ЖС сот актілерінің үздік үлгілерін анықтауға арналған байқаудың бірінші кезеңін қорытындылады
Іс-шараның ұйымдастырушылары сот актілерінің құрылымы мен сапасын жақсартуды көздейді. Байқау бойынша өзінің үндеуінде Жақып Асанов: «Шешім – бұл нақты іс бойынша сот жұмысының логикалық аяқталуы, туындаған даудың «нүктесі». Сот актісінің азаматтарға қаншалықты түсінікті болатындығы көбінде оның стиліне, мазмұны мен құрылымына байланысты»,- деді.
Байқауға барлық судьялар мен сот қызметкерлері қатыса алады. Ережеге сәйкес байқау азаматтық, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша жаңа форматтағы үздік сот актілерін анықтауға арналған 3 номинациядан тұрады.
Ағымдағы жылдың 31 мамырында байқаудың бірінші кезеңі қорытындыланды. Ол азаматтық істер бойынша сот актілерінің үздік үлгілерін анықтауға бағытталған болатын. Бұл үшін барлық судьялар мен сот қызметкерлеріне қаржы-экономикалық даулары, келісімді міндеттемелер, некелі-отбасылық, еңбек және жер құқықтық қатынастары саласындағы істердің санаттары бойынша қазақ және орыс тілдеріндегі сот актілерінің 10 үлгісі жолданған болатын. Олардың ішіндегі екеуін байқауға қатсушыларға Жоғарғы Соттың жаңадан қабылданған «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысының талаптарына сәйкес өзгерту ұсынылған.
Сондай-ақ байқауға қатысушылар азаматтардың өтініштеріне жауаптар үлгілерінің жобаларын әзірлеулері қажет болған.
Конкурстық коммисияның қарауына шешімдердің, азаматтардың өтініштеріне жауаптар мен түсіндірулердің 257 үлгісі келіп түсті. Оларды республиканың 45 сотынан 78 судья мен 5 маман жолдаған.
Жоғарғы Соттың судьяларынан құралған конкурстық комиссия сот актілерінің үздік үлгілерін іріктеу барысында келесі өлшемдерге ерекше көңіл аударды: түсініктілік, қарапайымдылық, түсінікті мазмұн және дәлелдемелік түсіндіру.
Нәтижесінде байқаудың 12 жеңімпазы іріктелді. Оларды марапаттау салтанаты «Сот риторикасы: тәжірибе және оқыту мәселелері» конференциясының аясында өткізілді. Іс-шара Интернетте «тікелей эфирде» көрсетілді.
«Мемлекеттік тілдегі үздік сот шешімі» номинациясында Павлодар қалалық сотының судьясы Нұржан Әбдікәрімов марапатталды. «Орыс тіліндегі үздік сот шешімі» номинациясында – Шығыс қазақстан облысы Күршім ауданының №2 аудандық сотының судьясы Салтанат Жүніспекова және Қостанай облысының Рудный қалалық сотының сот мәжілісінің хатшысы Евгения Минх марапатталды. Оларға Жоғарғы Сот Төрағасының атынан мадақтама мен ақшалай сыйақы берілді.
Алғыс хаттармен Ақтөбе қаласы сотының судьясы Ержан Құрманов, Павлодар қалалық сотының судьясы Жұлдыз Камалова, Жамбыл облысының Байзақ аудандық сотының судьясы Аңсабек Назарқұлов, Астананың Алматы аудандық сотының судьясы Майя Қасымова, Астананың Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ақ-тоты Әбдіқұлова, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Елена Романенко, Қостанай облыстық сотының судьясы Елена Слободяник, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Аида Байтурова, сонымен қатар Павлодар қалалық сотының судьясы Қанат Шақаров ерекшеленді.
Байқауға белсенді қатысқаны үшін мадақтамалармен Павлодар, Жамбыл және Қостанай облыстық соттары ерекшеленді. Жеңімпаздар қатарынан 6 судья Қытай Халық Республикасына екі апталық іссапарға баруға лайықты деп танылды.
Сот актілерінің үздік даналары тиісті жинаққа енетін болады. Ол, судьяларға сот актілерін дайындау дағдысын жетілдіру бойынша бағдар болады.
Марапаттау рәсімінен кейін жеңімпаздармен Ж.Асанов кездесті. Олармен әңгімелесу барысында Жоғарғы Соттың Төрағасы сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып өтті. Судьялық лауазымға үміткерлерді іріктеу жүйесін қайта қарауға, сот жүктемесін азайтуға және сот актілерін түсінікті етіп жеткізу қажеттігіне ерекше көңіл бөлінді.
Кездесудің қатысушылары мемлекеттік тілді қолдану саласын кеңейту, адвокаттардың қазақ тілін білуіне міндетті талаптарды бекіту, сот ісін жүргізуді цифрландыру, медиацияны жүргізу тәртібін қайта қарау және т.б. мәселелерді қозғады.
Ж.Асанов барлық айтылған ұсыныстар зерделеніп, «Сот төрелігінің 7 түйіні» жобаларын іске асыру аясында ескерілетінін атап өтті.
Жақын арада қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот актілерінің үздік үлгілерін анықтауға арналған байқаудың екінші кезеңі жарияланатын болады.
http://sud.gov.kz/kaz/news/zhogargy-sot-sot-aktilerinin-uzdik-ulgilerin-anyktauga-arnalgan-baykaudyn-birinshi-kezenin
