«Жоғымызды» кімдер жоқтап жүр?
«Жоғымызды» кімдер жоқтап жүр?
Yvision.kz сайтынан ««Абыройдың» абыройсыз әрекеттері немесе ұлттық мүдде қайда?» деген мақаланы оқып ойланып қалдым. Себебі мен де Орал қаласының тұрғынымын, мақалада айтылған жайттар маған жақсы таныс. Менің де елдегі саяси оқиғаларға, саясаткерлердің іс-әрекеттеріне, сөздеріне құлағым түрік жүреді. Себебі елдің тағдырына жайбарақат қарай алмаймын. Республикаға танымал саясаткерлердің көбісі кәдімгідей тұлғалар ғой, шіркін. Таным-түсініктері терең, кілең сайдың тасындай тектілер. Саясат осалдықты талап етпейді себебі. Ал біздің Оралда жұртты бастап жүрген, бастағысы кеп ұмтылып жүрген адамдарды көрген сайын қарным ашады. Батыстан небір жігіттер шықты ғой, саясатқа араласқандардың бәрі Астанаға қарай кетті. Елде жұртты аузына қаратып, салиқалы сөзімен ой салатын ешкім қалған жоқ. Ақылды бір жігіт көпке танылып келе жатса, оны не секта, не оппозиция қағып кетеді де мәңгүрт қып болашағына балта шабады.
1 мамыр. Халықтың көңіл-күйі жақсы, көшеде мереке тойлануда. Бір уақытта алаңға қолдарында плакат-транспортанттары бар бір топ адам шықты. Қала кішкентай, көбін танимыз. Ендеше кімдер екенін айтып берейін. Топтың алдында ««Абырой» қоғамдық бірлестігі» деген траспортант ұстаған екі адам келеді. Бірі – Александр Пуздриков. Тонау, қарақшылық, кісі өлтіргені үшін сотталудан қолы босамайтын біреу. Екінші жағын Александрдың өзі сияқты жетімдер үйінде өскен Анатолий Романов ұстаған. Байғұсты ілестіріп алған-ау шамасы. Плакат ұстап Исатай келеді (қателеспесем Өтепов). Бұл да бір жақтан сау етіп келе қалған біреу. Өткен өмірін ешкім білмейді. Осындай бүлікті істің қақ ортасынан ғана көресің. Ел үшін жасалған игі шараларда қарасы да көрінбейді мұның тап басқалары сияқты. Бұларды бастап келе жатқан Оралдағы көр-жерді, кем-кетікті итше тіміскілеп іздеп, тауып алғанын байыбына бара алмай шала-шарпы шотпақтап ғаламторға жазатын, өзін блогер санайтын Асқар Шайгумаров деген біреу. Бұл топта нағыз қазақы жанды көрмейсің. Бәрі де өзге ұлт не орыс тілділер, өңшең білімдері таяз, тек елді дүрліктіруді ғана мақсат еткен қорқаулар. Бөріге түрлері де, істері де ұқсамайды енді.
Осылардың қазақтың қасиетті «абырой» сөзін қорлап жүргеніме қаным қайнайды. Қайта атауларын «ар», «борыш», «парыз» деп алмағандарына да шүкір. Неге жоғары жақтан осыларға тоқтау салынбайды? Әлде барлық қазақ тексіз боп кеткен бе? Кімнің елдің алдына шығып не айтқаны бәрібір болғаны ма? «Демократия» деген ұры-қарының бәрі аузына түскенін елдің алдына шығып оттай беруі деген сөз бе? Намысты, елшіл азаматтар қайда бұларға бөгет болатын?
Бұл «абыройлықтар» (осылай деп айтуға аузың әрең барады, қазақтың қасиетті сөзінің киесі ұрсын!) коммунистермен бірігіп кеткен бе, бірдеңе?.. Себебі, 22 мамыр күні олар Оралдағы Мәншүк Мәметова алаңына газ тарифын 4 есе азайтуға халықтың қолын жинауға шықты. Осы шараларына олардың КСРО-ның туын ұстап шығуларына не дейсіз? Бұл әрекеттері арқылы не айтқысы келді сонда? Қолдарынан қайда барса да жазуы өзгермейтін баяғы бір транспоранттары түспейді. Өткенде Украинаның жалауын жамылып шықты. Сонда бұлардың мақсаты қандай? Кім үшін, не үшін, нені көксеу? «Жоғымызды» осындайлар ғана жоқтап жүр ме сонда? «Абырой» дейтіндей қай істері «абыройлы»? Әлде алаңға шығып дүрлігіп, түсінігі төмендердің арасында арзан атақ жинап алу ма мүдделері? Тап осылай болса да ештеңе емес, мақсаттары одан да зор болмаса болғаны, арзан атақтарымен алысқа ұзай қоймас.
