Жоғарғы Соттың жалпы отырысының төралқасы сот жүйесін дамытудың басымдыққа ие бағдарламаларынбекітті
Жоғары сот органының төрағасы Жақып Асановтың басшылығымен өткен жалпы отырыстың төралқасына Жоғарғы Соттың алқа төрағалары мен судьялары, Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы мен сот жүйесін дамыту бағдарламаларының кураторлары қатысты.
Отырысқа қатысушылар Сот жүйесін дамыту жөніндегі кеңесін, Жоғарғы Соттың Жобалық офисін құру, сот жүйесін дамытудың басымдыққа ие бағдарламаларын іске асыру және оларды ұйымдастырушылық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Ж.Асанов отырыс жұмысын аша келе, бизнес-процестерді оңтайландыруды, кадрлық және материалдық ресустарды жұмылдыруды жобалық менеджменттің заманауи технологияларына негізделген сот жүйесін дамытудың бағдарламаларын табысты іске асырудың қажетті алғышарты деп атады.
Отырыста Департамент басшысының орынбасары, жұмыс топтарының қызметін үйлестіруші Әсия Қасенова жобалық бағдарламалардың алдағы жұмысы туралы сөз сөйледі. Ол жаңадан құрылған құрылым – Сот жүйесін дамыту кеңесімен және оның функциясымен таныстырды. Оның пікірінше, Кеңес жұмысы жалпы ұстаным мен идеяларды әзірлеуге, бағдарламалардың қызметін үйлестіру мен белгіленген міндеттердің орындалуына мониторинг жүргізуге, сондай-ақ тәуекелдерді және жобаларды сәтті іске асыру мүмкіндіктерін талқылауға бағытталатын болады.
Кеңесті Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов басқарады, оның құрамына жоғары сот органының судьялары Ұлбосын Сүлейменова, Айгүл Сапарова, Лариса Шепелова, Мадияр Балкен, Департамент басшысы Нұрсерік Шәріпов, оның орынбасарлары Әсия Қасенова, Аслан Тукиев, Ербол Өмірәлиев, бөлім меңгерушілері Болат Жоламанов пен Серғазы Омаш, сондай-ақ Сот төрелігі академиясының ректоры Төлеш Қаудыров кірді.
Әрбір жобалық бағдарламаның дербес құрамы анықталды.
Жобалық офис құрылды. Оның құрамына енген Жоғарғы Сот Аппаратының жауапты қызметкерлері жобаларды басқарудың стандарттарын қамтамасыз ету, мамандандырылған кадрларды оқыту, инфрақұрылымды жетілдіру және жобаларды басқаруға бақылау жасау мәселелерін үйлестіретін болады. Жобалық офистің функцияларына әрбір бағдарлама бойынша шешім қабылдау туралы ұсынымдар әзірлеу, мерзімдік есепті ұсыну және құжат айналымын басқару да жатады.
Бұдан әрі Н.Шәріпов сот жүйесін дамытудың басымдыққа ие бағдарламаларын іске асыру бойынша ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету жайын баяндады. Ол Жобалық офистің алда құрылатын инфрақұрылымымен таныстырды.
Еске сала кетейік, Жоғарғы Сот Төрағасы ағымдағы жылдың басында басымдыққа ие жобалардың портфелдері мен оларды іске асыру мақсатында құрылған жұмыс топтарының құрамын бекіткен болатын.
Жобалар сот төрелігінің әділдігі, оның жауапкершілігі мен тәуелсіздігі, сот шешімдерінің жоғары сапасы мен судьялардың біліктілігі қағидаттарын іске асыру арқылы сот төрелігіне қоғамның сенімін арттыруға және құқық үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
http://sud.gov.kz/kaz/news/zhogargy-sottyn-zhalpy-otyrysynyn-toralkasy-sot-zhuyesin-damytudyn-basymdykka-ie
