Журфак пен Жазушылар одағының арасында не болып жатыр?
Әл Фараби Атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбай оқытушы Ермахан Шайхыұлын қорғап жазба жариялады.

ШАЙХЫҰЛЫН НЕГЕ ШЫРЫЛДАТАСЫҢДАР?
Жазушылар одағындағы төрелер! Сендердің "бір істерің үшін жолдарыңда өлгім келеді, бір істерің үшін қолдарыңда өлгім келеді". Жап-жақсы бастамаларың бар болғанмен, жымысқы істеріңе де есеп жетпейді. Осы жымысқылықты қашан қоясыңдар? Сыйлық, бәйге, мүшайра, байқау болса, сыбырласып, күбірлесіп, қырын тартасыңдар да кетесіңдер. Соңынан сөз болатынын, түбі өздерің масқара болатындарыңды біле тұра сөйтесіңдер. Әділдікке ғана жүгінетін кез болды ғой.
Талантты сатирик, қарымды қаламгер әріптесіміз Ермахан Шайхыұлын отқа салғандай етіп неге шырылдатып жатырсыңдар? Таяуда ғана сатираның сардары Ғаббас Қабышұлының өтінішін де ескерместен Шайхыұлын "Алаш" сыйлығынан әдейі қаққандарыңмен қоймай, ақжүрек азаматты Әше деген әлдебіреуге талатып қойғандарың қалай? Жалалы сөзден жазықсыз күйіп, шырылдап жатқан Шайхыұлының сөзін сөйлеп, ара түсіп, өре түрегелудің орнына "қай жеңгенің менікі" деп қызық көргендей болып отырғандарың қалай? Әлде, Шайхыұлын өлтіре алмай жүрсіңдер ме?
Шынайы талант иесі қай кезде де өз елінің сүйікті ұлы екенін ұмытпаңдар. Сендерсіз де Ермаханның таңы атып, тауығы шақырады. Бірақ, сәл ойлансаңдаршы. Ойланыңдар!
