Журфактың жүзден жүйрігі (Кенжебек Дулатбекпен сұхбат)
Кенжебек Дулатбек - жас ақын, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі, қазіргі таңдағы магистранты. Қазақстан Республикасының "Алтын кітабы", "Жүз жаңа есімі" атты республикалық байқауларының жеңімпазы. Қазақстан дарынды жастарының "Алтын төсбелгісі - 2020", Қазақстан жастарының "Жүз жаңа есімі" төсбелгісінің иегері. Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі. Кербұлақ ауданы әкімінің "Жыл үздігі - 2021" жастар сыйлығының иегері. "Жырым сенсің, Кербұлақ", "Шабыт ақтаңгері" кітаптарының авторы.
- Журналистика жүрек қалауыңыз ба?
- Әр адам мейлінше өз таңдауымен санасып, жүрек қалаған армандарының төңірегінде жұмыс атқару керек. Мен таңдаған журналистика мамандығы да қажырлы қайрат, асқан білім мен жауапкершілікті талап етеді. Ес жиып, етек жинаған шақта таңдаулар мен талғам төңірегінде осы журналистика мамандығына ардақты абыз Асанәлі Әшімов атамыз бағдар берген болатын. «- балам, сен наныңды осы жақтан табасың» - деген бір ауыз сөзі өмірлік құндылығым мен ұстанымыма айналғандай. Атамыз бағдар беріп, жол сілтегеннен кейін қарашаңырақ ҚазҰУ – ға түсіп, осы күні магистратурада білім алып жатырмын.
-Ақындық өнер ата-тегіңізден дарыған ба?
-Ақындық өнер туған атам мен нағашы атамның бойында бар қасиет. Өз атам ойынан өлең құрастырып, нағашы атамның айтысатын қырлары бар. Бұл менің өлеңге деген шабытымды ашып, қиқуыма қиқу қостың.
-Жетістікке жетудегі құпияңыз қандай?
-Бұл жолдағы ең маңызды құндылық - табандылық. Айтқаннан қайтпау. Тәуекел жасау. Асыл дінімізде де адам мақсат тұтқанына міндетті түрде жетеді. Бұл жолда ең бастысы ниет. Алдыдан толассыз кедергілер, қапысыз қиындықтар шыққан шақта мойымау. Сол кезде ғана риясыз жетістік келеді және ол тұрақты болады.
-Журналистика мен ақындықты қалай ұштастырасыз?
-Екеуі бірдей толассыз ізденіс пен шалқар шабытты қажет етеді. Екеуіне бірдей қарау құндылығы бар.Аталған екі салада жетістікке жету үшін сол саланың көшінен қалмай, тиянақтылып танытып, халықтың игілігі үшін бағдарын бұрған абзал. Ал қу бастың қамын, қара қалтаның жайын ойлаған адам ақындықта да, журналистикада да белгілі бір межеге жете алмайды. Журналистика халық пен биліктің арасын жалғаған алтын көпір болса, ақындық өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын алтын көпір.
-Замандастарыңыздың арасында сіз үлгі тұтатын үздік азаматтар бар ма?
-Иә, әрине. Олар өздерінің мықтылығымен көзге түскен жандар ғой. Менің замандастарым өте мықты. Біздің замандастардың толқыны ерекше. Мен солардың кенжесіндеймін. Барлығын құрметтеймін, әр қайсынан жеке-жеке үлгі аламын. Біз бір-бірімізді құрметтеу арқылы құрметке ие боп келеміз.
-Мектеп қабырғасында бала Дулатбек қандай болды?
-Мен бала кезімнен сөзге жүйрік, айтқан нәрсені бойыма тез сіңіріп алатын болғанмын. Мектеп қабырғасында ән айтып, түрлі шаларға қатысып, үздіктердің қатарынан көрінуге тырысатынмын. Өлең жазуды бесінші сыныбымнан бастап, әдебиет әлеміне келдім. Кейін есейе келе оңашада кітап оқуды қалап, не бір уақыттардан өткен болатынмын. Тәтті естеліктердің тамшысы ғой...
-Қол жеткізген армандарыңыз жайлы айтып берсеңіз?
