ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
0

Жылдың басты бәсекесі

 

Кеше «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының ұйымдастыруымен 30 маусым күні Астанада қазақ күресінен Елбасы Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің финалдық кездесуіне байланысты жиын өтті.

Кездесуде Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов биыл осымен үшінші жыл қатарынан елімізде «Қазақстан барысы» жобасының жүзеге асып, қазірде оның қарқыны күшейіп, көрермендер санының артып келе жатқанын, қазақ күресін насихаттауда және дамытуда аталған турнирдің мәні мен маңызын айтып, оның болашақта әлемдік деңгейдегі үлкен жобалардың бірі болатынына сенімін білдірді. Одан кейін мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақыт биылғы турнирге балуандардың дайындығы, төрт ай бойы еліміздің жер-жерінде өткен іріктеу жарыстары туралы кеңірек айтып берді.

 

Осы жерде ол биылғы финалдық белдесуге алдын ала келісілгендей, 33 балуан емес, 32 балуанның қатысатынын, Жамбыл облысынан финалға жолдама алған Дәулетхан Жақыповтың салмағының жетіспеуіне байланысты турнирді жалғастыра алмайтынын жеткізді. Сөйтіп, ол Жамбыл облысынан былтырғы «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев пен Айдос Теңгебаевтың қатысатынын айтты. Ал турнирдің бас демеушісі атынан Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың өкілі Айдар Махметов биылғы турнирде қалыптасқан дәстүр бойынша жеңімпаз бен жүлдегерлерге қомақты сыйақы берілетінін атап өтті. Соның ішінде ол жеңімпазға «Қазақстан барысы-2013» атағымен қоса «Алтын Белбеу», алтын «Тайтұяқ», автокөлік пен 150 мың доллар табыс етілетінін, биыл қор турнирге жалпы жүлде қоры 23 миллионнан астам теңге көлемінде демеушілік жасайтынын жеткізді.

 

Жиында осы турнирдің идеясы мен жоба­сы­ның авторы, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев турнирдің мәні мен маңызы, оның өз дәстүрін сақтап, халықтық жоба және еліміздің талантты да еңбекқор жастары үшін әлеуметтік лифт болып қала беретінін айтып, биылғы іріктеу сындарының жоғары деңгейде өткенінен хабардар етті.

 

– Биылғы турнирдің іріктеу сындарына 100 мыңнан астам балуан қатысып, 9 мыңнан астам жанкүйер, 2 миллионнан астам көрермен тамашалады. Осыдан-ақ «Қазақстан барысы» жобасының жыл сайын дамып, қанатының астына мыңдаған, миллиондаған жанкүйерлерді жинап жатқанын көруге болады. Қазіргі күні турнир нағыз бұқаралық сипат алып, халыққа ең жақын жарысқа айналды, – деді ол.

 

Осыдан кейін ол биылғы финалдық белдесулерді ақпараттық жағынан насихаттау мәселесіне тоқталып, турнирдің тікелей көрсетілімін «Қазақстан» ұлттық арнасы мен КТК және шетелдіктер үшін ресейлік «Боец» және грузиялық «GMG» телеарналары көрсететінін, ресейлік арнада біздің екі отандасымыздың комментатор болатынын, ал, ұлттық арнада комментаторлық жұмыстың біреуін былтырғы күміс жүлдегер Шалқар Жоламанов жасайтынын атап өтті. Сонымен бірге, ол сапалы тікелей эфир үшін түсіру техникасының соңғы үлгідегі жабдықтары қолданылып, «Еуроспорт» үшін әлем және Еуропа чемпионаттарын түсіретін мәскеулік кәсіби түсірілім тобы жұмыс істейтінін айтты.

 

Кездесуде А.Шораев «Қазақстан барысы» қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен нақыштарын көрсетіп қана қоймай, шетелдік қонақтарға еліміздің дәстүрлері мен өмір салтымен танысуға ерекше мүмкіндік беретін жоба екеніне, биылғы додаға танымал спортшылармен қатар, сумоның 25 мәрте чемпионы Асасеру Акинори, моңғолдың екі дүркін чемпионы Сумибазардың да келетінін жеткізді.