«Жол жүрісі қауіпсіздігі апталығы» акциясы аясында қызылордалық полицейлер балабақша тәрбиеленушілерімен кездесті
2005 жылдың 26 қазанында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының бастамасымен қарашаның үшінші жексенбісі жол-көлік оқиғасының құрбандарын Дүниежүзілік еске алу күні болып бекітілген болатын. Аталмыш күн аясында Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен қараша айының 09-15 күндері аралығында «Жол жүрісі қауіпсіздігі апталығы» республикалық акциясы өткізілуде. Бұл акцияның мақсаты – жол-көлік оқиғасында көз жұмғандарды еске алу және ауыр қазаға ұшыраған отбасылардың қайғысына ортақтасу, өзара сыйластық, жолда қауіпсіздік ережесін сақтау, жүргізушілердің мәдениетін арттыру тұрғысынан жол қозғалысы қатысушыларының санасын өзгертуде әлеуетті қоғамдық қолдау көрсету болып табылады.
Аталған акция аясында қараша айының 09 күні Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері облыс орталығындағы «Жұлдыз» мектепке дейінгі мекемесінің бүлдіршіндерімен кездесті. 3-5 жас аралығындағы балабақша тәрбиеленушілеріне жолда жүру ережелері бойынша түсіндірме сабақтары жүргізіліп, «Жолдос көмекке асығады» анимациялық мультфильмі көрсетілді. Түрлі-түсті суреттерден құралған, жол қозғалысы ережелерінен сақтауға шақыратын көрнекі үгіт-насихат құралдары таратылып, жарық шағылыстыратын фликерлер сыйға берілді.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