Бұлар өздерімен-өздері «Халықтық бақылау тобы» (группа народного контроля) деген құрып алған. Мысалы, мен де халықтың өкілімін, ал «бақылауды» дәл осындай адамдардың жүргізгенін қаламаймын. Араларында өзін бард ақын санайтын Жанат деген «жыраулары» да бар. Оның жартысы боғауыз өлеңдерін есті адам оқып, артынан ерсе – онда ертеңіміздің не болғаны? Оралда елдің келешегіне ақылды іс-әрекеттерімен қызмет ететін, нағыз білімді, нағыз қазақы жігіттерден құралған ең құрығанда бір қоғамдық бірлестіктің осылардың орнын баса алмай жүргеніне налисың.
Елдің жоғын жоқтаған сыңай танытып, алаңға шығып танымал болғысы келетіндер – ұры-қары, қарақшы, қылмыскер, сектант, коммунизмді аңсаушылар, білімсіз, түрлі саяси бағыттар мен шетелдің ықпалына ақшаға сатылған сатқындар, танымы төмен топастар. Себебі олардың бәрін ойша санамалап шықтым. «Абыройды» шынымен елге жаны ашыр азаматтар жиылып құрған болса, елдік мақсат-мүддені көздеген, жас ұрпаққа, оқушыларға тәлім-тәрбиелік шаралар ұйымдастырар еді. Олар қазақтың тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиетін, тарихын, тәуелсіздігін ұлықтаған, келешекке бағыт берер бір шара болса да ұйымдастырды дегенді естісем құлағым керең болсын. Сондықтан мұндай бассыздарға тоқтау салу керек. Оралдың алаңын таптап, халқының шырқын бұзып, іріткі салып жүргендерді тоқтатуға жергілікті билік пен ақсақалдардың шамасы келмейді екен, жоғары жақтан назар аударылсын. Астана мен Алматыдағы ұлтжанды қайраткер азаматтардың, биліктегі елге жанашырлардың осы істерге көңіл аударуын сұраймын. Егер ондай азаматтар бар болса...
««Абыройдың» абыройсыз әрекеттері» деген мақалада мемлекеттік нөмірі қазақстандық, бірақ көрші елдің мемлекеттік туын ашық та көрнекі қылып тағып алған көліктерді халық та, полиция да көретіні, бірақ ешкім үндемейтіні айтылған. Шынымен де солай. 9 мамыр күні автошеру өтті Оралда. КСРО-ның, Ресейдің туы желбіреді елімізде. Ешкім үндемеді. Ал осы еліміздің ел болуын көксемейтін «белсенділер» билігімізге қарсы алаңға шыға қалса, Оралдың халқы неге қосыла кетеді? Әргі мақсаттарын түсінбей ме, әлде құр қызық керек пе? Елдігімізді осыншама ойыншыққа айналдырғанымыз ба?
Жоғарыда айтылған мақалада былай деп жазылған: «Сөз бостандығы керек. Ұлттың келешегіне, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатысты үн қату – әр ұлтжанды азаматтың парызы. Алайда абыройсыз әрекеттермен емес. Қазаққа қазақты қарсы қойып, ішкі іріткі тудырғаны үшін бір жерлерден ақша алып, кезек-кезек плакат ұстап алаңға шығып, сол суреттерін интернетке салып, сол бір жерлерге жарыса есеп беретін жалған ұлтшылдардың әрекеттеріне есті ел ілеспесе керек. Алдымен олардың кім екенін біліп алған абзал. Қашанғы адасамыз... Айналаға бажайлап қарау керек, кім қазаққа дос, ал кімге біздің елде көтеріліс, қантөгіс, азаматтық соғыс болғаны керек екенін...» Шынымен де, ұлттық мүдде алдыңғы кезекке шықпай ештеңе де оқсамайды.