-Бала күнімде домбыра тартуды қатты армандайтынмын. Кәдімгі үлкен концерттерде, халықтың алдында қазақтың жалынды күйлерін орындап, қошеметке бөленгім келетін. Анығында бәрі адамның өз қолында екен ғой. Домбыра тартуды армандап, ютубтан арнайы әндерге арналған сабақтарды көріп жүріп, бар жоғы үш айдың ішінде домбыраны толық менгерген болатынмын. Қазіргі таңда қазақ даласынан шыққан күйшілердің барлық дерлік күйлерін еркін ойнай аламын. Бұл бір арманымның орындау процесі.
-Мектептегі қабілетіңізді ашып, сізді сөз өнеріне баулыған ұстаздарыңыз бар?
-Мектеп кезінде марқұм болып кеткен Құрманхан атты апайым болатын. Қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінен сабақ беретін. Сол кісі түрлі ақындық сайыстарына дайындап, жаңадан жазып жүрген өлеңдеріме түзету енгізетін. Осылайша ақындықтың жолына түсуме себепкер бірден-бір жан осы кісі.
-Университетте шыңдалуыңызға кәсіби бағыт-бағдар берген ұстаздарыңыз жайлы айтып берсеңіз?
-Кейіннен университет қабырғасында аяулы ұстаздарымыз Жидегүл Әбдіжәділқызы, Клара Қабылғазина, Сағатбек Медеубек, Кәкен Қамзин, Аманхан Әлімұлы сынды алыптардың тәрбиесі мен тәлімін көріп, көптеген жетістіктерге жеттік. Осындай аяулы ұстаздардың шәкірті болу мен үшін үлкен мақтаныш.
-Магистірлік диссертацияңызды қандай тақырыпта жазып жатырсыз?
-Әлеуметтану ғылымдарының бакалавры мамандығын оқығаннан кейін қазіргі таңда өнертану ғылымдарының магистрі атағын алу жолындамыз. Негізгі мамандық – медиадизайн. Болашақ диссертация тақырыбым « Телекеңістіктегі қазақ мәдениетінің қазіргі заманауи дәстүрлі медиадизайндағы элементтері»
-Қазіргі таңда кәсіби журналистикада қызмет етесіз бе?
-Мен үшін тележурналистика өте маңызды. Осы уақытқа дейін біршама отандық арналардан тәжірибеден өтіп, «Qazaqstan» ұлттық арнасында жарты жыл журналист-редактор қызметін атқардым. Қазіргі таңда оқумен қатар атақты бір компанияның медиа бөлімінде журналист қызметін атқарып жатырмын.
-Журналистика мамандығын таңдаған талапкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
-Біздің мамандыққа мектеп кезінен тыңғылықты дайындықпен келген абзал. Қазақ классиктерінің атақты шығармаларын оқып, мақала жазып, сөздің сарынына төселіп келген талапкерлерге журналистика факультетінің есігі әрдайым ашық. Жәй ғана таңдау осы болып тұр деген оймен келген болсаңыз қатты қателесесіз. Журналистика жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шабатын шын мықтылардың мекені.
-«Елімнің ертеңі үшін не істей аламын» деп толғанасыз ба?
-Кез-келген азамат ел үшін не істей аламын деп толғануы парыз. Отанның көркейуі күллі адамзаттың көркейуімен пара-пар. Сондықтан біз бабалардан қалған аманатты берік сақтап, ел үшін, жер үшін аянбай еңбек етуіміз парыз. Әр қазақтың алғашқы арманы да, бек мұраты да осы болуы тиіс.
-Алға қойған нақты мақсаттарыңыз бен жоспарларыңызды бізбен бөлісе аласыз ба әлде ол құпия ма?
-Ешқандай да құпия емес, менің мақсттарым айқын. Адамның басты капиталы өз денсаулығы, жақындарының амандығы. Елінің тыныш, жерінің аман болуы. Осы асыл құндылықтар сай болса орындалмайтын арман мен жетпейтін мұрат жоқ. Өзі сүйіп таңдаған журналистика мамандығының шыңынан көрініп, ардан аттамай елге адал қызмет ету басты арманым мен борышым.
- Мәнді де мағыналы сұхбатыңыз үшін көп рақмет, Дулатбек аға. Алар асуларыңыз көп болсын!
Дүйсен Қарақат, Алматы қаласы №58 жалпы білім беретін мектептің 11 "Ә" сынып оқушысы Ғылыми жетекшісі: Жидегүл Әбдіжәділқызы

