өз жайымды...

Негізі, мен әртүрлі платформаларға тіркелгенде "өзің туралы" деген ұяшықты толтыруды жек көремін. Тез-тез қысқа-нұсқа сөйлемді "тық" еткізіп қойып жібергім келіп тұрады. Неге екенін қайдам, дәл осы күнге дейін ол жайында ойланбаппын да. Мүмкін өзімнің кім екенімді білмейтін болармын...Осыған байланысты, өткен қыста ұстазымыз дәріс барысында өсиет әңгіме айтып берген еді.

Америкадағы Кеннеди әуежайында бір тілші өткен-кеткен туристерден "Өмірдегі ең жиіркенішті не?" деген сұрақ қойып, сауалнама жүргізіпті. Адамдар оған сан қилы жауап қатады: соғыс, кедейшілік, аурулар, сатқындық. Осы кезде журналистің көзіне тақуаларша киінген адам ілігіп, журналист сұрақ қойғанымен, тақуа жауап бермей, журналистің өзіне қарсы сауал қояды:

-Сіз кімсіз?

-Мен-Джон Смитпін,- деп жауап береді тілші.

-Бұл сіздің есіміңіз, ал СІЗ кімсіз?

-Мен "бәленше" компаниясның тілшісімін.

-Жоқ, бұл сіздің мамандығыңыз. Сіз өзіңіз кімсіз?

-Мен-адаммын!-деп ызалана жауап қатады Смит.

-Жоқ. Бұл сіздің биологиялық түріңіз...

Тек сонда ғана тілші тақуаның нені меңзеп тұрғанын түсініп, айтарға сөз таба алмайды. Тақуа оған: Сіздің сұрағыңызға жауап осы, Смит. Дүниедегі ең жиіркенішті - өзіңнің кім екеніңді білмеу"-деген шешім айтыпты.

Өте әсерлі әңгіме ғой, иә? Иә болса, басыңды бір изеп қой ;)

Әрине, мен өзімнен жиіркенуден аулақпын. Керісінше, мен өзімді еркін адам санаймын. Оскар Уайльдің керемет бір сөзі бар: "Определить, значит ограничить". Яғни, сен өзіңнің маңдайыңа "бәленше-түгеншемін" деп қызыл сиямен анық, баттастырып жазғанға дейін сен еркінсің, сенің қадамың бақыланбайды, сенің іс-әрекетің шектелмейді. Мұқият оқырман менің жеке парақшамдағы "БАҚ" деген жазуды көрген болар және дәл қазір "ол-журналист қой, не деп көкіп отыр" деп ойлайтыны анық. Мен бұл мамандықты әдейі таңдадым. Ол - тессеракт сияқты жан-жақты. Ол - үлкен қырықаяққа ұқсайды. (оталып кетпей, әрі қарай оқыңыз) Ол сенің көзіңе көрінбесе де, ол сенің үйіңнің қабырғасында, ол үйдің іргетасында. Үй-мемлекет. Қырықаяқтың аяқтары көп. Аяқтары - бағыттары. Ол сенің қараңғыда не істейтініңді біледі. Ол әшкерелейді. Ол әртүрлі жиіркенішті тарақандарды құртады, ауру тарататын шыбын-шіркейді улап өлтіреді. Бірақ ол ешқашан адамға, адамның үйіндегі жиһазға зиян келтірмейді. Бұл-бір.

Сан мың кәсіп ішінде Журналистика ханымның шығармашылығында "Ар-ождан" шектеуінен басқа шектеу жоқ. Мен арды құрметтеймін. Ар-астан да биік. Бұл-екі.

Өзімді азатпын деймін. Кей кезде мен өзінің әр қадамын қадағалап жазып, ертеңге қатал күн тәртібін орнататын қатарластарыма қызығамын. Олар тиянақты. Мен бүгінгі кешкі асқа не жетейтінімді білсем бұйырмасын, олар өмірден не қалайтынын біледі. Бірақ, олардың болашаққа деген жоспарларын тыңдағанда жауыр болған сөздерді естимін де, бірден қызығуды қоямын. Олар үлкен коттеджде дәулетті тұрғысы келеді, үйленетін жігітінің мәшинесі болғанын қалайды (приора емес, әрине), күнделікті кездескен сайын ғашығы оларға гүл әкеліп тұрғанын қалайды, күн сайын жаңа мейрамханаға барғысы келеді, теледидардан ақшаңқан күлкісімен хабар жүргізіп, көрерменнің көз жауын алғысы келеді, жеке студиясын ашқысы келеді... Расында, мұның барлығы өмір сүруге хақысы бар дүниелер, кім қалай өмір сүргісі келсе де өз еркі, бірақ фантазияның жетіспеушілігі шаршатты. Осылардың біреуі болсын, мен Стамбулдың/Телчтың/Торонтоның шағын бір ауданында өзімнің ақшылсары үйімде сотбасымда өмір кешсем, екі жүз метр қашықтықта кішкентай кілем шеберханам болса, немесе Лос-Анджелестің аспанға жететін ғимараттарының біріндегі 127 қабаттан терезесінің биіктігі 4 метр болатын панорамалы пәтерде жұбайыммен тұрсам, немесе төрт пар кроссовкиді иық сөмкеге салып ап, түгел континенттерді араласам, әрқайсының ақшаларын жинап, коллекция жасасам деген дүниелерді айтпайды ғой, шіркін! Окей, зэтс нот май бизинесс.

Түсінгенім, фантазия жоқтығы-бір нәрсе, арманның жоқтығы -бір нәрсе екен.  Фантазия маған кішкентайымда астымызға қызыл көрпе төсеп қойып, әңгімелер айтатын апамнан келді.( Апа, саған бір сәлем, алтыным!). Фантазия маған Толкинмен, Джоан Роулинг пен Роальд Дальден келді. Бірақ фантазия жетпей қалатын кездерде болады, мен сол   кезде өзімнің оқыған кітаптарымдағы әр кейіпкерден кешірім сұраймын. Көкжиегімнің тарлығына ұяламын. Кейде, өзімді таппағаным    фантазиямның тым тар немесе тіпті, тым кең болып, адасып қалғанымнан болар деп қорқамын. Мен әр адамның бұл дүниеге қандай  да бір миссиямен келеді дегенге сенемін және әлемге өзімнің пайдамды  тигізгім келеді. Соның жолдарын іздеуде жүргенім де рас. Мен туғанда менің инструкцияма не жазылды екен? Мүмкін, мен адамды құтқарып    қалармын, мүмкін кітап жазармын, мүмкін биожанармай ойлап табармын, мүмкін ғарышқа ұшармын, мүмкін зомби апокалипсиске себепкер болармын. Бір жағынан әлемдік проблемаларды шешуді өзіңді  қоршаған адамдарыңа көмектесуден бастау керек деп, жан-жағыма мұқият қарайлауға тырысатыным тағы бар...Дей тұрғанмен, өзіңді әлем мен әлемдегі сан түрлі тағдырларды тануға арнауға болады екен. Бұл бір жақсы идея болды-ау шамасы.

Өзімді біраз білгені бар адам дейін десем, білмейтінім гугол саны болып шықты.

Сонымен, қазір менің қалтамда - әлі толмаған он тоғыз жас өмір, бір пәшкі өмір туралы толғамдарым, бір метр шашым, бір жетпіс бір бойым мен ерекше есімім ғана бар. Өзімнің кім екендігім әлі де белгісіз.

0
0
782

Осы тақырып бойынша

Өзім айтам өз жайымды... - Yvision.kz