Жол саласына дербес министрлік керек
Егер автожол саласының соңғы 50-60 жылына қарайтын болсақ, бүгінгі автожол басшылығынан Кеңес дәуіріндегі жол басқарылымының елеулі өзгерістерін байқаған болар едік. Ол кезде автожол саласы «Автомобиль жолдары министрлігі» деп айқын айшықтанды. Ондағы істелер істер де, жобалар мен тапсырмалар тікелей автомобиль жолдарының дамуы мен күтіліміне бағытталды. Ол кезде республикалық және жергілікті жолдарда әрбір 5 жылда диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, атқарылар істер 5 жылға жоспарланды. Тапсырушы – министрлік, ал орындаушы арнайы жабдықталған, мамандандырылған мердігерлік мекемелер болды. Бұл ескі жүйе, әрине, қазіргі нарық заңына сәйкес келмейды. Дегенмен, министрлік бір ғана іске жауап береді, ол – автомобиль жоларының құрылысы мен күтілімі және мамандардың сапасы мен техникалық жабдықталу.
Қазір ше? Соңғы 30 жылда автожол саласы 3 министрлік құрамында болды. «Автомобиль жолдары министрлігі» 1994 жылдың маусым айынан бастап екі министрліктің бірігуі салдарынан Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі болып 1999 жылға дейін өз функциясын орындады. 2004 жылдың 24 қарашасында қайтадан осы атаумен бекітілді. 2014 жылдың 6 тамыз айынан бастап Қазақстанның автожол саласының басшылығы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне өтті. Осы 30 жыл көлемінде Қазақстанның автожол саласы қай министрліктің құрамында болса да кәсіби маман министр болған жоқ. Демек жол бағытындағы ішкі саясат кәсіби маманның басшылығымен орындалмағынын да атап өткім келеді.
Бізде Қазақстанның автожол саласындағы тұңғыш Автомобиль жолдары (ертеректе, М.Тынышпаевтың кезінде – «топырақ жолдар», кейіннен «тас жолдар», «қатынас жолдары») деп те аталды. Қалай аталса да бірінші басшы – жол маманы болды. Міне, Қазақстан 1954 жылдан 1970 жылға дейінгі аралықта еліміздің территориясына 96500 км жолды салып, жол желісін құрды. Жол күтілімі бірінші орында болды. Сол себептен де жол пайдалану мекемелері әрбір олыста бекітілді. Оның техникалық жабдықталуы мен кәсіби жетілдіруі автожол саласының бірінші кезекті тапсырмасы болып саналды. Міне, жоғарыда аталған диагностикалық зерттеулердің қажеттігі автожол саласының бірден-бір ісі болды. Өйткені әрбір 5 жыл ішінде жүргізілген диагностикалық зерттеу нәтижелері автожол саласының техникалық паспорты дерлік орын алды және қатаң қадағаланды. Мұндай зерттеулер қыс кезінде де орасан зор қарқынмен орындалды. Осы бағытта ғылыми зерттеулер жүргізіп отырғандықтан айтарым, бұл іс біздің елде 30-35 жыл көлемінде тоқырауға түсті. Нәтижесінде жол-күту мекемелерін бақылау жүйесі де мүлдем тоқтап қалды. Зерттеу, жүйелеу жоқ жерде екі ведомства түгілі бүкіл автожол саласын сараптай қарасақ та жолдың пайдаланымдық сапасы артпайды. Бұл ақиқат.
Сайып келгенде, жоғарыда баяндалған деректерді бір түйіндер болсақ, аталмыш екі мекемені біріктіруден нәтижелі жүйе болады дегенге сену қиын. Қазіргі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Тапсырушы және Басқарушы екі ведомстваны (Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» ҰК») ұстау қаншалықты қажет? Бұл екі ведомства бірін бірі қайталап отырған жоқ па? Қазақстанның автожол саласының даму тарихында қай министрлікте болмасын басшылық жүйе Автомобиль жолдары комитетінің құзырында болды және оның облыстық басшылықтары қазіргі «ҚазАвтоЖол» АҚ басқару жүйесін аса жоғары деңгейде орындады емес пе? Сондықтан, қай жағынан қарамасақ та аталмыш мекеме жолдың жалпы басшылығы мен күтілім (мердігерлік жұмыс) істерін қатар жүргізуі айталықтай нәтиже береді деу өте қиын мәселе. Бұл арада бір қолымен тапсырушы болып, екінші жағынан мердігерлік істерді орындауы көкейге қонарлық шешім емес.
«Қазавтожол» Республикалық мемлекеттік мекеменің жүйесіне келсек, бұл мекеме де өзіндік даму жүйесін 24 жыл көлемінде қалыптастырды. Олардың жүйелік дағдарысын, меніңше, басшылықтың жүйелі ауыспауынан деп санаймын. Ондағы инженерлер мен басшылар жол күтілімінің нағыз шеберлері еді. Қазір олардың да жүйелік қимылдары шектеліп, нәтижесінде ведомства дағдарысқа түсті. Бұл арада бір-ақ кілтипан тұр, ол – басқару жүйесінің белгіленген шарттық мерзіммен ауыспауы. Мұны тәртіпке келтірудің еш қиындығы жоқ. Қиыншылық – жолды күтіп-баптаумен айналысатын әккі мамандарды қайта жинақтау, жол күтіліміне қажетті техникалар мен пайдаланымдық материалдар дайындайтын және сақтайтын базалар, құрал-жабдықтар.
Әбді Қиялбайұлы, Халықаралық көлік академиясының академигі
