Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Журналистикаға қалай келдім?

Журналистикаға ерте қызықтым. Ол кезде қазіргідей журналистиканы оқыту керек/оқытпау керек деген талқылаулар жоқ. Журналист болу үшін өлең, әңгіме жазуың керек деген талаптар бар еді. (Негізі ол артықтау). Әдебиет пен журналистиканы шатастырмауымыз керек. 10-11 сыныпта ғайыптан тайып ақын немесе жазушы боп кетпейсің ғой… Сөйтіп, мен КазГУ-дың саясаттану мамандығына оқуға түстім.

Шағын естелік:
Оқуға түсе салысымен 1-курста Алматыны жаяу аралап кетеміз. Маған жаңа алаң, «Хабар» агенттігі жақ ерекше ұнайды. Сөйтіп жүргенде бір келіп тоқтады. Қарасақ, Айгүл Мукей түсіп келе жатыр. Дереу блоакнотымды алып автограф сұрадым және өмірі ұмытпайтын бір ақымақ сұрақ қойдым. «Апай, сіз нешедесіз?» дедім… Айгүл бетіме қарап, күліп жіберді.
— Ал, сен нешедесің?
-17демін.
— Онда мен сенен тура он жас үлкен екенмін…
Расында солай екен :)

Саясаттанудағы негізгі тақырып — мемлекеттік қызмет, саяси партия төңірегі, қоғамдық ұйымдар… Жоғары курстарда журналистикаға деген сезім қайта оянды да бір күні өзім жата жастана оқитын газеттерге анализ жасай бастадым. Былай қарасам түкте қиындығы жоқ сияқты. Сөйтіп, «жығылсаң нардан жығыл!» деп ең сүйекті басылым «Жас қазақ» апталығына барамын деп шештім. Бас редактор Талғат Ешенұлының есігін қаққаным да есімде. Алып барған мақаламды оқып алып, Тәкең Людовик XIV туралы әңгіме айтып кетті. Ұйып тыңдап отырмын. Әңгіменің соңында «сол сияқты» дей келе мақаланы іске алғыссыз етіп тастады. Осы жерден тоқтайын деп те шештім. Бірақ, Талғат аға тез шешім қабылдауыма мүмкіндік бермей, ертеңнен бастап кел, ниетің болса үйренесің деді. Бірінші қабаттан қайтып кеткем. Ертеңінде өзім бала күннен бір көру арман боп жүрген мықты журналистердің бәрін екінші қабаттан кездестіріп, іштей мәз болдым, үрейлендім. Енді ше, Жанарбек Әшімжан, Қасым Аманжолұлы, Есей Жеңісұлы, Сәкен Сыбанбай…



2007 жыл. Саяси тақырыпқа сол салмақты басылымда мені Талғат пен Қасым ағаларым баулыды. Білмегенімді үйретті. Штатқа алынбадым, бірақ 7 ай білгірлердің қасында жүрдім.


2008 жыл. Одан кейін даусың жақсы екен деп Қазақ радиосына кастингке шақырды, ертеңінде жұмысқа қабылдандым. Апам айтпақшы, сағат сайын өз атын өзі шақыратын әтеш құсап, тікелей эфирде жаңалықтар оқыдым. Спорт тақырыбында арнайы хабар жасадым. Ол жердегі ұстазым — Бақберген Табылдиев болды.

 

2009 жыл. «Алаш айнасы» күнделікті газетінің саясат бөліміне тілші болып қабылданып, шапшаңдыққа үйрендім. Серік Жанболат басқарған ұжым жанға жайлы болғаны сонша 3 жыл табан аудармай бір жерде ұзааақ жұмыс істедім. Газетте жүріп қосымша қазір өзім мазақ қылып жүрген СТВ арнасында 7 ай қарама-қайшы пікірдегі екі адам қатысатын дебат хабар жүргіздім.

 

2012. Астана
9-ақ ай өмір сүрген "Ұлт Times" деген апталық аштық. Сонда жүрдім.

2013-те Қазақ радиосы мен «Алаш айнасында» бір мезетте саяси шолушы болдым. Қыркүйек айында Aynaline.kz жастар сайтын басқаруға шақырды. Келістім. 2014 жылдың мамыр айына дейін Бас редактор болып, өз еркіммен ол жерден де кеттім. Дәл қазір www.saigez.kz деген жеке сайтым бар. Негізгі жұмысым сол.

Менің журналистикада жүріп келе жатқан жолым осындай. Кәсіби мереке қарсаңында еске алып, өзіме есеп беріп қояйын дедім. Журналистика факультетіне беттей алмағаныммен, шүкір, газет, телеарна, радио және интернет жобаларда жұмыс істеп көріппін. Өмір осынысымен де қызық, достар. Кімде қандай қызық бар, бөлісе отырыңыздар)

0
0
1502

Осы тақырып бойынша

Журналистикаға қалай келдім? - Yvision.kz