Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Жылқы ұстаудағы бір айлық тәжірибем

ЖЫЛҚЫНЫ ҚАЛАЙ ТАҢДАДЫМ?

Алты ай жылқы таңдаппын. Тіпті су төгілмес жорға бар деген соң мамырдағы демалыстарда Оралдан 600 шақырым Нарын құмына да барғам. Онымен жорғаның иесі үйірін таба алмай, кешке дейін күтіп, құр қайтқанмын. Бұйырмай тұр ғой. Жылқыны сұрастырып та, интернеттен де іздеп-іздеп, ақыры өз ағаларымнан алдым. Олар да бірге іздесіп шаршады-ау. Жөнді жылқы жолықпай жүргесін Ғарифолла ағам екі ұлымен ақылдасып, "саған осы Шағала қолайлы болар, атым бар деп ұялмай мініп жүр" деп ақ тұлпарын берді. Әрине, тегін алмаймын ғой. Өзіме де ұнап жүрген. Тек "құлын кезінен баптағасын қимайтын шығар" деп қолқа салуды жөн көрмегем. Қуанып кеттім. Арқыраған айғыр емес, алысып жүретін асау емес, жуастау, тұқымды, әдемі ат іздегем. Таңдауыма дөп келді.
Шағаланы құлын кезінен таңдап, тайынан баптай бастаған. Екіге шыққанда қолтығын жазып құнан бәйгелерге қосып көрген. Үйір қайыруға міністе болды. Ет алып, тез жетілуі үшін пішіп қоя берген. Биыл дөнен. Нағыз бәйгелерге бесті кезінде қосады екен. Шағаланы бәйгеге қосуды мақсат қылмадым, тек бабында ұстағым келеді. Ат жаратып көрмедім, үйренемін, бұйырса.
ҚАЛАЙ БАПТАП ЖҮРМІН?
Жаңа жерге келген соң ба, күтімін білмедім бе, алғашқыда жүдеп кетті. Қазір кешкі салқынмен көкорай шалғынға арқандап жайылады. Күндіз ауладағы теректердің саясында. Аунайтын құмы бар. Былай құрғақ шөп, жем жеп тұр. Таңмен және кешке салқын сумен суарамын. Кешке 10-15 шақырым аяңдатып, желдіріп, шауып аламын. Қатты қинамай, біртіндеп ащы тері алынуда. Осылай баптай берсе, көп терлемейтін күйге келеді дейді. Бұрынғы атбегілер терін саусақ ұшымен алып дәмін қараған. Мөлдір, дәмсіз күйге келгенде ащы тері шыққаны, бәйгеге дайын екенін білдірген. Сондай-ақ атбегілер аттың жаңа құмалағын қолына алып, қысып көргенде су шықпаса бабына келгені санаған. Қазір бұл тәсілдерді қолданатындардың бар-жоғын білмедім.
КҮТІМІ

Ақ ат - кіршең. Жуындырған кезде құйрық-жалы дымқылдай таралады. Кекілінен бастап шашасына дейін жылқы щеткамен тарап шығамын.
Шампуньмен жуындырамын. Кір сабын қолданатындар бар, оның қалдығы қалады. Түгі майланып, терлегенде көбіктенеді. Шомылдырып қойғаннан кейін үсті әбден кепкенше қаңтарып қоямын. Себебі аунағанды жақсы көреді. Ақ ат дымқыл жерге бір аунап тұрса болды, жуындырған еңбегім еш кеткені дей бер. Ал жуындыруға кемі 30-40 минут кетеді.
Тұяғын көкпаршы жігіттер алып берді. Оған тәжірибе қажет. Тұяқты көп алып жіберсе, ақсап қалады. Қалдырса қыры қатты жерде жарыла бастайды.
КЕРЕК-ЖАРАҒЫ
Күтім құралдары қымбат әрі табу қиын. Ат тарақ, щеткалар, тұяғын тазалайтын пышақ сатып алдым. Масадан қорғайтын спрейсіз, дәрілерсіз де қиын. Жарақат болса шыбын-шіркей қондырмай қорғаныш қабат түзетін Алюминиум-спрей керек. Айтылған ұсақ-түйектің бәрін қосқанда 10 мың теңгеден асады. Ал тұяғын алатын қысқаш - 30-35 мың, егеу - 10-15 мың теңге. Жақсы ер-тұрмандар 50 мың теңгеден басталады. Бұл айтылғандарды ала алмадым. Жүген 10-15 мың, ноқта 3-5 мың, шідер 3-7 мың теңге шамасында.
АЗЫҒЫ
Күніне 12 литрлік шелектің үштен біріндей арпа екі мезгіл бөліп беріледі. Арпа - жеңіл, жақсы азық. Қатты семіртпей, қара етін сақтап, күйін жақсартады. "Ақ бидай сүйегін босатып жібереді. Жемге аздап кебек қос" дейді атбегі Ақылбек Ишанов. Жем көп боп, қозғалысы аз болса, аттың аяғына жем түседі.
АЙЛЫҚ ШЫҒЫНЫ

Үш қап тартылған жем 1400 x 3=4200 теңге;
Бір рулон шөп - 3000 теңге.
ЖЫЛҚЫ! ҚАЛАДА!? НЕГЕ?..

Бір айдан бері ең көп еститінім осындай таңданыс. Ал достарым амандасқанда "Шағала қалай?" дейтін болды. Ат спортымен кәсіби айналысу немесе бәйгеге ат баптау мақсатым жоқ. Ата-баба дәстүрін дәріптеу, үйрену, атбегілікті зерттеу, тәжірибені таратып, қазақша контент (мақалалар, видео) жасау үшін жылқы алдым. Оның үстіне бұл офис қызметкерінің остеохондроз омыртқасына таптырмас ем, фитнессіз сергектік)). Қалада ат ұстау оңай емес. Алайда жылқы деген өзіндік қызығы бар бөлек әлем екен. Бағып-қағу, баптау - кәдімгідей ғылым. Бүгінгі қазақ осыны ұмытып барамыз...
Құрметпен, Нұрлыбек Рахманов,
Орал қаласы
4
0
8121

Осы тақырып бойынша

Жылқы ұстаудағы бір айлық тәжірибем - Yvision.kz