Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жылаған ата

Тәуелсіздіктің тойынан сыбағалата,

Өзіңе барам жақында, Жылаған ата!

Ғұсылымды алып, Аллаға сиынып, сенен,

Алып кетейін оқыған дұғама бата.

Қожыр да қожыр тасты жол, бұралаң белді,

Көрсем ғой деймін көзіммен жылаған жерді.

Кереметтерін Қаратау тамсана айтып,

Өзіңнен кеше елпілдеп бір ағам келді.

Төсінде жатқан Түркістан уәлиятының,

Аңызды мекен көп екен табиғаты - гүл.

Тарихын зерттеп болмады ғалымдар әлі,

Ұңғи алсам ғой сыр толған, дариға, түбін.

Зиарат ету дұрыс па, бұрыс па, білмен,

Жете алмай жүрмін шыңыңа тырысқаныммен.

Тар жол, тайғақ кешпекпін желтоқсанда осы,

Барып қайтайын ауаңмен тынысталып мен.

Армандап тауды қоямын күнара жата,

Бетонды қалада жүре күнаға бата,

Тәуелсіздіктің тойында демалыс берер,

Мен сонда саған бет алам, Жылаған ата!

Дәурен АЙМАНБЕТОВ

0
0
462

Осы тақырып бойынша

Жылаған ата - Yvision.kz