Журналистермен кездесуде елбасы не деді?
Елбасы журналистермен кездесуде шолақ шалбар мен қара киімнің қазаққа жат екенін жеткізді. Сақалын беліне түсіріп жүру мұсылмандықтың белгісі емес екенін айтты.
«Бұрын да айтқанмын, қазір де айтайын. Біздің қазақтың қыздары, жалпы әйел азаматтары еш уақытта бетін бүркемеген. Қыздарымыз бұрымдарын салбыратып, шолпыларын сыңғырлатып жүретін. Біздің аналарымыз батыр болған. Ерлерінің жанында жүріп соғысқан, қолына найза алған. Сондықтан сонша ғасырлық тарихымызды алып келіп, бүгін басқаша жолға түсеміз бе? Шалдардың шолтитып шалбар кигендерін қайдан көрдіңіздер? Сақалын беліне түсіріп жүру мұсылмандықтың кәдесі емес қой. Қай құранда жазылған? Бұл салтымызды бұзады. Мұнда тұрған қандай ерекшелік бар? Оған кім қызығады? Сондықтан ол біздікі емес. Мен бұл туралы бір рет айттым. Мен айтқаннан кейін орындататын адаммын. Сондықтан жастарға осылардан аулақ болыңдар деймін».Дүниеде неше түрлі діни ағымдар бар. Сирияда қақтығыстар болып жатыр. Олар әр жерден жастарды шақырды. Ақша төлеп, соғысқа бейімдеді. «Елдеріңе қайтып, лаңкестік жасаңдар» деп үйретіп жатыр. Бізден де барып жатқан адамдарды білемін. Ол жастар бұл жерде өз орнын таба алмаған, не жұмысқа орналаспаған, не білім алмаған. Ақша төлейміз дегенге алданып қалады да ол жаққа жанұясын да апарады. Сосын кете алмайды», - деді Елбасы.
